1288
«Ақ найзалы Алдияр батыр»
«Ақ найзалы Алдияр батыр»
Тәуелсіздік дәуірі туғанда Маралтай «Кентавр» атты құпиялы астары бата сөзден аумайтын текті жыр жазды. «Кентавр» аттылы қазақтың рухын көтерген елдік ұраннан аумай қалды әрі авторлық «меннің» лирикалық дара бейнесі болатын. «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Маралтай Райымбекұлының «Ақ найзалы Алдияр батыр» атты шежірелік һәм ерлік дастаны ақынның шығармашылық бабында екенін аңғартты.
Поэманың туу басынан көркем төгілген суреткерлік шеберлік, ұшар көкте қалықтаған қырандай тегеурін қазақ жырының Құлагері Ілияс Жансүгіровтің табиғат лирикасындағы буырқанған стилін еске салғандай әсер етті. Ілиястың «Құлагер» атты классикалық поэмасында ескі қазақ тұрмысын әбден ашатын ас, бәйге тақырыбын Маралтай кейіпкерінің жол басы етіп таңдапты. Нысанаға тік атылған жебедей авторда бөгеліс жоқ, басы артық бейнелеуді ысырып тастайды. Алатаудың баурайында қалың ел жиналған.
Төрт төлегетайдың төресі Садырға жатты ас беріп. Садырдан шыққан шұбартөс – Тәкаппар, ожар Тәуімбет.
Ақын ел алдында жақынын қорлайтын зорлықшыл қазақтың ағайынға жанашырлығы, жылуы жоқ өктем мінезін дөп көрсетті. Туған бауырға қаттылық томырық кей қазақтың сүйегіне біткен, түп себебі иен байлықты пір тұтқан надандық басына мал бітпеген кедей туысын менсінбеуге, жек көруге, алауыздыққа жеткізген. Мәди Бәпиұлының туған ағасы Қақабайдан көрген ит қорлығы әйгілі «Қарқаралы» әнімен ұмытылмас құса-нала болып таңбаланып қалды. Шал ақынның «Басымды менің қорласа, «Бір туғанымды жоқтаман» деп назаланатыны нағыз қазақтың өр де әділ мінезі екені даусыз. Сюжетті поэманың өзегіне бір атаның балаларының басынан өткен шындық оқиға, ұрпақ жадынан өшпейтін тектілік, ағайын арасына түскен сызат, намысын тірі жанға таптатпас кісілік мінез алынған. «Бір биеден ала да туады, құла да туады» дейді қазақ мақалы адам мінезін меңзеп. Бір анадан жақсы да, жаман да туады. Рубасы Тәуімбет туған ағасы момын Елекені жазықсыз жазғырды. «Жылқы күзетін неге тастадың, мал бағып қалмадың ба орныңды біліп, үстіңде бүтін киім жоқ, той сенің не теңің?» деп тілдейді. Қазақта өлсе ешкімнен ықпайтын, әділетсіздік көрсе, өзінен зормен айқаса кетуге бар жаужүрек ерлер аз болмаған. Елекенің ұлы Алдияр сырттанның өзі екен. Дүйім елдің көзінше әкесін қорлап баққан немере ағасы Тәуімбет бидің астындағы құла атты қамшымен бір тартады. Ожар иесі үшін жазықсыз жануар жарықтық соққы алды. Қазақ дәстүрінде бұл қылық жылқының емес, оның иесін ұрғанмен тең. «Аруақ бірге, ас бір» деп, Алдияр еді әкелген, Осынау асқа бүгінгі, Жылқыда жүрген әкесін». Жуанның ашу-ызасына тию қарадай үкіммен тең, со мезетте сұмдық зорлық-зомбылық, әділетсіздік қауға тиген қып-қызыл шоқ болып тұтанып, басу бермес өрттей лаулайды. Немере інісін байлаңдар деп түтіге ақырған Тәуімбеттің бұйрығын орындамаққа жүгірген бағыныштылары кеш қалды. Бұл күтпеген сорақы жанжалдың соңы жарға әкеп соқты, жасөрім Алдияр елден безді. Дүниежүзілік поэзияда Шиллер, Байрон, Лермонтов поэмаларында әділетсіздікке төзбей бүлік салған, буырқанған ағысқа қарсы қасқая жүзетін романтикалық кейіпкерлердің елден безуі тағдыр-талайын айқындайтын. «Жаным – арымның садағасы» дейтұғын намысты, өршіл, еркіндік сүйгіш ерлер галереясына лайық образ Маралтайдың Алдияры қиқулаған құстай көкжиекке сіңіп жоғалды. Ол қас қағымда жиылған елдің құрметін туғызды. «Өз атын өзі ту қылып, «Алдиярлаған» ұраны, Алыстап қанша кетсе де, Құлаққа жетіп тұр әлі». Балаң, бозбас болғанымен қаншылдығы, намысы ересек ерлерге тән Алдиярдың алған беті қырғыз Алатауы. Поэма қаһарманының романтикалық кейіпкерге айналуы өзінен күштімен күрестен тайынбай, жел аударған қаңбақтай жалғыздыққа ұрынуына душар болған сәттен басталды. Маралтай Алдиярды романтикалық қаһарманға тән атрибуттардан қақпайды. Ыстық көлде жалғыз күнелткен жасөрім Алдияр барыстың шұбар терісін жамылады. Шығыс дәстүрінде жолбарыс терісін тек батырлар жамылады. Үш-төрт жыл өмірі түзде, елден жырақ өткен кейіпкер нағыз еркекке айналды. Ақын оны ауыз әдебиетінің бай дәстүрінде, фольклорлық сарынмен бейнелі суреттейді. Алдиярдың ержүректігіне қоса автор оның ақыл толысып, табиғатпен етене туысып, алдағы болар күреске шыңдалғанын мифтік-мистикалық сарынмен сүйіне суреттейді. Алдиярда ескі қазаққа тән қасиеттің бәрі бар, күн жадына қарап ауа райын болжау, түс жорушылық т.б. Рух бостандығын аңсаған, күштіден бұғып қалмаған Алдияр бейнесін ақын ертегідегі батырлардан аумайтын етіп суреттейді. Ұлттық дәстүрге берік ақын халық қазынасынан еркін көсіп алуы бек жарасымды. Маралтай – жырда өтірік данышпансуды, жалған абыз, күрделі болғансуды менсінбейтін ақын. Пушкинге тән таңғажайып стиль. Бір қабырғасы артық біткен қанатты қас тұлпарша шауып кете беруден жаңылмайды. Құнары қапысыз, қылаусыз, уызынан жарыған қазақ тілімен еркін көсілгенде ақынның қаламынан саулаған қарапайым сөздердің өзі тегіс, өз орнында шебер қиысып тұрғанын көруге болады. Алдияр аруақты ер екенін эпостық образға тән кесектігі айғақтайды. Оның түсінде күй атасы Кетбұға үңгірдің түбінде ақ найза бар деп аян берді. Поэманың сюжеті тартымды, сарыны эпикалық дәстүрге негізделген. Түз тағысындай айдалада дара жүрген Алдиярды тұтқынға алмақ болған қырғыз ханы Сару «Өзіңнен зор шықса, екі көзің сонда шығады» деген кепке ұрынды. Жас батырдың тегеуріні астамсыған ханды сабасына тез түсірді. Ол Алдиярды қас етпей, дос қылудың артықшылығын тез-ақ мойындады. Әлеуметтен жырақ қалған жас қазақтың социумға қайта оралуы оның ерте есею жолындағы қадамдары тәрізді. Сару ханды Алдиярдың мысы басып, әулиені болжаған жұлдызшы тәрізді бауырына тарта, жалбақтай сөйлеуі ежелгі дипломатияны айқындай түседі. Саяқ ердің өмірінде жаңа кезең басталды. Қырғыз Сару хан жолбарыстай қайратты жас қазақты бауырына тартты. Хан түйсігі алдамаған. Сару хан алыс сапарлап кеткенде еліне жау тиді. Алдияр қалмақтың қалың қолымен жалғыз соғысты. Бұл ертегіге тән гипербола эпостық жырға жат емес. Дұшпанға қарсы тұрмас бұрын ақын оны Құдайға құлшылық жасап, медет тілеумен, әулиелер, Кетбұғадай аруақты ерді еске алғанын айшықтап жырға қосты. Поэмадағы мифологиялық деталь – ақ найзаны батыр түсінде абыздан аян алған соң иемденгені – қазақ ұғымында аруақ қолдады, аруақ берді дегенді білдірсе керек. «Ақ найзалы Алдияр батыр» жырында қазақ фольклорының негізгі жанрларына ортақ сипат, дәстүрлі эпикалық жыр мен ғұрыптық фольклордың белгілері айқын. Жанры – жыр, ұлттық поэзияның ең көне түрі жыр. Сарыны желдірмелі әуенге құрылған, экспрессивті әр тармағы лек-лек құйылып түседі. Дешті Қыпшақ даласында көне жыраулар рухы тірі, кейінгі Марабай жыраудан қазіргі Маралтайға дейін ел қорғау, отаншылдық дәстүр үзілген жоқ. Әуезхан Қодар айтқандай, жыраулар мұрасы ұлт рухын бекітуде діни кітаптың әсерінен еш кем болмаған. Маралтай «Қаратау ғазалдары» атты кітабында елі үшін құрбан болып, қоқандықтармен күрескен Шоқай датқа тұлғасына арнау дастан жазды. Фольклорлық, эпикалық жанр мен шежірелік-тарихи деректі жанрдың элементтері біртұтас құйылып, қаһарманның толысу, эволюциялық өсу жолын романтикалық леппен шалқыта беруі ақынның поэтикалық кеңістігін биіктете түседі. Ер Алдиярдың образын жасауда Маралтай ұлттық дүниетаным негіздерін фольклорлық элементтермен байытып, ұтымды пайдалана білгені мәрттік. Постмодернизмге тән қасаңдық, жасандылық, тарлық, инфантилизм мұнда жоқ. Арқалы ақын жау әскеріне жалғыз шапқан Алдиярдай жаужүрек ерге тылсым құдірет, табиғат стихиясы көмектескен мистикалық детальды лайықты ойнатуы шындыққа қайшы келе алмайды. Романтикалық поэмада бұл – қалыпты құбылыс, кейіпкері деректі тұлға болса да, халық ұғымында Құдайсыз қурай да сынбайды, аруақты ерлер. Ел қорғаны болуға жаралған асыл ерден Сару хан айырылмауға бекініп, бала қылып алуға көңілі құлады. Ханның сұңғыла қатыны Алдиярға жалғыз қызы Ханшайым аруды бер деп еріне шын ақыл қосты. Екі жастың табысуын ақын романтикалық эпизодпен берген. Алдияр бір көргеннен көкейіне ұялап қалған Ханшайым аруды қоғалы қамыстан атылған барыс кейпіндегі ажалдан құтқарып қалды. Ол хан қызымен отасты. Айы келген айында, күні келген күнінде қатыны егіз ұл туды. «Қырықсадақ деп атады, Қырғызшора деп біреуін...». Шежірелік деректер күшейген дастанның екінші бөлімі қазақ тарихына қатысты нақты оқиғаларды қамтиды. Тәуке ханның (1635-1715) хандық құрған уақыты, басқыншы жоңғарлардан оңбай жеңіліп, туған жерін тастап, бас сауғалай қашқан қазақ тайпалары ес жиып, Түркістанда бір тудың астына бірігіп, бағы асатын күн туды. Романтикалық сарын реалистік суретке ауыса бастайды. «Алшынның алтын айдары, Әйтеке биді бас қылып, Қырғыздың ханы Саруға, Тәуке хан елші жүргізді». Әйтеке биге ерген уыздай жас жырау Бұқарды ақын «сөздері лағыл, жүзі нұр» деп сипаттайды, найман Шағыр батыр отыз жігітпен, бүгінгі тілмен айтса, бір батырды еліне қайтарып алуға қырғызға үлкен делегация аттанды. Жақсыны кім жақын тартпайды? Сару хан күйеу баласы Алдиярды өз еліне жібергісі келмей қиналатыны – нанымды психологиялық сыр. Маралтай ақын фольклорда ең шыншыл психологиялық мезет, елдік идеологияны ұлықтайтын отаншылдық көрінісін ұрымтал тұсында шебер бере білгені сүйінішті. Ел қорғаны болуға қос ұлын қалдырарын айтты. Бұл – нағыз текті ердің сөзі! Қазақтың кең пейілі Алдияр сынды ерлерден дарыған құт. Сахара жұртында көп қатын алу полигамия үздіксіз жаугершілік заманда әулетті аман сақтау үшін аса қажет болды. Ер Алдияр некелі төрт қатын алған, сегіз ұлы болған. Қырғыз қызынан екі ұл, Тәшкен әміршісінің қызы Ежеп Асан, Медет, Кенжебайдың анасы. Қоңырат қызы Таубикеден Қуат, Кенембай, Дөненбай туған. Ақпан, Тоқпан атты қос ұлының шешесі Жібек – қаракерей қызы. Найман-қаракерей-матай-cадыр ішінде Алдияр руы өскен ата екені дау тудырмайды. Әз Тәукенің алдында Алдияр батыр ежелгі дәстүрмен ханға адалдыққа ант берді, ел бірлігін нығайта түсетін аталы сөз сөйледі. Мұның бәрі – Алдиярдың елі үшін қайраткерлік жолға түскен, халқымен қауышқан жұлдызды сәті. Осы тұста Маралтай исі түркінің алтын бесігі Алтайды қиыр жайлаған найман тайпасының Шыңғыс ханнан жеңілген өткен тарихын жырмен саралап өтеді. Бірлік – қай уақытта болмасын, қасиетті ұғым. Мемлекет мықты болуының кепілі – бірлікте, ішкі алауыздықтан тыйыла білуде. Ұлы далада хан бас болса, батырлар оған қызмет қылуы тиіс. Әз Тәуке Алдиярды халықты зар жылатқан Хиуаның ханы Мәмбетті тұтқындауға жұмсады. Аңға шыққан Мәмбет пен оның ажалы болып келген Алдиярдың алапат жекпе-жегін суреттеуде ақын Төстік пен Шойынқұлақтың айқасындай эпикалық сарынды ойнатты. Мәмбет үлек мінсе, Алдиярдың астында ат. Үлек таза қанды нар тұқымның бурасы. Түйе жануар жылқыдан тұрқы биік келеді. Көшпелі араб нәсілі түйе мінген, шөлге жылқы шыдамайды, жарық дүниені жылқысыз елестете алмайтын қазаққа түйе көш көлігі. «Ақсақ құлан» аңызы найман-бағаналы руынан шыққан бақсы, асқан күйші Кетбұға есімін жадтан өшірмейді. Қаһарлы Шыңғыс ханның алдында Жошының өлімін күй тілімен естірткен Кетбұғаны пір тұту үзілген жоқ, Махамбетпен жалғасты. Кетбұға қобыз шалған. Қобыз – көне аспап, бақсының құралы, «Ақсақ құлан» күйі кейінгіге қобыз арқылы жеткен дейтұғын нұсқа қисындырақ. Маралтай Кетбұғаны поэмада мистикалық мезеттерді суреттеуде неліктен жиі келтіргені ойлантпай қалмайды. Бұл – бейсаналы һәм рухани жақындық. Мұнан Маралтай жыраулардың тұяғы екенін, өз бойын бақсылық күш билеп тұрғанын әбден сезінуге болар. Алдияр оны байлап алып, хан бұйрығын екі етпей, алдына әкелді. Ежелгі дәстүрде түркілер ерегескен дұшпанның қанын ұрттаған. Әз Тәуке хан өз елін езгіге салған Мәмбетті бауыздап, уысымен қан ішті. Адамды малша бауыздап, қанын ұрттаған Әз Тәукенің тағылық қылығын Алдияр батыр жақтырмапты. Жабайы қанішерлік-тің түк сүйкімі жоқ болғанымен, ол – көне ғұрыптық-мистикалық үрдіс. Барша халықта бар тағылық. Кольдридж (1772-1834) көне грек драмасы Вакх құдайға құрбан шалулар процесінде туғанын, пұт құдайға табынған халық аңыздар тудырған, соның негізінде кейіннен драма жанры пайда болғанын жазады. Ескі көп құдайға, пұтқа табынушылық дәуірлерде адамдар құрбандыққа көптеп шалынған. Көктен көк қошқар түсірген таураттық аңыз ортодокс діндердің адам баласына мейірін айғақтайды. Маралтай этнопсихологиялық детальды жасырып қалмаса, бұған адамзат тарихындағы небір қиянатты, небір кекті мезеттер куә. Үшінші бөлімде Алдиярдың ел ұйытқысына айналғаны сөз болған. Поэманың кей тұсында фольклорлық элементтер молайып, реалистік тінінде босаңдық кететіні бас кейіпкерге қатысты тарихи детальдардың аздығынан деп білемін. Ағайындарымен бір ауыл болып топтасып отырған Алдиярдың үйіне жоңғар қонтайшысы екі ноянын қарусыз, елші етіп жіберді. Ол қазақ салтымен қос ноянды қонақ қылды. Ертесі батыр Әз Тәукеге қонтайшының татулыққа шақырған бітімгершілік сөзін жеткізбекке, оның шешімін алып келмекке хан Ордасына аттанды. Алдиярдың аңғал әрі адал ер екеніне осы әрекеті айғақ. Әз Тәукенің стратег, көреген екенін екі қазақтың арасында туған шиеленіс, бекер қақтығыс растайды. Расында екеуінікі де дұрыс. Үйіне келген құдайы мейманға жамандық жасау түрік, Қап тауы халықтарында өліммен тең. Цеван Рабдан жіберген қос ноянды Алдияр батыр еліне аман-есен аттандырмаса сүйегіне қара таңба түспек. Дұшпан болсын бір табақтан ас ішкен, қорғансыз, қарусыз елшілерді өлтіртіп қарап отыруға ары шыдамас. Әз Тәуке жоңғар-қалмақ жағының бітімгершілігіне сенбейді. Бұл уақыт ұтуға болмаса ішіне бүккен бір қулығы бар амал болуы мүмкін. Ол Алдиярға жауды аяған жаралы, кәпірге сенбе, «Аңғалдық деген жауы бар, Батырдың жетер түбіне» дейді. Тәуке ханның сөзі негізсіз емес болғанымен, Алдияр оның қонтайшы жіберген екі елшінің бастарын ал, өлтір деген бұйрығына үзілді-кесілді қарсы шығады. Оқиға қонтайшы қазаққа іріткі салып, арандатқандай лезде драмалық сипатпен құбылды. Әз Тәуке тілін алмай қасарысқан Алдияр батырдың ауылын шабуға жасақ жіберді. Тәукеге қарсы шығуға қиналса да, Ер Алдияр мәрттіктен, кісіліктен танбады. Елшілерді жанталаса қорғауға, елшіні өлтірмейтін дәстүрді сақтап, еліне аман жіберуге бекінді. Кульминациялық өткір мезет, иманға ұйыған, елдік дәстүрді қастерлеп, адамшылық қасиет үшін құрбан болуға даярлық, «ердің екі сөйлегені – өлгені» деп білетін далалық көкжал мінез. Қанға біткен тектілік кие көк бөріні тотем қылған қазақтан айныған жоқ. Әттеген-ай, дұшпан жақ қарсылас жақтың тамырын басуға келгенін бірі ұқпай, бірі ұғып, өзді-өзі шайқасып кеткен қазақтар біраз шығынға ұшырады. Шайқаста Алдиярдың кенже інісі жаужүрек Майлан мерт болды. Ел аузында өжет інінің айқасқа отқа ұшқан көбелектей көзсіз түсіп кететін өр мінезін қауіп көріп, «Майлан, ажалың сенің қайдан?» деп Алдияр ағасы айтқан бір ауыз сөз сақталған. Ақыры қос арыстан Әз Тәуке пен Алдияр батыр татуласты, жаугершілікте бірлесе ел қорғады. Халық даналығы «Ханда қырық кісінің ақылы бар» дейді. Ақыры Әз Тәукенің өз батырына «дұшпанға сенбе» дегені шындыққа айналды. Қалмақтың бір ерін жеңіп, екінші мықтысымен айқас үстінде қапияда сырттан атылған жау оғынан өлді. Жекпе-жекте бұлай өлтіру – қиянат. Маралтай шайқас алдында кейіпкері түс көргенін, түсінде Кетбұға ертіп бара жатқан өзіне-өзі сұқтана қарағанын берген. Қарттық жасқа жеткен Алдияр ұрыстан тірі қайтпасын білсе де, ажалдан тайынбады. Баяғыда қан майданда шайқасып өлуді ерлер бақ санаған. Жыраулар поэзиясында үнемі пафосты жырға өзек болған ақ өлім, ел үшін шейіт болу дәріптелді. Алдияр Елеукеұлы (1641-1712) – қазақ-қалмақ шайқастарында 1696, 1698, 1701, 1710 жылдарда аттан түспеген, бес қаруын асынып ел қорғаған айтулы ер. Оның ардақты есімі садыр руының ұранына айналған. Ұрпақ ұмытпас үшін, ел іргесі берік болуы үшін көсемдер мен батырлардың аты жадтан өшпеуі тиіс. Әдебиеттің зор міндеті – елдік құндылықтарды лайықты ұлықтай білу.Айгүл КЕМЕЛБАЕВА, жазушы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты