50281
Безос, Маск сияқты миллиардерлердің ғарыш индустриясына қосатын үлесі шамалы
Безос, Маск сияқты миллиардерлердің ғарыш индустриясына қосатын үлесі шамалы
Қазір ғарыш индустриясы қарыштап дамып келе жатқаны байқалады. Әсіресе, Amazon-ның негізін қалаушы Джефф Безостың Blue Origin және Tesla-ның иесі Илон Масктың SpaceX компаниялары ғарыш кеңістігін игеру үшін барын салып жатыр. Қандасымыз Дархан Сәрсенов бүгінде бұл екі ірі компанияның бәсекелесі саналатын германиялық Isar Aerospace компаниясында инженер-дизайнер қызметін атқарады. Дархан құрылғанына небәрі екі-үш жыл болған Isar Aerospace-тің ғарыш саласына әкелер жаңалығы мен пайдасы көп екенін айтады. 2022 жылы компанияның басты өнімі саналатын Spectrum зымыранын ғарышқа ұшыру үшін қондырғыларды тексеріп, тынбай жұмыс істеп жатқан Дарханға хабарласып, сұхбаттасқан едік.
– Химик десе, бірінші кезекте зертханада түрлі зерттеулер жүргізіп, сынама әзірлеп жатқан, ақ халат киген мамандар елестейді. Бірақ сізге зертханадан гөрі, өнеркәсіп саласында жұмыс істеген ұнайтын секілді. Солай ма?
– Иә, мен ғылыми қызметтен гөрі, өнеркәсіпте жұмыс істегенді құп көремін. Химия факультетінде оқығаныммен, онда математика, физика, биология секілді нақты ғылымдар да оқытылады. Сол себепті осы нақты ғылымдарды қатар оқуға мүмкіндік беретін мамандықты игеруді жөн санадым. Сөйтіп, Жезқазған қаласындағы орта мектепті бітірген соң, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің химия факультетіне оқуға түстім. Негізі, мектеп бітірген бойда «Болашақ» халықаралық бағдарламасына құжаттарымды тапсырып қойғанмын. Бір жылдан кейін оқуға түскенім белгілі болған соң, ҚазҰУ-дегі оқуымды тастап, Англияның Бирмингем қаласында орналасқан Астон университетінің химия технологиясы факультетінде білімімді жалғастырдым. Оқуды аяқтап, елге келген соң, жаңадан ашылып жатқан Назарбаев университетінің зертханасында жүргізілетін жұмыстарға жауапты болдым, сондай-ақ нақты ғылымдар бойынша оқу бағдарламасын жасақтауға атсалыстым. Десек те, жоғарыда айтып өткендей, маған өнеркәсіпте құрастырылатын жобалардың басы-қасында жүрген ұнайды. Сөйтіп, 2010 жылы Шығыс Қазақстан облысында орналасқан ҚазЦинк түсті металлургия кәсіпорнының құрамына кіретін мыс қорыту және тазарту зауытында жұмыс істедім. Мұнда істеген бір жыл ішінде көп нәрсені үйрендім. Одан кейін Kazakh Projects Joint Venture компаниясының Атырау облысында орналасқан Теңіз мұнай кен орнына технолог болып жұмысқа тұрдым. Арасында компанияның жобасы бойынша Ұлыбританияда бір жыл жұмыс істеп, ондағы білікті мамандармен тәжірибе алмасып қайттым. Аталған жерде бес жыл жұмыс істеген соң, бір орында тұрып қалмай, жаңа нәрсе үйреніп, жаңа нәрсені танып, миды қуаттау керек екенін түсіндім. Сол кезде Батыс Қазақстан облысында бірге еңбек еткен әріптесім Мюнхен қаласында этилен алумен айналысатын Linde engineering компаниясына жұмысқа шақырды. Бұл бағытта тәжірибем де, қызығушылығым да мол болғандықтан, осында келіп жұмыс істеуді ұйғардым.
– Ал Isar Aerospace компаниясына жұмысқа қалай шақыртылдыңыз?
– Linde engineering-те бір жыл жұмыс істеген соң, Мюнхен университетін бітірген бір топ жас қазір «жаңа ғарыш» деп аталып жүрген жаңа әрі қызық саланы игергісі келіп, инвестор тауып, командасына адам жинап жатқанын естідім. Келісерсіз, бірегей саналатын ғарыш индустриясына қызықпайтын адам жоқ, барлығымыздың бұл саладағы «ғажайып» жұмыстың қалай атқарылатынын білгіміз келеді. Негізі, жоғарыда айтып өткенімдей, Қазақстанда жүргенде нендей нәрсені үйреніп, жетілсем болады деп жоспар құрған кезде ғарыш саласында жұмыс істеу туралы ойланған едім. Бірақ сол кезде маған бұл бірден орындалуы мүмкін емес іс секілді көрінді. Ал бірақ Isar Aerospace компаниясын құрған жігіттерге қажет маманның міндеттерін білген соң, мұны үйренуге әлеуетім жететінін түсіндім. Әлбетте, бастапқыда бұл қадамнан не күтуге болатынын болжау қиын болды, бірақ бұрын-соңды істеп көрмеген сала болса да, маған бұл жұмысты меңгеру аса қиын болған жоқ, керісінше, жаңа нәрселерді үйрене келе, бұл іске деген құмарлығым арта түсті.
– LinkedIn әлеуметтік желісінде Isar Aerospace-тегі қызметіңіз инженер-дизайнер деп көрсетілген. Кейінгі кезде жиі айтылып жүрген бұл «жаңа» қызмет бізге таңсық та әрі қызық көрінді. Компанияда сізге жүктелген міндет қандай?
– Негізі, инженер сөзінің ауқымы кең. Инженер – кез келген техниканы пайдаға жарататын маман. «Жаңа ғарыш» ғарыш әлеміндегі жаңа құбылыс, сондай-ақ үкіметке тәуелді емес, коммерциялық негізде жұмыс істейтін аэроғарыштық компаниялар арасындағы қозғалыс болғандықтан, мұнда барлығы өзгеше, барлығы жаңа, тіпті мамандықтардың нақты атауы да әзірге қойылмай тұр. Менің міндетім – зымыранды тексеруге және ұшыруға арналған қондырғыларды жасау, сол қондырғылардың кем-кетіктерін түзеу, химикаттарды жинау, түрлі сызбалар сызу. Жалпы, зымыран ғарыш кеңістігіне ұшарға дейін осындай құрылғылар арқылы көп уақыт бойы тексерістен өткізіледі, талаптарға сәйкес тексерiлiп, сертификацияланады. Қазір жердегі қондырғыларды тексерумен айналысатын топта он адам жұмыс істейміз. Ал зымыранды әзірлеуге басқа топ жауапты. Алдағы уақытта сол топтың қатарына қосылу үшін тынбай еңбектенуіміз қажет.
– Мамандардың айтуынша, Isar Aerospace құрылғанына екі-үш жыл болса да зымыран әзірлеу, жасанды жер серігін ұшыру бойынша Amazon-ның негізін қалаушы Джефф Безостың Blue Origin және Tesla-ның иесі Илон Масктың SpaceX компанияларының басты бәсекелесі. Сонда ол осыншалық аз уақыт ішінде Еуропадағы жетекші өндіруші компанияға айналғаны ма?
– Күні кешеге дейін зымыран әзірлеу ел үкіметі бөлген қаражат арқылы іске асырылатын, ал қазір бұл іске әрбір коммерциялық компанияның таласы бар. Бұрын еуропалық ғалымдар Орбитаға жердің жасанды серіктерін ұшыру үшін Америка Құрама Ттаттары немесе Ресей мамандарының көмегіне жүгінетін, сондай-ақ олар әзірлеп шығарған қондырғыны пайдаланатын. Ал қазір Еуропа елдері ғарыш кеңістігін игеруде дербес дамып, көш бастағысы келеді. Сол себепті біздің басшылық еуропалық «стилі» бар, ұшатын қондырғылар әзірлеуді басты мақсат санайды. Қазір Еуропада дәл осындай мақсатты діттеген компаниялар жетерлік, сондықтан қазір ғарыш әлемінде капиталистік нарықтық жарыс болып, бәсекелестік бәсі қызып-ақ тұр. Тиісінше, компанияларға жасалатын қысым да, атқарылатын шаруа да көп. Сол себепті қазір өзгелерден қалыс қалмау үшін үлгеруге тырысып жатырмыз. Біз әзірлеп жатқан қондырғыдан ұшатын Spectrum зымыраны 2022 жылы ғарышқа ұшырылмақ. Қазір соған дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал сіз атап өткен миллиардерлер жұрттың көзіне түсу үшін өз жобаларын пайдаланып, ғарышқа ұшып барып келу үрдісін қалыптастырды. Бірақ олардың мүмкіндігі мол болғанымен, ғарыш индустриясына қосар үлесі шамалы. Десек те олар алдағы уақытта әлеуеттерін дұрыс арнаға бағыттап, пайдаға жаратса игі еді.
–Isar Aerospace-тің негізін қалаушы жастардың стартап ретінде көпшілік секілді кішігірім жобаларды емес, бірден алысқа қол сермеп, жердің жасанды серіктерін Орбитаға ұшыратын қондырғыларды әзірлеуді қолға алғаны таңғалдырады.
– Міне, соны айтыңыз, жігіттердің батылдығы мені де таңырқатты. Бірақ ерте ме, кеш пе, біреу осындай жобаны бастауы керек еді ғой. Кезінде өнертапқыштар жеке гаражында отырып-ақ ұшақ құрастырып шығарған ғой. Бұл да сондай бірегей жоба. Жалпы, Isar Aerospace-тің негізін қалаушыларға сенім артып, олардың қатарына ойланбастан қосылуыма көп фактор әсер етті. Біріншіден, Германияда, соның ішінде Бавария үкіметі компанияға үлкен қолдау көрсетеді. Жобаға сенім артқан ірі инвесторлардың қатарында Илон Маск негізін қалаған SpaceX компаниясының вице-президенті әрі бас инженері қызметін атқарған Бюлент Алтан да бар. Бәрінен бұрын бізде пайдалы дүние жасап шығаруға барлық мүмкіндік бар. Тағы бір айта кетерлігі, басшылық технологияларды сырттан алдыртпай, Мюнхенде өңделетін құрылғыларды пайдалана отыра, зымыранның 80 пайызын өз бетімен әзірлеп шығаруды мақсат етіп отыр. Мұндай бастамашыл әрі амбициясы асып-тасып тұрған топта жұмыс істеудің өзі бір бақыт.
– Сіздер әзірлеп жатқан технологияның Байқоңыр ғарыш айлағында қолданылатын құрылғылардан ерекшелігі қандай?
– «Байқоңырдан» ұшқан зымырандар Жезқазған қаласының маңына келіп қонатынын білетін боларсыз. Өзім Жезқазғанда туып-өскендіктен зымыран двигательдерінен бөлінетін қалдықтардың зияны қандай болатынын жақсы білемін. «Байқоңырда» адам өміріне қауіпті химикаттар пайдаланылады. Зымыран жұмысында ақау болса, сол қауіпті химикаттар біздің жерге төгіледі. Ал біздің компания әзірлеп жатқан құрылғыда қауіпті химикат жоқ. Жаңадан ойлап табылған конструкцияның және қозғалтқыштың есебінен бұл зымыранның табиғатқа тигізер зияны аз. Жалпақ тілмен айтқанда, бұл – экологиялық тұрғыда таза зымыран. Тағы бір айта кетерлігі, Spectrum зымыранның салмағы бір тонна жүктерді Орбитаға жеткізу мүмкіндігі бар. Осы ретте айтқым келетіні, мен дәл осындай адамзатқа қаупі жоқ әрі тиімді жоба аясында жұмыс істеп жатқаныма қуаныштымын. Осында жүріп-ақ, Қазақстан жеріне гептильдің төгілмеуіне өз үлесімді қосып жатқандай сезінемін. Өйткені біздің тәжірибені көріп, көпшілік бірте-бірте зиянды қалдықтарды азайтуға тырысады. Жалпы, «Байқоңыр» – Ресейге жалға берілген нысан. Сол себепті қазақстандық инженерлер ол айлақтың жұмысына араласа алмайды, былайша айтқанда біздің тараптан инженерлік үлес жоқ. Әлбетте, Ресей ғарыш саласының алпысыншы жылдан бері дами бастағанын ескерсек, әлдеқайда алға жылжып кеткен. Ал Еуропа бұл индустрияны енді қолға алып жатыр. Қазір көпшіліктің ғарыш кеңістігін игеруге неліктен құштарлығы артып отыр дейсіз? Өйткені ғарышқа бару арзандап жатыр. Біз «Байқоңырды» теңдесі жоқ жетістіктердің бірегейі деп әрдайым мақтаныш көреміз. Бірақ соңымыздан ілесіп, бой түзеп келе жатқан айлақтар жетерлік. Қазір Isar Aerospace секілді жас компаниялар монополизмнен еркін нарыққа шығуға болатынын дәлелдеп, зияны азырақ, пайдасы көбірек, жаңа үлгідегі зымырандарды әзірлеу үшін тайталасып жатыр. «Байқоңыр» әлемде болып жатқан осындай өзгерістерді есепке ала отырып, заман ағымына сай ілесіп отыруы керек деп ойлаймын. Бір айта кетерлігі, Ресей алдағы уақытта басқа айлақ ашуы әбден ықтимал. Сондықтан алдағы уақытта ол кешенге реконструкция жасап, өзге ірі ғарыш кешендерімен иық тіресуге мүмкіндік бар. Алайда олай істейтіндей біздің қолымыз қысқа, ресурсымыз аз, сондай-ақ маман тапшы. Дегенмен сол тапшы мамандардың басын қосып, Isar Aerospace секілді жетекші компанияларда тәжірибе молайып, осы саланың қыр-сырын жетік меңгерген соң, «Байқоңыр» кешенінің көркеюіне, сондай-ақ елдегі ғарыш саласының өркендеуіне үлес қосқым келеді.
Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ