ҚазАқпарат Kyodo агенттігіне сілтеме жасап жазуынша, қыркүйек айының басында штат басшысы Йошихидэ Суга партия басшысы лауазымына өзін ұсынбайтынын мәлімдеген, бұл шын мәнінде оның премьер-министр қызметінен кетуін білдірді. 2012-2017 жылдары Синдзо Абэ үкіметінде сыртқы істер министрі болған Фумио Кишида өткен сәрсенбіде партиялық сайлауда жеңіске жетті. Дүйсенбі, 4 қазанда Жапония парламентінің екі палатасы да премьер-министрдің кандидатурасына дауыс береді, содан кейін ол өз министрлер кабинетін тағайындайды. Премьер-министр партиялар ұсынған кандидаттардың көпшілік дауысымен сайланады. Әдетте, бұл партиялардың көшбасшылары. Осылайша, парламенттегі көп орынға ие партияның басшысы премьер-министр болады. Яғни сайлауда жеңіске жеткен Либерал-демократиялық партиясының көшбасшысы Фумио Кишида Жапонияның 100-премьер-министрі атанады. Ол дүйсенбіде ресми түрде министрлер кабинетін құруға ниетті. Министрлікке кандидаттарды іріктеу демалыс күндері аяқталды. Хироказу Мацуно үкіметтің бас хатшысы болмақ. Бұрынғы үкіметтен үш адам жаңа кабинетке ауысады: сыртқы істер министрі Тошимицу Мотеги мен қорғаныс министрі Нобуо Киши өз қызметтерін сақтап қалады, ал ғылым және білім министрлігін басқарған Койчи Хагиуда экономика, сауда және өнеркәсіп министрлігін басқарады.
Жүктелуде...