50621
Өмірдің бар ма байлауы?
Өмірдің бар ма байлауы?
Мына уақыт дегенің қандай жүйрік, сынаптай сырғиды. Бітпейтін бір қу тірліктің артында жүріп көп жылдар сыйлас, сырлас болған, ақылшы ағам болған, рухы биік арда азамат, көпшілік оқырманға танымал ғажап жазушы Нәс-ағаның, Некеңнің, Несіпбектің өмірден өткеніне де 40 күн болып қалғанын байқамай қалыппыз. Қайран, Нес-аға!
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үмбетiн екi нәрсенiң қадiрiн бiлуге шақырды. Оның бiрi – денсаулық, екiншiсi – уақыт. Уақыт – өмiр, өмiр – қамшының сабы. Фирдоуси айтқандай: «Дән көтерген құмырсқаға тимеңдершi, алысқаны өмiр ғой, өмiр сондай абзал ғой». Бұл – өмірдің қадірін білген адамның айтқан терең философиялық мәні бар, салмағы бар ойы. Әрине, өмірде әрқалай өткізу болады, ол әркімнің Құдай берген қабілетінде, ой-өрісінің тереңдігіне, түйсік-санасына байланысты екенін жоққа шығаруға болмас. Бірақ қабілетті адамның өзі өз мүмкіншілігін орынды, толық пайдаланып жүр ме? Уақытын бос ысырап етіп жүргендер ортамызда аз ба? Марқұм Несіпбек аға бас қосқанымызда осы мәселелерді толғана отырып жиі көтеретін, уақыттың бағасын терең түсініп, құрметтейтін. Қазіргі ортадағы қарама-қайшылықтарды, адамдардың мінез-құлқын, пейілдері мен ниетін тарам-тарам етіп зерделеп, бүгі-шүгісіне дейін сараптап, оны өз ойымен тұздықтап отыратын парасаттылығы бар еді. Қынжылатын кездері де аз болмады. Қазіргі жазушылардың шығармаларынан қол үзбей, әдебиеттің лүпілдеген тамырын дәл ұстап отырды. Белгілі қаламгерлердің басым көпшілігімен сыйласып, сырласып, күн сайын телефон арқылы пікір алмасып отырды. Шерхан Мұртазаның «Талант-
тар – раушан гүлі сияқты: жан-жағына жұпар шашады, көңіл ашады» деген сөздері осы Нес-ағаңа арналып айтылғандай. Ол атыраулық жазушы Рахымжан Отарбаевпен, шымкенттік қаламгер Мархабат Байғұтпен, алматылық ақын-жазушылар Есенғали Раушановпен, Тынымбай Нұрмағанбетовпен, Жұмабай Шаштайұлы, Мереке Күлкеновпен, Жүсіпбек Қорғасбекпен, Мархабат Байғұтпен, Ғалым Жайлыбаймен, қарағандылық ақын Серік Ақсұңқармен, маңғыстаулық ақын Светқали Нұржанмен, астаналық Дархан Қыдырәлімен, Ерлан Жүніспен, Қуат Әуесбаймен тонның ішкі бауындай шығармашылық тығыз байланыста болды, сыйласты, бірін-бірі қадірледі, ой-пікір бөлісті, қажет кезде бірін-бірі демеп, қолдап отырды. Дос дегенде көңілі ақ жайлау, жайма-шуақ болатын. Оны біз әр кездесуімізде сезіп, естіп, біліп жүрдік. Сөйте жүріп ол өз таңбасын қазақтың әдебиет әлеміне терең сіңіруге, өзгеше леп беруге күш салды, табандылықпен өз соқпағын, өз жолын іздеді. Сондықтан болар көп уақытта жалғыздықты жаны сүйетін. Соңғы жылдары жалғыздыққа тым терең беріліп, тіпті үй-жайы бола тұра, оған бармай, күн-түн демей бас көтермей, шығармашылықпен айналысты. Онысы өз жемісін берді. Соның арқасында кесек-кесек салмақты, жауһар дүниелер қаламынан туындады, том-том болып бірнеше кітаптары республикалық баспалардан басылып жатты, газет-журналдар да шығармашылық еңбектері мен берген сұхбаттары жарияланып, жыл сайын жазушылардың әртүрлі шығармашылық бәйгесінде жүлделі орындарға ие болып жүрді (халықаралық «Алаш» сыйлығы, «Ең үздік әңгіме», «Ең үздік роман», «Рух», жазушылардың халықаралық ПЕН клубының жүлдесі және т.с.). Өзі үлкен еңбекпен ашқан республикалық әдеби-танымдық «Жамбыл» журналының әр нөмірінің сапасына ерекше мән беріп, әр өңірде тұратын белгілі ақын-жазушылармен байланыста болып, олардың тартымды шығармаларын жариялап, оқырмандарының ыстық ықыласына ие болды. Жас таланттарды да көлеңкеде қалдырмай, қаламынан шыққан топ-топ өлеңдеріне, әңгімелеріне орын беріп отырды. Бұл журналды дайындауға, шығаруға 2-3 адам ғана қатысса да Некеңнің ерекше ұқыптылығы мен еңбексүйгіштігінің арқасында оның сапасы еш төмендемеді, журналдың беделі оқушылары алдында зор болды.
Әулиеата өңіріндегі қолына қалам ұстап, «ақын болам» деп талпынып жүрген жастарды өз жанына топтастырып, әрдайым қолдап, жөн-жол көрсетіп, шығармашылықтарына жол ашып отырды, республикалық басылымдарда өлеңдерінің жариялануына себепкер болды. Таланттыларын танып республикалық жыр бәйге-байқауларына, мүшәйраларына қатыстырып, қамқорлығына алды, олардың алғашқы кітаптарына алғысөз жазып, бата беріп, баспалардан шығуына жанашыр болды. Сондықтан болар, болашағы зор тараздық жас ақындар Хамит, Ерлан, Табиғат, Данияр, Арайлы, Нұрболат, Нұржан және т.б. Некеңнің қамқорлығын сезініп, өздеріне жақын ұстаз, аға деп сыйлап, бауыр тартып, еш іркілмей пікір алысып жүрді. Жебеп жүріп біразын Жазушылар одағына мүше етті. «Әдебиет адамды тәрбиелейді» дегендей талай тараздық жастар қабырғалы қаламгер Н.Дәутаевтың төңірегіне шоғырланып, тәлім-тәрбие жинақтап, әдебиет айдынына батыл «желқайықтарын» салды. Нес-ағаның жас таланттарға деген ниеті, қамқорлығы ерекше-тын.
Несіпбек Дәутаевпен 50 жылға жуық араласып, сыйласып, достастық. Өткен жүзжылдықтың 70-жылдары Алматыда мединститутта білім алып жүргенімізде шағын шатпақ-шимай мақалаларымызды «Лениншіл жас» газетінің редакциясына апарып, жариялатып жүрдік. Ол кезде онда Оралхан Бөкей, Қадір Сегізбаев, Әшірбек Көпішев, Бақыт Сарбалаев және басқа қаламы жүйрік жас журналистер қызмет істейтін. Жерлес ретінде Әшірбекпен тығыз араластық. Бірде ол өзінің жерлесі кордайлық Несіпбекпен таныстырды. КазГУ-дің журфагында сырттай оқиды екен. Жақын маңдағы бір кафеге барып шай ішіп, дастарқандас болып, сөзіміз жарасып кетті. Аудандық газетте еңбек етеді екен. Кейін қызметке Таразға келгесін облыстық газеттен анда-санда Н.Дәутаевтың мақалаларын көзім шалып жүрді. Аз жазса да саз жазып, оқырмандарын елеңдетіп жүрді. Кейінірек ол «Еңбек туының» (қазіргі «Ақ жол» газеті) Қордайдағы тілшісі болып орналасты, хабарласып тұрдық. 2000-жылдары Таразға қоныс аударып, «Жамбыл» журналын ұйымдастырып, оның бас редакторы болды. Арақатынасымыз жиілеп, сыйластық сырластыққа ауысты. Оның бойындағы зеректік, еңбекқорлық, өмір қағидасы мен ұстанымы, елгезектік, жақындары мен басқаға әркез көрсетіп жүретін қамқорлығы кімді болса да тәнті ететін. Мінезінде де табиғи бір ерекшілік бар болатын. Саяқ жүруді ұнататын. Жұмбақ, құпия, сырбаз мінезді қаламгер еді.
Кейде Нес-аға телефон шалып: «Сағындық-ай, уақытың болса жұмыс аяғына қарай маған соғып кетші» немесе «Алдыма Бекет (журналист-жазушы Бекет Момынқұл) досың келіп отыр, келсейші, біраз әңгіме-дүкен құрып, ағайынды қоңыр қаздай шүйіркелесіп шай ішейік» деп хабарласатын. Әр кездесу, әр жүздесу, әр дидарласу біз үшін ой бөлісу, пікір таластыру көп жылғы әдетімізге айналған керемет, ғажайып шаруа болды. Әңгімеден әңгіме шығып, кей кезде ол балалық шағы өткен, өсіп-жетілген туған Қордай өңірі туралы, кіндік қаны тамған Иірсу ауылы және оның адамдары, бала күнгі бастан кешірген оқиғалары, достары туралы темекісін бұрқыратып отырып, сабырлы даусымен шешіле әңгіме қозғайтын. Ол әркез рухтың әңгімесін айтатын, ойы да, білімі де терең, зерек, үлкен де нәзік жүректі жан еді.
– Әкемнен алты жаста айрылдым, онда менің есім кіресілі-шықпалы еді. Ауыл адамдары «Дәутай бойшаң, қарулы, текті азамат еді. Ешқашан қара жұмыстан тартынбай, адалдығымен, әділдігімен елге сыйлы болды» деп отыратын. Шешем байғұс борша-борша болып, қара жұмысқа жегіліп, бізді қиындықпен өсірді. Мектепті толық бітірмей-ақ еңбекке ерте араластым, 15 жасымда бас шопанға көмекші болып, одан 18 жасқа толғанымда өз бетімше бір отар қойды алдыма салып, қысы-жазы аптап ыстықта, бет қаратпайтын қытымыр қыста малдың соңында жүрдім. Өмірдің қиындығын да, еңбектің жақсылығын да басымнан өткердім. Боз жусанды далада жай, тым-тырыс қой қуып жүрмей, кітап-журнал қолымнан түспей көп іздендім, ілім жинадым, тағдырдың толқынында санамды жетілдірдім. Осының бәрі мені үлкен өмірге дайындап, қиындықтарға төселтіп, жақсылықты үйретті, тағдыр шырғалаңы мені ширатты. 23 жасымда кешкі орта мектепті бітірді деген аттестат алып, 27 жасымда КазГУ-дің журфагында сырттай оқуға түстім. 36 жасымда жазу-сызумен айналыса бастадым. Мүмкін олай болмағанда менің өмірім басқа арнаға түсіп кетер ме еді. Қайдам... Кім білсін...» деп терең ойға беріліп, бірер сәт тұнжырап қалатыны жиі болмаса да болатын. Тереңнен ой толғататын, қаламының желі бар үлкен шығармашыл-суреткерлік болмысымен өз ұстанымына берік бірегей тұлғаға айналудың жолы сірә жеңіл болмағанын әрдайым әңгімесінен сезіліп тұратын.
Кей сәтте Несіпбектің алдында оның шығармашылығын талдай отырып, оның келтірген сюжеттеріне, кейіпкерлерінің іс-әрекеттеріне пікір қосып, ойымыздағы түйткілдерді жеткізетінбіз. Жазушы біздің пікірлерімізге әркез сергек қарап, өз ойын кейде қызғыштай қорғайтын, кейде келісетін. Шындықты айту, мойындау да, біле білсек, өнер емес пе?!.
«Нес-аға, сіздің «Батыр», «Ақ күшік» «Кісі киесі» және де басқа хикаяттарыңыз бен әңгімелеріңіз киноға өздері сұранып тұр емес пе?. Режиссер тауып, неге соларды экранға шығартпайсыз?» деп қолқа салатын кезіміз де болатын. Сонда ол: «Оның барлығы қаржыға келіп тіреледі ғой. Белгілі бірнеше режиссерлар хабарласып, ұсыныс жасаған еді. Бірақ оған әзірше мүмкіндік болмай тұр. Өмір жеткізсе алдағы уақытта көре жатармыз...» дейтін аспай-саспай.
Шераға (халық жазушысы Ш.Мұртаза) туралы көптеген естеліктер, тіпті хикаяттар мен романдар шықты. Аңыз адамға айналды десек те қателеспейміз. Сіз де қалам тарттыңыз. Сізге деген көңілі ерен еді деп естиміз. Тіпті «Қордайдың қоңыр құлжасы» деп ерекше құрметтегенін де білеміз. Шәкең туралы айтарыңызды әлі де айтып болмаған сияқтысыз.
Шерағаң туралы нешебір қаламгерлер естеліктер жазып, кітап етіп шығарды. Мен де бірнеше естеліктерімді журналдарға бердім. Менің ойымша, Шерхан ағамен мен сияқты 16-17 жыл тығыз байланыста, сыйластықта менен артық ешкім болған жоқ. Ол әркез мені іздейтін. Кездескен сайын Қордайда болсын, басқа жерде болсын әдебиет пен тарих, қоғам мен адамгершілік туралы әңгіме-дүкен құрып, орынды қалжыңдасып, бір рахат рухани жылы сезімге бөленетінбіз. Таразға келгенде де мені өзі іздеп келетін. Әңгімеге қызу берілетініміз соншама, түннің жарымын еңсеріп, кейде менің кабинетімде бірге түнеп қалатынбыз. Ойлап отырсам, ол да бір қайталанбас, ғанибет дәурен екен.
Н.Дәутаевтың жұмыс кабинеті құдды музейдей болатын. Том-том, сандаған қатар-қатар кітаптар бірнеше шкафтарға сыймай, біразы жазық, ұзын үстел үстінде жайылып жататын. Алған мемлекеттік ордендері мен медальдары, төсбелгілері, жүлделері де шкафында жарыса тізіліп, көз жауыңды алып самсап тұратын. Кейде: «Нес-аға, мына «жылтырақтарыңызды» бір «парадный» костюміңіздің төсіне рет-ретімен әдемілеп қадап қоймайсыз ба? Кейде қонаққа, жиналысқа барғанда жалт-жұлт еткізіп, көптің көңілін өзіңізге аударып жүрмейсіз бе басқалар ұқсап? Әйтпесе мыналарыңызды бізге беріңіз, жалтыратып мақтанышпен тағып жүрейік» деп қалжыңдасатынбыз. Сонда ол «Шүкір, біраз наградаларым бар ғой. Бірақ соларды кеудеме тағып, көп алдына шығуды артық санаймын. Ондай менде әуестік жоқ. Бергенін, тапсырғанын әкеп осы кабинетіме жинап жатырмын. Барына береке берсін, шүкір», – дейтін сабырлы қалпынан бір айнымай.
Әлі есімде, өткен жылы белгілі жазушы Тынымбай Нұрмағанбетовке Мемлекеттік сыйлық берілгенде сол атақты өзі алғандай қуанып: «Бұл өте орынды болды, әдебиеттің абыройын көтеретін әділ шешім. Тынымбай ағамыз қазақ әдебиетінде ерекше орны бар, ешкіммен салыстыруға келмейтін керемет суреткер, шебер қаламгер», – деп әріптесінің қол жеткізген жетістігіне шын, ақ пейілмен жүрегі жарыла пікір білдірді.
Мұндай көңілі жаз, жылы пейілді, қуанышты тілек кез келген жазушыдан шыға бермейтінін мына қызылды-жасылды өмірден көріп жүрміз. Біреудің табысына қуана білу де үлкен жүректілік емес пе?!
Өткен қыс пен көктем айларында ол көрші Қытай елінің баспагерлерінің өтінішімен көлемді, тарихи мәні бар «Тараздың тарихи тағдыры» атты көлемді кітапты жазып бітірген еді. Еңбек бірнеше тарихи кезеңдерді қамту керек болатын. «Бұл мен үшін күрделі, ауқымды іс болды. Көп уақытымды ізденумен, зерттеп, зерделеумен өткіздім. Қолым жеткен көптеген мәлімет қамтыған сияқтымын. Ойымша, жаман болмау керек. Жыл соңына дейін Пекинде үш тілде (қытай, қазақ, ағылшын) жарық көреді», – деп оның баспадан шыққанын күтіп жүрген болатын. Әттең, оны өз көзімен көруді нәсіп етпепті.
Өзінің өтініші-аманаты бойынша Нес-ағаға Қордайдың боз жусанды қоңыр белдерінің ортасындағы бұрынғы «Иірсу» деп атанған ауылдың маңайындағы ескі бейітте ту сонау ертеде 1953 жылы жерленген әкесі Дәутай (азан қойып қойған аты Дәулетияр екен) қарияның жанынан топырақ бұйырды. Бұрынғылар «Туған жердің топырағы бұйырсын» деп Алла Тағаладан сұрап отырады екен. Онысы бекер емес шығар. Нес-аға да жерлес-замандастарымен қалжыңдасып отырып: «Егер алда-жалда дүниеден өтіп жатсам, Кенен атам ауылының батысындағы «Иірсу» маңындағы қоңыр төбе беткейіндегі әкем жатқан зиратқа, Дәутай шалдың жанына сүйреп апарып тастай салыңдар» дейді екен жарықтық. Сол тілегі орындалды. Мәңгілік тыныштықты әке жанынан, туған топырағынан тапты.
Р.S.
Қарымды қаламгер Несіпбек Дәутайұлы жайлы әлі де талай естеліктер, шығармаларына сараптамалар, әдеби шолулар жазылар. Біз мезгіл-мезгіл оған соғып отырарымызға кәміл сенеміз. Көңіл суымай тұрғанда айтар бірнеше ұсынысымыз бар. Бірінші, Кордайдың күреңбелдерінің бірінің беткейіндегі ескі зиратта тыныштық құшағында жатқан Нес-ағаға барар жол суып қалмауы, ұмыт қалмауы үшін басына көрнекті құлыптас орнатып, Алматы – Тараз автомагистралынан сәл шеттеу жатқан (шамасы 1 шақырымдай жерде) бейітке дейін асфальт жол болмаса да тасжол тартуымыз керек.
Екінші, соңғы жылдары газет-журналдарда берген сұхбаттары мен жарияланған мақалалары және ақын-жазушылардың, дос-замандастарының естелік жазбаларын топтастырып, кітап болып шықса орынды болар еді.
Үшінші, республикалық Жазушылар одағы мен облыстық әкімшіліктің қолдауымен дәстүрлі шығармашылық байқауын жариялап, Несіпбек Дәутаев атындағы жүлде – әдеби сыйлық тағайындалса артық болмас деп ойлаймыз. Оны келер жылы 75 жасқа толуы қарсаңына дейін шешсек жөн болар еді.
Сағындық ОРДАБЕКОВ, дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Жамбыл облысының Құрметті азаматы