Базыл ағаның байыпты жолы

Базыл ағаның байыпты жолы

Базыл ағаның байыпты жолы
ашық дереккөзі
Осыдан дәл он жыл бұрын Нұр-Сұлтан қаласына Алматыдан қоныс аударып келген кезім. Қала мектептері ол кездері көп бола қоймайтын. Сол жақ жағалау туралы тіпті біле қоймайтынмын ба, көбіне-көп оң жақ жағалаудың мектептерін шарлап шыққаным бар. Сырбай Мәуленов атындағы №37 орта мектепке сөйтіп жүріп табан тіредім. Базыл Әлдешұлының зор даусынан көпке дейін үркіп жүретінмін. Таңғы 7.30-дан кешігуге ұялатынбыз, себебі ағайымыз дәл осы уақытта мектептің сынып жетекшілері мен мектеп әкімшілігін тізіп қойып, балаларды өзі бастап күтіп алатын. Оқушылардың сыртқы келбеті, шашы, киім киісі – барлығы-барлығы осы бірінші қабаттан сүзгіден өтіп тұратын да, мектепте тәртіп болатын. Дәл осы жерден ата-аналар да сұрақтарын қысқа уақытта шешіп кетіп жататын. Келе-келе бұл мектептің тәртібіне де үйреніп алдым, Ұжым дегеніңіз өте қарапайым, келген адамды құшақ жая қарсы алатын. Мектеп әкімшілігіне қандай да бір сұрақпен барсаңыз, тәптіштеп түсіндіріп, енді қайта келіп сұрауды қажет етпейтіндей етіп жататын.  Бір қызығы, Базыл Әлдешұлы «менің орынбасарларым секілді орынбасар жоқ деп» отыратын. Онысы рас та еді. Мектепте мұғалім болып қызмет атқарып жүргеніме екі жыл болған. Бірде хатшының: «Сізді директор шақырады» дегеніне, «Не болды екен? Ештеңе бүлдірмеген сияқты едім» деп ойға шомып жүріп, есігінен имене кірдім. Көп сөзге келместен, «Гүлжан, сен менің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарым боласың, ойлануға бір күн, барып қабырғаңмен кеңес» дегені. «Жақсы» деп, кабинетінен шығып кеттім. Ағайдың жылдам шешім шығаратынын біліп қалғанмын кезім. Маған бір күн де бермейтінін ішім сезіп келеді. Кешке телефон соққан кезде-ақ, осы жұмысты жасайтыныма сенім білдіргені үшін рақметімді айтып, тәрбие жұмысын бастап кеткенім бар. Тағы бір-екі жыл өткен соң, Базыл Әлдешұлын ұжым болып құрметті еңбек демалысына  шығарып салдық. Кейін көпке дейін «Базыл ағай бүйтуші еді, сөйтуші еді» деп жүретінбіз. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме дана халқымыз. Алда келе жатқан ұстаздар қауымының мерейлі мерекесі қарсаңында ардагер ұстазымыз – Базыл Әлдешұлы және ол кісінің білім саласына қосқан үлесі туралы айтпаудың өзі әбестік болар. Базыл Әлдешұлының бойындағы қарапайымдылық, директор екенмін деместен, талай сенбілік пен таза бейсенбіде жасының үлкендігіне де қарамастан, «былай жинау керек» деп жүріп, талай жұмысты игеріп тастайтын. Апта сайын болатын мұғалімдер ұжымымен өтетін жиналыста да  бәрімізді тәртіпке үйретіп отыратын. Барлық ел жаңалықтары, жолдаулар мен үкіметтік баяндамалар талданатын. Одан қала берді мектептің ішкі-сыртқы жағдайы, сынып кабинеттерінің жағдайы, сабақтардың дұрыс өтілуі, мектеп абыройына үлес қосқан мұғалімдер, қысқасы, «барды бар, жоқты жоқ» деп, толық апталық бақылаудың нәтижесі айтылатын. Кемшілік жасамауға, жібермеуге қатты тырыстық. Себебі көпшіліктің алдында атың аталудың өзі ұят, сондықтан да намысқа тырысып, жақсы мұғалім, жақсы сынып жетекші болуға бар күшімізді салдық. Базыл Әлдешұлы әр қоңырауда, сабақ кезінде дәліз аралап, сабақтың қалай жүріп жатқанын өзі күнделікті бақылап жүретін. Дәлізден ол кісінің зор дауысы естіле қалса, отырған орнымыздан атып тұрып, сабағымызды бар өнерімізді салып өткізетінбіз. Күнделікті сабақ пен аптасына бір рет өтетін тәрбие сағаттарының өткізілу деңгейіне үлкен жауапкершілікпен қарайтынбыз да, оқушыларымыздың сабақтан рақаттана шығатынын байқайтынбыз. Мектеп абыройы да төмен болған емес. Аралас мектеп болғанына қарамастан, оқушыларымыз да қарапайым болды. Үлкенге құрмет, кішіге ізет қалыптасқан, жұдырықтай жұмылған ұжым ретінде осы бір аяулы мектепке қалай сіңіп кеткенімді байқамай да қалдым. Ахмет Базыл Әлдешұлы білім саласында 50 жылдан бері үзбей еңбек еткен ардагер ұстаз. Сырбай Мәуленов атындағы № 37 мектептің алғашқы кірпішін бірге қалаған басшы. Сапалы білім, саналы тәрбие беру арқылы өзін-өзі жетілдіруге, дамытуға, баулуға өте шебер еңбек еткен ұстаз. Ол өзінің жоғары мәдениеттілігімен, оқыту және тәрбиелеу әдістемесін жүргізу шеберлігімен ерекшеленеді. Базыл Әлдешұлы ұжым арасында биік адамгершілік қасиетімен, ашық мінезімен, жылы жүзімен ерекшеленген аяулы жан. Осы орайда, «Мектеп мұғалімдерінің шығармашылығын жоғарылату» тақырыбында жұмыс істей отырып, мектеп мұғалімдерінің шығармашылығын және әдістемелік дәрежесін дамыту жолында өз үлесін қосқанын атап кету керек. Жыл сайын мектептен бірнеше «Алтын белгі» иегерлері мен «Үздік аттестат» иегерлері түлеп ұшты. Мектеп оқушыларының аудандық, қалалық, республикалық олимпиадаларға қатысып жүлделі орындарға ие болуына жағдай жасаған басшы. Базыл Әлдешұлы 1993-2016 жылдар аралығында №37 жалпы білім беретін орта мектептің басшысы боп қызмет атқара жүріп, қаншама жас мамандардың қанатын қатайтып, ұлы мамандыққа шыңдай білді.  Базыл Әлдешұлының білім саласындағы осыншама жылдан бері еткен еңбегі де ескерусіз қалмай ҚР «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен, «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медалідарымен марапатталды. Қазақта «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген тамаша сөз бар. Ендеше адам бойындағы керемет қасиет-ұстамдылықты, алға дұрыс ұстаным мен мақсат қоя білуді де осы кісіден үйренуге болады десек, еш қателеспейміз. Менің ойымша, ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. «Адамға жақсы қасиет – ұстазынан » дегендей, бір басынан сан қырлы қасиет табылатын жаннан әр адамның өзіне жақсы бір қасиет алары сөзсіз. Қазіргі таңда ардагер ұстаздың қанша жыл ұстаз болып шәкірт тәрбиелесе де, қаншама уақыт басшылық қызметте болса да, «болдым», «толдым» демей, үнемі заманның ағымымен бірге ілесіп, елордамыздағы оқу орындарының бірінде еңбек етіп жатқан жайы бар. Бүгінде жасы 70-ті алқымдаса да, өзінен кейінгі жастарға айтар өсиет-өнегесі мол ардагер ұстазымыз Базыл Әлдешұлын кәсіби мерекесімен құттықтай отырып, ордалы отбасының қамқор тірегі, әріптестеріне адастырмас темірқазықтай жөн сілтеп жүре беруіне шың көңілден ықыласымызды білдіреміз, себебі ұлылықтың басында әрдайым ұстаз тұрары хақ.

 Гүлжан ТӨЛЕУОВА,

Сырбай Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицейі

директорының міндетін атқарушы,

Нұр-Сұлтан қаласы