Жаңалықтар

Ауғанстаннан келген 35 қандас Ақмола облысына қоныстанды

Ауғанстаннан келген 35 қандасымыз Ақмола облысына қоныстанды.

Атажұртқа оралған төрт отбасының бірі Көкшетау қаласында, қалғандары Атбасар, Бурабай, Сандықтау аудандарына қоныстанады. Олар жақын күндері жұмысқа орналастырылып, балалары мектептерге барады. Сондай-ақ, отбасының әрбір мүшесіне 204 мың теңге көлемінде бір реттік қаржылай көмек алады, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Ауғанстаннан Ақмолаға қоныс аударған 4 отбасының бірі – Шерәлі Өзбәкидің әулеті. Ол 7 баласымен Көкшетау қаласындағы қап шығаратын ірі кәсіпорынның жатақханасына қоныстанды. Кәсіпорын ұжымы отанға оралған отбасының күнделікті азық-түлік, киім-кешегін қарастырған.

«Қазақстанға келдік. Жақсы екен. Көп жақсылық көрдік. 11 күн Алматыда болдық. Киім әперді, тамақ берді. Разымын. Енді жұмыс берсе, балаларымыз мектепте оқыса, соған рызық қыламыз», – деді қандас Шерәлі Өзбәки.

Алыстан келген этникалық қазақтар Ауғанстанда соңғы кездегі аумалы-төкпелі жағдайдан қатты қиындық көргендерін жасырмады. Сол себептен де ауған жерінде қалған туған-туысқа қатты алаңдап отыр.

«Ауғанстаннан елге көшірілген азаматтар түгелдей жұмыспен қамтылады. Ал балаларын жастарына қарай мектепке, балабақшаға орналастырамыз. Отбасының әрбір мүшесіне 204 мың теңге көлемінде бір реттік қаржылай көмек көрсету көзделген. 1 жылға дейін баспана жалдау, коммуналдық төлем үшін де 15-тен 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай қолдау қарастырылған», – деді Ақмола облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжанова.

Ауғанстаннан қоныс аударған 4 отбасы жергілікті әкімдіктің қолдауымен алдын ала бөлінген аудандарға жетті. Оларға қажетінше көмек көрсетіледі.

Back to top button