466
Шараптан «шаттық» іздеген шерменделер - маскүнемдер саны 186 мыңға жетті
Шараптан «шаттық» іздеген шерменделер - маскүнемдер саны 186 мыңға жетті
2015 жылдың қорытындысы бойынша, ресми тіркеуде тұрған маскүнемдердің саны 186 мыңға жуық. Бірақ ресми есепке алынбағандарды ескерсек, олардың саны бұдан да көп деген сөз. Ресми мәлімет бойынша, маскүнемдердің 23 474-і нәзік жандылар екен. Ең сорақысы, маскүнемдік дертіне шалдыққандардың арасында 14 жасқа дейінгі балалар да бар. Оның үстіне, тұрмыстық тұрғыдағы аса ауыр қылмыстардың 10 пайызы ішкіштердің үлесінде. Үстіміздегі жылы ішімдік ішкендердің қатысуымен орын алған қылмыстар саны 13 пайызға артыпты. Бұл туралы Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов жуырда ғана өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлімдеді.
Дәл осы ішімдікке құмарлардың дерті Кеңес заманы тұсында асқына бастады. Әсіресе, 90-жылдары еліміздегі алкоголь тұтынатындардың саны арта түсті. Содан бері маскүнемдер қатарын азайту қиындау болып тұр. IWSR ұйымы 2013 жылы Қазақстанды Орта Азиядағы алкогольді көп тұтынатын елдердің бестігіне енгізген. Ұйымның зерттеуі бойынша, сол кезде елімізде ресми түрде 200 мың маскүнем тіркелгені белгілі. Ал бір жылдан кейінгі деректер бойынша еліміз маскүнемдердің саны бойынша 188 елдің ішінде 34-орынға тұрақтады.
Елімізде маскүнемдік дертінің асқына түскенін байқаған Ішкі істер министрі Үкіметтің кеңейтілген отырысында уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарының қатарын көбейту қажеттігін ескертті. Министрдің айтуынша, бейімдеу орталықтарын заман талабына сай етіп қайта ашқан жөн. Мұндай орталықтар еліміздегі ірі қалалардың барлығында бар. Бүгінде елімізде 31 айықтырғыш орталық жұмыс істейді. Ішкі істер министрлігі өкілдерінің мәлімдемесіне назар аударсақ, бізге әлі 36 уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтары қажет. Айта кетейік, мұндай орталықтардың біразы осыдан 5 жылдай уақыт бұрын жабылып қалған еді. Қазір уақытша бейімдеу орталықтары үлкен қалаларда болғанымен, аудандарда жоқ. Ал бұндай орталықтарды көбейту талайға дерт болып жабысқан маскүнемдіктің алдын алуға септігін тигізе алар ма екен? Әрине, осындай орталықтар маскүнемдердің санын қысқарта алмайды. Бірақ бұл белгілі бір нөпірдің алдын алуға өз үлесін қосатыны анық. Саны артатын орталықтар ішімдікке құмар жандарды емдеуге емес, оларды қоғамнан оқшаулай тұруға тиімді секілді. Осы жиында Қалмұханбет Қасымов еліміздегі маскүнемдікке қатысты заң жобасының тиісті деңгейде жүзеге аспай жатқандығын да атап өтті. Соның әсерінен ішімдік ішкендер тарапынан жасалған қылмыстар саны артып отыр. Мәселен, 2016 жылдың 9 айының ішінде алкоголь өнімін тұтынған азаматтар 14 мыңнан астам қылмыстық іс жасапты. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда, 2 мыңға артық.
Әрбір 10 секундта 1 адам көз жұмады
Дерек көздеріне сүйенсек, елімізде жан басына шаққанда жылына 11 литр таза этил спиртін қолданады екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халықтың жан басына шаққандағы алкоголь тұтынуының шекті деңгейін есептеген. Ұйымның дерегінше, алкогольді тұтыну деңгейі жылына 8 литрден аспауы тиіс. Ал ішімдікті одан артық тұтыну ұлттың азып-тозуына әкеліп соғуы әбден мүмкін. Алкоголь тұтынудың күрт өсуі елдегі демографиялық жағдайға және жалпы экономиканың дамуы мен әлеуметтік өмірге де өз кесірін тигізеді. Маскүнемдіктің себебінен жұмыс орнын тастап кету, өндірістің тоқтап қалуы және басқа да келеңсіз факторлар салдарынан келтірілген орасан зор залалды есептеп шығу тіпті мүмкін емес. Ішімдіктерді шамадан тыс қолдану адамзат денсаулығының және олардың еңбекке қабілеттілігінің нашарлауына себеп болады. Әлем ғалымдарының зерттеу жұмыстары дүние жүзінде әрбір 10 секунд сайын ащы судың кесірінен шамамен 1 адам көз жұматындығын дәлелдейді. Жыл сайын әлемде ішімдікті шамадан тыс тұтынудың нәтижесінде 3,3 миллион адам қайтыс болатын көрінеді. Ал 20-39 жас аралығындағы адамдар арасындағы өлім-жітімнің 25 пайызы алкогольдің әсерінен орын алады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректерінше, әлемдегі түрлі ауруларға алып келетін үшінші фактор – ішімдік. Ал ТМД елдері арасындағы өлім-жітімге басты себепкер болатын алкоголь көрінеді. Шын мәнінде, алкоголь – адамның жүйке жүйесін қоздыратын жасанды зат. Ол миға бірден әсер етіп, психикалық және мінез-құлық ауытқуларына, оның ішінде ішімдікке тәуелділікке, бауыр циррозы, қатерлі ісіктің кейбір түрлеріне, жүрек-қан тамырларының аурулары және тағы басқа ауыр жұқпалы ауруларға әкеп соғады. Ішімдіктің әсерінен адамдар түрлі қылмыстарға барады. Маскүнемдік бірден дертке айналмайды, бұл дерттің алғашқы сатысы шамамен 5-7 жылға созылады. Ал екінші сатысында ішкі органдар мен жүйке жүйелері едәуі зақымданып, созылмалы алкоголь психоздары пайда болады. Бұл кезең 10-15 жылға созылып, үшінші сатысына ауысады. Үшінші сатысында мидың жүйке клеткалары тұтастай зақымданады. Мұндайда адам еңбекке жарамай, ақыл-есінен айрылады. Әдетте созылмалы маскүнемдікке шалдыққан адам үйренген дағдысынан бас тарта алмайды. Дегенмен маскүнемдік ауруынан арылуға ұмтылмаса, оны емдеу шараларының ойдағыдай жүруі мүмкін емес. Өткен жылы British Medical Journal журналында ғалымдар ішімдік ішу мен көп уақыт бойы жұмыс істеуге байланысты зерттеу жұмысын жариялады. Зерттеудің нәтижесінде жұмыс уақытының ұзаруы адамды күйзеліске, ұйқысыздыққа шалдықтыратыны анықталды. Ғалымдардың айтуынша, бұдан шығатын бір ғана жол – ішімдік. Еуропа одағында аптасына 40 сағат жұмыс уақыты қалыпты саналады. Егер жұмыс аптасы 48 сағатқа жетсе, онда ішімдікке салыну қаупі 11 пайызға жоғарылайды. Ал 49-54 сағаттан асып түссе ішімдікке тәуелді болу қаупі 13 пайызға өседі. Мұндай жағдай ғалымдардың пікірінше, көбінде әйелдерге қарағанда ер адамдарда байқалады екен. Көп уақыт бойы жұмыс үстелінен кетпейтіндердің арасында ішімдікке салынғандардың шын мәніндегі көрсеткіші өте жоғары.Маскүнем балалар неге көбейді?
Ащы суға елірген кәмелеттік жасқа толмаған балалардың да есепте тұрғандығы қауіпті дабыл. Өкінішке қарай, бүгінде балалардың ішімдікке үйір болуына қоғам толыққанды тосқауыл бола алмай отыр. Жасөспірімдердің алкогольге үйір болуына не себеп болуда? Әдетте балалар алкогольді ішімдіктерді әуелде ермек ретінде қабылдайды екен. Бірақ кейін ащы суға деген тәуелділік пайда болады. Кей кезде балаларды алкогольге үйрету отбасынан басталады. Ата-аналары, әсіресе әкелері, өгей әкелері, ағалары, аталарының өздері балаға ішімдік береді. Тіпті, зерттеу жұмыстары 4-8-10 жастағы балалардың өздері ішімдік ішіп көргенін анықтап отыр. Сегізінші сыныптағы ер балалардың 75 пайызы, қыздардың 40 пайызы алкогольдің дәмін татып көргендігін әлеуметтік зерттеулердің қорытындысы айғақтайды. Оныншы сыныпты бітіргендердің 90-95 пайызы алкогольдің дәмін біледі. Маскүнемдікпен ауыратындардың 75 пайызы ішімдіктің дәмін 20 жасқа дейін татып көргендер екенін ғылыми зерттеулер нақтылайды. Қазір кез келген сауда орындарында түрлі энергетикалық сусындар мен түрлі газдалған әрі бояғыш заттар қосылған сусындар емін-еркін саудаланады. Осындай сусындардың өзі балалардың ағзасын араққа ерте үйретеді екен. Сарапшы мамандардың айтуынша, балалардың маскүнемдікке салынуы әуелі сырадан басталады. Жасөспірімдер, әдетте, ішімдікке 14 жастан бастап үйір бола бастайды. Кейбір ата-аналар балаларының бойындағы ішімдікке деген құмарлықты байқаса да, елемеген болып жалған намыстың жетегінде кетеді. Бұл бала өміріне аса қауіпті. Баласының осындай әдетке бой алдырып бара жатқанын сезген ата-ана уақытты созбай баланы тиісті емдеу орнына апару керек. Наркологтардың мәліметіне сенсек, 2010-2013 жылдар аралығында Қазақстандағы маскүнем балалардың саны 10 есеге көбейген. Республика бойынша тіркеліп жатқан қылмыстардың ішінде жасөспірімдердің де қолымен жасалған қылмыстар жоқ емес. Спиртті ішімдіктің желігімен адам өлтіру, әйел зорлау сияқты ауыр қылмыстар жасап, жазалы болып жатқан жасөспірімдердің қоғамға тигізер залалы да көп. ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің ресми мәліметі бойынша, Алматыда 2011 – 2015 жыл аралығында ішімдікке тәуелділігімен наркологиялық есепке тұрған кәмелет жасына толмаған балалардың жалпы саны 2195-тен 196-ға, ал Астанада – 98-ден 30-ға дейін азайған. Республика бойынша жалпы көрсеткіш: 2011 жылы 4167 балалар мен жасөспірімдер, 2015 жылы 578 болыпты. Бірақ есепте тұрған жасөспірімдердің саны аталмыш өңірлердегі ахуалды толық бейнелей алмайды. Сондықтан жасөспірімдердің маскүнемдік дертіне шалдығу деңгейі азайды деп сандарға сеніп отыра беруге әсте болмайды. Ең алдымен, ата-аналар балалар мен жасөспірімдердің тәрбиесін ешқашан назардан тыс қалдырмауы керек. Себебі көбіне ішімдікке ерте бой алдыратындардың қатарын ата-ананың бақылауынсыз жүрген балалар толықтырады. Сонымен қатар, ата-аналар балаларының қандай сусын ішіп жүргеніне де бейжай қарамағаны жөн. Балаларды алкогольге үйір ететін энергетикалық сусындарды жиі тұтынбауын қадағалаудың маңызы зор.Күресудің жолы қайсы?
Қазіргі уақытта маскүнемдік дертімен күресу үшін қаншама жұмыстар қолға алынғанымен, сырқаттың бетін қайтару қолдан келер емес. Мамандар ішімдікке тәуелділіктің қашан азаюы мүмкін екендігін болжай алмайды. Сондықтан маскүнемдікке қарсы күресті кешенді түрде жүргізіп отыру шарт. Ал маскүнемдіктің жолын кесу үшін қандай шараларды жүзеге асыру керек? 2011 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2012-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілген. Құжатта маскүнемдік дертімен күрестің бірнеше әдіс-тәсілдері ұсынылды: алкогольдің бағасын қымбаттату, көлікті мас күйінде жүргізуді реттеу мен алкогольді жарнамалауды азайту шаралары. Бүгінде елімізде алкоголь өнімін саудалайтын 50 мыңға жуық сауда орны тіркелген. Мұның тым көп екендігін мамандар да растап отыр. Ал шет елдерде бәрі басқаша. Мысалы, Францияда 3 мың тұрғынға 1 алкоголь дүкенінен келсе, Исландияда 15,9 мың адамға, Норвегияда 30 мың адамға 1 дүкен келеді екен. Қазақстанда 400 тұрғынға 1 дүкеннен айналады. Көз алдымыздағы мұндай цифрлар елімізде маскүнемдік дертінің алдын алу шараларын жүзеге асырудың қиындау екендігін ұғындырса керек-ті. Әйтеуір елімізде кешкі 21.00-ден кейін спирттік ішімдіктерді сатуға тыйым салынғандығы көңілімізге демеу. Бірақ мұның өзі толық жүзеге асырылып жатыр дегенге сену қиын. Барлық дүкендердің бәрі бірдей бұл талапқа бағынып жатпайтыны белгілі. Тіпті, ресми тіркелместен, арақ-шарап сатумен айналысатын дүкендер де бар. Әлемнің дамыған мемлекеттері алкогольге деген салықтар мен акциздерді көтеруді әлдеқашан жолға қойып, сол арқылы жүйелі жұмыс жүргізуде. Ал біздің елде ішімдіктердің бағасын қымбаттату ісі айтарлықтай нәтиже беріп отырған жоқ. Сарапшылардың пікірінше, арақтың қымбаттауы арзан алкогольге деген сұранысты арттырып жібереді. Кейбір дерек көздері қазірдің өзінде маскүнемдер дәріханалардан 90 пайыздық этил спиртін сатып алып жатқандығын жариялауда. Оған 2,5 есеге жуық су қосса, арақ болып шыға келеді. Нәтижесінде мұндай ішімдік зауыт өнімінен 2 есеге арзан болады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше жыл бұрын маскүнемдік дертімен күресудің ең тиімді тәсілін ұсынғаны белгілі. Яғни, экономикалық шараларды күшейтіп, арақ-шарап айналымына қатысты көлеңкелі бизнестің аяғына тұсау салу керек. Бірақ Елбасының тапсырмасын атқамінерлердің орындағаны шамалы. Бұл сөзімізді БАҚ беттеріндегі мына деректер дәлелдейді. Дерек бойынша, Қазақстанда спирт, алкоголь өнімдерін шығаратын 20-дан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың өндіріс көлемі 20-25 пайыздан аспайды, яғни шығарылған спирттік өнімдердің көлемі 20 млн литрді құрауы тиіс. Бірақ елімізде 4,5 млн литр арақ шығарылады екен. Бұл ешбір тіркеусіз-ақ алкоголь өнімдерін шығаратын кәсіпорындар әлі де жұмысын жалғастыруда деген сөз. Қалай десек те, қоғамның індетіне айналған маскүнемдік дертін тамырымен жоюға қоғам болып күш салу қажет. Ең бастысы, ащы суға еліргендердің қатарын азайтып, сырқаттың алдын алу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға міндеттіміз. Олай етпеген жағдайда, ұлттың болашағына қауіп төну ықтималдығы артпақ.