516
Салықтың сара жолымен
Салықтың сара жолымен
Бауыржан Тұрсынұлы аймақтағы зиялы қауым өкілдерінің өзекті ойларына аса мән беріп, өңірдегі қордаланып қалған жайттарды олардың талқыcына салып отырады. Соның бірі де бірегейі қоғам және мемлекет қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанға еңбегі сіңген ғылым қайраткері, Қазақстан Тұңғыш Президентінің Бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының лауреаты, ғасырлар бойы бабаларымыз аңсаған тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына, Ата Заңымыздың қабылдануына айрықша үлес қосқан заңғар заңгер, ғұлама ғалым Салық Зимановтың өзі туып- өскен өңірде не көшеге, не мектепке әлі күнге аты берілмеуі еді. Бұл олқылықтың орнын академик Салық Зимановтың биылғы 100 жылдық мерейтойы барысында толтыруға болатынын да атап көрсеткен.
Өткен жылдың аяғында Атырау облыстық сотының төрағасы Бауыржан Жұмағұлов өңір басшылығына Атырау қаласындағы көше мен мектептің біріне академик Салық Зимановтың есімін беру туралы ұсыныс түсірді. Жақында облыстық мәслихаттың депутаттары кезекті сессияда облыстық сот төрағасының ұсынысына қолдау білдірді. Атырау қаласындағы №37 орта мектепке Салық Зимановтың есімін беру туралы шешім қабылданып, республикалық ономастикалық комиссияға ұсыныс жіберілді. Енді ғалымның есімін көшеге беру мәселесі де өз шешімін табатын уақыт алыс емес.
Қазақтың осындай маңдайалды тұлғаларын ұлықтау шын мәнінде ұлтжанды азаматтың ғана қолынан келері хақ. Осылайша ұлы істерді үндемей-ақ, «мұны мен істедім» деп көкірегін соқпай-ақ тындырған Бауыржан Тұрсынұлының ісі қазақтың мен деген талай азаматтарына үлгі іспетті.
Иә, көзі тірісінде-ақ заң ғылымының патриархы атанған Салық Зимановтың көркем мінезі, асыл бейнесі санамыздан ешқашан өшпейтіні анық. Өйткені оның артында мыңдаған шәкірті, жоқтаушысы әрі ізбасарлары бар. Соның бірі Бауыржан Тұрсынұлы отандық заң ғылымының өркендеуіне өлшеусіз еңбек сіңірген, білікті, дарынды заңгерлер корпусын қалыптастырған академик С.Зимановтың 100 жылдық мерейтойы Үкіметтің жыл кестесіндегі мерейтойлар тізбесінен тыс қалғанына қынжылыс білдіріп құр отырмай, өзінің қолынан келетін қызметін атқарып жатыр.
Бауыржан Тұрсынұлы жұмысты жүйелі жүргізетін әрі қолға алған ісін аяғына дейін жеткізетін жандардың санатынан. 1991 жылы желтоқсан айының жуан ортасында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңын қабылдау барысында екі күн айтыс-тартысқа түсіп, мәселе тығырыққа тірелгенде тағы да келісім комиссиясының құрамына кіріп, Қазақстан Республикасы атты жаңа тәуелсіз мемлекеттің дүниеге келгенін күллі әлемге танытқан тарихи құжаттың қабылдануына заңгер, депутат ретінде зор үлес қосқан Салық Зиманұлы туралы тарихи естеліктер мерзімді баспасөз бетінде аз жазылған жоқ. Дегенмен де академиктің биылғы ғасырлық мерейтойы қарсаңындағы атқарылуы қажет істерді атап көрсете отырып, шындығында, елі үшін, ұлты үшін аянбай еңбек сіңірген дарабоз заңгердің өмір бойы адалдықтың ақ жолынан таймаған, ұлт келешегі үшін ойын мәймөңкелемей тура айтатын ғалым турасында бұрын жарық көрмеген деректерді келтіре отырып, Б.Жұмағұлов «Ғұлама ғалымның ғибраты» тақырыбымен мақала жариялады.
«Өмір бойы заңдылықтың, әділдіктің жолында күресіп, басқаларды да соған үндеп, осы салаға мыңдаған кадр даярлаған ұстаз, ғалым бұған дейін жеті рет сотталып, тіпті жиған-тергенін үптеп кеткен кәнігі ұрыға араша түскен. Оның түрмеден кейінгі тіршілігіне араласып, оған сеніммен қарап, қолұшын созды. Қылмыс жасап, түзелуден мүлдем кетті дегендердің жүрегінің түбінен болмашы үміт ұшқынын көріп, соны өшіріп алмау үшін алтын уақытын бөлді. Бұл – шынында да таңғаларлық жайт. Санасында саңылау бар әр адамды ойландыратын өнеге. Ұлы адамның ғана қолынан келетін ұлылық» – деп, аталған мақаласында ғалымның ел біле бермейтін қырын да Бауыржан Тұрсынұлы оқырман назарына ұсынған.
Ғұлама заңгер көзі тірісінде өз мұрасының көпшілік бөлігін ғалым-баспагер, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Құрмет» орденінің иегері, қоғам қайраткері Ғарифолла Әнеске аманаттаған болатын. Бүгінге дейін заңгер мұрасының бес томдығы жарыққа шыққан. Енді Бауыржан Тұрсынұлының жіті назарындағы ғалымның екі томдығы мен замандастарының естеліктері, деректі мақалалар қамтылған заманауи энциклопедиялық анықтамалық шығарылмақ. Бұл аты алты Алашқа мәлім ғалымның есімін ұлықтау, оның ұшан-теңіз ғылыми мұрасын ел жадында қайталап жаңғырту академик Салық Зиманов тікелей атсалысқан ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына тамаша тарту болары анық.
Иә, төрге шықса төбедей, төбеге шықса төредей көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің бірі де бірегейі академик Салық Зимановтың биыл кең көлемде ғасырлық мерейтойы аталып өтуі тиіс. Елінің жігері, қоғамның тірегі болған, ұлтымыз үшін, ұрпақ үшін осындай өлмейтұғын ісі, өнегелі еңбегі бар тұлғаны ұлықтау Бауыржан Тұрсынұлы үшін де зор жауапкершілік, үлкен абырой.
Мәуелі бәйтеректің аспанмен астасып, жайқала өсуі тамыр тартқан топырағының құнарынан. Бұл – табиғат заңдылығы, аттап кете алмайтын ақиқат. Дала мінез, бала көңіл адамдар бар. Мына аспан асты, жер үстіндегі табиғи құбылыстар жанына жат емес. Бір күні құм суырған тентек жел болса, бір күні аққайыңның жапырағын тербеген ақ, ерке самал. Бауыржан Тұрсынұлы да осындай өзі өскен, өзі өрбіген отбасы-топырағына тартып туған азамат. Жақсыдан ғибрат алу, жақсының шырайын шығару, жақсыға жанаса жүру –ата-анасынан алған тәрбие.
Әкесі Тұрсын Жабықбайұлы мен анасы Кенжетай Батырбекқызы үйдің кенжесінің төбесінен құс ұшырмаған, содан ба, саналуан қырлы салдардың сарқытындай мінезді, тура сөзді жігіт болып жетілді. Рас, әкесі тым қатал еді. Алайда бар жылы-жұмсақты осы Бауыржанның аузына тосатын. Аталарымыз кейбір баланы «ақылды тентек» деп басынан сипаған емес пе? Бұл баланың келешегінен үміт күткен үкілі көңілдің белгісі іспеттес.
Әрине, Бауыржан Тұрсынұлы отбасындағы жарға біткен жалғыз жантақ емес. Ата-анасының кіндігінен тараған алты аға-әпкесі бүгінде елге белгілі, тәуелсіздігімізді нығайтуға атсалысып келе жатқан азаматтар. Десе де, ата-анасы кенже ұлды жанына жақын тартты. Қатал мінезді болса да кенже балаға келгенде бір мейірім үстемдік етіп тұратын. Жалпы сол уақыттың қайтпас қайсар қазақтары ертеңгі ұрпақ қамын әріден ойлағаны анық.
Иә, Бауыржан Тұрсынұлы өмірлік ұстанымында дүние қумай, білімнен өріс іздеді. Зерек баланың санасына сәуле түсірген ата-ана өсиеті өз замандастары арасынан дара шы-ғуына жол ашқаны анық. Үлкенді құрметтеп ержетті, үздікті үлгі тұтты, ұстазды ұғып өсті. Жоғарыда аталған «Ғұлама ғалымның ғибраты» мақаласында:
«Университетте оқып жүргенде
С.Зиманов «Мемлекет және құқық теориясы» пәнінен сынақ қабылдайтын мемлекеттік комиссияның төрағасы болды. Ол кісінің алдын көру қарапайым студенттер үшін үлкен мәртебе еді. Менің заңгерлік қызметтегі ұстаздарым Қ.Мәми, О.Жұмабеков және
Б.Бекназаров – Салық Зимановтың шәкірттері. Демек, ғұлама ғалым – біздің ұстаздарымыздың ұстазы», – дейді автор.
Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН, ҚР Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты, философия ғылымдарының кандидаты