50339
Зиялылық заңғары
Зиялылық заңғары
Университетіміздің заң факультетіне жаңа декан келгенін естіп, бір жағы танысып әрі кабинеті қасымыздағы оқу ғимаратында орналасқаннан кейін көршілік міндетті атқарып, қызметіне табыс тілеп шығуға кіргенде алғаш кездескен, оған дейін бейтаныс болған жан екені есіме түсіп отыр. Алғашқы жолыққанда-ақ бірден байқағаным, өте мәдениетті, сөзі де, өзі де биязы, мінезі көркем жан екені тәнті етті. Жасы үлкендігіне қарамастан сіз деп сөйлесіп, құрмет тұта қабылдауы көңілге ұнағаны жадымда қалыпты. Одан бері он жылға таяу уақыт өтсе де, сол мінезімен зиялылық заңғарын танытып келе жатқаны көңіліміздің төрінен орын иемденгенін жасыра алман.
Әңгіме ауаны ел білетін, еліміздің білім-ғылым қайраткерлері құрмет тұтатын Еркін Әнуарұлы туралы, ортасы ғана емес, Отаны аялайтын Оңғарбаев жайында өрбімек.
«Тектіден текті туады, тектілік жолын қуады» деген дана сөз бар халқымызда. Ерекеңнің тұла бойындағы тума қасиеттер атаның қаны, ананың ақ сүтімен дарығанын ататегін танып-білген кісі терең ұғар еді. Атасы Төлеген ағайын-туғанға ғана емес, ауыл-аймаққа өте сыйлы, көптің батасын алған, ашаршылық кезінде бір ауылды асқабақ егіп асырап, аман алып қалған, ел басқарған қызметтері өз алдына, өмірбақи қолынан кетпені түспеген диқаншы болғанын жерлестері осы күнге дейін ұмытпай, жыр қылып айтып жүргені тектілігін паш етеді. Бір рулы елді үлкендердің «асқабақ жеген Құлбайымбет» деп атап кетуінің сыры да сонда болса керек.
«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, әкесі Әнуар да халық тыныштығының күзетшісі – қарапайым милиция қызметкерінен бастап, бар саналы ғұмырын сол салаға арнаған, қызмет сатысымен көтеріліп, аудан, облыс деңгейінде басшылық қызметтер атқарған, ерлікке толы еңбегімен, күрескерлік қажыр-қайратымен еліміздің оңтүстік өңірі жұртының құрметі мен сыйына бөленген ардақты адам. Өмірден ерте өтсе де, жерлестері есімін ұмытпай, күні бүгінге дейін ардақ тұтып келе жатуы сол жайынан сыр шертеді. Ең бастысы ол – адалдық пен әділдікті, адамдық асыл қасиеттерді ту етіп ұстауымен ұл-қыздарына өнеге қалдырған аяулы жан.
Бүгінде Еркін Әнуарұлының заң ғылымдарының докторы, профессор, елімізде құқық саласының білгір маманы, мемлекетімізде қабылданып жатқан заңдардың сапасын арттыру мен заңға бағыну жүйесінің орнығуына айрықша үлесін қосып жүрген айтулы заңгер болуы да әке аманатына адалдығының жемісіндей әсерге бөлейді.
Ата дәстүріміз бойынша отбасында ананың орны айрықша. Көпбалалы Әнуар Төлегенұлының шаңырағында да дәл сол дәстүр жалғасын тапты. Құқық қорғау саласы қызметкерлерінің шаңырағында өскен жандар жақсы біледі – отағасы таңның атысы, күннің батысы үй көрмей, жұмыстан қолы қалт босамай, сыртта жүретіндіктен отбасының бар тауқыметі отанасының мойнына жүктелетінін. Ерекеңнің анасы Әтіркүл Көкенқызы да ерінің алаңсыз қызмет етуіне бар жағдайды жасап, отбасының бітпейтін күйбең тірлігін өз мойнына алуына тура келеді. Сегіз баланы дүниеге әкелген батыр ана 4 ұл, 4 қызды аналық мейірімге бөлеп, жастай еңбекке баулып, қатарларының алды қылып өсіреді. Қандай қиындық болса да қабақ шытпай, сабырлық танытып, «ашу – дұшпан, ақыл – дос» дегенді өмірлік ұстанымына айналдырып, биязы қалпынан айнымайтын қасиеттері Ерекеңнің бойына сол ана сүтімен дарыған шығар.
Еркін Әнуарұлы 1961 жылғы 3 қыркүйекте сол кездегі Шымкент облысы Созақ ауданының Шолаққорған ауылында дүниеге келген. Шымкент қаласындағы С.Киров атындағы №9 орта мектепті үздік аяқтағаннан кейін әке жолын жалғастырып, 1980 жылы КСРО Ішкі істер министрлігінің Қарағанды жоғары мектебіне оқуға түседі де, 1984 жылы «құқықтану» мамандығы бойынша диплом алып шығады. 1987-1990 жылдар аралығында КСРО Ішкі істер министрлігінің Москва жоғары мектебінің «Қылмыстық құқық» кафедрасында адъюнкт (аспирант) болып білімін жалғастырып, сонда 1990 жылы «Қылмыс классификациясы және оның қылмыстық-құқықтық мәні» тақырыбында заң ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін жазған диссертациясын сәтті қорғайды. Ал 1999 жылы Мәскеу қаласындағы Ресей ғылым академиясының мемлекет және құқық институтында «Қазақстан Республикасының қылмыстық құқық бойынша қылмыс классификациясының теориялық мәселелері» тақырыбында жазған диссертациясы жоғары бағаланып, заң ғылымдарының докторы атанды. 2002 жылы Қазақстан Республикасының Жоғары аттестациялық комиссиясының шешімімен профессор ғылыми атағы берілді.
Еңбек жолын 1984 жылы өзі оқыған Қарағанды жоғары мектебінде комсомол комитетінің хатшысы болып бастаған жас маман 1996 жылға дейін сол жоғары оқу орнында оқытушы, аға оқытушы, доцент, бөлім бастығы қызметтік өсу сатыларынан өткен. Одан кейін бір жыл Қазақстан Республикасы мемлекеттік тергеу комитетінің айрықша тапсырмалары бойынша аға инспекторы қызметін абыроймен атқарып, 1997 жылы Қарағанды жоғары мектебіне оқу ісі жөніндегі бастығы болып оралған. 1999-2000 жылдары ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің оқу орнында басқарма бастығы болды. 2000-2003 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының кеңесшісі, одан кейін 2007 жылға дейін Қазақ гуманитарлық-заң университетінің проректоры, бірінші проректоры, вице-президенті қызметтерін атқарды. 2007-2011 жылдары үш жыл ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы, бір жыл «Парасат» ғылыми-технологиялық холдингі» АҚ басқарма мүшесі – басқарушы директоры болып, еліміздің ғылымының дамуына елеулі еңбек сіңірді. 2011-2012 жылдары «Астана» университетінің ректоры биік лауазымын атқарса, одан кейін үш жыл Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті заң факультетінің деканы, университеттің оқу ісі жөніндегі проректоры қызметтерінде білім ордамыздың дамуына айрықша үлесін қосты. 2015-2016 жылдары ҚР Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының бірінші проректоры лауазымында болып, одан кейін бір жыл ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Дін істері комитетінің төрағасы қызметін абыроймен атқарды. 2019-2020 жылдары жаңадан құрылған «Отандастар қоры» коммерциялық емес АҚ басқарушы директоры болып, шет елдердегі қазақ диаспорасы мәселелерінің оң шешілуіне еңбегін сіңірді.
Еркін Оңғарбаев Тәуелсіз Қазақстанда заң талабын нығайту мен заңдарды жетілдіру бойынша елеулі еңбек сіңіріп келеді. Атап айтқанда, «Діни қызмет пен діни бірлестіктер мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң тұжырымдамасы жобасының, сонымен қатар «Діни қызмет пен діни бірлестіктер мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Шетелдердегі отандастарымызға мемлекеттік көмек беру туралы» заңдар жобасының, 2020-2030 жылдар аралығында шетелдердегі қазақ диаспорасы мен репатрианттарға қолдау көрсету жөніндегі мемлекеттік бағдарлама тұжырымдамасы жобасының авторларының бірі. Қазақстан Президенті жанындағы Адам құқын қорғау жөніндегі комиссияның Эксперттік кеңесінің және Жоғарғы сот жанындағы Ғылыми-консультативті кеңестің тұрақты мүшесі, Президент жанындағы Адам құқын қорғау жөніндегі комиссияның мүшесі (2012-2016 жылдар) болуы заң саласының жоғары дәрежелі маманы екенін айғақтайды.
Еркін Әнуарұлының елімізде ғылымның дамуына сіңірген еңбегі өз алдына бір төбе. Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы қызметін атқарған кезде елімізде ғылыми жұмысты ұйымдастырудың жаңа талаптарын, соның ішінде ғылыми нәтижелерді және ғылыми-техникалық қызметті комерцияландыруды жүзеге асыруға мүмкіндік туғызған «Ғылым туралы» заңның даярлануына ұйытқы болды. «Ғылым қоры» АҚ директорлар кеңесінің (2007-2010 жылдар) және «Парасат» ұлттық технологиялық холдинг» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі болған кезінде де елімізде ғылыми технологияның өрістеуіне зор үлес қосты. «6D030100 – құқықтану», «6D030200 – халықаралық құқық» мамандықтары бойынша философия докторы (PhD) ғылыми дәрежесін беретін Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің (2015 ж.), Қазақстан Бас прокуратурасы жанындағы құқықтық органдар академиясы (2015-2016 жылдар) диссертациялық кеңестерінің төрағасы, Қазақ гуманитарлық-заң университетінің, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қарағанды «Болашақ» университетінің, Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясының докторлық диссертациялық кеңестерінің мүшесі болған кезінде саланы жас ғалымдармен толықтыруға өлшеусіз еңбек сіңірді. Ғалымның жетекшілігімен үш докторлық, он жеті кандидаттық, екі PhD докторантының диссертациясы сәтті қорғалды. 150-ден аса ғылыми еңбегі: қылмыстық құқық, криминология, құқықтың теориялық мәселелері, білім мен ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысты монографиялары, оқулықтары, оқу-құралдары, ғылыми мақалалары отандық жоғары оқу орындарында маман даярлауда білім алушылар мен профессор-оқытушылар үшін аса зәру әдебиеттер ретінде пайдаланылып жатыр.
Еркін Әнуарұлы тәуелсіз еліміздің заңнамасына, халқымыздың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытына және отандық білім мен ғылымның дамуына сіңірген ерен еңбегі үшін «Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер» құрметті атағымен, «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Астана қаласына 10 жыл, «Қазақстан Конституциясына 20 жыл», «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл», «Астана қаласына 20 жыл», «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» төсбелгілерімен және министрліктер мен қоғамдық ұйымдардың медальдары, төсбелгілері, мақтау грамоталары және алғыс хаттарымен марапатталған.
Еркін Әнуарұлы 2020 жылдың қаңтар айынан бастап 25 жылдық мерейтойы аталып жатқан еліміздегі маңдайалды оқу орны – Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры қызметін жоғары кәсіби деңгейде абыроймен атқарып келеді. Білім ордамыздың екі жылдан бері ұлттық және халықаралық рейтингте топ жарып, үлкен нәтижелерге қол жеткізуі осы салаға жауапты проректордың жүйелі жұмыс жүргізуге бағыттаған менеджерлік еңбегінің жемісі екеніне көпшілік куә.
Қайрат САҚ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультетінің деканы, алаштанушы