24 тамызда қандай елеулі оқиғалар болды?

(1996) Алматы облысы Жамбыл ауданының Қаракестек ауылында ақын Сүйінбай Аронұлының әдеби-мемориалдық мұражайы ашылды.

(1998) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен композитор Нұрғиса Тілендиевке Халық Қаһарманы атағы берілді.

(1999) Бішкек қаласында Шанхай бестігі саммитіне қатысушы мемлекеттер – Қазақстан Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы басшыларының кездесуі басталды. Кездесу барысында халықаралық және аймақтық мәселелер қаралып, есірткі тасымалдарына, сепаратизмге, діни экстремизмге қарсы шаралар талқыланды. Саммит қорытындысында мемлекет басшылары Бішкек декларациясына қол қойды. Сонымен қатар, Н.Назарбаев, Цзянь Цзэминь және А.Ақаев мемлекет шекараларының шектесу нүктесі жөнінде үшжақты келісімге қол қойды.

(2005) Қазақстанның көрнекті саяси қайраткері Иманғали Тасмағамбетовтің Кентавры Великой степи кітабы Мәскеуде өткен ТМД-ға мүше мемлекеттердің Кітап өнері атты II халықаралық көрмесінде байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды.

(2005) Алматыда белгілі ғалым, Қазақстан аграрлық экономикасының ұйымдастырушысы Темірхан Жақыповтың тұрған үйінің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды.

Темірхан Жақыпов (1912-2002) мал шаруашылығы кешенін қалыптастыру және мал шаруашылығын индустриалды негізге аудару бойынша қызмет атқарған. Ұлы Отан соғысына қатысқан, Калинин атқыштар полкінің, сосын Прибалтика майданының комиссары болған. 1-ші дәрежелі Отан соғысы орденімен және Қызыл Жұлдыз, үш медальмен марапатталған. Әскерден кейін Қазақ КСР Ғылым академиясының ғылыми-зерттеу институтында, Экономика және ауыл шаруашылығын ұйымдастыратын ғылыми-зерттеу институтында қызмет атқарған. 1967-1969 жылдары КСРО Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырмасымен Моңғолияда жұмыс істеген, оның қызметі Құрмет грамотасымен және Достық медалімен марапатталған. 1971 жылы оған Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген экономисі атағы берілді.

(2011) Алматыда Сайран және Молодежная стансалары жобасының эскизі қабылданды.

(2012) Маңғыстау облысында Жеқазған-Бейнеу темір жол желісін салу басталды.

(2012) Семейден 50 шақырым жерде қазақ халқының тарихындағы белгілі батыр – Күшікбайға ескерткіш қойылды.

Күшікбай батыр жоңғармен соғыста ерлікпен көзге түскен. Оның сондай-ақ жомарттығымен, әділдігімен аты шыққан.

(2016) Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Сербия астанасы Белградқа барып, сапар барысында Сербия Православ шіркеуінің жоғары наградасы – І дәрежелі Қасиетті Савва Орденімен марапатталды.

(2016) Қазақстан армиясы елімізде шығарылған Арлан алғашқы брондалған машиналарымен жабдықталды.

(2016) Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Сербияға ресми сапары аясында Белградың орталық көшелері бірінің бойындағы шағын алаңда қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың мүсінін ашты. Жамбыл мүсінінің ашылуына Сербия Президенті Томислав Николич, Белград мэрі мен қала тұрғындары қатысып, Алматы облысы филармониясының әншілері жырдан шашу шашты.

(2016) Халықаралық олимпиада комитетінің президенті Томас Бах Геннадий Головкинге осыған байланысты айрықша олимпиадалық төсбелгісін жолдады. Бұл Халықаралық олимпиада комитетінің Геннадий Головкиннің спортқа сіңірген еңбегі мен әлем спортында қалдырған мұрасын мойындайтындығының белгісі.

Back to top button