«Қазақтың мүддесі қайда болса, сол жерден табылатын асыл ер едіңіз!» – Қанат Ислам Амангелді Сейітхан туралы

Кәсіпқой боксшы Қанат Ислам белгілі журналист, спорт комментаторы, марқұм Амангелді Сейітхан туралы естелігін Instagram-дағы парақшасында жариялады.

«Аяулы Аман аға! Бұл қалай болғаны? Төбемізден жәй түскендей болдық қой!
Үнемі шындық қай жақта болса сол жақта, қазақтың мүддесі қай жақта болса сол жақтан табылатын асыл ер едіңіз! Спорт дегенді асқақтаған рух деп қана білгіміз келетін біздің «ұрынып» қалған сәтімізде асықпай отырып ақылын айтатын еді. «Қазір ақпарат кімде болса күш те сонда, сенің аңқылдаған жүрегіңді аяқ асты ете салу, қара күйе жаға салу оп-аңай» деп талай мысалды келтіре отырып әңгімелеп беретін. Қажымұқан атамыздан бастап қазақтың небір дүлдүлдерінің кешкен өмірін, жеген таяғын, көрген құқайын жаны күйе айтатын. Ал, сол әңгімелері адам айтқысыз күш-қуат беретін. Былай қарасаң жасып қалардай әңгіме секілді, бірақ оны Амангелді аға айтса ғана қуат беретін әңгімеге айналатын.
Командамдағы, айналамдағы жігіттерді жинап Амангелді ағаны армансыз бір ұзақ тыңдату ойымда жүр еді. Жоспарлап та қойып едік, үнемі сөйлесіп жүруші едік. Қазақ балаларының ішкі бағыт-бағдарын түзіп берсе деген едім, рухын мұқалмастай қайрап берсе деп едім. Көбінесе ойымыз бір жерден шыққанда қуанып, қуаттанып қалушы едім. Амал бар ма?
Әр жекпе-жек сайын хабарласып «Қанатжан, ассалаумағалейкум! Жеңіс құтты болсын, жәрап тұрсың, ризамыз!» дейтін дауысыңыз қандай жылы еді. Телефонымда сақтаулы тұр. Қайыра естіп құлазып отырмын.
Жаныңыз Жәннатта болғай, жақсы аға! Алла панасына алып,Үнемі дұғамнан тастамаймын» деп жазды боксшы.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Kanat QAZAQ Islam / OFFICIAL (@islamkanatqazaq)

Back to top button