50428
ЕҚЫҰ-дағы үздік бастамаларды Қазақстанға алып келгім келеді
ЕҚЫҰ-дағы үздік бастамаларды Қазақстанға алып келгім келеді
Әсел Жабағина Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Варшавадағы кеңсесінде жұмыс істейді. Университетте оқи жүріп, БҰҰ-ның Женевадағы кеңсесінде тағылымдамадан өткен. Еңбек жолын жек көрушілік салдарынан жасалған қылмыс себептерін, оны болдырмау жолдарын анықтайтын ЕҚЫҰ басқармасынан бастаған ол қазір Адам құқығы жөніндегі басқармада консультант қызметін атқарады. ЕҚЫҰ-ға мүше 57 елдегі құқық қорғаушыларды толғандырған мәселені зерттеумен айналысып жүрген Әселге хабарласып, сұхбаттасқан едік.
– Әдетте өнер жолында жүрген адамдардың балалары ата-анасының ізін басып, олардың өнері мен өнегелі ісін жалғастырғысы келеді. Сіз де жастайыңыздан театрға жиі барып, анаңызбен бірге гастрольдік сапарға көп шыққан боларсыз?
– Иә, жастайымнан өнерге жақын болдым. Мектепте түрлі қойылымдарға қатысатынмын. Анам қырық бес жыл бойы С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрында әртіс болып жұмыс істейді. Өзіңіз білетіндей, әртістер ел ішін аралап, гастрольдік сапарларға жиі шығады, сол кезде анам мені апта бойы қасына ертіп жүретін. Театрға да жиі барамын. Ағам «Дарын» мектебінде оқыды, түрлі пәндерді тереңдетіп оқытатын мектеп болған соң, мен де сол білім ордасына ауыстым. Сөйтіп жүргенде өнерге деген қызығушылығым кеміп, жаратылыстану ғылымдарына көп ден қоя бастадым. Сосын жоғары базалық білім алу үшін бакалавриатты елде, ал магистратураны шетелде оқимын деп шештім. Сөйтіп, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға түстім. Бұл мамандықты таңдаудағы мақсатым – өзге елге бармай тұрып, өз елімнің тарихын әбден зерттеу, оның үстіне, ертең шетелдіктер Қазақстан туралы бірдеңе сұраса, білген-түйгенімді іркілместен айтып беруім керек қой. Университетті үздік бітірген соң, Еуроодақтың гранты саналатын Erasmus Mundus Joint Masters стипендиясын ұтып алып, бірінші оқу жылын Шотландиядағы Глазго университетінде, ал екінші жылы Польшадағы Ягеллон университетінде халықаралық қатынастар факультетінде оқыдым.– Ал БҰҰ-ның Женевадағы кеңсесінде тағылымдамадан каникул кезінде өттіңіз бе?
– Иә, бірінші курсты аяқтаған соң жазғы демалысымды елде өткіземін деп жоспарлағанмын. Білім десе ішкен асын жерге қоятын, еңбек десе ешбір ойланбастан кірісетін ағам «Уақытыңды босқа өткізбей, сол жақтан тағылымдама тауып, содан өтуге тырыс. Тәжірибе жина» деп ақылын айтты. Сөйтіп, БҰҰ-ның Женевадағы Еуропалық экономикалық комиссиясының кеңсесінде төрт ай тағылымдамадан өттім. Онда БҰҰ-ның Тұрақты даму жөніндегі мақсаттары бойынша тапсырмалар орындап, түрлі конференциялар ұйымдастыруға атсалыстым. Сосын осындай ірі ұйымдарда жұмыс істеу ұнағандықтан, екінші курстан бастап вакансиялар қарастырып, ақырында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Варшавадағы кеңсесінде бос орын табылып, осында алты ай тағылымдамадан өттім. Сосын Төзімділік және кемсітпеушілік басқармасына жұмысқа тұрдым. Бастапқыда ЕҚЫҰ-ға кіретін 57 елде жек көрушілік салдарынан жасалатын қылмыс (хейт крайм) себептерін зерттеумен айналыстым. Өкінішке қарай, қоғамда антисемитизм, мұсылмандарды я болмаса христиандарды ұнатпайтын немесе бір ұлт өкілінің екінші ұлт өкілін жақтырмай, араздық тудыратын жайттар жиі болады. Әр елдегі ұйымдар бізге осындай жайттар туралы есеп жіберіп отырады, біз сол есептерге сүйене отырып, қай елде қандай қылмыс көп болатынын талдап, оның себебін анықтаймыз. Жағдайды тұтастай ұғынғаннан кейін, тиімді ұсыныстар әзірлеп, қылмысты болдырмаудың оңтайлы тәсілдерін бөлісеміз. Түрлі жарияланымдар жариялаймыз. Одан бөлек, қарапайым адамдармен қатар, қылмысты ашудағы басты мамандар – полиция қызметкерлері, судьялар мен прокурорлар арасында тренингтер ұйымдастырамыз.– Қазақстандағы ұйымдар да жыл сайын есеп жіберіп отыра ма?
–Осы жөнінде енді айтқалы отыр едім. Бізге ең көп есепті Еуропа мемлекеттері жібереді, олар жүз беттен тұратын қалың есеп әзірлейді. Ал Орта Азия елдеріндегі ұйымдар мұндай белсенділік танытпайды. Қазақстанда осындай іспен айналысатын ұйымдар саны аз, бәлкім олар әлі жетіле қойған жоқ. Бізде ешкім статистика жүргізбейді. Қолымызда нақты дерек болмағандықтан, анализ жасай алмаймыз, ақыр аяғында сырт көзге біздің мемлекетте қылмыс аз болатын секілді көрінеді, ал бірақ елде, өкінішке қарай, қылмыстық құқықбұзушылықтар жиі болатыны белгілі. Қазір бізде қылмыстың мына түрлері жиі жасалады деп нақты кесіп-пішіп айта алмаймын, себебі елдегі қылмыс статистикасын білмеймін. Бізге есеп жіберетіндердің дені – феминистік ұйымдар, басқа ұйымдар жібермейді, сол үшін салыстыра алмаймыз. Дегенмен, ЕҚЫҰ мен Қазақстан арасындағы байланыс жақсы жолға қойылғанын айта кеткен жөн. 2010 жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі мемлекет тарихындағы маңызды оқиға болғанын білесіз. Қазақстан ТМД, Азия, мұсылман және түркітілдес әлем елдері арасында бірінші болып төрағалық етті. ЕҚЫҰ-ның бас штаб-пәтері Вена қаласында орналасқан. Бұдан бөлек, Копенгаген, Женева, Гаага Прага мен Варшавада кеңселері бар. Қалған елдерде арнайы миссиясы ашылған. Қазақстанда да жобаларды жүзеге асыратын арнайы миссия жұмыс істейді. Сондай-ақ, Қазақстандағы жастар ұйымы да ЕҚЫҰ-мен тығыз байланыс орнатып жатыр. Жастар бастама көтеріп, біз ұйымдастыратын семинарларға қатысуға ниет білдіреді. Бірде семинар ұйымдастырғанда жек көрушілік салдарынан жасалатын қылмыс санын енгізіп, статистика жасауға мүмкіндік беретін платформа жасап шығарғанбыз, сол кезде Қазақстан мен Өзбекстан жастары әлгі платформаны жүктеп алғысы келетінін айтып, қызығушылық танытты. Жалпы, жастардың осындай белсенділігі және ынта-жігері көңіл қуантады.– Біздегі көпшілік ЕҚЫҰ секілді ұйымның негізгі қызметін түсінгенімен, оның ішінде қылмысты болдырмауға сеп болатын басқарма барын біле бермейтін секілді...
– Дұрыс айтасыз. Одан бөлек бізде адамдардың көбі әлдебіреудің айтқан сөзін жүрегіне жақын қабылдайды, тіпті жақын адамдарына тіс жармай, үндемей жүре береді ғой. Олар өздеріне қарсы қылмыс жасалғанын алдымен жергілікті ұйымдарға айтса, ал сол ұйымдар бізге байланысқа шықса, мәселенің шешімін табуға көмектесер едік. Осы ретте айта кетерлік жайт, біз ішкі саясатқа араласпаймыз, соттарға да «бас сұқпаймыз». Біздің мақсат – қылмысты ашу жолдары жөнінде ұсыныстар беру. Ал мемлекет пен полиция өкілдері біздің ұсынысты есепке ала ма, алмай ма, өздері біледі. Былтыр елде сайлау болғанда да Варшавадағы біздің әріптестер сайлау барысын бақылап, артықшылықтары мен кемшіліктерін тізіп жазып, хат жолдады. Біздің де жұмысымыз осындай. БҰҰ-ға мүше мемлекеттер үшін міндетті заңнамалық күші бар кейбір ережелер бар. Мемлекет белгілі бір ережені қабылдамаса, санкция салынады, ал біз ешкімді міндеттемейміз, бар болғаны мәселені шешудің тиімді жолдарын қарастыру үшін ұсыныстар мен ресурстар әзірлейміз. Тағы бір айта кетерлік жайт, адам қылмысқа итермелейтін себептерді мектеп кезінен білуі керек. Еуропада бір ұлтқа, конфессияға, нәсілге қатысты кемсітушілік жиі болады. Мұндай кемсітушілікті жою үшін былтыр бастауыш сынып мұғалімдері мен директорларға арнайы силлабус әзірлеген болатынбыз. Оқушы «Неге көпшілік ана ұлт туралы былай дейді?» дегендей сұрақтарды тосыннан қойып қалғанда я болмаса тақтаға белгілі бір ұлтқа қатысты суреттер салған жағдайда мұғалім қолдануы тиіс шаралар тізбегін ұсындық. Сосын полиция қызметкерлеріне әскери академияда оқып жүргеннен бастап, қылмыс түрлерін ажырата білуді дұрыстап оқыту керек. Кейде полиция қызметкерлерінің өзі стереотипке сеніп, ақыр соңында қылмысты ажырата алмай жатады. Мысалы, бір ер адам бір әйелдің затын ұрлап кетті делік, мәселенің түпкі себебін білмеген полиция қызметкерлері оны толығымен зерттемей, ұрлық санатына жатқызады. Ал кейіннен әлгі ер адамның әйелдер қауымын мойындағысы келмейтіні белгілі болады. Ол түрмеден шыққан соң, әйелдерге қарсы тағы қылмыс жасауы әбден ықтимал. Сол себепті қылмыс түрлерін дұрыс ажырата білу керек, сол кезде ғана қылмыс саны азаяды. Ол үшін алдымен полиция қызметкерлері мен прокурорлар қылмысты ажырата білуі тиіс. Былтыр әртүрлі елден келген полиция қызметкерлеріне тренинг ұйымдастырдық. Мен Нидерландтан келген полицеймен бірігіп жұмыс істедім. Сол тренингте полицейлерге көп нәрсе үйреттік, тіпті қалжың сөзге мән беру керек екенін баса айттық. «Ойыннан от шығады» демекші, әшейін қалжың сөз, әсіресе қара нәсілділер туралы айтылған әзіл бірте-бірте «ұлғайып», ақыр соңында қылмыс жасауға себеп болуы әбден ықтимал. Жалпы, мұндай тренингтерге тек өкілетті органдар ғана емес, сондай-ақ, студенттер де қатысқан жөн, себебі базалық білімі бар олар да қылмысты болдырмау үшін шаралар жасай алады. Жоғарыда өзіңіз айтып кеткендей, біздің ұйымда мұндай басқарма барын көпшілік білмеуі мүмкін. Бірақ ол басқармадағылар қылмысты болдырмас үшін түрлі елге барып, тынбай жұмыс істейді. Бірде біздің ұйым мені үш профессормен бірге Албания еліне іссапарға жіберді. Әлгі үшеуінің бірі мұсылмандар, екіншісі христиандар, үшіншісі еврейлер мәселесін зерттеуге жауапты болды. Онда мешіттерді, монументтерді қирату үйреншікті жайтқа айналғандықтан, мәселенің түпкі себебін анықтау үшін жергілікті халықпен, сосын қоғамдық ұйым өкілдерімен кездесу өткіздік. Ең соңында министрлік өкілдерімен кездестік. Барлық мән жайды ұғынып алғаннан кейін репорт жаздым. Сосын профессорлар әлгі репортқа сүйеніп отырып, Албания халқы мұндай қылмыс түрлерін болдырмау үшін не істеу керек екенін айтып, ұсыныстарын ортаға салды.– Қазір қандай басқармада жұмыс істейсіз?
– Қазір адамдар құқығы жөніндегі басқармада консультант қызметін атқарамын. ЕҚЫҰ-ға мүше 57 мемлекеттегі адам құқығын қорғаушыларға қатысты мәселелермен айналысамын. Бүгінде адам құқығын қорғаумен айналысатын адамдарды біреу қолдаса, екіншісі қолдамайды. Әсіресе, әйел құқығын қорғайтын адамдарға көпшілік наразы болып жатады. Осындай кейстерді зерттеп, елшілікке, Үкіметке хат жазып, жеке сайтта ресми мәлімдемелер жасаймыз. Сондай-ақ, халықаралық декларация нормаларының орындалуын қадағалаймыз.– Ендігі мақсатыңыз не?
– Ендігі мақсат – осы салада жоғары білікті, кәсіби шеберлігі шыңдалған маман атану. Ұйымда бейбітшілік және қауіпсіздік мәселелері бойынша сүбелі шаруалар атқарып жүрген мықты мамандар мені жетілуге одан сайын ынталандыра түседі. Осындай халықаралық ұйымда жұмыс істеп жүрген соң, көпұлтты және көпконфессиялы елдердегі бейбітшілік пен келісімді нығайтуға атсалысқым келеді. Тағы бір айта кетерлік жайт, мұнда белгілі бір мәселені шешуде қай елде қандай ілгерушілік бар екенін жиі байқайсың. Сол үздік үлгілер мен бастамаларды Қазақстанға алып келгім келеді. Сондай-ақ, Қазақстандағы ұйымдардың халықаралық ұйымдармен байланыс орнатуына жәрдемдесуді көздеймін.Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ