Қазақстанда 2 млн-ға жуық балаға Pfizer вакцинасы салынуы мүмкін

Коронавирусқа қарсы екпе балаларға егіле ме жоқ па, медициналық қарсы көрсетілімі бар азаматтар ПТР-тест тапсыра ма, тапсырмай ма? Жұмыс беруші вакцина алмаған қызметкеріне қандай шара қолдануы мүмкін? Вакцина белсіздік немесе бедеулік туғыза ма? Көптің көкейіндегі сауалдарға денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Комитет төрағасының мәлімдеуінше, жыл басынан бері елімізде 30 мыңнан астам бала COVID-19 індетіне шалдыққан.

 «2021 жылғы 1 қаңтардан бастап бүгінге дейін балалар арасында 31 188 жағдай тіркелді. Науқастардың 88%-ы жазылып шықты. Балалардың 86,5%-да індет симптомсыз болды», – деді Айжан Есмағамбетова.

Оның сөзінше, балалар арасында коронавирус инфекциясының таралу көрсеткіші өршіп барады.

«Биылғы қаңтар мен шілде айын салыстыратын болсақ, соңғы айда балалар арасында вирус жұқтыру көрсеткіші 2 есе артты», – деді комитет төрағасы.

Айжан Есмағамбетова осы жылдың төртінші тоқсанында елімізге жеткізіледі деп жоспарланып отырған Pfizer вакцинасы 12 жастан асқан балаларды вакцинациялауға қолданылатынын айтты.

«Қазір балаларды вакцинациялау мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Елімізде 12-18 жас аралығындағы 2 млн-ға жуық бала бар. Біздің алдымызда тек ересектерді ғана емес, балаларды да қорғау міндеті тұр. Балаларды вакцинациялау ата-аналардың, қамқоршылардың немесе ресми өкілдердің рұқсатымен ғана жүргізіледі», – деді санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы. Айжан Есмағамбетованың айтуынша, медициналық қарсы көрсетілімі бар қызметкерлер ПТР тест тапсырмайды.

«Біз денсаулығына байланысты вакцина алмаған адамдарды қорғауымыз керек. Медициналық қарсы көрсетілімі бар қызметкерлер ПТР-тестен өтпейді», – деді комитет төрағасы. Айжан Есмағамбетова жұмыс беруші вакцина алмаған қызметкерді жұмыстан уақытша босата алатынын мәлімдеді.

«Жұмыс берушінің вакцина алмаған қызметкерді жұмыстан босату құқы бар. Мақсат – жұмыстан қуу емес, керісінше ұжымдағы басқа азаматтардың денсаулығын сақтап, қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Қызметкер жұмыстан уақытша босатылады, яғни вакцина алған жағдайда қызметін қайта жалғастырады. Вакцина алмаған қызметкер аптасына бір рет ПТР тест тапсыруға тиіс», – деді денсаулық сақтау министрлігінің өкілі.

Айжан Есмағамбетова вакцинация паспортын сатып алған азаматтар өзінің де, өзгенің де өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін түсіндірді.

«Вакцинация паспортының рас-өтірігін тексеру мүмкін емес. Бұған қатысты ақпарат адамның өзі вакцина алмағанын, жалған құжат жасатқанын мойындаса ғана ашылады. Адамдар вакцинация паспортын сатып алғанда кем дегенде реанимацияға билет сатып алатынын түсінуге тиіс. Мемлекет тегін қорғануға мүмкіндік беріп отырғанда жалған паспортқа қаржы жұмсағандар ауыруға немесе қайтыс болуға жолдама алғанмен тең болады. Денсаулық сақтау министрлігі ведомствоаралық комиссияда жалған вакцинациялау паспорты мәселесін көтерді. Ішкі істер министрлігі қолдан жасалған паспорттарға қатысты қылмыстық іс қозғады. Вакцинациялау паспортын сатып алмай тұрып, өзіңіздің және жақындарыңыздың денсаулығына қауіп төндіретініңізді ойлаңыз», – деді комитет төрағасы.

Бұдан кейін денсаулық сақтау министрлігінің өкілі коронавирусқа қарсы қолданылатын вакциналар белсіздік немесе бедеулік туғызбайтынын айтты.

«Жүкті әйелдер үшін КВИ аса қауіпті. Босанған әйелдерде коронавирус жұқтыру қаупі қарапайым адамдарға қарағанда 22 есе жоғары. Коронавируспен ауырып жүрген анадан туған балалардың 10%-ы ауырады.  Қолда бар вакциналар репродуктивті функцияға әсер етпейді. Ғылыми зерттеу бойынша вакцинацияны жоспарланған жүктілікке дейін бір ай бұрын аяқтау ұсынылады. Басқа қарсы көрсетілім тіркелмеген. Сараптамалық есептерде вакцинадан кейін 2 жыл бала көтеруге болмайтыны туралы мәлімет жоқ», – деді комитет төрағасы.

Back to top button