сәрсенбі, 9 сәуір, 2025

27 тіл игеруге ниетті америкалық оқушы желіде қазақ тілін үйретіп жүр

ашық дереккөзі
27 тіл игеруге ниетті америкалық оқушы желіде қазақ тілін үйретіп жүр АҚШ-тың Джорджия штатында тұратын 14 жас­та­ғы Кэмерон екі жылдан бері қазақ тілін үйреніп жүр. 9-сыныпта оқитын ол әлемнің 27 тілін меңгеруді мақ­сат етіп қойып, қазір соларды игеріп жатыр. Өзін  Кэмерон емес, Айбала Құдайбергенқызы деп атағанды жөн көреді. Қазақстанға келгенде ең ал­дымен Қызылордаға барғысы келетін Айбалаға ха­барласып, әңгімелескен едік.

– Ең әуелі мынаны білгім келеді, әлем­­нің 27 тілін үйренуге деген қы­зы­ғу­­­шылық қайдан пайда болды? – Әртүрлі ұлт өкілдерін кездестірген соң, олардың тіліне, сонымен қоса мә­де­ние­тіне әуестене бастадым. Сөйтіп, тіл үй­рену­дің қызығына кіріп кеттім. Оған қоса, ал­дағы уақытта әлемді аралағым келеді. Қай елге барсам да, аудармашының көме­гін­сіз емін-еркін сөйлескім келеді. Сон­дық­тан осы бастан тіл үйренуді, әрі көптеген ел­дің мәдениетін зерттеуді қолға алғанды жөн көрдім. Жалпы, маған көп тіл білген ұнайды. Әкем Джефф сауда-саттықпен ай­налысады, ал анам – Джулия үй шаруа­сын­дағы кісі. 12 жастағы інім Райан – мектеп оқу­шысы. Үшеуі де ағылшын тілінен басқа тіл­де сөйлей алмайды. Ал мен бір ғана тіл­мен шектелгім келмеді.

– Сол 27 тілдің ішінде қай тілді үй­ре­ну қиынға соғып жатыр? – Қазақ тілі мен бирма тілін.

–Ал қай тілді оңай үйрендің? – Испан тілі мен голланд тілін үйрену оңай болды.

 width=– Әдетте өзге ұлт өкілдері қазақтың төл дыбыстарын дыбыстау оңай емес еке­нін айтады. Сенде де солай болды ма? – Иә. Ә, ө, ү, ұ, і, ғ, ң дыбыстарын дыбыс­тау қиын болды. Оның үстіне граммати­ка­сы да күрделі екен. Мысалы, ағылшын ті­лін­­де «Мен жақсымын» дегенді «I am fine» деп айтамыз, мұны қазақ тілінің сөйлем құ­­рылысы бойынша айтсақ, «I fine am» бо­лады. Сол себепті бастапқыда сөйлем құрау жа­ғынан біраз қиналдым. Бірақ қазір үй­ре­ніп алдым. Барлығы түсінікті. Жалпы, қа­зақ тілі – әуезді тіл. Маған сонысымен ұнайды. – Қазақ тілін үйреніп жүргеніңе қан­ша уақыт болды? – 2019 жылдан бері үйреніп жүрмін. Қа­зақ тілі туралы алғаш рет интернетте жүк­­телген видеодан естіп-білдім. Естіген кез­де «Бұл неткен тіл?» деп зерттеп көргім кел­­ді. Сосын шет тілдерін үйрететін та­ны­мал платформа – Italki арқылы алдымен, Раушан, сосын Арай есімді мұғалімдермен байланыс орнаттым. Қазір қазақ тілінен 60-қа жуық сабақ алдым. Ағылшын тілінің деңгейі бойынша бағалайтын болсам, қазір қазақ тілінен Intermediate деңгейін үйре­ну­ді бастап кеттім. Қазақ тілінде оқи аламын, жай сөйлемді түсінемін. Бірақ қазақ тілінде сөй­леу дағдымды әлі де жетілдіре түсу ке­рек. Қазақ тілін үйрену кезінде халықтың көш­пелі өмір салтын ұстанғанына қы­зы­ғып, өз бетімше кішігірім зерттеу жүргіздім. Одан бөлек, Америкада Аружан және Ми­лана есімді қазақ достар тауып алдым. Бірде өзі­міз тұратын көшеде велосипед теуіп келе жатсам, арғы бетте бір қыздың тұрғанын бай­қадым. Түр-әлпетіне қарап: «Бұл қыз қа­зақ болуы керек» деп қасына барып, «Ке­шірер­сің, сен қазақ емессің бе?» деп сұрасам, әлгі қыз «Иә, қайдан білдің?» деп аң-таң бо­лады. Раушан бір сабақта қазақтардың азиат­тар екенін айтып, олардың шығу тегі тура­лы арнайы сабақ өткізген болатын. Сөй­тіп, Аружанның қазақ екенін бірден таныдым. Миланамен дәл осылай таныс­қан­мын. Екеуімен жақын араласып, дос бо­лып кеттік. Милана екеуміз көрші тұра­мыз, ал Аружан өткен аптада Қазақстанға қайтып кетті. – Жаңылыспасам, 15 мыңнан астам оқы­тушы тіркелген Italki платфор­ма­сын­да тіл үйрену үшін ақы төлеуің ке­рек. Қазақ тілін үйрену үшін бір са­бақ­қа қанша төлейсің? – Бір сағатқа жалғасатын сабақ құны – 4 АҚШ доллары. Бірақ сөйлеу дағдымды да­­мыту үшін кей кезде сабақты тегін өт­кі­зеді. Негізі, қазақ тілін бірінші болып та­ныс­­тырған Раушан мені қатты таңғал­дыр­ды. Жоғарыда айтып өткенімдей, ә дегенде қиын болар деп уайымдап жүрген кезде маған қазақ тілі туралы деректер айтып, қы­зықтыра түсіп, қазақ тілін үйренуге де­ген құлшынысымды арттырды. Тек тілді үй­ренуге ынтықтырып қана қоймай, қазақ хал­қының тарихын, мәдениетін тануыма түрткі болды. Мысалы, мен қазақтардың көш­пелі өмір салтын ұстанғанына қызы­ғып, өз бетімше кішігірім зерттеу жүргіздім. Арай да сабақты өте жақсы түсіндіреді. Екеуі де Алматыда тұрады. Алдағы уақытта Қа­зақстанға барсам, екеуімен кездескім ке­леді. Бірақ Алматыдан бұрын, ең алдымен Қы­зылордаға, сосын Түркістанға барғым ке­леді.  width=

– Неліктен алдымен Қызылордаға барғың келеді? – Қазақстанның үлкен қалаларын зерт­теп шықтым. Маған үшеуі де заманауи қала се­кілді көрінді. Жуырда Қазақстаннан кел­ген америкалық досым Алматыны әбден мақ­тады, оған әсіресе Шымбұлақ курорты қат­ты ұнапты. Бірақ алдымен Түркістан мен Қызылорданы аралауды армандаймын. 2019 жылы Қызылорда туралы бір кітап оқы­ған едім. Қателесуім мүмкін, бірақ ма­ған сол өңірдің халқы салт-дәстүрді қатты ұстанатын секілді. Жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігін сипаттайтын суреттер де көзге жылы ұшырайды. Бір айта кетерлігі, тұрмысқа шыққан келіншектердің орамал тағатыны ұнады. Сондай-ақ жас қыздар да тамақ әзірлейтін кезде орамал тағады екен. Байқағаныңыздай, мен қазір орамал тағып отырмын. Үйде жүргенде кей кезде осылай тағып жүремін. Сондай-ақ халықтың ұлт­тық киім киетіні де өте ұнайды. Оның үс­тіне Қызылорданың Қазақстанның тұң­ғыш ас­танасы екенін білемін, сондықтан ал­­ды­мен сол қалаға барғым келеді. Соны­мен қа­тар Димаштың жанкүйері болған соң, оны­мен бетпе-бет кездескім келеді. Ди­маш­тан бөлек, қазақстандық тағы бір әнші Ми­рас Жүгінісовтің шығарма­шы­лы­ғын ба­қылаймын. Оның ән қоржы­нындағы «Ән­детемін» және «Сен тура­лы» деген ән­дерін сүйіп тыңдаймын. Қазақстанға бар­ған­да онымен де кез­дессем деймін. Одан бө­лек, Қазақ­стандағы танымал TikTok house – Yolo house-дің жанкүйерімін. Жал­­­­пы­лама айтсам, Қазақстан туралы көп­­те­ген бағдарлама мен концертті жиі көремін.

– «Дұрысы, мені Кэмерон емес, Ай­ба­­ла Құдайбергенқызы деп ай­ты­ңыз» де­­дің. Бұл есімдерді қай­дан, қа­лай таң­­дадың? – Бірде интернеттен қазақ есім­де­рін із­деп отырғанымда, Айбала де­­ген есімді ұна­тып қалдым. Ды­быс­талуы да, мағынасы да ұнады. Жал­­­пы, маған қазақ тіліндегі қыз бала, бала және әдемі деген сөздер ерекше ұнай­ды. Бақытгүл деген есім де қатты ұнай­ды. Білуімше, Бақытгүл – Қазақстанда ең жиі қойылатын есім­дердің бірі. Ал Құдай­берген есімін таң­дауыма екі себеп бар. Бірін­шіден, оны Ди­маш­қа бола таңдадым. Тағы бір себеп: 2019 жылы Қазақстан тура­лы бір кітап оқыған едім. Сол кітаптағы кейіп­кердің тегі Құ­дай­берген болатын. Сол кейіп­кер ұнаған­дықтан, оның тегін таңда­дым.

– Ал айтыскер ақын Айнұр Тұрсын­баева­­ны қайдан танисың? width= – Бір сабақта Қазақстандағы танымал адам­дарды сөз еттік. Сол кезде Раушан та­ныстырған бірнеше адамның арасынан Айнұр есімде қалып қойыпты. Сосын ол кі­сінің қандай адам екенін танып-білу үшін әлеуметтік желідегі парақшасын тауып алдым. Интернеттен айтыстарын тыңда­дым. Осылайша, ол кісіні тұлға ретінде жа­қын тарттым. Айтпақшы, ол кісінің ме­нед­жері менің хатыма жауап қатып, алдағы уақытта Айнұрдың Қазақстанға сапар шегуіме көмектесуге ниетті екенін айтты.

– Әлеуметтік желідегі парақшаңнан байқағанымыздай, «Қазақ тіліндегі негізгі жеті сөз» деген атпен сабақтар се­риясын бастапсың. Сонда мұға­лім­нен үйренгеніңді дереу видеоға түсі­ріп, жазылушыларыңа түсіндіресің бе? – Иә, оларға қазақ тіліндегі негізгі сөз­дер­­­ді үйреткім келеді. Қазақстан туралы оқып-білгенімді әлеуметтік желіде жария­лай бастаған соң, толығырақ ақпарат сұрай­­­­тындар қатары көбейді. Мен секілді тіл­­ді де үйренгісі келетіндер де жоқ емес. Сон­­дықтан өзім білген дүниені олар да біл­сін деймін.

Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Бөлісу: