Жаңалықтар

LRT құрылысын аяқтауға қанша ақша бөлінбек?

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов LRT құрылысының қайта басталуы жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Иә, қазір құрылыс маусымы жүріп жатқандықтан, LRT құрылысы қайта жанданды. Шарттар бұрынғыдай, жұмыстар соған сәйкес жүргізіліп жатыр. Белсенді жұмыс жүріп жатыр деп айта алмаймын. Белсенді жұмыс қаражаттың түсуіне қарай жалғасады. Қазір конкурстық рәсімдер, банктерді таңдау жүріп жатыр. Қаржыландыру көздерін анықтаған соң, жұмыстарды жандандырамыз», – деді А. Көлгінов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізерден бұрын техникалық сараптама өтіп жатыр.

«Оған қосымша қаражат тартылған жоқ, бұл ішкі резервтер. Бұрынғы шарт бойынша жұмыс жүріп жатыр. Қаржыландырудың қосымша көлемін тартқан кезде белсенді жұмысты бастаймыз. Бастапқыда 2,6 миллиард доллар болған еді. Біз оны 800 млн долларға төмендеттік және үнемдедік. Қазір жобаны аяқтау үшін шамамен 1 миллиард доллар қажет. Біз сыртқы қарыздарға конкурс жарияладық. Банктерді анықтағаннан кейін қосымша хабарлаймыз. Егер ішкі қаржы нарығында ниет білдірушілер болса, оларды да қарастырамыз. Қаржыландыру көздерін іздеу конкурсы жаздың соңына дейін аяқталады», – деп атап өтті А.Көлгінов.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде өткен мәжілісте LRT құрылысы ісін тергеуді жеделдетуді тапсырған болатын. Істі тергеу 2020 жылдың басында аяқталды. Тергеу кезінде 10-нан астам адамның жауапкершілігі тексерілді. Сондай-ақ, 3 адамға Интерпол желісі арқылы іздеу жарияланған. Іс сотқа 2020 жылдың 2 қазанында жолданды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2-департаментінің басшысы Сергей Перов осы іске қатысты күдікті деп танылған Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбековтің қайда жүргені туралы ақпарат бар екенін мәлімдеген еді. LRT ісі бойынша 6 млрд теңгеге жуық қаржыны талан-таражға салғандар 7-10 жылға сотталды.

Back to top button