Nur Otan аграрлық кеңесі бос жатқан жерлерден қосымша жайылым бөлуді ұсынды

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров жайылым тапшылығы мәселесі әлі күнге дейін шешілмегенін айтты

Ауыл шаруашылығы алқаптарын пайдалану мониторингі, суармалы жерлерді игеру, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жоба және басқа да өзекті мәселелер «Nur Otan» партиясы жанындағы аграрлық секторды дамыту жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында талқыланды.

Отырыста Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров жайылым тапшылығы мәселесі әлі күнге дейін шешілмегенін айтты. Заң жүзінде мәселе реттелген: әкімдіктер жайылымдарды басқару жөніндегі жоспарларды 2 жыл мерзімге әзірлеуі тиіс. Бірақ қазір 2020-2021 жылдарға арналған жоспар 190 ауданның 98-інде ғана бекітілген.

«Мәселен, Ақмола және Алматы облыстарында бір де бір жоспар бекітілмеген. Жерді пайдалану тиімділігінің мониторингіне келетін болсақ, пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы алқаптарын алып қоюды тежеп тұрған фактор – 2023 жылдың соңына дейін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жүргізуге мораторийдің белгіленуі. Пайдаланылмайтын жерлердің 90 пайызға жуығы шағын кәсіпкерлік субъектілеріне тиесілі», – деді Сапархан Омаров.

Кеңес мүшелері 2021-2025 жылдарға арналған Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жобаны өз алдына бөлек талқылады. Жоба шеңберінде 2024 жылға қарай құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік пен сүзбе, алма мен балық бойынша қамтамасыз етілу – 100 пайызға, ал қант бойынша 80 пайызға жетуі тиіс.

Министрліктің ақпараты бойынша 156 инвестициялық жоба 1,1 млрд. доллар көлемінде аграрлық өнімнің қосымша экспортын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Отырыс қорытындысы бойынша Аграрлық кеңес ұлттық жобаны партияның сайлауалды бағдарламасының индикаторларына сәйкес пысықтауды ұсынды. Бұдан басқа, мүдделі органдар бір ай мерзімде бос учаскелер болған жағдайда елді мекендердің айналасында 15 км дейінгі радиустағы бос жатқан жерлерден қосымша жайылымдар бөлу мәселесін қарауы қажет. Сондай-ақ әкімдіктерге жеке шаруашылықтарға пайдаланылмай жатқан жайылымдарды өз еркімен қайтару бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу ұсынылды.

Back to top button