ҚР Президенті Жарлығымен Шарын шатқалында оқушыларды құтқару кезінде қаза тапқан мұғалімді «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады, – деп хабарлады Ақорда. «Адам өмірін сақтап қалуға байланысты қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ержүректігі мен жанқиярлығы үшін Алматы қаласы «№199 мамандандырылған гимназия» КММ мұғалімі (марқұм) Мерей Нұрғазыұлы Ибрагимов «Ерлігі үшін» медалімен наградталсын», – делінген құжатта. Алматы қаласы білім басқармасының мәліметінше, 26 жастағы Мерей Ибрагимов көркемөнер пәндерінен сабақ берген. Еңбек өтілі – 5 жыл. Кейінгі 3 жылда ол №199 гимназияда жұмыс істеген. Естеріңізге сала кетсек, 29 мамыр күні Алматы облысының Шарын шатқалында сел жүріп, 2 адам мерт болғаны, тағы біреуінің із-түзсіз жоғалғаны хабарланған болатын. Кейін Білім және ғылым министрлігі аталған оқиға салдарынан 1 оқушы мен 1 мұғалімнің қаза тапқанын, тағы бір оқушыны іздеу жұмысы жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. «Шарын шатқалы» қызметкерлері Шарын өзенінің бойын жағалай жер бетінде іздеу-құтқару жұмысын жүргізу барысында 30 мамыр таңғы сағат 09:34-те 11 жастағы қыз баланы тапты. Ол Шарын өзенінің сол жағалауында оқиға орнынан 3-4 шақырым жерден табылған.
Жүктелуде...