Атырауда Жайық өзеніне құлаған баланы әкесі құтқарып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Атырауда жазғы шомылу маусымы басталған жоқ. Соған қарамастан, өзен-көлдерге шомылу дерегі азаяр емес. «Сақтық шараларына салғырт қараған атыраулық тұрғын 28 мамырда кешкі сағат 20:03 шамасында балаларымен Жайық өзенінің жағасына демалуға барған. Кенет 6-7 жастағы екі баланың бірі абайсызда өзенге құлап кеткен. Оны көрген әкесі өзенге секіріп, баласын алып шыққан. Мұны бейнебақылау камерасынан байқаған қызметкерлер жақын маңдағы полицейлерге бағыттама берген», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі. Жағалауға жеткен полиция қызметкерлері тексеру кезінде кәмелет жасқа толмаған екі баланың ата-анасымен рұқсат етілмеген жерде шомылғаны үшін профилактикалық түсіндіру жұмысын жүргізіп, ескерту жасаған. Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда Жайыққа құлаған 8 жасар бала құтқарылған болатын.
Жүктелуде...