Өнердің адам жанын тәрбиелеуші қасиеті бола тұра идеология құралына айналғанына көп заман өтті. Әрине, өнердің аты − өнер, ол қалайда жеке адамдардың талантына тәуелді, олардың ой-арманына, мақсатына, бағытына байланысты дамып отырады. Дегенмен өнерді жасаушылардың әлеуметтік сұранысқа қызмет етуі, өз қабілетін саяси көзқарастарды насихаттауға жұмсауы – болып тұратын жағдай. Бұл құбылыс өнердің ішінде, әсіресе, кинода жиі байқалады. Не десек те, бүгінгі кино − ұлттың қабілетін, мемлекеттік мүддені танытатын ерекше өнер. Қазақ жерінде түсірілген кино туралы айтар болсақ, 1925 жылы Қызылордада өткен Қазақстан Кеңестерiнiң 5-съезiн Мәскеу киношежiрешiлерiнiң пленкаға түсiруi − елімізде кино түсiрудің алғашқы қадамы еді. Ал 1934 жылы Алматы кинохроника студиясы ашылып, 1937 жылы Алматы кинохроника студиясы орыс кинематографистерімен бірге «Амангелді» атты алғашқы дыбыстық көркем фильмі түсіріліп 1938 жылы экранға шыққанымен, ол негізінен ресейлік кинематографтардың еңбегі саналады. 1944 жылдан бастан Алматы көркем және хроникалық фильмдер студиясы атын алған еліміздегі алғашқы кинокомпания 1945-1952 жылдар аралығында «Абай әндері», «Жамбыл», «Алтын керней» секілді фильмдер түсіріп, қазақ киноөнері кеңістігіне түрен салды. Ал бұл әлемдік кино жасау үдерісіне көп кешікпей қосылған қазақ кинематографиясы үшін жетістік деуге болады. Кеңестік кезеңде барлық жанрда фильм жасаған қазақ кино өндірісінің «Ана туралы аңыз», «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі», «Қыз Жібек», «Тақиялы періште», «Менің атым Қожа» т.б. шедеврлері болды. Қазақтың әйгілі кинорежиссері Шәкен Аймановтың ұлттық киномызда салған жолы қазақ кинорежиссурасына дем беріп, оның одан әрі дамуына зор әсер етті. Сондай-ақ, тәуелсіздікке дейінгі қазақ киносында Сұлтан Қожықов, Абдолла Қарсақбаев, Мәжит Бегалин т.б. қазақ кинорежиссерлерінің аты танымал еді. Бұлар жасаған киноларда ұлттық қасиет басым болды да, ол қазақ көрермендеріне тез сіңіп, жақсы қабылданды. Демек, қазақ киносының алғашқы ширек ғасырында ұлттық киноға негіз қаланды. Өнердің қай түрі де уақыт өте келе дамып, жаңа бағыттардың пайда болуымен өзгеріске ұшырап тұратыны заңдылық. Мұндай үдерістен қазақ киносы да сырт қалған жоқ. Сөйтіп ХХ ғасырдың соңғы жиырма жылында қазақ киносына оқыған, білімді режиссерлер келе бастады. Оларды шартты түрде «қазақ киносының жаңа толқыны» деп атады. Бұл толқынның Рашид Нұғманов, Серік Апырымов, Абай Қарпықов, Әмір Қарақұлов, Ардақ Әмірқұлов, Талғат Теменов, Сатыбалды Нарымбетов, Ермек Шынарбаев, Дәрежан Өмірбаев, Болат Қалымбетов, Дамир Манабаев, Қалыбек Салықов секілді өкілдері ұлттық киноны өздерінің ізденістерімен түрлендіріп, түрлі бағыттағы фильмдерді көрермен назарына ұсынды. Олардың жасаған кинотуындылары сол кезде одақ көлеміндегі прокаттарға шығып, өзге елдерге қазақ киносының мықтылығын таныта бастады. Шетелдік кинофестивальдерде жүлделі орындарға ие болды. Мәселен Р. Нұғмановтың «Ине» фильмі, сондай-ақ, «Қазақфильм» туындысы (Египеттің «Эль Аламия», «Совэкспортфильм» компанияларымен бірігіп түсірілген. Режиссері Б.Мансуров) «Бейбарыс сұлтан» фильмдері сол тұста барлық одақтық республикалардың киноэкрандарында көрсетілді. Бұл да белгілі бір кезеңдегі қазақ киносының дамуынан хабар беретін көрсеткіш. Сол сияқты, А.Әмірқұловтың «Отырардың күйреуі» (1991), С.Апырымовтың «Қиян» (1989), «Ақсуат» (1997), Т.Теменовтің «Адамдар арасындағы бөлтірік» (1988), «Махаббат бекеті» (1993), С.Нарымбетовтің «Созақтан шыққан Гамлет» (1990), С.Тәуекелдің «Батыр Баян» (1993), Қалдыбай Әбеновтің «Аллажар» (1993) т.б. қазақ фильмдері ел арасында кең түрде танымал болды. Сөйтіп, ХХ ғасырдың соңына қарай қазақ киносы түрлі жанрды қамтыған, кәсібилік тұрғысында дамыған өнерге айналған-ды. Қазақ киносының өткен ғасырдың 50-жылдарында негізі қаланып, алғашқы ұлттық фильмдер жасалса, одан кейін ХХ ғасырдың 80-90-жылдарында оқыған, білімді мамандардың келуімен («жаңа толқын») қазақ киносы жаңа деңгейге көтерілгені белгілі. Ал үшінші кезең − тәуелсіздік кезеңі. Өткен ғасырдың соңғы онжылдығында заман өзгеріп, еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін саяси-экономикалық үдерістердің жаңаруы нәтижесінде қазақ киносында да өзгерістер болды. Өтпелі кезеңде ел экономикасындағы қиындықтар көп қаржыны талап ететін киноиндустрия да қаржы жетіспеушілігінен біраз тұралап қалғаны жасырын емес (бірақ бұл сол тұста әлемнің көптеген еліне тән жағдай еді). Дегенмен экономикамыз жанданып, мемлекетіміздің жағдайы түзелген шақта ұлттық кино қайтадан дамуға бет алды. Кино саласына миллиондаған қаржы салынып, аз уақыттың ішінде көптеген деректі және тарихи жанрдағы кинолар сәтті түсіріліп, рухани қазынамызға айналды. Сонымен бірге коммерциялық бағыттағы кинолар да көптеп түсіріле бастады. Комедия жанрында көркем фильмдер мен телесериалдар көбейді. Қазіргі ақпараттық технологиялар жоғары қарқынмен дамыған заманда қазақ көрермені әлемдегі барлық елдің киносын еркін көре алады. Демек, бүгінгі қазақ киногерлеріне арқаны кеңге салуға болмайды. Себебі күллі әлем киносы оның бәсекелесі. Бір-ақ сәтте көрермендеріңді өзге елдің кинотуындылары өзіне еліктіріп әкетуі мүмкін. Бұл орайда қазіргі қазақ киносының жай-күйі туралы кино саласы мамандарының пікірін білу маңызды. Сондықтан біз оларға «Тәуелсіздік кезеңінде қазақ киносы қалай дамыды?» деген сұрақты қоя отырып, бүгінгі киномыздың жай-күйін сараптауға тырыстық. Қалила ОМАРОВ, кинорежиссер: ДЕРЕКТІ КИНОМЫЗ ӨЗ МИССИЯСЫН АТҚАРМАЙ ЖҮР
− Тәуелсіздіктің 30 жылдығы кезінде киноның көптеген саласында өрлеу болды деп айта аламын. Әрине, бір бағыттағы кинолар жақсы дамып кетсе, енді бір жанрдағы кинолар әбден жетіліп кете қоймаған жағдайлары бар. Ал өзім тер төгіп жүрген деректі фильм саласындағы жетістіктер аз емес, кемшіліктер де жетеді. Кеңестік дәуірде қалыптасқан режиссер ретінде айтарым − ол дәуірде барлық салада мемлекеттік идеология үстемдік еткендіктен ол шақта деректі киноны да идеологияға пайдаланды. Ал Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдық дәуірінде мемлекетіміз деректі киноны ұлттық идеологияны қалыптастыруға толық пайдаланған жоқ. Сөйтіп деректі кино қазақ мүддесі тұрғысынан өз мүмкіндігін көрсете алмады. Оған түрлі факторлар себеп болды. Деректі фильмдердің бір міндеті қоғамдағы болып жатқан жағдайларды саралап, соның себебін тауып, салдарын көрсету ғой. Сондықтан оған шындықты айтқаны үшін қысым жасауға болмайды. Мәселен өткен ғасырдың 90-жылдарында Алматы қаласында адамдардың жеуге тамақ таппай аштан өлгендері жайында деректі фильм түсірген бір қызды шаһардың сол тұстағы әкімі Храпуновтың еліміздің абыройын төккен, қоғамға жала жапқан кино деп айыптай сөйлегенін көргем. Ал әлгі кино сол тұстағы қазақ халқының басынан өтіп жатқан жағдайды ашып көрсеткен, ұлттық мүдде тұрғысынан жасалған туынды еді. Бізде деректі фильмдер Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілетіні белгілі. Өзім де сол жерде Алашорда туралы, Мұхаммед Хайдар Дулати, Майлықожа, Ахмет Жұбанов туралы т.б. фильмдерімді түсірдім. «Қазақфильмнен» шығатын деректі кинолардың 70-80 пайызы мерейтойлық фильмдер болды. Ал ондай кинода ешқандай мәселе көтерілмейтіні белгілі. Деректі кино қоғамда болып жатқан барлық жағдайды мамандардың қатысуымен зерттеп, талдауы керек. Еліміздегі өз-өзіне қол салудың көбеюі, балалар өлімінің жиілеуі, білімсіздіктің бел алуы деген секілді бүгінгі қоғамның дерттерін зерттеп, соның түп-тамырын ашып тастайтын фильмдер өте қажет. Телевизиядағы сенсация іздеп кететін журналистік зерттеулерді деректі киномен шатастыруға болмайды. Сондай-ақ, бүгінгі дәуір туралы түсірілген деректі фильмдерде биліктің жұмысын қалайда жарқыратып көрсету принципін ұстанатын киногерлер мен өз объектісіне қара күйені шектен тыс көп жағып жіберетін оппозициялық тұрғыдағы киногерлердің екеуі де тым біржақты принцип ұстанатындықтан ондай әділетсіздікке жол беретін туындылар көрермен тарапынан қабылданбай қалып жатады. Бүгінгі қазақ қоғамы қандай құндылықтарын қорғай алмай жатыр, рухани жағынан қандай жеңіліске ұшырады, ұлтымызға төнген не төнетін қандай қауіп бар деген секілді мәселелерді батыл көтермеген соң деректі киномыз өз миссиясын атқара алмай, сұраныстан сырт қалып барады. Шындықты айтпайтын туындының кімге керегі бар? 90-жылдарда Мағжан Жұмабаев туралы деректі фильм түсірдім. Сонда Мағжанның үш рет сотталуына не себеп болды, оны қаралаған кімдер деген сұраққа жауап іздеп, ақын қараланған тұстағы куәлардың сөздері мен құжаттарды зерттеп, Мағжан мәселесінде С.Мұқанов, Ә.Тәжібаев т.б. тұлғаларға қатысты шындықты ашып бердім. Ал бүгінде бір тұлғалар туралы түсірілген киноларда ол туралы титрлық мәтінмен өйтті-бүйтті, қудаланды, қиындық көрді деп төгілткенмен соған кінәсі бар деген бір адамның да атын айтпайды не құжаттық дәлел көрсетпейді. Сонда оның несі деректі кино? Мәселен, Есенберлин туралы фильмде оның көрген қиындықтарын, Лениндік сыйлық алар кезде оған қазақтардың кедергі болғанын айтады. Нақты бір тұлғалардың атын айта ма екен деп киноның соңына дейін күтіп отырасың, бірақ сол күй айтылмай, кино бітеді. Сонда бағанағы сөздің салмағы қайда? Деректі кино жауапсыздықты көтермейді. Мен Мағжанды түсіріп жатқанда Серік Жанболат та Мұқағали туралы фильм түсіріп жатты. Соның алғашқы вариантын көргенімізде кілең жаңағыдай әңгіме, оған өйткен-бүйткен деген сияқты. Бірақ соны жасағанның кім екені белгісіз. Әрине, 90-жылдарда қазақтың деректі фильмдерінде біраз өрлеу болды. Мәселен Сергей Әзімовтің Арал теңізінің экологиялық апат тудырған қасіреті жайында «Жоқтау: өлі теңіз шежіресі» (1990) деген фильмі елімізден тыс жерлерге де танылып, Болгария, Франция елдерінде өткен халықаралық фестивальдерде жүлдегер болса, Семейдегі әскери полигондағы ядролық жарылысқа қарсы құрылған «Невада-Семей» қозғалысы жайында В.Рерих пен О.Рымжановтың «Полигон» (1990) фильміне Қазақстан Мемлекеттік сыйлығы берілді. Сол сияқты 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы туралы А.Байғожиннің «Жарияланбаған демонстрация шежіресі» деген фильмі де біраз шындықтың бетін ашты. Өзім де Алаш қайраткерлері туралы фильмдерімде ұлтқа керекті деректерді ашып көрсетуге тырыстым. Алайда одан бергі дәуірде ащы шындықты айтып, әділдігімен халықтың назарын аударған деректі фильмдер онша көзге түспейді. Бірақ ауызды қу шөппен сүрте беруге болмас, қазір деректі фильм түсіріп жүргендердің арасынан маған Дарқан Әбдіктің жұмысы ұнайды. Оның тақырыбын толық меңгеріп, байыпты зерттеу жүргізуіне риза боласың. Арасында көркем образдарды да пайдаланады. Сондықтан бүгінгі кино өнеріне келіп жатқан талантты жастар ұлттық мүддеге қызмет ететін деректі фильмдер түсіріп, халыққа нағыз ақиқатты ашып көрсетіп жатса елдің де көзі ашылып, интеллектуалдық дәрежеміз арта берер еді. Өйткені ол – ұлттың рухани санасына әсер ететін жол.Дана ӘМІРБЕКОВА, кинотанушы: КИНОМЫЗ ТҮП-ТАМЫРЫНАН АЖЫРАП БАРА ЖАТҚАНДАЙ
− Үлкен геосаяси өзгеріс болған 1991 жылдан 2003 жылға дейін біздің қазақ киносы тек авторлық өнер кино тұрғысынан ғана дамыды. Ондай фильмдер көптеген кинофестивальде жүлдегер атанып, қазақ киносының аты әлемге танылды. Бұл орайда Д.Өмірбаев, С.Апырымов, А.Әмірқұлов, Р.Нұғманов сияқты режиссерлердің есімдері ерекше аталады. Әрине, бұл кезеңде олардың автор- лық − арт-хаус фильмдерге бет бұруы өнер киносынан тәлім алғандықтан, сонымен бірге кино түсіруге қаражаттың жоқ болғанынан деуге болады. Мәселен коммерциялық фильмдер көрерменге арналады, сондықтан шытырман оқиғалы, боевик немесе экшн фильмдерді түсіруге миллиондаған доллар қаражат кетеді. Ал авторлық фильмдер көбінесе камералық локациялары өте аз, сценарий желісі жеңіл, кәсіби актерларды, декорация, арнайы костюмдерді қажет ете бермейтін туындылар. Сондықтан өтпелі кезеңде осындай киноларға мән берілді. Дегенмен 2005 жылы мемлекеттің қолдауымен «Көшпенділер» фильмінің түсірілуі қазақ киносына серпін берді дей аламыз. Әрине бұл фильм өте көп сыналды, бірақ ол қазақ киносының техникалық тұрғыдан дамуына үлкен әсер етті. Әлі күнге дейін «Көшпенділерге» пайдаланылған декорациялар, костюмдер киноларымызда пайдаланылып келеді. Сол киноны жасауға қатысқан мамандар экшн фильмнің монтажы қалай жасалатынын, техникалық тұрғыда құрылымының, блокбастерлердің тілінің өзгешелігін үйреніп, оны бүгінгі тарихи киноларда жақсы пайдаланып жатыр. «Көшпенділерді» түсіруге 80-90 пайыз мамандарды шетелден шақырсақ, «Жаужүрек мың бала» фильмінен бастап 90 пайыз маман өзімізден табылатын болды. Одан кейін «Томирис» секілді фильм мен «Қазақ хандығы» тарихи сериалын т.б. түсіргенде оларды өз мамандарымыз істеді. Қазіргі қазақ киносы авторлық фильм, тарихи фильм (мемлекеттің тапсырысымен) және мейнстрим (коммерциялық бағыттағы) фильмдер бағытында дамып жатыр. Өкініштісі − мейнстрим бағытындағы фильмдерге кәсіби мамандар сирек қатысады. Сондықтан коммерциялық фильмдерді түсірумен көңілді тапқыштар клубынан шыққан, әншілікпен айналысқан, киноға қатысы жоқ адамдар айналысып жүр. Сондықтан кәсіби мамандар түсірмеген мейнстрим кинолардың сапасы төмендігі өз-өзінен белгілі. Б.Алагөзова, Н.Қоянбаев, Н.Адамбаевтар мықты продюссерлер, бірақ олар аталған жанрдағы кино тілін меңгермеген соң олар жасаған туындылардың сапасыздығы байқалып тұрады. Өткен жылдың статистикасына қарасақ, коммерциялық бағыттағы киноның 68 пайызы комедия жанрында түсірілген. Қалғаны драма, мелодрама, триллер, хоррор жанрында түсірілген. Мысалы қорқыныш- ты − хорор жанрында «Қарагөз» деген бір ғана фильм түсірілген және ол өте сапасыз шыққан. Оны көрсеткен зал толы адамдар қорқынышты фильм емес, комедия көргендей күліп отырды. Мұның бәрі тәжірибенің жоқтығынан, біліктіліктің төмендігінен. Комедияны түсіруді көңілді тапқыштар клубынан келген продюссерлер жақсы меңгерді, бірақ олар комедия жасағанда көрерменді тек сөз арқылы ғана күлдіру деп түсініп, көп айтылған қалжыңдар мен мәнісі «белден төмен» әзілдерді орынды-орынсыз пайдаланып жатады. Сондықтан оларда астарлы ой, нәзік юмор, өткір сатира, көркем образдар арқылы күлдіру жоқтың қасы. Осы арада, кейбір жанрдағы кинолардың сапасы неге төмен деген мәселеде мынаны айтқым келеді − біздің кәсіби киногерлердің жанрлық киноға деген көзқарасы нашар. Олардың пікірінше, авторлық, өнер киносын түсіру ғана дұрыс. Тіпті, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына енді оқуға түскен болашақ режиссерлердің өзі курстық жұмыстарын авторлық кино түсірумен бастайды. Бұл, меніңше қателік. Кеңестік кезеңде кез келген режиссер ең бірінші өзін нағыз кәсіби маман ретінде дәлелдеу үшін ең алдымен өз жұмысын коммерциялық кинодан бастау үрдісі болған. Мәселен, Андрей Тарковский. Ол әлемге танымал авторлық киноның режиссері. Бірақ одан бұрын «Иваново детство» деген көрерменге арналған фильмді түсірген. Міне содан кейін барып оған қандай кино түсірем десе де кеңшілік жасалған. Сол бізде де кәсіби білім алған режиссерлерға ең алдымен көрерменге арналған фильм түсіруді міндеттесе деймін. Содан кейін қалаған киносына бара берсін. Сонда көрерменге арналған коммерциялық бағыттағы фильмді түсіруге кез келген адам келе бермес еді. Бұл туралы бір сұхбатында Н.Қоянбаев «Кәсіби режиссерлер түсірмейтіндіктен коммерциялық киноға біздер келдік, сондықтан олар біз түсірген киноларға тілі, режиссурасы т.б. сапасыз деп айтпасын» деген екен. Дәлелді пікір! Қазақ киносында Ш.Айманов, С.Қожықов, М.Бегалин тәрізді ірі тұлғалар болды. Бүгінде олардың деңгейінде халықтық фильм түсіру мүмкін емес. Себебі олар ұлтының бар болмысын бойына сіңірген Дала академиктері еді. Әрине, олар арнайы кино саласында білім алған кәсіби мамандар емес-ті, бірақ олар бай фольклорлық мұрамыздан сусындағандар. Ал кез келген ұлттың түп-негізі фольклорда. Сондықтан ешқашан қазақтық дүниетанымнан алшақтамаған режиссерлеріміздің туындыларынан қазақтың исі аңқып тұру заңды. Ал бүгінгі заманауи киногерлер Еуропаның үздік әдебиетінен сусындағандықтан бәрі Кафканың, Сартрдың, Гессенің, Тольстойдың, Достоевскийдің, Гогольдың кім екенін жақсы біледі және солардың дүниетанымына сай келетін кино жасағысы келеді. Сондай-ақ, кинодағы түрлі ағымдар мен соны жасаушылардың шығармашылығына еліктейді. Бірақ бірде біреуі қазақ киносының корифейлеріне еліктемейді. Киномыз түп-тамырынан ажырап бара жатқандай... Бүгінде кинорежиссураға келетін көптеген жас мамандар қазақтың болмысын бойына сіңірмеген, асфальтте өскендер. Мәселен қазірде Әлихан Ержанов, Эмир Байғазин әлемді шулатып, қазақ киносының атын шығарып жатыр, бірақ олардың жасағандарынан қазақи ештеңе таппайсыз. Оларда Библияға, батыс әдебиетіне сілтемелер жасалады. Ал қазақ фольклорын, әдебиетін еске де алмайды, себебі − білмейді... Сапалы кинотуынды мен сапасыз, ақша табу көзіне айналған халтураның аражігін ажырату үшін талғам қалыптастыруымыз керек. 90-жылдардан бастап әлемге барлық есік ашылып, бізде Голливудтың сапасыз фильмдері қаптады және сонымен біздің бүгінгі көрермендеріміздің талғамы қалыптасты. Содан болар, бүгінгі көп көрерменге Алагөзованың, Қоянбаевтың, Адамбаевтың түсірген фильмдері өнердің шыңы сияқты көрінуі әбден мүмкін. Өйткені көрерменде жақсы мен жаманды салыстыра алатындай талғам жоқ. Талғам қалыптасса, көрермендер бізге мынадай сапасыз кино керек емес деп, нашар дүниелерден бас тарта бастайды. Сонда жақсы киноға деген сұраныс артып, талантты киногерлердің еңбегі бағаланады. Бүгінде «Неге көрермен талғамы төмен?» деген сұрақ алдымыздан жиі шығады. Бұрында киноға арналған арнаулы басылымдар болатын. Қазір бізде тек киноға бағытталған − киноны өнер ретінде талдап түсіндіретін газет не журнал жоқ. Яғни кинотанушылардың жұмысына мән берілмейді. БАҚ-тарда тек киноны терең талдап, сараптама жасап, оның көркемдік қуатын танытып отыратын мамандар болса, көрермендердің де талғамы өсер еді. Қазір де ондай мамандар бар, бірақ оларға жұмыс беретін жер жоқ... Бүгінде киноны ол салаға мүлде қатысы жоқ адамдар түсіреді, сосын ол саланы туралы терең біле бермейтін журналистер жазады. Ендеше мұндай жағдайда кино көрермендерінің талғамы қалай қалыптасады? Осыны мемлекет ойласа деймін. Бұл туралы өткенде Аида Балаева ханыммен кездесу болғанда пікірімді айттым. БАҚ-тардан кинотанушыларға орын тауып беруін сұрадым. Ол кісі, әрине, қолға аламыз деп уәде берді. Күнде бір тақырыпты сараптап отыратын журналистер қауымы сирек те болса кино тақырыбына қалам тербеп тұрады. Бірақ олар киноны кинотанушылар деңгейінде біле бермейтіні анық қой. Кейде театралды фильмдерді көкке көтере мақтап жатқанын көреміз. Кәсіби киносыншы олай жазбайды. Ал журналистердің пікірін оқыған көрермендер олардың сөзіне сеніп қалуы әбден мүмкін. Бізде бүгінде киноға арналған екі кәсіби бағдарлама бар, оның бірі − Abai TV-дағы авторлық киноны талдайтын «Соңғы муза», екіншісі − Ел арна телеарнасында жүретін «Ашық көрсетілім» бағдарламасы. Міне осындай бағдарламалар көптеп ашылса, өзіміздің сапалы киномызды насихаттап, көрермен талғамын қалыптастырар едік.P.S. Қазіргі кезде қазақ киносы туралы талас-тартыс көп. Ал бұл жайдан жай болып жатқан нәрсе емес. Кино ұлттың, мемлекеттің бет бейнесі. Кез келген елді білмейтіндер оны киносына қарап бағалайтыны белгілі. Сондықтан заманауи қазақ киносынан да қазақ деген халықтың, Қазақстан деген мемлекеттің болмысы танылып, ол нағыз өнер туындысы деген талапқа жауап беріп тұрса − нұр үстіне нұр. Ал керісінше, киномыз өзінің түп негізінен алыстап, космополиттіктің дәнін себе беретін болса онда өнер өзге түгіл өзіміздің де қажетімізге жарамауы мүмкін. Бүгінгі әңгіменің мәні осы.
Ахмет ӨМІРЗАҚ