Асқар Мамин халықты вакциналау қарқынын үдетуді тапсырды

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай талқыланды, – деп хабарлайды Премьер-Министрдің баспасөз қызметі. 

Халықты вакциналау  мен қазіргі жағдай туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, өңірлердегі ахуал туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек баяндады.

Қазіргі уақытта Қазақстанда COVID-19-бен ауыру жағдайының тұрақтануы байқалады. Вирустың репродуктивті индексі – 0,95. Инфекциялық төсек орындар 33%-ға, реанимациялық төсек орындар 26%-ға толы. 6 өңір «қызыл» аймақта тұр: Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Атырау облыстары.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 3 млн екпе жасалды, оның ішінде 2 млн адам бірінші компонентті, 1 млн адам екінші компонентті алды. Елде вакциналардың жеткілікті көлемі бар, олардың қоры толықтырылып отырады. Егу пункттерінің санын арттыру бойынша шаралар қабылданып жатыр.

Үкімет басшысы халықты вакциналау қарқынын арттыруды тапсырды.

«Қазіргі таңда вакциналаудың қарқынын арттыру – пандемиямен күресудегі ең маңызды міндет», — деді А. Мамин.

Денсаулық сақтау министрлігіне Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп «Ashyq» қосымшасын «Вакцинация» модулімен және «Egov»-тағы вакцинация паспортымен интеграциялау бойынша жедел шаралар қабылдау тапсырылды.

Back to top button