508
Тағзым мен тағылым ордасы
Тағзым мен тағылым ордасы
Еліміздегі техникалық жабдықтамасы озық музейлердің бірі – Әскери-тарихи музейі. Ондағы экспозициялар келген туристерді таң-тамаша қалдырады. Өйткені мұнда түрлі дәуірлердің тарихынан сыр шертетін әскери жәдігерлер жинақталған. Алғаш 2015 жылғы 1 желтоқсанда ашылған музей қазақ халқының батырлық жылнамасы. Әскери музейдің өзге музейлерден тағы бір ерекшелігі – кей жәдігерлерді қолмен ұстап көруге де рұқсат етілген.
Қазақ халқының жауынгерлік тарихын, әскери өнерін өскелең ұрпаққа таныту, жастардың патриоттық рухын көтеру мақсатында құрылған музей 5 қабаттан тұрады. Ежелгі кезеңнен бүгінгі күнге дейінгі қазақ халқының әскери тарихынан сыр шертетін ескерткіштер, сирек кездесетін экспонаттардың ұзын-саны 7 мыңға жетеді. Шеберлердің ізденімпаздығы мен тыңғылықты жұмысының нәтижесінде музейден әрбір жәдігерге жан біткендей сезіледі, музейдің ішкі атмосферасы келушілерді ерекше күйге бөлейді. Музей залындағы хаттар, құжаттар, әскери қару-жарақтар, барлығы Қазақстанның өткені мен бүгінгі күнге дейінгі тарихын бейнелейді.
Бүгінгі таңда музей хронологиялық шеңберге сай 8 көрмелік залға бөлінген, сондай-ақ келушілердің назарына аспан астындағы әскери техника павильоны ұсынылған. Музей қорындағы 14 мыңнан астам жәдігердің 7 мыңға жуығы осы 8 көрмелік залдағы экспозицияларда көрсетілген.
Жаужүрек жауынгерлер ерлігін насихаттайтын жәдігерлер жинақталған алып кешеннің «ХХ ғасырдағы әскери тарих» залы Екінші дүниежүзілік соғыс тарихынан сыр шертеді.
«Екінші дүниежүзілік соғысқа 1 млн 200-300 мың қазақстандық қатысты. Бұл соғыс еліміздегі әрбір отбасының шаңырағын шайқалтып, ортасына түсірді. Соғыстың жанға салған жарасы ауыр. Атасын, әкесін, бауырын іздеген қандастарымыз әлі де көп. Қазіргі уақытта көптеген азаматтарымыз өздерінің батыр аталарының жеке заттары, құжаттары мен медальдарын музей қорына өткізіп жатыр. Себебі, сол батырларымыздың жеке заттары халық игілігі әрі ол жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік сезімдерін дәріптеу мақсатында халық назарына ұсынылуі тиіс», – дейді Әскери-тарихи музейдің офицер-экскурсия жүргізушісі Дәулет Қадыров.
«ХХ ғасырдағы әскери тарих» залында алматылық 316-атқыштар дивизиясына тиесілі экспозиция бар. Бұл дивизияның командирі И.Панфилов 1941 жылғы 18 қарашада ерлікпен қаза тапты. Кейін бұл дивизия 8-гвардиялық Панфилов дивизиясы болып қайтадан құрылды. Кеңес әскерінің тарихында тек екі дивизия ғана өзінің командирінің есімін алған екен. Оның бірі – Чапаев дивизиясы болса, екіншісі – Панфилов дивизиясы. Музейдегі ерекше құнды жәдігерлердің қатарында генерал-майор Панфиловтың қалта сағаты мен партиялық билетінің сырты (екеуі де түпнұсқа) бар. И.Панфиловтың партиялық билетін оның жеке көлік жүргізушісі соғыс біткенше өзімен бірге сақтап жүрген. Кейін соғыс аяқталған соң отбасына табыс еткен. Ал отбасы батырдың жеке заттарын халық назарына ұсыну үшін әскери музейге өткізген.
Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа тіккен туының көшірмесі де осы музейден өз орнын тапқан. Тудың көшірмесін Ресейдің Қорғаныс министрі Сергей Шойгу сол кездегі Қорғаныс министрі И.Тасмағамбетовке Мәскеуде өткен салтанатты кеште өзі арнайы табыс еткен. Сондай-ақ қазақстандық дивизиялар шайқасқан майдан алаңдарынан табылған қару-жарақтар мен құжаттар, тағы да басқа жәдігерлерді көруге болады.
Жалпы 1941 жылғы 22 маусымда фашистер Кеңес Одағына баса-көктеп кірген кезде ең алғашқы соққыны Брест қамалы қабылдаған болатын. Брест қамалын қорғауға 182 қазақстандық қатысқанын тарихтан білеміз. Бұл туралы толық мәліметті де осы залдан табуға болады.
Сонымен қатар музейге ХХ және ХХІ ғасырда қолданыста болған қару-жарақтар қойылған. Екінші Дүниежүзілік соғыста қолданылған қарулар ішінде ерекше атап өтетін Мосин винтовкасы, (Ә.Молдағұлова дәл осындай винтовкамен жауға қарсы тұрған болатын), Максим пулеметі (М.Мәметова осы пулеметпен фашистерге қарсы тұрған), қазіргі уақытқа тиесілі зымырандар, миналар, бақылау-барлау құрылғылары бар.
Жалпы музей қоры – арнайы температуралық, ылғал және жарық деңгейлерді бір қалыпты жағдайда ұстап тұратын орын. Жәдігердің әр түріне байланысты айрықша жағдай жасалып отырады. Барлық киім-кешек арнайы өңдеулерден өтіп, сақталады.
Сайып келгенде, Қарулы Күштердің Әскери-тарихи музейі соғыстың зардап-залалын ұғынуға, батыр бабаларымызды ұлықтауға, тағылымды тарихымыз жайлы тың мәліметтермен танысуға мүмкіндік береді.