Алмас Мыр­затай: Porshe-де басталған еңбек жолым Microsoft-та сәтті жалғасты

Алмас Мыр­затай: Porshe-де басталған еңбек жолым Microsoft-та сәтті жалғасты

Алмас Мыр­затай: Porshe-де басталған еңбек жолым Microsoft-та сәтті жалғасты
ашық дереккөзі
Былтыр Microsoft компаниясы Microsoft Translator тіл­дер то­бына қазақ тілі­нің қосылғанын ресми түр­де хабарлаған бо­ла­тын. Сондай-ақ, биыл ақ­пан айында қазақ ті­лінің Microsoft Teams плат­формасына енгі­зіл­гені белгілі болды. Соң­ғы екі жылда өз өнім­дерін қолдану тіл­дері қатарына қа­зақ ті­лін енгізіп жүрген бұл алпауыт ком­па­ния­да отандасымыз Алмас Мыр­­затай жұмыс істейді. Microsoft-тың Атланта қала­сын­дағы кеңсе­сінде инженер-программист болып қызмет ете­тін Алмас оған дейін әйгілі Porshe компаниясында еңбек ет­кен. Жұмысынан қолы қалт еткен уақытта Абайдың шы­ғармаларын ағылшын тіліне аударып жүрген, алдағы уа­қыт­та бағдарлама жасақтау бойынша қазақ тілінде курс аш­қысы келетін Алмасқа хабарласып, әңгімеге тартқан едік.
Біздің анықтама: Туған жылы: 1995 Туған жері: Алматы Білімі: Эмори университеті, Джорджия технология институты (АҚШ, Атланта) Қызметі: Microsoft компаниясының Атланта қала­сын­дағы кеңсесінде инженер-программист
– 8-сыныпты аяқтаған соң, Алма­ты­дан Америкаға оқуға жалғыз аттанып, мек­тепті сонда аяқтапсыз. Аме­ри­каға бел­гілі бір бағдарлама бойынша барып, қа­лып қой­дыңыз ба, әлде оқушыларға ар­налған грант ұтып алдыңыз ба? – Негізі, мен – Алматының тумасымын, бірақ мен туған соң жиыр­ма күннен кейін ата-әжем мені өз қамқорлығына алған. Бізде әдетте ата-әжелер тұңғыш немересін бауы­ры­на басады ғой. Сөй­тіп, мен де Жезқазғанда сол кісілердің тәрбиесінде болдым. Со­сын Ал­матыға келіп, 7-сыныпқа дейін №146 мек­тепте оқы­дым. Кейін Жезқазғанға қайта барып, онда қазақ-түрік лицейінде екі жыл оқыдым. 8-сыныпта оқып жүргенде сынып же­текшім Азамат ағай бір жыл оқуды Аме­ри­када жалғастыру мүмкіндігі бар екенін айт­ты. Шыны керек, әдепкіде шетелде оқуды ар­мандамадым. Ағайдың бұл айтқанына дұрыс мән бермедім. Оның үстіне, ата-анама айтуға жүрексіндім. Өйткені америкалық мектептегі бір жыл оқудың ақысын төлеу керек болды. Кейіннен мұндай мүмкіндіктің бар екенін өзгелерден естіген олар оқуыма қар­жы жағынан көмектесетіндерін айтып, алаң­дамай оқып келуіме қолдау білдірді. Де­сек те анам басында мені жалғыз жіберуге қо­рықты. Атам мұндай мүмкіндікті мүлт жіберіп алмау керек екенін айтып, ақыры анамды көндірді. Бұған қоса, бұл қазақ-түрік лицейімен тығыз байланыс орнатқан мектеп бол­ғандықтан, ай сайын стипендия төле­не­тін болды. Сөйтіп, 14 жасымда Америкаға оқу­ға келдім. Алғашқы оқу жылында қосым­ша курс алып, түрлі клубтардағы жиынға қатыстым. Бұдан бөлек, штат деңгейінде, әлем­дік олимпиадаларға қатыстым. Сондай-ақ, мектепте робот құрастыру сыныбын аш­тым. Үлгерімім өте жақсы әрі мектепте белсенді болғандықтан, мектеп әкімшілігі маған тағы бір стипендия тағайындап, оқуды осы жерден аяқтауыма мүмкіндік берді.  width= – Америкаға оқуға келе сала мек­теп­те робот құрастыру сыныбының ашылуына түрткі болғаныңызға қара­ған­да техникалық ғылымдарға Қазақ­станда жүріп қызыққан болдыңыз ғой? – Негізі, елде оқып жүргенде гумани­та­рия­лық ғылымдарға жақын болдым. Амери­каға келгенде техникалық ғылымдарға қы­зы­ғушылығым ауып, математикадан қосым­ша сабақтар алдым. Сөйтіп, бірте-бірте ғы­лым­ға ден қоя бастадым. Елде жүргенде мен оқыған америкалық мектептің брошура­сынан робот құрастыру сыныбы бар екенін оқыған болатынмын. Бірақ осында келген соң ІТ бойынша сабақ беретін мұғалім ол мектептің жабылып қалғанын айтты. Сөйтіп, оны қайта ашу туралы ұсыныс айтып, ко­манда жасақтадым. Алғашқы жылы елең еткізетіндей ештеңе жасай қоймадық. Ал 10 сыныпта түрлі әлемдік жарыстарға қатысып, көп­теген жүлде алдық. 12 сыныпта ғима­рат­ты өрт шалғанда немесе тағы басқа апатты жағ­дай болғанда ішіне кіре алатын авто­ном­дық робот құрастырдым. Осылайша, жаңа тех­нология құрастыруға әуестеніп, ақырында Атлантадағы Эмери университетіне оқуға түсіп, компьютер ғылымы және экономика мен математика мамандығы бойынша қос дип­лом алып шықтым. Қазір өз мамандығым бойынша Джорджия технология институ­ты­ның магистратура бөлімінде оқимын.  width= – Университет бітіре сала әлемдегі ең ірі автокөлік өндірушілердің бірі – Porshe компаниясының бас кеңсесіне жұ­мыс­қа тұрыпсыз... – 4-курста оқып жүргенде жүзден астам компанияға түйіндеме жібергенмін. Бірақ ешқайсысынан жауап келмеді. Оның үстіне, ол кезде президент болған Дональд Трамп иммигранттардың, шетелдік студенттердің Америкаға көптеп келуіне қарсы еді, сон­дықтан бірден жұмыс табу қиын болды. Оған қоса, ол уақытта университетте компью­терлік бағдарламалау бойынша зерттеу жүргізетін зертханада және жатақханада тәр­биеші болып жұмыс істедім. 1-курс сту­дент­теріне бағдарлама жасақтаудың қыр-сырын үйретіп, сұхбат ұйымдастыруға жауапты болдым. Бұдан бөлек, оларға бір жыл бойы студенттік өмірге төселуге, дұрыс курс таңдауға, емтиханды ойдағыдай тап­сыруға көмектестім. Сөйтіп жүргенде бір күні бір топ адам жыл сайын ұйымдастыры­ла­тын жұмыс жәрмеңкесіне бардық. Бұл жәр­меңкеге қатысатын ірі компаниялардың көбі шетелдік студенттерді жұмысқа ал­майды, Porshe де солардың қатарында. Мұны білген мен Porshe-нің өкілдеріне түйін­демемді тастау бекер деп ойладым. Бірде досым Porshe-нің әлгі өкілдері көпшілікке сый ретінде ойыншық кішкене көлік таратып жатқанын айтты. Естелік болсын, ала салайық деп олардың қасына барып, әлгі сыйлықты біз де алдық. Сол кезде мүмкін­дікті пайдаланып, Porshe-нің рекрутерімен сөйлесіп, түйіндемемді тастап кеттім. Бірақ әлгінде айтқандай шетелдік студенттерді қабылдамайтынын ескеріп, олардан жауап күтпедім. Екі апта өтер-өтпес уақытта әлгі рекрутер қоңырау шалып, кадр бөліміне хабарласуым керек екенін айтты. Сөйтіп, ұзаққа созылған, төрт кезеңнен құралған процесс басталып кетті. Бірақ мен ол кезде тұңғыш дербес компьютерді ойлап тапқан ІВМ компаниясына да құжаттарымды тапсырып, жұмысқа тұруды көздеп жүрген­мін. Сол уақытта ІBM өкілдері презентация жасау үшін мені Чикаго қаласына жіберген еді, бірақ олар жұмысқа алатынын-ал­майтынын мамыр айында нақты айтамыз деген болатын. Ал наурыз айында төртінші кезең аяқталған бойда Porshe-нің өкілдері хабарласып, жұмысқа қабылдауға әзір екенін, екі-үш күнде жауап беруім керек екенін айтты. Оларға басқа компанияның жауабын күтіп отырғанымды айтып, бастап­қыда онда жұмыс істеуден бас тарттым (күліп). Сосын екі күннен соң кадр бөлімінен қайта хабарласып «Жасаған презентацияңыз менеджерге қатты ұнады. Қажет болса, сізді мамырға дейін күтеміз» деді. Сөйтіп, мамыр айы келгенде ІВМ өкілдері барлығы маусым айында нақты белгілі болатынын айтып, уақытты созып жүрді. Ақырында ол жұмыс­тан бас тартып, Porshe компаниясына жұ­мысқа тұрдым.  width= – Porshe-де қандай қызметке жауап­ты болдыңыз? –Онда дата сайнтист қызметін атқардым, мұнымен қоса консалтинг бағыты бойынша жұмыс істедім. Porshe маркалы көлігін ал­ғысы келетін клиент оны біз арқылы өз ойындағыдай етіп, әрлеп, сәндеп, өңдей алады. Мен жұмыс істеген веб-сайт арқылы олар «Маған осындай қозғалтқыш керек», «Маған екі орынды көлік керек», «Орын­ды­ғыма аты-жөнімді жаздыртып алғым келеді» деген секілді параметрлерді таңдайды. Мен сол параметрлерден алгоритм құрастырып, олардың қалағанына ұқсайды-ау деген әрі қалтасы көтере алатын опциялар ұсынамын. Бұған қоса, жоғарыда айтып өткенімдей, консалтинг бойынша туындаған мәселелерді қарастыруға жауапты болдым. Әлемді жай­лаған пандемия көлік саудасына кері әсе­рін тигізетіні белгілі. Сол кезде біз компания басшылары мен серіктестерге деректер мен сандарға сүйеніп, алгоритм жасап шығара­мыз. Яғни, оларға «Біздіңше, мына модель жақ­сы сатылатын секілді. Мұның сатылуына экономикалық фактор әсер етеді деп бағалап отырмыз» дегендей ұсыныстар айтамыз. – Microsoft компаниясының өкілдері сіз­ге өздері хабарласып, жұмысқа ша­қыр­ған деседі... – Өзіңіз білетіндей Linkedin желісі арқылы жұмыс табу, жұмысшы табу да оңай. Сол Linkedin-де «ілулі» тұрған түйіндемемді көрген Microsoft рекрутері маған хабарласып, мен тұрып жатқан Атланта қаласында екі мың қызметкер жұмыс істейтін жаңа кеңсе ашылып жатқанын жеткізіп, сонда жұмысқа тұру мүмкіндігі бар екенін айтты. Сөйтіп, Porshe-дегідей мұнда да төрт кезеңнен мү­дірмей өтіп, осында жұмысқа ауысу туралы шешім қабылдадым. Қазір Microsoft-тің Атлантадағы кеңсесінде инженер-програм­мист болып жұмыс істеймін. Негізі, Microsoft-қа жұмысқа тұрғанға дейін де бағдарлама жа­сақтау ісіне қызығып жүргенмін. Қазір өзі­ме қызықты бұл іспен айналысып жүр­геніме шүкір етемін.  width= – 2020 жылғы 3 маусым күні Microsoft әкімшілігі қазақ тілінің Microsoft Translator тілдер тобына қосылғанын хабарлап, Microsoft Translator-дың блогында «Қазақ тілі, қош келдің! (Welcome, Kazakh!)» деп жазба жариялаған болатын. Сондай-ақ, биыл ақпан айын­да қазақ тілінің Microsoft Teams плат­фор­масына кіріктірілгенін мәлім­деді. Мұн­дай кезде қазақ тіліне қатысты жаңа­­лықтарды бірінші еститін болар­сыз? – Негізі, Microsoft – үрім-бұтағы алып бәй­­теректің тамырындай тарам-тарам болып кеңге жайылған компания. Мысалы, Microsoft-тың бір тарамы – Microsoft Оffice-тің Word, Excel, PowerPoint және OneNote сияқты бағдарламалары күн сайын жаңарып отырады. Одан бөлек, күніне поштаға бес жүзден астам хат келеді. Мұның барлығын қарауға, бақылауға уақыт таба алмайсың. Айына бір рет дивизиялар, соның ішінде белгілі бір өнім әзірлеуге жауапты коман­далар үлкен жиналыс өткізеді. Бұл жиында әр команда өз бағыты бойынша атқарған жұмысын пысықтап, алдағы уақытқа жоспар құрып, болжам жасайды. Сол себепті Microsoft-та қазақ тіліне қатысты жаңалық­тарды бірінші естимін деп айта алмаймын. – Жеке сайтыңызға кіргенімде латын әліп­биіне ауыстыратын Qazconverter бағ­­дарламасын жасағаныңызды байқа­дым. Бі­рақ қазір бұл бағдарлама істе­мей­тін секілді. Мұндай жобалар аса қа­жет уақытта мұны ары қарай дамытуға неге тырысып көр­ме­діңіз? – Мен бұл бағдарламаны екі жыл бұрын елде латын әліпбиіне ауысу енді-енді тал­қы­ланып жатқанда жасағанмын. Сол уақытта веб-сайт жасаудың қыр-сырын үйреніп жүр­ген едім. Сосын өзім де бірдеңе үйренейін, өз­ге­лерге де пайдасы тисін деп осы бағдар­ламаны әзірледім. Бірақ мен мұны латын әліп­биінің ескі нұсқасы бойынша әзірледім. Сол кезде бұл жобам көпшілікке анау айтқандай жаңалық болмады, ешкімнен қол­дау таппады. Бұған қоса, ол уақытта ла­тын әліпбиіне түгелдей ауысу мүмкін еместей көрінді. Бірақ мен Qazconverter-ді бір ай бойы дамытуға тырыстым. Instagram-да Qazconverter-дің атынан арнайы бот-парақ­ша ашып, ол ботты арнайы енгізілген хэш­тегтер арқылы қолданушылардың парақ­шасындағы суреттеріне лайк басып, пікір қалдыратындай етіп жасап қойдым. Кейін­нен оны Instagram жауып тастады. Өйткені бұлай жасау – дұрыс емес. Сосын мен де Qazconverter-ді жабуыма тура келді. Жұмыс пен оқуды қатар алу қиынға соғып жүрген уа­қытта басқа маңызды бағдарламаны құрас­тыру, оны дамыту оңай емес. Жалпы, бағ­дар­лама жасақтау бойынша орыс және қазақ ті­лінде онлайн курс жасауға бұрыннан қы­зығып жүрмін. Магистратураны аяқтаған соң, осы істі шындап қолға алуды жоспарлап отырмын.  width= – Әлеуметтік желідегі парақшаңызға Абай­дың «Желсіз түнде жарық ай!» өлеңін ағылшын тіліне аударып, жа­риялап, қазақ мәдениетімен мақ­тана­тыныңызды айтып, қазақ шығарма­ларын ағылшын тіліне неге аудармасқа деп жаздыңыз. Тіпті шетелдіктердің ау­дармаңызға тамсанып, өлеңге қы­зық­қанын байқадым. Келесіде қандай шы­ғарма аудармақсыз? – Иә, сол нұсқам әсіресе шетелдік дос­тарым мен әріптестеріме қатты ұнады. Неге еке­нін білмеймін, соңғы кезде қазақша өлең­дерді ағылшын тіліне аударуға құлшынысым артып жүр. Оның үстіне, қазақ тіліндегі кере­мет туындылардың көбі ағылшын тіліне аударыла бермейді ғой. Поэманы бірден аудару қиын, сол себепті прозадан бастау керек. Қазір Абайдың қара сөздерін аударып жа­тырмын. Әзірге екі қара сөзін ғана ау­дардым. Сосын «Қозы көрпеш-Баян Сұлу» пье­сасын аударғым келеді. Негізі, менің атам – Ибраһим Бек­ма­ха­нов ақын, жазушы болған кісі. Жазу­шылар және Журналистер одағының мүшесі, «Ақпарат саласының үздігі» болған. Әде­биетке, мәдениетке қызығушылығымды оятқан – сол атам. Ол екеуіміз Алматыда М.Әуезов театрына түрлі қойылымдарды тама­шалауға жиі баратынбыз. Жалпы, мен әрдайым мынаны айтамын: әр қазақ кем де­генде өнерден Әбілхан Қастеевтің, музыкадан Шәмші Қалдаяқовтың, поэзиядан Абай Құнан­баевтың, ал прозадан Мұхтар Әуезов­тың өмірбаяны мен туындыларын біліп жүруі керек. Біздің мәдениетімізді осы кісі­лер­дің туындылары арқылы бірден танисыз десем, артық емес. [caption id="attachment_145822" align="alignnone" width="800"] width= Алмас ата-әжесімен бірге[/caption] – Сөз соңында өзіңіз секілді жас­тайы­нан білім, ғылым жолын қуып жүр­ген оқушыларға не айтасыз?

– Уақытыңызды қадірлей біліңіздер дей­мін. Өз басым уақытты өте қадірлеймін. Өйт­кені біздегі ең қымбат зат – уақыт. Сосын мек­теп оқушыларына айтарым – кітапты көптеп оқыңыздар. Үй тапсырмасы ретінде үзіндісін ғана оқуға беретін шығармалардан бөлек, өзге кітаптар оқыңыздар. «Кітап – бі­лім бұлағы» деп бекер айтпайды. Сосын тағы бір маңызды жайт, біреудің жетегіне ермей, айтқанына көнбей, күндіз-түні, жатса да, тұр­са да ойынан кетпей, қызығушылығы ора­сан сала бойынша оқыңыздар дегім келе­ді. Түсінемін, мектеп қабырғасында жүргенде болашағыңды қай саламен байланыстырғың келетінін анықтау қиын. Десек те белгілі бір салаға құштарлығың артып, ұмтылып тұр­ға­ныңды түсінген сәт келгенде оны уыс­тарыңыз­ға мықтап ұстап алып, әрмен қарай да­мыта беріңіздер. Ойыңыз бен бойыңызға сай келмейтін сала бойынша жұмыс істеудің қажеті жоқ. Мысалы, бізде экономика бойын­ша төрт жыл білім алып, ақыр аяғында басқа мамандық бойынша жұмыс істеп жүргендер жетерлік. Олардың жұмысына ынтасы жоқ екені жүзінен-ақ көрініп тұрады. Ештеңеге қызықпайтын олар таңертең сағат тоғыздан кешкі беске дейін алтын уақытын бекерге өткізіп жүреді. Сол себепті осындай күйге түспес үшін мектепте оқып жүргеннен бастап өз салаңызды адаспай тауып алуға тырысыңыз.

Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ