1402
Азат елдің армиясы − тәуелсіздік тірегі
Азат елдің армиясы − тәуелсіздік тірегі

Армия − елдің айбыны. Мемлекет тұтастығы мен қауіпсіздігінің ең басты кепілі. Демек, елдің Қарулы күші қаншалық мықты болса, сол елдің өсіп-өркендеуі мен дамуы да соншалық қалыпты жағдайға айналады. Сондықтан өзге елдер сияқты Қазақстан үшін де әскери күштердің маңызы ерекше.
Іргетасы осыдан 30 жыл бұрын қаланып, кейін айбарлы армияға айналған Қазақстан Қарулы Күштері тәуелсіз Отанымыздың тірегіне айналды. Қазір ол құрлықта және теңіз бетінде он бес жарым мың шақырымға жуық шекарамызды кірпік қақпай күзетіп, қорғап тұр.
Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылуы
Жиырмасыншы ғасырдың соңғы онжылдығында жүз берген оқиғалар күллі әлемде жаңа дәуірдің басталғанын көрсетті. Күн сайын болып жатқан өзгерістердің соңы КСРО атты алып империяның шаңырағын шайқалтып, оны әбден тұралатты. Осындай кезде ел болашағын ойлаған Қазақстан басшылығы да бұдан әрі тәуелсіз дербес саясат жүргізу қажетін терең сезінді.
1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданды. Декларацияда Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі жарияланып, елдің саяси-құқықтық тәуелсіздігінің бағдарламасы берілді. Сондай-ақ, аса маңызды бұл тарихи құжатта «Президент − Республиканың басшысы, ең жоғарғы әкімшілік-атқарушылық биліктің иесі ретінде таныла отырып, Жер, оның қойнауы, су, әуе кеңістігі, өсімдіктер мен хайуанаттар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар, халықтың мәдени және тарихи қазыналары, бүкіл экономикалық, ғылыми-техникалық әлеует Республика егемендігінің негізін құрай отырып, оның ерекше меншігінде болатыны» көрсетілді. Осындағы ең маңызды − «Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі мен Президентке бағынатын, солардың бақылауында болатын өз ішкі әскерлерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын ұстауға Қазақ КСР-нің құқы бар» деген пункт болды. Бұл бүгінгі Қазақстан Қарулы Күштерін құрудың ең алғашқы қадамы еді. 1991 жылы 25 қазанда Қазақстан Президентінің Жарлығымен Қазақ КСР-інің мемлекеттік қорғаныс комитеті құрылды. Кейін еліміздің қорғаныс саласы толық түрде өз қолымызға тиюіне байланысты, аталған құрылым Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. Ал еліміз толық тәуелсіздігіне қол жеткізгеніне жарты жылдай уақыт өткенде 1992 жылғы 7 мамырда Қазақстанның Тұңғыш Президентінің Жарлығымен Қазақстан аумағына орналасқан Қарулы Күштер өздерінің барлық мүлкімен еліміздің қарауына өтті. Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы міндеті Қазақстан Президентіне берілді. Ал еліміздің қорғаныс ісімен тікелей шұғылданатын Қазақстанның бірінші Қорғаныс министрі болып генерал-полковник Сағадат Нұрмағанбетов тағайындалды. Солайша 1992 жылы 7 мамырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің құрылғанын заңды түрде бекітті.
2003 жылы Құрлық күштерінің өңірлік қолбасшылықтары құрылды. Ол мынадай төрт өңірлік қолбасшылықтан тұрады: «Астана» өңірлік қолбасшылығы (Ақмола, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімшілік шекарасында орналасқан. Қолбасшылық штабы Қарағанды қаласында), «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы (Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының әкімшілік шекараларында орналасқан. Қолбасшылық штабы Семей қаласында), «Батыс» өңірлік қолбасшылығы (Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарының әкімшілік шекараларында орналасқан. Қолбасшылық штабы Атырау қаласында), «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы («Оңтүстік» Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарының әкімшілік шекараларында орналасқан. Қолбасшылық штабы Тараз қаласында). Өңірлік қолбасшылық құрамына орталық бағынысты бөлімдер мен Әуе қорғанысы күштері әскерлерінен басқа аумақтық бөлініс шегінде орналасқан әскери бөлімдер кіреді.
Қазақстан Республикасы Президентінің 7 мамыр 2003 жылғы жарлығына сәйкес құрылған Әскери-теңіз күштерінің негізгі әскери қимыл аудандары – Каспий теңізі шекара аймақтары.
Ал уақыт жағынан бәрінен бұрын, 1998 жылы 1 маусымда құрылған Әуе қорғанысы күштері Қазақстан Республикасының әуе шебі қорғанысын қамтамасыз етіп, Мемлекеттік, әскери және әкімшілік нысандарды әуе шабуылынан қорғау және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің басқа құрылымдарына авиациялық көмек көрсету міндетін орындайды. Қазақстанның Қарулы Күштері − Қазақстан Республикасының әскери құрылымы әскери басқару органдарын, Қарулы Күштердiң түрлерiн, арнайы әскерлердi, тыл, әскери оқу орындары мен ғылыми мекемелердi қамтиды. Соғыс уақытында құрамына Қорғаныс министрлігіне қарайтын әскер түрлерiнен басқа Ішкi iстер министрлігінiң iшкi әскерлерi, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң шекара қызметi және басқа да әскерлерi, республикалық «Ұлан», азаматтық және аумақтық қорғанысты басқару мен құру органдары кiредi.
Әскери мамандар даярлау – стратегиялық мәні бар іс
Бүгінгі армияны жасақтау Қарулы Күштер қатарын сарбаздармен толтырып, оларды толық қаруландырумен ғана шешілмейді. Әскерді құрылымдау, жаттықтыру, дайындау, әскери арнаулы маман иесі етудің бәрі арнайы мамандардың қатысуынсыз шешілмейді. Бұл тұрғыдан алғанда, елімізде әскери мамандар даярлайтын арнаулы оқу орындарының барының қайта құрылымдалып, жоғының ашылуы заманға сай жан-жақты жетілген армияға ие болу үшін атқарылған маңызды шаруа.
Кеңестік кезеңде елімізде бірлі-жарым әскери оқу орындары болғанымен, онда қазақтардан әскери мамандардың мүлде аз дайындалғаны белгілі. Сондықтан Қазақстан Қарулы Күштерін құрған шақта оны жергілікті ұлт өкілдерінен шыққан әскери мамандармен толықтыру оңайға соқпады.
Барлық саладағы әскери мамандарды даярлайтын орта және жоғары арнаулы әскери білім беретін оқу орындарының міндетіне еліміздің Қарулы Күштеріне қажетті командирлер, тәрбиешілер мен әлеуметтік-құқық саласының кызметшілері, инженер-техниктер, т.б. арнаулы мамандар даярлау, олардың біліктілігін арттыру, әскери білімін көтеру, дайындықтарын жетілдіру жатады. Әскери оқу орындарында әскери басшылық саласына маманданып, жалпы тактика мен арнаулы әскер түрлерінің тактикасын оқып үйренеді, қару мен әскери техниканы меңгеріп шығады. Бұдан басқа қоғамдық ғылымдарды оқып игеріп, әскери педагогика мен әскери психологияны, армиядағы саяси-ұйымдастырушылық жұмыстарын меңгереді.
Тәуелсіздіктен бергі жерде Қазақстанда көптеген әскери оқу орындары Қарулы Күштерімізге керекті маман даярлаумен табысты түрде айналысып келеді. Соның бірі − Алматы жоғары әскери академиясы. 1918 жылы Түркістан әскери округінің училищесі ретінде ашылған бұл оқу орны 1969 жылы Орта Азия әскери округінің училищесі, 1970 жылдан Маршал И.Конев атындағы Алматы жоғары әскери училищесі аталды. Кейін 1997 жылы 11 ақпанда Алматы Жоғарғы әскери академиясына айналдырылды. Ал 2002 жылы Әскери академияның орнына Құрлық әскерінің институты мен Ұлттық қорғаныс әскери университеті атты екі жоғары әскери оқу орны пайда болды. Құрлық әскерлерінің әскери институты құрлық әскерлері мен әуе десанттары үшін командирлер дайындаса, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті − Елбасы атындағы Ұлттық Қорғаныс университеті әскери саланың барлығын қамтитын тоғыз факультеттен тұрады. Оларда магистратура бағдарламалары бойынша стратегиялық, жедел-стратегиялық және жедел-тактикалық басқару буынының әскери кадрларын даярлайды. Сонымен әскери кадрларды қайта даярлап және біліктілігін арттырады, іргелі және қолданбалы әскери-ғылыми зерттеулер жүргізеді.
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі академиясы арнаулы, көпсалалы оқу орны. Онда ұлттық қауіпсіздік органдарының жедел, техникалық және басшы қызметкерлерін дайындайды. Сондай-ақ, мамандарды қайта дайындау және біліктілігін арттыруды да міндетіне алады.
Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің әскери институты – еліміздегі авиация мамандарын даярлайтын әскери жоғары оқу орны. 1974 жылы ашылған. Институт Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылы 4 маусымдағы № 688 «Ақтөбелік жоғары азаматтық ұшқыш авиацияны Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің әскери институтына ауыстыру туралы» қаулысымен құрылған. Сонымен қатар бұл білім ордасы Ұжымдық қауіпсіздік келісімі ұйымы мүше мемлекеттерінің Қарулы Күштеріне әскери кадрларды бірігіп даярлайтын оқу орындардың тізіміне қосылған.
Әскери-теңіз институты − ҚР ҚМ Жоғары әскери-теңіз училищесі ҚР Үкіметінің 2001 жылғы 1 наурыздағы №314 қаулысына сәйкес Ақтау қаласында кәсіби-техникалық мектептің базасы негізінде құрылған. ҚР Үкіметі 2003 жылдың 10 шілдесі №684 «ҚР ҚМ кәсіби білім беру әскери-оқу мекемелерінің атын ауыстыру туралы» қаулысымен «Әскери-теңіз институты» мемлекеттік мекемесі болып өзгертілді. Еліміздегі өз саласындағы бұл жалғыз ЖОО Әскери-теңіз күштері мен ҰҚК Шекара қызметінің теңіз бөлімдері кемелері мен жағалау бөлімдеріндегі, сонымен бірге теңіз кемелерінде, ішкі жүзу кемелерінде және ҚР азаматтық флотының өзен-теңіз жүзу кемелеріндегі қызметке арналған мамандарды, сондай-ақ кемелерді жүргізу, кеме байланыс құрал-жабдықтары, кеме іштен жану қозғалтқыштары мен электр құрал-жабдықтары мамандарын даярлайды.
Бүгінгі армия заманауи әскери үрдістерден шет қалуға болмайды. Сондықтан әскери байланыс пен әскери инженерия саласы дамымаған армия әлсіз саналады. Осыны ерте бастан ескерген еліміздің әскери саласына жауапты тұлғалар қазақ Қарулы Күштерін құрғаннан бері бұл салаға мықтап назар аударды десе де болады.
1995 жылы Азаматтық авиация академиясы жанынан әскери факультет ашу туралы шешім қабылданды. Әскери факультет ұшуды радиотехникалық қамтамасыз ету мамандығы бойынша мамандар даярлауда ерекше рөл атқарды. 2001 жылы 15 қазанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1330 қаулысымен Азаматтық авиация академиясы жанындағы әскери факультет толыққанды әскери жоғары оқу орнына айналып, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты (РЭжБӘИИ) жаңадан құрылды. Солайша, бұл оқу орны қазіргі күнде Орта Азия елдеріндегі радиотехникалық мамандықтар бойынша офицер-инженерлер даярлайтын тұңғыш және жалғыз әскери жоғары оқу орны болып отыр.
Елімізде бұлардан басқа Қазақстан ІІМ Ішкі әскері Петропавл жоғары әскери институты, Ш.Уәлиханов атындағы Кадет корпусы секілді білім ордалары мен жоғары оқу орындары жанындағы офицерлер даярлайтын әскери кафедралар, курстар бар. Елордадағы армия генералы Сағадат Нұрмағанбетов атындағы «Жас ұлан», Алматыдағы Бауыржан Момышұлы атындағы және Қарағанды, Шымкент қаларындағы әскери бағыттағы орта арнаулы мектептер де болашақ әскерилер дайындауға мол үлестерін қосып жатыр.
Қысқа мерзім ішінде өз Қарулы күштерін құрып қана қоймай, оған керекті мамандарды дайындайтын әскери оқу орындарын қалыптастыру − Қазақстан Республикасының бұл саладағы жетістіктерін паш етсе керек.
Армияның күші қарулану деңгейінде
Қазақстанда кеңестік дәуірде үлкен әскери күш шоғырланған-ды. КСРО тараған шақта елімізде 200 мыңнан астам жеке құрамы бар қуатты арсеналға ие және сол тұстағы жоғары техникамен қаруланған армия бар еді. Бұлардан басқа Ембі, Сарышаған, Семей, Байқоңыр әскери полигондары, ғарыш айлағы, бірнеше әскери қару-жарақ қоймасы болды.
Қазақстанда мұншама әскери күштің шоғырлануына өткен ғасырдың екінші жартысында КСРО мен Қытай арасында болған қақтығыс себеп болып, шекараны нығайтуға қатты мән берілген-ді. Сондықтан Қазақстанда 68, 80, 155, 203-мотоатқыштар дивизиясы, 78 танк дивизиясы, 22 арнаулы бригада,
57 арнаулы десанттық бригада тұрды.
Сонымен бірге жерімізде әрбірінде 48 оқ тұмсығы қойылған үш дивизиядан тұратын КСРО-ның Стратегиялық зымыран арнаулы кешендері, 240 қанатты зымырандармен жарақтанған, 40 Ту-95 ұшағынан тұратын бомбалаушы 79-авиация армиясы, Семейдегі 1350 танкке ие 5202-танк дивизиясы бар болатын. Мұның сыртында 5203, 5204-әскери қоймаларда мыңдаған түрлі қару-жарақтар, артиллериялық қарулар болды. Ал еліміздің оңтүстік облыстарында төрт мотоатқыштар дивизиясы, Талдықорған мен Аягөздегі әскери ұшақ базалары болды. Міне осының бәрі Кеңес Одағы тарағанда елімізде қалған еді. 1989 жылы Ауғанстаннан шығарылған 40-армия да Қазақстанға орналасқан-ды. (Оның үстіне Кеңес Одағының ядролық оқ тұмсықты арсеналдары қазақ жерінде қалды).
Он жылдық ауған соғысын бастан өткерген 40-армия сол елден шығарылып, Қазақстанға орналастырылған соң 32-армия болып қайта құрылып, оның командованиесі Алматыда еді. (Ол кезде Орталық Азиядағы барлық қарулы күштер штабы Ташкент қаласында орналасқан Түркістан әскери округіне қарайтын). Міне осы армияның командирі (кейін ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары болған) Анатолий Семёнович Рябцев 1992 жылдың ақпан-сәуір айларында ТуркВО қолбасшылығы мен оның командирі генерал-полковник Г.Кондратьевке бағыныштылығын тоқтататынын, бұдан былай тек Қазақстан Президенті Н.Назарбаевқа бағынатынын айтып жеделхат жіберді. Сөйтіп Ауғанстаннан шыққан армия Қазақстанның Қарулы
Күштерінің құрамына алынып, кейін таратылды.
Міне, Қазақстанның Қарулы Күштері құрылар алдында елдегі әскери күштің салмағы осындай еді. Бірақ таратылған армияның орнына өз қарулы күштерін құрып, әскери мамандарды өз күшімен даярлай бастаған Қазақстан аз ғана уақытта көздеген мақсатына жетті.
Әрине, ел басшылығы КСРО-дан мұраға қалған ядролық арсеналдан бас тартты, дегенмен сол кездегі елімізде қалған әскери қарулар өз армиямызды жабдықтауға пайдаланылды. Бірақ уақыты өткен қарулардың орнын жаңа қарулармен толықтырып, заманға сай жарақтануды мақсат еткен елдің армиясы бүгінде үлкен әскери әлеуетке ие.
Елімізде 6 жарым миллиондай адам әскерге жарамды деп танылған, ал жыл сайын 250 мыңнан аса жастар әскерге шақыру жасына толады. Қазір Құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы күштері, Әскери-теңіз күштеріне бөлінген Қазақстан армиясы қатарында 110 мыңға жуық адам әскери қызметін өтеп жатыр.
Қазақстан Республикасы қорғаныс саласына 2006 жылы 80,5 миллиард теңге бөлсе, 2016 жылы ол 434,1 миллиард теңгеге жеткен.
Ашық мәліметтерге көз салсақ, Қазақстан армиясында жеті жүздей танк, мың жарымнан аса жаяу әскерге арналған ұрыс көліктері, жеті жүздей барлау көліктері, мыңға жуық сүйрелмелі және өзі жүретін артиллерия, төрт жүздей дүркіндетіп ататын реактивтік жүйе, жағалауды қорғайтын жиырмадай кеме, үш жүзге жақын ұшақ (оның үштен бірі тосқауылшы жойғыш ұшақ), екі жүздей шабуылдаушы жойғыш, бомбалағыш ұшақ, жетпістей жүк ұшақ, тікұшақ, жиырмадан аса оқу-жаттығу ұшағы, шабуылдаушы тікұшақтар бар. Бұлардан басқа Испаниядан алынған әскери жүк ұшақтары, Ресейден әкелінген Су-30СМ, Ми-17, Ми-171 ұшақтарын да айтып өтсек болады және ресейлік бірнеше С-300 зенитті-зымыран кешені бар.
Global Firepower халықаралық компаниясының осы жылдың басындағы зерттеуіне сәйкес, 138 елдің ішінде Қазақстан әскери әлеуеті жөнінен 62-орында тұр. Басылым қорғаныс шығындарының деңгейі, технологиялар мен жабдықтардың арсеналы, армия саны, танктер, кемелер, ұшақтар және басқа әскери техниканың саны, мұнай өнімдеріне қолжетімділік және ұрысқа әсер ететін басқа мәліметтерге қатысты 50 фактор негізінде бағалаған көрінеді.
Бүгінде елімізде қорғаныс өнеркәсібі де дамып келеді. «Қазақстан Аселсан Инжиниринг», «Семей Инжиниринг» АҚ, С.Киров атындағы зауыт, «Гранит-Талес Электроникс ЛТД» БК, «Орал» кеме зауыты, Kazakhstan Paramount Engineering бірлескен кәсіпорындары бар. Оларда жасалып шыққан отандық «Арлан» бронемашинасы, танктер мен әскери кемелер еліміздің Қарулы Күштерін жабдықтаумен шектелмей, өзге елдерге де сатылып жатыр. Бұл Қазақстанның болашақта қару жасау саласында күшейіп, әскери жағынан мықты елге айналуына әкелуі бек мүмкін.
Сосын ерекше бір айта кететін нәрсе − қазақ армиясының БҰҰ бітімгерлік миссиясына қатысуы. Шын мәнінде, мұндай халықаралық мәні бар миссияларға кез келген елдің әскері жіберіле бермейді. Бұл жөнінен қазақ армиясы әзірге Орталық Азиядағы жалғыз мемлекет. Кезінде ауған-тәжік шекарасында өз миссиясын ерлікпен атқарған қазақ сарбаздарының батырлығын күллі әлем таныды. 2003 жылдан бастап бес жылдай уақыт Иракта соғыс болған жерлерді минадан тазарту, жергілікті халықты саперлікке үйрету т.б. жұмыстарды шеберлікпен атқарып, 4 миллионнан аса жарылғыш заттың көзін жойған, өзге де елдерде болып, біліктіліктің жоғары дәрежесін көрсеткен қазақ әскерилерінің табысы мақтаныш етуге тұрарлық.
30 жылдық белестен бір қарағанымызда, құрлықта және теңіз бетінде он бес жарым мың шақырымға шамалас шекарасын толығымен даусыз бекітіп алған Қазақстан Республикасы бүгінде азат Отанның тыныштығын қорғап, халқын барлық қауіп-қатерден сақтап, әлемдік үдеріспен бірге дамып келеді. Ал сол табысқа жету жолында еліміздің Қарулы Күштерінің төккен тері мен жұмсаған қажыр-қайраты өлшеусіз.




