289
Борышкерді бопсалайтын өктем коллекторлар
Борышкерді бопсалайтын өктем коллекторлар
«Берсе қолынан, бермесе жолынан» принципін ғана басшылыққа ала ма?
Бүгінде несиенің көмегіне жүгінбейтін жандардың қатары аз. Олардың арасында алған несиесін қайтара алмай қиналып жүргендер қаншама. Мұндай тұтынушылардан қарызын өндіріп алу үшін банктер де қарап қалмайтыны белгілі. Ал қарызын қайтармаған азаматтарға банк қызметкерлерінің шама-шарқы жетпесе, бұл жұмысты әрі қарай коллекторлар жалғастырады. Қазір депутаттар «Коллекторлық қызмет туралы» заң жобасын талқылау үстінде. Бірақ біздің елде бұл қызмет туралы толыққанды түсінік қалыптасып үлгермеді.Коллекторлық қызмет қайдан пайда болды?
Коллекторлар қызметіне жүгінетін мемлекеттер қатарында әлемнің бірқатар елдері бар. Тіпті, бұл қызметтің нәтижесін көріп отырған мемлекеттер де жетерлік. Негізінен, коллекторлық қызмет түрі ең алғаш 1960 жылы АҚШ-та пайда болған. Бұл елде бүгінде мыңдаған коллекторлық агенттіктер жұмыс істейді. Ең бастысы, америкалық банктердің ешқайсысы да қарызын өтемеген борышкерлермен жұмыс істемейді. Борышкерлермен жұмыс істеу коллекторлардың міндетіне жүктелген. Коллекторлық қызмет Батыс Еуропада сексенінші жылдардың басында пайда болса, Ресей мемлекеті 2003 жылдан бастап коллекторлық агенттіктердің кәсіби қызметіне жүгіне бастады. Коллекторлық қызмет Қазақстанда 2009 жылдан бастап қолданысқа енді. Бұған дейін біздің елде коллекторлардың қызметіне жүгінудің қажеттілігі болған жоқ. Мұның себебі елімізде тұтынушыларға кепілсіз несие беру кейінірек қолданысқа енгендігімен байланысты. Тамыз айында жарияланған статистикалық деректерге сүйенсек, қазіргі уақытта елімізде түйткілді несиені қайтару үшін 35 банктің 17-сі коллекторлық агенттіктердің қызметін пайдаланады. Елімізде 205 коллекторлық ұйым тіркелгенімен, олардың 10 пайызы ғана нақты коллекторлық қызметпен айналысуда. Оның ішіндегі 59 коллекторлық агенттіктермен қазақстандық банктер бірлесіп жұмыс жүргізеді. Үстіміздегі жылдың мамыр айындағы деректер бойынша, коллекторлық агенттіктер 894 050 борышкерден қарызын өндіріп алған. Бұл жеке тұлғаларға берілген барлық несиенің 17 пайызын құрайды. Дегенмен, бүгінгі таңда елімізде тіркелген коллекторлық компаниялардың жүргізіп отырған жұмыстары туралы ашық мәліметтер мүлдем жоқ. Айта кетейік, Ұлттық банктің деректеріне сүйенсек, елімізде 5 миллионнан астам азамат несие алса, оның 1 миллионнан астамы қарызын қайтармай жүрген борышкерлер қатарында. Төлем жасау мерзімі өткен қарызы бар борышкерлердің үштен екі бөлігі кредиторлардан қашып жүр. Оның ішінде уақыты міндетті төлеу мерзімінен 90 күннен асқан 1 миллион 40 мың қарыз алушы бар. Ал 661 мың 778 адам тұтынушылық несие алған.Талқылаудың бітер түрі жоқ
Коллекторлардың негізгі қызметі – борышкерлерден төлем жинау, кешіктірілген қарызды қайтару. Қазіргі уақытта бұл қызмет туралы арнайы заң жобасы қызу талқылануда. Жуырда ғана Мәжілісте «Коллекторлық қызмету туралы» заң жобасына өзгертулер мен толықтырулар енгізуге қатысты отырыс өтті. Жиынға депутаттар, үкіметтік емес ұйымдар мен коллекторлық компанияларда еңбек ететін мамандар, қоғам белсенділері қатысты. Айта кетейік, Ұлттық банк өкілдері 2016 жылдың көктемінде Мәжіліс депутаттарына «Коллекторлық қызмет туралы» заң жобасын таныстырған. Бірақ Ұлттық банк ұсынған құжат депутаттарға ұнай қоймады. Сол себепті де, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков аталмыш заң жобасының кем-кетігін келістіріп, депутаттар алдына қайта алып келген-ді. Алайда талқылаудың соңы құжаттың шикі тұстары әлі де бар екендігін айқындап берді. Жиынға қатысушылардың басым бөлігі қарызын қайтара алмай жүрген жұрттың жағдайына түсіністікпен қарау қажеттігін алға тартып, мұны заңдастыру керектігін тілге тиек етті. Жұрттың көбі амалсыздан несие алады. Бірақ мына бір ресми дерек бұл ойымызды өзгертуге мәжбүрлейді. Несие алып, уақытында қайтармаған 1 миллион борышкердің 85 пайызы банктен алған қарызын мақсатсыз жұмсаған. Яғни, олар қарызға алған қаражатты той жасауға, жөндеу жұмыстарын жүргізуге және алдыңғы қарызды қайтаруға пайдаланған. Қазір қарапайым халықтың коллекторлар туралы ой-пікірлері жағымды емес. Мұның да өз сыры бар шығар. Банктен алған берешегін қайтара алмай қиналып жүрген жандарды тығырыққа тіреу коллекторлар үшін еш қиындық тудырмайды. Банк несиесін төлемегеніне 90 күннен асқан борышкерлердің қарызын коллекторларға өзара келісіммен береді. Осыдан кейін коллекторлық агенттіктер борышкерлерге қысым көрсете бастайды. Ал Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева мұның адамгершілікке жат қылық екенін алға тартты. «Кредит алып, оны қайтара алмай күн кешіп жүрген жанның қарызына үстемақы қосып, құжатын коллекторларға ұстатып жіберу адамгершілікке жат. Несие алып, оны уақытында қайтара алмаған клиентпен банктің өзі айналысуы тиіс. Бір теңгесін екі теңгеге жеткізіп, несиесін жаба алмай жүргенге ерегіскендей, коллекторлар арқылы несие көлемін еселеу абырой әпермейтін іс. Ақшасы бола тұра, екі рет жем болуды ешкім де қаламайды. Сондықтан да, банк берешегі бар адамның жағдайын түсіністікпен қабылдап, өзара келісіммен айыппұлсыз қарызды өндіру жолын қарастырған жөн. Ары-беріден соң коллекторлық қызмет арқылы қарызды 100 пайыз өндірген күннің өзінде банкке оның жартысы ғана тиесілі екен. Ақыр соңында банктер несиенің 50 пайызын қайтарғанды қанағат тұтатын болса, азаматтарымызға неге тікелей шықпасқа?! Демек, бұл жерде коллекторлық қызметтің қажеті бар ма деген сауал туындайды», – деді жиын барысында Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева. Десек те, заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды әзірлеген мамандар бұдан былай қарызы бар азаматтарды коллекторға өткізбес бұрын оның жағдайына назар аударылатындығы туралы айтады. Олардың айтуынша, қазір нақты кімдердің коллектормен жұмыс істеуге болмайтынын анықталды. Олар – халықтың әлсіз тобы мен денсаулығы нашар азаматтар. Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева бұл тізімге жас балалары бар отбасыларды да енгізу қажет деп отыр. Себебі ата-анасына келіп сес көрсететін коллекторлардың әрекеті балалардың психологиясына кері әсер етуі мүмкін. Жалпы, коллекторлар қалай қызмет етеді? «Коллекторлық қызмет туралы» заң жобасы әлі де қабылданбағанын ескерсек, коллекторлық компаниялардың жұмысы заңға томпақ келмей ме? Елімізде коллекторлар үшін арнайы заң болмаса да, бұл олардың қызмет етуіне кедергі болып отырған жоқ. Себебі олар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің баптарын негізге ала отырып жұмыстарын жалғастыруға құқылы. Бұл ретте банктер коллекторлық компаниялармен тапсырма шарты, ақылы қызмет көрсету шарты немесе талап ету құқығын басқаға беру келісімшарттарының талаптарына сай жүргізеді. Демек, коллекторлардың жұмысы заңсыз емес. Бірақ коллекторлар мен борышкерлердің қарым-қатынасын, олардың құқықтары мен міндеттерін заң жүзінде айқындап беру керек. Қоғам Мәжіліс депутаттарының талқысынан шыға алмай жатқан заң жобасы осы мәселенің бәрін қарастырады деп сенім білдіруде.Заң кімнің құқығын қорғайды?
Күшіне енгелі тұрған «Коллекторлық қызмет туралы» заң жобасындағы өзгерістер несие алғандардың және банктерге қарызы бар адамдардың құқығын қорғау үшін енгізілген. Заңға сәйкес, коллекторлық компаниялар клиенттерге қатысты мәліметтерді құпия ұстауға міндеттеледі. Яғни, коллекторлық агенттіктер ең бірінші қауіпсіздік пен құпиялылықты сақтауы керек. Сонымен қатар, екінші деңгейлі банктер берешегі бар адамдардың ісін коллекторлық орталыққа өздігінен бере алмайды. Ол үшін алдымен қарызгердің рұқсатын алу керек. Ал борышкер мен коллектор арасындағы кездесу компания кеңсесінде өтіп жатса, кездесу кезіндегі әңгіменің барлығы аудио және бейнетаспаға жазылуы тиіс. Жазылған таспада коллектордың борышкерге дауыс көтеріп, сес көрсеткені анықталса, бұған қатысты бақылаушы арнайы шешім шығарады. Егер де аталған талаптар орындалмайтын болса, коллекторлық компания қызметкерлері заң бойынша жауапқа тартылады. Сонымен бірге, коллектордың заңсыз әрекеті әкімшілік құқықбұзушылықтан қылмыстық іске дейін қаралуы мүмкін. Сала мамандары заң жобасы қабылданған жағдайда борышкерлерге психологиялық қысым қолданатын көлеңкелі коллекторлық агенттіктердің қызметі шектеліп, осы бағыттағы шиеленістер төмендейтіндігін айтуда. Сөйтіп, осы уақытқа дейін бақыланбай келген коллекторлар қызметі бір тәртіпке келіп, борышкерлердің құқықтары қорғалатын болады. Одан бөлек, коллекторлардың борышкерлерді қай уақытта мазалауға болатындығы айқын көрсетіліпті. «Біз коллекторларға жұмыс күндері 8.00 – 21.00 арасында, ал демалыс күндері 10.00 – 17.00 аралығында ғана хабарласуды міндеттейміз. Қарыз алушымен байланысу бір күннің ішінде жеке кездесу болса бір реттен көп емес, басқа формаларда болса үш реттен аспауы керек», – дейді Ұлттық банк өкілдері. Мамандардың сөзіне сенсек, коллекторлық қызмет нарығындағы жағдай заңмен реттеуді талап етеді. Мәселен, Азаматтық кодекске сәйкес міндеттеме негізінде кредиторға тиесілі құқықты ол мәміле бойынша басқа адамға беруі немесе ол құқық заңнамалық құжаттың негізінде басқа адамға ауысуы мүмкін. Бұл ретте борышкердің келісімі талап етілмейді. Бұған дейін бір рет депутаттар алдына келген заң жобасы кері қайтарылғанын бәріміз білеміз. Алғашқы таныстырылым кезінде депутат Мұхтар Тінікеев заң жобасын «рэкетті заңдастыратын антихалықтық жоба» деп бағалаған еді. «Заң жобасын «Атамекен» ұлттық палатасы, қаржыгерлер қауымдастығы, қаржы ұйымдары қауымдастығы, коллекторлық ұйымдар мақұлдады деп жазыпсыздар, ал халық, мойнында несиесі бар жұрт мақұлдады ма? Сіздерде мойнында несиесі бар қарапайым адамдардың пікірі бар ма? Бұл – біріншіден. Екіншіден, талай жылдан бері айтылып келе жатқан тұтыну несиелеріне қатысты жағдайды тәртіпке келтіресіздер ме, жоқ па? Тұтыну несиелерін жұрт жетіскеннен алмайды», – деген болатын Мұхтар Тінікеев. Расында да, коллекторларды «рэкет» деп қабылдайтындардың қарасы қалың. Ұлттық банк басшысының орынбасары Олег Смоляков те коллекторлық ұйымдарды халықтың «рэкет» ретінде қабылдайтындығын жасырмайды. Өйткені көбіне-көп мұндай қызметпен айналысатындар борышкерлерге сес көрсетіп, қарызды қайтаруға тырысатыны жасырын емес. Ал мұндай жағдайда борышкерлердің құқығын кім қорғайды деген сауалдың туындауы заңдылық. Егер заң жобасын әзірлеген мамандар айтқандай, құжат қарызы бар жандардың құқығын қорғайтын болса, құба-құп. Ал керісінше болса, онсыз да несиесін өтей алмай қиналып жүрген жұрттың жағдайы қандай болмақ? Осы жағын ескерген жөн. Депутаттардың аталмыш заң жобасы «ақылға сыйымсыз құжат» деп бағалауы да тегін емес болар. Алдарына келген құжатты мақұлдауға дайын тұратын халық қалаулыларының бұл жолы барынша қарсы болуында бір себеп бар шығар? Коллекторлық қызметке қатысты нақты заң жоқ болғандықтан, әзірге оларға қатысты шектеу де жоқ. Кейбір тұтынушылар коллекторлар борышкерлерден қарызды қорқытып-үркіту арқылы төлеттіреді дейді. Бірақ бұл әңгімелерді коллекторлардың өздері жоққа шығарумен келеді. Бейресми деректерге жүгінсек, кей өңірлерде қаржы полициясына коллекторлардың тарапынан психологиялық қысым жасалды деген арыз-шағымдар түсіп жатады екен. Бір ғажабы, коллекторлық қызметке қабылданатындар ең алдымен, психологиялық тестілеуден өтетін көрінеді. Көбінесе коллекторлық қызметке бұрын ішкі істер органдарында жұмыс істеп, зейнетке шыққан адамдарды алуға тырысатын көрінеді. Себебі олар психологиялық шабуыл жасауды жақсы біледі, өтірік пен шындықтың аражігін ажыратып, жалған әрекетті әшкерелей алады. «Коллекторлық қызмет туралы» заң жобасын әзірлеген Ұлттық банк құжатта Англия мен АҚШ тәжірибесіне сүйенген. Борышкерлердің мүддесі мен құқығын қорғау үшін жобада банктер мен шағын несие ұйымдарына баспанамен кепілдендірілген жеке тұлғаның қарызын коллекторлық агенттіктерге беруге тыйым салынған. Елімізде соңғы бірнеше жылда пайда болған «берсе қолынан, бермесе жолынан» деген принципті ұстанатын коллекторлардың қызметін заңдастыру қарапайым халық үшін тиімді ме? Әлде бұл заң жобасы жұртшылық үшін «жығылғанға жұдырық» бола ма? Мұның бәрі уақыттың еншісінде. Ал несие алып, несібемді арттырамын деп ойлайтын жұрттың алдағы күні қалай болары да бізге беймәлім.Әсел ӘНУАРБЕК