Павлодар облысында радиоактивті қалдықтарға арналған қойма салу жоспарланып отыр. Нысан Май ауданында орналаспақ. Алайда шешім қабылданғанға дейін көпшілік тыңдаулар өтеді. Содан соң Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану басқармасы нысанның салыну-салынбауы туралы хабарлайтын болады. Бұл туралы orda.kz жазды. Онлайн форматтағы қоғамдық тыңдау 26 мамырда сағат 11:00-де өтеді. Қосылу сілтемесі tabigatpv.gov.kz және gov.kz сайттарында, "қоғамдық тыңдау" айдарында орналастырылады. Жобаға тапсырыс беруші – Ұлттық ядролық орталық, ал әзірлеуші - Шығыс Қазақстан облысы Курчатов қаласындағы ҰЯО Атом энергиясы институтының филиалы.
- Бұл жобаның мақсаты - бұрынғы Семей сынақ полигоны аумағын қалпына келтіру процесінде пайда болатын радиоактивті қалдықтарға арналған қойманы (РАҚ) құру. Құрылыс учаскесі Атом энергиясы институты филиалының өнеркәсіптік алаңында орналасады. Жер учаскесі ҰЯО-ға тиесілі, - деп түйіндемеде жазылған.Қойманы салу және пайдалануды бастау 2021 жылға жоспарланған.