50559
Анастасия Решетникова: «Москва қазақша» жобасы біздің өмірімізді өзгертті
Анастасия Решетникова: «Москва қазақша» жобасы біздің өмірімізді өзгертті
Әлеуметтік желілерде Мәскеу көшелерінің бірінде жүріп, орыс жазушыларының өмірін қазақ тілінде сипаттаған мәскеулік екі қыздың видеосы көпшілікті таңғалдырған болатын. Осыдан кейін «қазақша акценті бар мәскеулік қыздар» атанған Анастасия Решетникова мен Елизавета Осипова көп ұзамай «Москва қазақша» жобасын құрды. Ресей туралы қазақша айтып қана қоймай, Қазақстан туралы да көп білетін сол мәскеулік қыздардың бірі Анастасияға хабарласып, әңгімеге тартқан едік.
https://www.youtube.com/watch?v=02Cqb2KAuOM
– Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университетінде оқып жүргеніңізде екінші шет тілі ретінде қазақ тілін өзіңіз таңдадыңыз ба, әлде?
– Жоқ, қазақ тілі оқу бағдарламасында міндетті түрде оқылатын пәндердің бірі болды. Лиза екеуіміз аймақтану факультетінде бір топта оқыдық. Бірінші курстың екінші семестрінде оқу бағдарламасы бойынша екінші шет тілі ретінде қазақ тілін оқитынымызды естігенде, қуанғанымыз әлі есімде. сол кезде топтағы он біріміздің түгеліміз дерлік түркітілдес халықтың тілі өте ерекше екенін атап өткенбіз. Оның үстіне айналамызда қазақ тілінде сөйлейтін ешкім жоқ, сол себепті бізге қазақ тілін қалай меңгеретініміз қызық болды. Бірінші сабақтан-ақ өміріміздің жаңа кезеңі басталатынын түсіндік. Өйткені қазақ тілінен сабақ берген Ұлжан Мұсабекова деген апайымыз алғашқы дәрісінде қазақ халқының тұрмысы, мәдениеті, табиғаты туралы айтып, ұлттық тағамдардың суретін көрсетіп, бізді басқа бір әлемге сүңгітіп жібергендей болды. Сол сабақта Қазақстанға барып қайтқандай әсер алдым. Сонымен қатар, дәл осы сабақта қазақ тілінің қалай естілетінін сезінетініміз жайлы жазуға тапсырма берілді. Бұған дейін қазақ тілін мүлде естімеген кейбіріміз үшін бұл қызықты жаттығу болды. Әрқайсымыз өз нұсқамызды жазып, соңында талқылаған кезде қазақ тіліндегі сөйлемнің дыбысталуы біз елестеткеннен мүлдем басқаша екенін білдік. Осылайша Ұлжан Есенқызының әзірлеп әкелген түрлі тапсырмалары арқылы бірінші сабақтан-ақ барлығын ысырып қойып, қазақ тілін үйренеміз деп шештік. Негізі, біз бұрын-соңды мұндай әдіспен оқып көрмегенбіз, сол себептен болар, көп нәрсені білуге деген қызығушылық бәрінен басым болды.
– «Москва қазақша» жобасын құру әу баста кімнің идеясы болды?
– Бакалавриат бөлімін бітірген кезде тобымызбен қазақ тілін қалай үйренгенімізді, сондай-ақ, «Армандастар», «Дударай» және «Сұлу қыз» әндерінің қайырмасын айтып бір видео түсірген болатынбыз. Сол видеоны топтағы белсенді құрбымыз Ксения Быкова әлеуметтік желідегі парақшасына жүктепті. Қарасақ, бірнеше күннің ішінде әлгі видео жан-жаққа тарап, көпшілік біздің қазақ тілінде ән айтқанымызға ризашылығын білдіріп, жағымды пікір жазыпты. Сол кезде қазақ тілін үйренгеніміздің маңызы зор екенін ұқтық. Сосын магистратура бөлімін бітірерде Лиза «Осы екеуіміз видео түсіріп, Мәскеу жайында қазақша айтсақ қайтеді?» деген ұсынысын білдірді. Қазақ тілін одан әрі жетілдіргім келіп жүрген мен мұны қуана қабылдап, ақырында екеуіміз кішігірім команда жинап, жұмысқа кірісіп кеттік. Бірінші шығарылымды көрген көпшіліктің қошеметінде шек болмады. Шыны керек, жобаны бастар алдын осыншалықты үлкен аудиторияны қамтимыз деп еш ойламадық. Сондай-ақ, өзіміз мәскеулік болсақ та, осы жоба арқылы қаланың көрнекі жерлерін қазақша сипаттаймыз деп Мәскеу туралы бұрын-соңды білмеген деректерді білдік. Оған қоса, көптеген адаммен байланыс орнатып, достарымыздың қатары көбейді. Қарапайым халықтан бөлек, ресми өкілдердің де алғысына бөлендік. Былтыр Лиза екеуімізге Ресейдегі Қазақстан елшілігінің өкілдері Қазақстан Президентінің алғыс хатын арнайы табыстады. Ресейде жүріп, өзге елдің Мемлекет басшысының атынан осындай хат аламыз деп ойламаппыз. Президенттің Ресейде әзірлеп жүрген жобамызды елеп-ескергені бізді қатты қуантты. Жалпы, бұл біз үшін берері мол жоба болды. Тіпті, бұл жоба Лиза екеуіміздің өмірімізді өзгертті десем де болады.
https://www.youtube.com/watch?v=LNmtYy2G-xk
– Бір шығарылымдарыңызда қазақ тілін үйрену оңай болған жоқ екенін айтып қалдыңыз. Тілді меңгеру барысында қандай қиындыққа жолықтыңыздар?
– Негізі, қазақ тілін үйрену қиын емес. Десек те бастапқыда қазақ тілінде ойды бейнелі ойлау арқылы жеткізетіндіктен, көп нәрсені түсінбедік. Сосын қазақ әріптерін дыбыстау оңай болмады. Бірінші курста ғ, қ, ү, ұ әріптерін тез үйреніп алдық, бірақ оқу бітіргенге дейін ң әрпін айта алмай, әлекке түстік. Бәлкім, бұл әріп сөйлемнің ортасына келетін болған соң, оған дұрыс мән бермеген болармыз. Десек те кейіннен ң әрпін неліктен айта алмайтынымды зерттеп көргенімде, сөйлеу кезінде негізгі екпінді осы әріпке қою керек екенін түсіндім. Сосын тағы бір мәселе – айналамызда қазақ тілінде сөйлейтін жалғыз адам Ұлжан Есенқызы ғана болды. Ал ұлты қазақ адаммен таңнан кешке дейін сөйлесе берсең, сол кісінің сөйлеу мәнеріне үйреніп кетеді екенсің. Сосын басқалардың сөйлегенін естігенде не айтып тұрғанын түсіне алмай, дал боласың. Сол себепті қазақ тілін толық түсіну үшін жаңалықтарды көп қарап, бағдарламалар мен телехикаялар көру керек екенін ұқтым. Негізінде, көпшілікке қазақ тілі қатаң болып естілуі мүмкін. Бірақ шындап келгенде қазақ тілі – өте әуезді тіл. Мұның әуезді тіл екенін қазақ тілін үйреніп жүрген адам ғана түсінеді. Сингармонизм заңын жетік білген соң, әдепкіде оғаш естілген қ, ғ, ә, ө әріптерінің дыбысталуынан бір әсемдікті байқайсың. Бұл әріптердің де өзіндік «миссиясы», өзіндік әуезі бар екенін түсінесің. Бастапқыда осы сиқырды білмегендіктен, акцентпен сөйлейтініміз қатты білінді. Кейде сөйлемдерді дұрыс құрастыра алмай, артынан сөз естіп жатамыз. Әлеуметтік желілерде жіті қадағалап отыратын көпшілік «мына сөздің дыбысталуы дұрыс емес», «мына сөзді дұрыс аудармадыңыздар» деп сөзбен «сойып» кететін. Сосын сол әлеуметтік желіде дау туғызған бір сөйлемді қазақшаға қалай аударған жөн деп сұрау салсақ, ізінше бірнеше нұсқа жібереді. Сөйтіп, ең ақырында Лиза екеуіміз қайсысын таңдаған дұрыс деп бас қатырып, синонимдердің арасына «көміліп» отырамыз. Қазақ тілін үйреніп жүргенімізге бірнеше жыл болса да, кемшін тұстарымыз көп екенін білеміз. Десек те барлығы бірден жетік меңгеріп кетпейтіні белгілі ғой. Қайта бізге айтылған сынды қабылдап, түзетулерді ескеріп, қызықты сөздердің мағынасын түсінген әлдеқайда қызық.
– Әлеуметтік желідегі парақшаңызда Алматы қаласында түсірілген фотосуреттеріңіз көп екен. Соған қарағанда Алматы қаласы сізге қатты ұнаған болуы керек?
– Алматыға үш рет, Нұр-сұлтанға екі рет, Шымкентке бір рет бардым. Үш қалада да жылылықты сезіндім. Әсіресе, халықтың қонақжайлығы қатты таңғалдырды. Бірақ, Алматы десе ішім жылып сала береді. Алматының көздің жауын алатын көрінісін тағы бір рет көруді армандаймын. Қала мен таудың өзара үйлесім тауып, ерекше әсем көрініс қалыптастырғаны таңғалдырады. Алматы еңбек демалысына баратын немесе болашақта өмір сүруге қолайлы қала деп білемін. Ал Нұр-Сұлтанның орналасқан жері ұнайды. Жоғары қабатқа көтерілген кезде мыңдаған шақырымға жайылып жатқан жазықты көріп, аң-таң болғанмын. Кеңістіктің шегі жоқ секілді көрінді. Бір айта кетерлігі, бастапқыда Қазақстанның барлық аймағында қазақ тілінде бірдей сөйлейді деп ойлаған едім. Бірақ Қазақстанға алты рет келгенімде әр өңір тұрғындарының қазақ тіліндегі сөздерді дыбыстауда өзіндік ерекшеліктері бар екенін байқадым. Әсіресе, Шымкент жақта көпшілік диалект қолданады екен. Мұндайды білмейтін адамға бұл ортаға кірісіп кету қиын екені белгілі. Шымкентке барғанымызда көшеде кездескен адамдармен әдейі қазақ тілінде сөйлесіп, қаланың қай жеріне барсақ болатынын сұрастырдық. Ақыр соңында жолымызда кездескен адамдардың көпшілігі «Сіздермен орысша сөйлескен дұрыс болар» деп орысша сөйлесті (күліп). Тағы бір таңғалғаным, түйе, бүркіт, жылқыны жасына қарай әртүрлі атайды екен. Мысалы, бізде жылқының жасы кіші болсын, үлкен болсын, «лошадь» деп айтамыз ғой. Ал сіздерде жануардың әр жасына сай атау беріледі екен. Тарихтан түсінгенімдей, қазақ халқы ежелден жануарларға ерекше қамқорлық жасағаннан осылай атайтын болса керек. Сосын «сүт пісірім уақыт», «қас пен көздің арасы» секілді уақыт пен қашықтыққа қатысты айтылатын тұрақты сөз тіркестерінің мағынасын түсінгенде аң-таң болғаным бар.
– Қазақ тілін меңгергеніңізден бөлек, әр жылдары Мәскеуде тұрған қазақ қайраткерлерінің өмірі туралы көп дерек білетініңізге таңғалдық. Бұл мәліметтерді университетте оқытылған дәрістерден білесіздер ме, әлде өздеріңіз ізденіп, тауып алдыңыздар ма?
– Жоғарыда айтып өткенімдей, жоба барысында біз де көп мәліметтен хабардар болып, көзіміз ашылды. Қазақстанға қатысты деректердің біразын университеттегі дәрістерден білеміз, десек те екеуіміз де түсірілімге дайындалу барысында өз бетімізше іздендік. Қазақ тілін оқи бастаған кезде тек тілді үйреніп қана қоймай, сонымен қатар, тарихқа көз жүгіртіп, Ресей мен Қазақстан арасындағы байланыс, өзара алмасулар мен келісімдер туралы білгіміз келді. Сөйтіп, Мәскеуде Жаханша Досмұхамедов, Тұрар Рысқұлов, Әлихан Бөкейханов тұрған үйлердің тарихын зерттеп, Алматы метростансасы мен Абайдың ескерткіші туралы біраз мәлімет іздестірдік. Көрнекі жерлерді сипаттаудан бөлек, тұрақты түрде екі айдар жүргізіп отырдық. Былтыр жаппай карантин енгізілгенде бос отырмайық деп «Карантинный казахский» айдарын жүргіздік. Онда Қазақстанға саяхаттап барғысы келетін орыс тілді саяхатшының білуі керек негізгі сөйлемдерді, мысалы әуежайдан түскенде такси шақыру, такси жүргізушіге мекенжайды айту, қонақүйге орналасу кезінде айтылатын сөздерді үйреттік. Бұдан бөлек, Мәскеуде тұратын қазақcтандықтармен, атап айтқанда Е.Вахтангов атындағы мемлекеттік театрдың режиссері Гүлназ Балпейісова мен «Хор Турецкого» тобының солисі Әлібек Әлмәдиевпен сұхбат жүргіздік.
– Қазір Лиза Нұр-Сұлтанда, сіз Мәскеуде жұмыс істейтіндіктен, жобаның жұмысында кідіріс бар секілді көрінеді. Соңғы шығарылым былтыр қазан айында жүктеліпті. Алдағы уақытта жобаның жайы не болмақ?
– Қазір Лиза Нұр-Сұлтанда Ресейдің Қазақстандағы елшілігінде қызмет атқарады. Ал мен Мәскеуде пиар агенттікте журналист болып жұмыс істеймін. Екеуіміз екі елде тұрып жатқандықтан, бұрынғыдай түсірген бейнематериалды тез арада жүктей салу оңай емес. Лиза Нұр-Сұлтанда түрлі видеолар түсіріп, сұхбаттар ұйымдастырып жүр, мен де Мәскеуде қол қусырып отырған жоқпын. Тек екеуіміздің жасаған дүниемізді бір видеоға біріктіруге уақыт таба алмай жүрміз. Қазір екеуімізде де атқарар шаруа көп. Алдағы уақытта бар уақытымызды осы жобаға арнағымыз келеді. Бірақ ол үшін көп қаражат керек екені айтпаса да түсінікті. Дегенмен жуырда қаржы мәселесі шешіліп, қызықты видеолар жүктейміз деп ойлаймын. Лиза екеуіміз күн сайын сөйлесіп, бұл жобаны дамыту туралы небір қызықты идеялар бөлісеміз. Екеуіміздің екі елде тұруымыз жобаның жұмысына жаңа серпін бермесе, кедергі келтірмейді. Керісінше, екеуіміз екі жақта жүріп-ақ, «Москва қазақшаның» контентін байыта аламыз деп ойлаймын. Бүгінде бізде Ресей аумағынан ары асып, Қазақстан аудиториясын «жаулауға» мүмкіндік бар. Лизаға контент жасау оңай, себебі ол күн сайын қазақша сөйлеп, қазақ тілін дамытып жүр. Дегенмен мен де қазақ тілін ұмытып қалмау үшін түрлі материалдар оқып, сөздік қорымды байытуға тырысып жүрмін.
Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ