653
Қазақстан жастарына этномәдени дәстүрді сіңіруіміз қажет – Әділбек Ыбырайымұлы
Қазақстан жастарына этномәдени дәстүрді сіңіруіміз қажет – Әділбек Ыбырайымұлы
Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Қазақстан жастарын тәрбиелеудің этномәдени дәстүрлері» атты республикалық семинары өтті.
Аталған онлайн жиында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Әділбек Ыбырайымұлы «Қазақ ұлтынан этностардың үйренетін үрдістері» атты арнайы баяндама жасады.
«Қазақстан жастарының бойына этномәдени дәстүрлерді сіңіру – құптарлық шара. Бүгінгі бейбітсүйгіш Қазақстан елі ұлттық қайта түлеу мен ұлттық мемлекетті нығайту кезеңін бастан кешіп отыр. Қазақ халқы мемлекет құрушы ұлт ретінде Қазақстанның барлық этностарын маңына топтастырып, олардың басын біріктіретін ядросы болып табылады. Әрі, қазақ халқы отанымызда бейбітшілік пен тыныштықтың сақталуына, еліміздің гүлдеп, өркендеуіне тікелей жауапкершілікті мойнына алған. Бұл – «Бір халық – бір ел – бір тағдыр» стратегиясында нақты көрсетілген.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек» деп атап көрсетті. Бұдан өзге де мемлекеттік құжаттарда ел дамуының қадап-қадап аталған бағыттарын ескерсек, өскелең ұрпақты тәрбиелеуде оларды қазақ халқының ғажайып ұлттық дәстүрлерімен сусындатып, өсіру қажеттігі көзге көрінеді. Біздің халқымыздың отансүйгіштік, қаһармандық, толеранттылық қалыбы мен көңілінің ашықтығы, жүрегінің кеңдігі Ұлы дала елін мекен ететін ұрпақтан ұрпаққа беріліп отыруы тиіс», дейді Әділбек Ыбырайымұлы.
Сондай-ақ, ол қазақ халқының даналығы «ұл тәрбиелесең – азаматты тәрбиелейсің, қыз тәрбиелесең – ұлтты тәрбиелейсің» дегенді айтады. Қазақ әуелден ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген, соның ішінде қыздардың ұстамды боп бой жетуіне ден қойған. Әрбір отбасында ата-анасын құрметтеп, үлкенді сыйлап, отбасы мен жақындарына қамқор болу ұлттық құндылық ретінде қалыптасқаны жөнінде атап өтті.
Әділбек Ыбырайымұлының айтуынша, Қазақтың жақсы қасиеттері – сөзге тоқтаған, алдына келсе атасының құнын кешкен кешірімді мінезі. «Кең болсаң, кем болмайсың» деп, өзінің мүддесіне қайшы келіп тұрса да, ұсақ-түйекке мән бермеген. «Сабыр түбі сары алтын» деп, ұстамдылықты басты қағида етіп алған. Қонақжайлылығы мен қиындыққа төзімділігі, табандылығы бүгінгі ұрпақтың, әсіресе өзге этнос жастарының бойына сіңдіретін қасиеттер.
«Қазақстан жастарын білім беріп, үлкен өмірге қадам басуға әзірлеу барысында осы қасиеттерді этнос өкілдерінің жастарының бойына сіңірсек – Елбасы айтқандай өзімізді мықтап қолға алған болып шығар едік. Біз сонда өскелең ұрпақты толерантты және бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеп, ел игілігіне «бір ел – бір тағдыр» тұрғысынан атсалысатын алғыр да ибалы жастар легін жасақтаймыз. Қазақстанның тәуелсіздігін нығайтып, еліміздің дамуына үлес қосуға кепіл болатын жаңа қазақстандық азаматтарды қалыптастырамыз. Этномәдени дәстүрлер – біздің ауызбіршілігімізді арттырып, Қазақстан жұртын бір атаның баласындай тату-тәттілікке бастай береді» , дейді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Әділбек Ыбырайымұлы «Қазақстан жастарын тәрбиелеудің этномәдени дәстүрлері» атты республикалық семинарда сөйлеген сөзінде.