Қол ұстасып көш бастаған

Қол ұстасып көш бастаған

Қол ұстасып көш бастаған
ашық дереккөзі
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық белесіне  қадам басып отырмыз. Бұл жылдарда  елі­міз Қазақстанның Тұңғыш ПрезидентіЕлбасы Н.Назарбаевтың тікелей  бас­шы­лығымен бұрын-соңды болмаған мол табыстарға жетті. Солардың бірісырт жерлердегі 5 миллионнан астам қазақ қан­дастарымызбен тығыз байланыс орна­тып, олардың атажұртқа келуіне  кең жол ашуымыз болдыБұл ретте   жер шары­ның әр түкпірінде шашырап жүр­ген ағайындардың  басын қосып, Дү­ние­жүзі қазақтарының бес құрыл­тайын өткізу айрықша маңызды болды. Бұл бес  құрылтайдың бәріне де Елбасы  арнайы қатысып, Қазақстанның сырт жерлердегі ағайындармен байланысын жан-жақты нығайтыпқандастар көшін көбейту жө­ніндегі өзекті ойларын ортаға салып, тиіс­ті міндеттерді белгілеп беріп отырды.  width= Мен бұл бес құрылтайдың да ұйым­дас­тыру жұмыстарына толық қатыстым. Со­ған орай ұлы жиындардың қалай өтіп, қан­дай же­тістіктерге қол жеткізгені, ұйым­дастыру барысында нендей қиындықтар кез­дескені көз алдымда. Әсіресе, тұңғыш құрыл­тайды дайындау айтарлықтай күр­делі болды. Бұл тұңғыш құрылтайды өткізу мәсе­лесі 1991 жылы Елбасы Түркияға ресми са­­­­пармен барып, Стамбұлдағы ағайын­дар­мен кездесу кезінде көтерілген еді. Елбасы бұл басқосуды өткізуді Қазақстан Жазу­шы­лар одағының төрағасы Қалдарбек Най­ман­баевқа тапсырған болатын. Содан көп ұза­май Жазушылар одағының жанынан құрыл­тайды ұйымдастыру комиссиясы құрылып, мен осы жерде жауапты хатшы болып жұ­мыс істей бастадым. Ол кезде Қазақстанның шетел­дерде елшіліктері ашылмаған, сырт жер­лердегі қазақтар туралы дерек, ақпарат­тар мардымсыз, аз болатын. Соған орай бұл құрылтайға кімдерді шақырамыз, қалай ша­қырамыз деген мәселе өте күрделі жа­ғ­дайда тұрды. Осындай қарбалас күндердің бірінде Алматыдағы Қазақстан Жазушылар одағы орналасқан ғимараттағы бөлмемізге бір азамат келді. Аты-жөнін Досан Баймолда деп таныстырған ол өзінің Моңғолияда туып-өскен қазақ екенін, Еуропаның Польша елі­нен физика мамандығы бойынша жоғары білім алғанын, оншақты жылдай Моңғолия ғылым академиясында қызмет істеп, осы жолы Халықаралық атом энергиясы – МАГАТЭ-нің арнайы шақыруымен ғылыми сапармен Австрия астанасы Венада жарты жылдай уақыт болып келгенін қысқаша баяндады. Ана тілінен басқа ағылшын, орыс, моң­ғол, поляк, чех тілдерін еркін меңгерген бауы­рымыз ақжарқын, қазақи, білімді аза­мат екені көрініп тұр. «Іздегеніміз көктен емес, жерден өзі табылды» дегендей біз қуа­на отырып алыстан келген бауырымызды сөзге тарттық. Одан Моңғолияда, Еуропа елдерінде жүрген қазақтар туралы, олардың тіршілік жағдайлары, істейтін іс-қызметтері, құрыл­тайға кімдерді шақырып қатыстыруға болатыны жөнінде тәпіштеп сұрай баста­дық. Досан бауырымыз өзі білетін барлық мәлімет пен деректерді алға тарта отырып, кеңінен айтып берді, ал біз мұқият тыңдай оты­рып, бірін қалдырмай жазып алдық. Досан бауырымыздың қолында 1990 жылы Стамбұлда жарық көрген Kazak turkileri деген анықтамалық кітапша бар екен. Онда Түркияда тұратын және Еуропа­ның Вена, Берлин, Париж, Лондон, Брюссель, Стокгольм, Осло, Кельн, Мюнхен, Амстердам, Цюрих секілді басты қалаларында тұратын қазақтардың адрес, телефондары тіптен қазақтың қай руынан шыққандарына дейін то­лық жазылыпты. Өзі Венада болған ке­зінде Еуропада жүрген осы қазақтардың біра­зымен де танысыпты. Міне, осының пай­дасы енді тиді. Қолындағы осы кітап­шаны бізге берді. Бұған дейін Еуропада тұра­тын қазақтар туралы біз білмейтін мәлі­мет­тер мен деректерді кеңінен берген Досан бауырымыздың көмегімен Алматыда өтетін алғашқы құрылтайға ағайындарды шақыру мәселесі өзінің оңтайластығын осылай тапқан еді.  width= Осындай әңгімелердің бірінде Досан өзі­нің отбасы жайында сөз қозғап, жұбайы Ботагөз Уатқанның әл-Фараби атындағы Қа­зақ ұлттық университетінде оқып, білім ал­ғанын, Моңғолиядан басталған алғашқы көшті ұйымдастырушылардың бірі екенін, осы күндері Моңғолия еңбек министрлігінің Көші-қон бюросының Алматыдағы өкіл­дігінде көші-қон мәселесімен айналысып жүргенін де айта кеткен еді. Әрине, біз ол кезде болашақта Ботагөзбен бір жерде ұзақ жыл жұмыс істейтінімізді білген жоқпыз, бірақ оның көші-қонға шынайы жанашыр екеніне сырттай болса да алғаш рет аңғарып едік. Атажұртын аса сағынған және әлем қа­зақтарының алғашқы құрылтайының бас­талуын асыға күткен шетелдегі қазақтардың көктен тілегені орындалып, 1992 жылы 25 қыркүйекте Шәріп Найман (Мюнхен), Әбдірахман Шетин (Кельн), Арыстан Тосын (Берлин), Мехмет Зенгин (Париж), Махмұд Башташ (Осло) бастаған Еуропа қазақтары­ның өкілдері Қазақстан Үкіметі жіберген арнайы шартер ұшағымен Германияның Ганновер қаласынан ең алғашқылардың бірі болып қазақ топырағына келіп жеткен болатын. Бұл әлем қазақтарының алғашқы құрыл­тай жұмысын ұйымдастырудағы До­сан бауырымыздың бізге көрсеткен ерекше еңбегі тіпті әлем қазақтары арасына «Ал­тын көпір» болғанының нақты бір көрінісі еді. Біздің жұмысымызға көмек көрсетсе де, қолында әлем қазақтарының тұңғыш құ­рыл­тайына қатысуға арнайы шақыру алған Досан бауырымыз тұңғыш құрылтайға өзі қатыса алмады. Себебі, оның МАГАТЭ-нің орта­лық зертханасында өткізген ғылыми та­ғылымдамасының есебін Моңғолия ғы­лым академиясының ғалымдары асыға күтіп отырғандықтан, есеп беретін мерзімі бұл құрылтай өтетін күндермен сәйкес келді. Бірінші құрылтайда Дүниежүзі қазақ­тары қауымдастығы құрылып, Елбасы бір ауыздан осы ұйымның Төрағасы болып сай­ланды. Қандастардың атажұртқа 1991 жылы бастаған көші бұл бірінші құрыл­тайдан кейін бұрынғыдан да қалыңдап, қыза түсті. Бұл көшті ұйымдастырудың ең ауыр салмағы Еңбек министрі Саят Бейсенов пен Ғазиз Есмұқанов бастаған Көші-қон департаментіне түсті. Сондай-ақ, сырт жерлердегі ағайындар­дың да арасынан атажұртқа бет алған қазақ­тарға алдын ала жол көрсетіп, бағыт-бағдар беріп, көш бастаған азаматтар да баршылық еді. Досан Баймолда мен оның жан жары Бо­тагөз Уатқан да осындай қандастар көші­нің алдыңғы қатарынан көрінген жанашыр жандар болды. Сөз реті келгенде, Досан бауырымыздың Вена қаласының маңындағы Сейберсдорфта ор­наласқан МАГАТЭ-нің Орталық зертхана­сын­да ғылыми сапармен болған алғашқы қазақ екенін, ол барған зертхананың ең соңғы үлгідегі ядролық физиканың өлшегіш құралдарымен және басқадай басқарушы, есептеуші компьютер құрал жабдықтарымен толық жабдықталғанын онда әлемнің ең мықты физик-ғалымдары жұмыс істейтінін  айта кеткеніміз жөн. Осындай үлкен зерт­ханада жұмыс істеген аз уақытта Досан бауырымыз Моңғол елінен алып барған көмір кеніштерінің сынамаларын алғаш рет ядролық физиканың рентген флуоресцен­циялық әдісімен зерттепті. Бұл зерттеулері зертхана басшыларының назарына ілігіп, 4 ғылыми мақала жазылып, Еуропаның Radioanalytical Methods and Nuclear Chemistry, Applied Physics, X-ray spectrometry, Radiation Physical and Chemistry Journal қатарлы жо­ғары рейтингті, беделді ғылыми журнал­дарында жаряланыпты. Ағылшын тілін жақсы меңгерген, ядролық физика саласы­ның маманы Досанға МАГАТЭ-нің орталық зертханасында қалып, жұмыс істеуге ұсыныс та жасалыпты. Алайда Досанның қарт әке-шешесінің және бала-шағасының Моң­ғолияда қалғаны және көші-қон мәселесі қарқын алып, Моңғолиядағы қазақтардың Қазақстанға қарай жаппай көшуі бастал­ғаны, оның аталмыш зертханада қалып ғы­лыми жұмысын ары қарай жалғастыру туралы алғашқы ойын өзгертеді. Досанның жұбайы Ботагөздің Моңғолияның Еңбек министрлігінің шетелге жұмыс күшін шы­ғару жөніндегі көші-қон бюросындағы ұйым­дастырушы жұмысынан кейін осы ми­нистрліктің Алматыдағы өкілдігіне жұмысқа ауысуы Досанды атажұртқа қарай көшу дұрыс деген шешімге апарады. 1993 жылы көктем айының бірінде До­сан бауырымыз жұбайы Ботагөзді ертіп Алма­тыдағы Зенков көшесі бойындағы ғимаратта орналасқан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына келді. Біз бірден Ботагөзді қауым­дастықтың ұйымдастыру бөліміне қызметке алдық. Содан бастап Ботагөз қауым­дастықта ұзақ жыл қызмет атқарып талай іс-шаралардың басы-қасында жүрді. 1994 жылдан қауымдастықтың ұйымдас­тыру бөлімінің меңгерушісі болды. Моңғо­лия, Қытай, Өзбекстан, Ауғанстан, Сауд Ара­биясы, Түркия, Иран, Түркіменстан Тә­жік­стан секілді шет елдерден қазақтардың кө­шін ұйымдастыру ісінде көп еңбек сіңірді. Кейін Ботагөз жұбайы Досанның қыз­метіне байланысты бір жылдан астам Еуропа­да тұрып келді. Мұның өзі Ботагөздің сырт жерлердегі ағайындармен бұрынғыдан да жақын танысып, тығыз байланыс ор­натуы­на мүмкіндік берді. Қазақстанға қай­­та оралғаннан кейін Ботагөз қауым­дас­тықтағы жұмысын қайта жалғастырды. Ол Қазақ­стан­да өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайларын, сондай-ақ, Өзбекстан, Ре­сей, Қытай, Моңғолия, Әзербайжан, Бе­ларусь, Иран, Қырғыз, Тәжікстан, Түркия, Еуропа елдерінде өткен кіші құрылтайларын және көптеген халықаралық ғылыми-тә­жіри­белік конференциялар, мәдени іс-шараларды ұйымдастырды. қауымдастық­тың Шығыс Қазақстан және Павлодар облыс­тық филиалдарын ашуға, қауымдас­тық жанынан ғылыми орталық, студенттер орталығы мен ақсақалдар алқасын құруға еңбек сіңірді. Әлемнің 40-тан астам елінде тұратын қазақ диаспорасының өкілдерімен ширек ғасырға жуық уақытта күнделікті тығыз байланыста жұмыс істеді. Ботагөз Уатқан 1997 жылы алғашқы қа­зақ тіліндегі «Халықтың көші-қоны тура­лы» заң жобасын дайындау үшін құрылған жұ­мыс тобында қызмет етті, кейін осы заң­ның қабылдануына белсене кірісті. Алматы қаласы әкімшілігі жанындағы оралмандарды бейімдеу мәселелері жөніндегі комиссия мүшесі қызметін оншақты жыл атқарды. Қазақстан Президенті жанындағы азамат­тық мәселелер бойынша комиссияның отырысына қатысып, көшіп келген қан­дастардың азаматтығын шешуге ат салысты. Республикалық «Дарын» орталығымен бір­лесіп өткізген «Қазақстан – Атажұртым, қа­сиетім – ана тілім» Халықаралық олим­пиа­дасының әділ қазылар алқасының мүшесі, алғашқы рет қалыптасқан Халық­аралық Түркі кеңесі жұмыс тобының мүшесі қызметтерін абыроймен атқарды.  ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Көктем шуағы» кездесуіне шақырылған аса көрнекті, әйгілі 18 әйелдің бірі болды (2012). Қазақстан Сыртқы істер министрі  Е.Ыдырысовтың Ресей Федерациясына жасаған қызметтік ресми сапарында делегация құрамында бо­лып, Ресейдегі қазақ диаспорасының мә­селелерін шешуге атсалысты (2015). Ботагөздің осы еңбектері лайықты бағаланып, 2006 жылы II дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды. Бүгінгі күні Досан Абай атындағы Қаз­ҰПУ-нің Математика, физика және инфор­матика институтының физика кафедра­сында профессор болып қызмет атқарады. Физика ғылымының докторы, Қазақ­стан­ның Ұлттық жаратылыстану ғылымдары ака­де­миясының корреспондент-мүшесі. Қа­зақ елінің жастарына өзінің Европаның Поль­ша, Австрия және Чехияның жоғарғы университеттері мен зертханаларынан сусын­даған мол білімі мен тәжірибесін үйре­туді мақсат еткен ол бакалавриат, магист­рант, докторанттарға ағылшын, қазақ тілін­де физика пәндерінен дәріс оқиды, сабақ береді. Оның ядролық физиканың рентген флуоресценция әдісін көмір өндірісінде қолдану тақырыбы бойынша жазған мо­нографиялық еңбегі ағылшын (2018ж) және қазақ тілдерінде (2011ж) жарық көрді. Бұл монографиялық еңбектерінде ол энер­гия­ның негізгі қуат көзі болып есептелетін кө­мірдің құрамындағы химиялық элемент­терді рентген флуоресценция әдісімен анықтауға қатысты чехиялық ғалымдармен бірге ғылыми тың ұсыныс енгізді. Көмірді жаққан кезде одан шығатын улы газдар мен күлдің қоршаған ортаға, экологияға тигізер залалын болдырмау үшін көмірдің құрамын­дағы ауаны ластайын күкірт, күшәла, каль­ций, темір, титан және радиациялық сәуле­лер шашатын торий, плутоний, уран секілді элементтердің мөлшерін алдын ала өлшеп, зерттейтін портативті жеңіл РФА спектро­метрін құрастырып жасағаны көмір өндірі­сіне енгізген үлкен жаңалық болды. Бұл ен­гізген жаңалықтары Чехия және Моң­ғо­лиядағы көмір кеніштерінде жүзеге асты. Ғылым докторы Досан Баймолда Прага қаласындағы Техника университетінде ғылыми жұмыспен айналысқан жылдары (1993-1998) Чехиялық және бельгиялық ғалым мамандармен бірге Еуропа Одағының Солтүстік Чехия аймағындағы экологиялық қал-ахуалды зерттеу халықаралық ғылыми жобасына және Қазақстан Үкіметінің ұсыныс, өтініші бойынша жүзеге асқан «НАТО-Семей» атты халықаралық ғылыми жобаларға қатысты. Осы жобалар аясында күкірті көп (шамамен 4-5%) көмірді пай­даланғандықтан экологиясы бұзылған Чехияның солтүстік аймағындағы жағдай зерттелді, сондай-ақ атом сынақ алаңы болған Семей аймағындағы ауа, топырақ, су, өсімдік және адам организміндегі радиа­циялық қал-ахуал толықтай зерттеліп, зерттеу нәтижелері Еуропаның белді ғылы­м­и журналдарында жарияланды. Бүгінгі күні ол 3 PhD докторантқа ғылыми жетекші және 30-дай магистрант, 60 шақты бакалавриаттың диплом жетекшісі болды. Осы аралықта ол 16 кітап жазып шығарды. Бұның екеуі ғылыми монография, екеуі оқулық, алтауы оқу құралы, алтауы тарихи-танымдық және публицистикалық кітаптар болмақ. 150-ге жуық ғылыми және танымдық мақалалары шетелдің және республиканың ғылыми журналдарында жарық көрді. 60-тай халықаралық және республикалық ғылыми конференцияларға қатысты. Ұлт, тіл, мә­дениет және көші-қон мәселелеріне арнал­ған көптеген халықаралық, респуб­ликалық, өңірлік конференцияларға қатысып, баян­да­малар қойды және мерзімді баспа­сөз­дерде ма­қалалары мен ой-пікірлері жарыққа шық­ты. Досан Баймолда 2013 жылы жарық көр­ген «Қазақ көші» атты кітабында Моңғо­лияның батыс өлкесіне алғаш қоныстанған қазақтардың басынан кешкен көш тағдыры және қазақ елі тәуелсіздігін жариялаған кезде ең алғашқылардың бірі болып ата­жұртқа көш керуенін бастаған Моңғолия қазақтарының басынан кешкен көш оқиға­лары, көштің себептері және көші-қонға қатысты ой толғамдары мен естеліктері еніп отыр. Қазақ елінің тәуелсіздігіне биыл 30 жыл толып отырғанын және келер жылы атажұртқа қарай басталған қазақ көшіне де 30 жыл толатынын ескерер болсақ, Досан бауырымыздың «Қазақ көші» кітабы осы оқиғаларға қатысы бар тарихи дүние деп білемін. Сондай-ақ Досан бауырымыз шетелдегі қазақ диаспора тақырыбына арналған «Евро­падағы қазақтар» атты тарихи-таным­дық кітабын 2015 жылы шығарды. Бұл Европа қазақтары туралы, олардың кәрі құрлыққа қашан, қалай барған себептері сондай-ақ бүгінгі тұрмыс-тіршіліктері мен проблемалары туралы қазақ оқырмандарына ұсынған алғашқы зерттеу кітабы болып саналады. Бұл кітаптар диаспора тақыры­бындағы құнды еңбектер деп білемін. Досанның бұл еңбегі қазақ оқырмандары тарапынан жақсы қабылданып, бірқатар университет, колледждерде тарих пәні, соның ішінде диаспорология тақырыбы бойынша оқытылуда. Ол ғылыми және басқадай сапарлармен АҚШ, Ұлыбритания, Польша, Чехия, Ма­жарстан, Германия, Австрия, Франция, Швеция, Нидерланд, Швейцария, Түркия, Ресей, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Иран және Қытай секілді әлемнің көптеген елдерінде болды. Моңғолияның «Азаттық» орденімен, Моңғолияның білім, ғылым саласындағы қайраткер атағымен және өзінің туып-өскен Баян-Өлгей аймағының «Құрметті азаматы» атағымен марапаттал­ған. Атажұртта болашақ мамандар даяр­лауда­ғы ерекше еңбегі үшін Қазақстан Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтын­сарин» төсбелгісімен, Абай атындағы Қаз­ҰПУ-нің «Үздік ұстаз» төсбелгісімен және «Абай атындағы ҚазҰПУ-не 90 жыл» мере­келік медальмен марапатталған. Атажұрттағы қазақтар мен әлем қазақ­тарының арасында «Алтын көпір» іспетті Досан мен Ботагөздің бірге өмір кешкен­деріне 40 жылдың жүзі болыпты. Төрт баланы тәрбиелеп өсірген, 3 немереге ата-әже болып отырған Досан мен Ботагөз екеуі ата­жұртында бақытты өмір кешуде. Қыздары: Айна «Болашақ» бағдарламасымен Санкт-Петерборда медицина академиясын бітірген, жоғары дәрежелі пластикалық-хирург. Роза Абылайхан атындағы Халық­аралық қатынас және шет тілдері универ­ситетін ағылшын тілінің маманы бойынша бітірген, Стамбұлда тұрады. Жанна да осы университеттің түлегі. Ол Мәрмара уни­верситетінде халықаралық қатынас мамандығы бойынша оқып, оқуын ары қарай Еуропа одағының «Ерасмус мундус» бағдарламасы бойынша Познань қала­сын­дағы Адам Мицкевич универси­тетінде жал­ғастырып, халықаралық қатынас маман­дығы бойынша магистратураны бітірген. Қәзір Қытайдың Ухань университетінде докторантурада оқиды. Арай Абай атындағы ҚазҰПУ-дің биология факультетінде Н.Назарбаевтың стипендиясымен оқып, биология ғылымының магистрі дәрежесімен бітірген, қазір аталмыш университеттің Жаратылыстану және география институты­ның биология кафедрасында оқытушы болып істейді. Ғалым, ұстаз Досан мен қауымдастық ардагері Ботагөз екеуі қазақ тілі, ұлттық мүдде, шетелден атамекенге көшіп келген қандастар басындағы жағдай, шетелдегі қазақ диаспорасының мәселелерін көтеріп, сол арқылы танылған ұлтжанды азаматтар ретінде қазақ қоғамынан өздерінің берік, нақты орындарын иеленді. Қазақ елінің мақтауға да, мақтануға да тұрарлық азамат­тары деп білемін. Шетелде туып-өссе де қазағым, елім, ата­жұртым деп жүрегі соққан, қол ұстасып жүріп, бар күш-қуатын сол мақсатқа арна­ған Досан Баймолда мен Ботагөз Уатқан екеуі биыл ердің жасы алпыс бес жасқа то­лып отыр. Әлі де алда биік белестер мен асу­ларды бағындырып, қазақ елінің мақсат-мұраты үшін сол белес, асулардан үлкен та­быстармен өтулерін тілейміз әрі соған зор сеніммен қараймыз.  

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ,

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы  Төрағасының 1992-2017 жылдардағы  орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы