475
Елорда әлемдегі ауасы ең лас қалалар тізіміне енді
Елорда әлемдегі ауасы ең лас қалалар тізіміне енді
Еліміздің астанасы әлемдегі ауасы ластанған отыз қаланың қатарына енді. Осы орайда экологтар қаланы тезірек газға көшіру керектігін айтып, дабыл қақты, деп хабарлайды "Хабар 24".
Қалалар тізімінде елорда 21,9 микрограмм көрсеткішімен ауасы лас қала ретінде тіркелді. Елде өнеркәсіп пен өңдеуші кәсіпорындар, жылу-энергия орталықтары мен көлік түрлерінің саны артқан сайын ауа ластанып, түрлі дертке шалдыққандар саны артуда.
Жыл сайын ауаға бөлінетін улы газдар да көбейіп келеді. Ауаның ластануы тұрғындардың денсаулығына кері әсерін тигізіп, өкпенің ісігі, инсульт, астма секілді аурудың асқынуына себеп болуда. Көмірдің түтінінен ауаға күкірттің еселенген тотығы таралып, салдарынан аллергияға шалдыққандар көбейіп отыр.
Алматы қаласының тұрғыны Закир Гаваев 5 жылдан бері аллергиямен ауырады. Ол маусымды дәрі қабылдап, аллерголог маманының кеңесіне жүгінеді. \
"Шетелге іссапарға барсам, аллергиям кетеді. Ал Алматыға оралған кезде, көзім, мұрным және денем дуылдап қышып, қып-қызыл болып қызарады. Жөтел пайда болып, терім бөртеді. Денем ісініп, тамағым ауырады. Бірден дәрігерге жазылып, емделемін. Үнемі дәрі ішіп жүруім тиіс", - дейді ол.
"EnergyProm" агенттігінің мәліметінше, елдегі атмосфералық ауаның ластануынан үш жыл ішінде қатерлі ісікпен ауыратындар саны 14%-ке өскен. Елімізде өздігінен ем алып, ауруды асқындырып алатын жағдайлар жиі кездеседі дейді дәрігерлер.
Елдегі өндіріс мекемелері жыл сайын үш миллион тоннаға жуық көмір жағады. Ал бір ғана көліктің улы газынан 1 миллион тоннадан астам зиянды зат шығарылады. Ауаның ластану салдарынан респираторлық ауруларға шалдыққандар да көбейді.
Бүгінде астанадағы 160-тан астам жеке үй газға қосылған. Ал қалғаны әлі көмір жағып отыр. ТЭЦ-1, ТЭЦ-2-ні қосқанда 40 мың тоннаға жуық улы қалдық жиналады дейді экологтар.
"Ауаның ластанып тұрғаны - үлкен қалалардағы жылу қазандықтарында көмірдің жағылуы. Әр көмірдің өзінің көрсеткіштері болады. Мысалы 40 пайызы қатты бөлшектер. Еліміздің солтүстік, шығыс өңірінде көмірден газға көшуіміз керек. Елордадағы шағын аудандардағы жеке үйлердің көмірден газға көшіуін тездетуіміз керек", - дейді тәжірибеші экологтар қауымдастығының төрайымы Лаура Маликова.
Экологтар атмосфераның ластануын төмендету үшін жеке меншік үйлерді газдандыруды жеделдетіп, коммуналдық және қоғамдық автокөліктерді табиғи газға көшіру керектігін айтады. Транзиттік көліктердің жүруіне шектеу қою жағын қарастыру да ұсынылып отыр.