221
Ертең Президент пен Елбасы түркі елдері басшыларының жиынына қатысады
Ертең Президент пен Елбасы түркі елдері басшыларының жиынына қатысады
Ертең Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 17:00-де онлайн форматта Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті өтеді. Бұл жайында Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлім етті.
«Ертең, 31 наурыз күні Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша сағат 17:00-де онлайн форматта Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті өтеді. Бейресми саммитті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ашып, жүргізеді. Жиынға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, Венгрия Премьер-министрі Виктор Орбан, Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Әміреев қатысады» деп жазды Берік Уәли Facebook парақшасында.
Оның айтуынша, жиын барысында бауырлас мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалар бойынша ынтымақтастық және оны одан әрі дамыту мәселелері талқыланады.
«Саммит қорытындысы бойынша түркі елдерінің мәдени құндылықтарына және Кеңестің мәртебесіне қатысты декларация қабылданады деп жоспарланып отыр» дейді Президенттің баспасөз хатшысы.