213
Каратин: Тағы екі өңірде ХҚО-лар азаматтарды алдын ала жазылу бойынша қабылдайды
Каратин: Тағы екі өңірде ХҚО-лар азаматтарды алдын ала жазылу бойынша қабылдайды
Карантин шараларының күшейтілуіне байланысты Нұр-Сұлтан қаласы мен Алматы облысының ХҚО-лары азаматтарды тек алдын ала жазылу бойынша қабылдайды. Бұдан бұрын Алматы қаласының ХҚО-лары халықты осындай жолмен қабылдай бастаған болатын.
«Бас санитар дәрігердің қаулысы – клиенттеріміз бен қызметкерлерімізді вирустан қорғауға мүмкіндік беретін мәжбүрлі шара. Бұл шешімге қазақстандықтар түсіністікпен қарайды деп ойлаймын және ерекше қажеттілік болмаса, азаматтарды ХҚО-ға бармауды сұраймыз. Сондай-ақ мемлекеттік қызметтердің 80% астамын eGov.kz және eGov mobile мобильдік қосымшасында онлайн алуға болатынын еске салғым келеді. Жақындарыңыз бен өзіңізге сақ болыңыз», – дейді Азаматтарға арналған үкіметтің Қоғаммен байланыс жөніндегі басқарушы директоры Байрам Азизов.
Кезекті бірнеше минут ішінде egov.kz порталы, egov mobile қосымшасы, egovkzbot2.0 (@kenes1414bot) телеграм-боты, сондай-ақ 1414 байланыс орталығына қоңырау шалу арқылы брондауға болады. Клиентке брондау кезінде өзінің жеке деректерін толтырып, өңірді, ХҚО бөлімін, келу уақыты мен күнін таңдау қажет. Көп балалы отбасылар, зейнеткерлер немесе мүгедектігі бар адамдар ХҚО-ға кезекті брондау барысында «Жеңілдік терезесін» таңдай алады.
Сондай-ақ егер ХҚО-ға бір барғанда бірнеше мемлекеттік қызмет түрін рәсімдеу қажет болса, порталдан тиісті бағдарды таңдау қажет. Азаматтарға арналған үкімет ХҚО-ға брондалған уақыттан 10-15 минут бұрын келуге және барлық санитарлық талапты сақтауды сұрайды.
Өңірлердің санитар дәрігерлерінің қаулысы бойынша ХҚО-лар дүйсенбіден сенбіге дейін сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді (Алматы облысының ХҚО-лары сенбі күні қысқартылған кесте бойынша қабылдайды).