Жастар саясатының жақсылығы мол

Жастар саясатының жақсылығы мол

Жастар саясатының жақсылығы мол
ашық дереккөзі
847
Тәуелсіздіктің негізгі тірегінің бірі және бастысы болса, ол жастар екені күмәнсіз. Сондықтан жастар мәселесі әр кез жүйелеп отыруға тиіс дүние. Бұл тұста жастар саясатының маңызы зор. Тәуелсіздік жылдарына дейін жастарды жеке бір әлеуметтік топ ретінде қарасақ, одан кейін де қоғамдағы жастардың рөлі артпаса, кеміген емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қыз­метіне кіріскен уақыттан бері жас буынды назардан тыс қалдырмады. Елеусіз қалмаған буын Елімізде 29 жасқа дейінгі 3,7 млн азамат жас­тар санатында болып есептеледі. Ал әлемдік статистика санағына сай жастар санатын 35 жасқа дейін деп қарайтын болсақ, бұл сан едәуір ар­та­тыны анық, 6 миллионның төңірегінен асып жы­ғы­лады. Жалпы, жастар мәселесіне жалпылама атау бере салғанымызбен, оның көңіл бөлуге тиіс тар­мақтары өте көп. Тегін білімнен бас­тап, жұмыспен, баспанамен қамтамасыз ету, жас­тардың бос уақытын тиімді өткізуіне атсалысу да күр­делі, жауапкершілікті талап ететін іс. Күрмеуі қиын мәселелер қатарына жастардың мигра­ция­лық көңіл күйі де енеді. Тәуелсіздік жылдары елімізде жастар сая­са­тына тың серпін беру үшін талай мемле­кет­тік бағдарлама жасақталып, тиісті заңдар қа­был­данғанын білеміз. Солардың ең бастысы са­нал­ған бірқатарын шолып өтсек. 1991 жылы мау­сымда «Қазақ КСР-індегі мемлекеттік жастар сая­саты туралы» алғашқы заң қабылданды. Бұл үрдіс тәуел­сіздік алғаннан кейін де жалғасты. 1996 жылғы қазан айында Үкімет «Жастар тура­лы» заң жобасын әзірлеп, 1997 жылдың бірінші тоқ­санында Парламенттің қарауына жіберген еді. Бұдан соң 1999 жылғы шілдеде Мемлекеттік жас­тар саясаты тұжырымдамасының жобасы мем­ле­кет­тік саясат жөніндегі Ұлттық кеңестің оты­ры­сын­да қаралды. 2001 жылы маусымда мемлекеттік жас­тар саясаты мәселесі бойынша Парламентте тың­даулар өтті, онда жастарға қатысты арнайы заң қабылдау қажеттігі туралы нақты мәселе қоз­ғалды. Ал 2002 жылдың мамыр айында «Қазақстан Рес­­­публикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң жобасы республикалық баспасөз бет­терінде жарияланды. 2003 жылғы қаңтарда Пар­ламент Мәжілісінің жұмыс тобы мемлекеттік жастар саясаты туралы заң жобасының үкіметтік нұс­қасына депутаттар ұсынған түзетулерді қара­ған болатын. 2004 жылғы 7 шілдеде «Қазақстан Респуб­ликасындағы мемлекеттік жастар саясаты ту­ралы» заңға Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев қол қойды. 2013 жылғы ақпанда Үкімет 2020 жылға дейін­гі жастар саясаты тұжырымдамасын мақұл­дады. Ал 2015 жылдың ақпан айында «мемлекеттік жас­тар саясаты туралы» тағы бір жаңа заң қабыл­дан­ған. Осы заң аясында жастарды жастар ұйым­дарының, консультативтік органдардың және жас­тардың өзін-өзі басқару органдарының қыз­метіне, білім беру жүйесі мен еңбек ұжымдарына тарту заң жүзінде бекітілді. 2016 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі «Қазақстан – 2020: болашаққа жол» мемлекеттік жастар саясаты тұжырымда­масы­ның екінші кезеңін іске асыру басталды. Ал 2018 жылғы 5 қазандағы Президент Жолдауында 2019 жыл  Жастар жылы деп жарияланғаны есімізде. – Жастар саясаты – елдегі саяси жүйенің ажыра­­­мас маңызды бөлігі. Сондықтан елдегі саяси жүйенің аясынан жастар саясаты шыға алмайды. Кейінгі 10-15 жылдағы жағдайды қарастырсақ, жастар саясатының негізгі екі мақсаты болды. Бі­ріншіден, елдегі жастарды саяси биліктің идео­ло­гиясының аясында жинау. Бұл иерархия түрінде ұйым­дастырылған күш ретінде байқалды. Сол се­бептен еліміздегі жастар ұйымдары мен әр өңір­дегі жастар ресурстық орталықтарының бар­лы­ғы­на мемлекет тарапынан қолдау көрсетілді, қаржы бө­лінді. Екіншіден, жастар саясатының тағы бір мақ­саты – елдегі басқарушы класты дайындау. Жас­тар саясаты арқылы карьера жасайтын аза­маттар әкімшілік жүйеде қалады да, осы жолмен бас­қа да мемлекеттік органдардан орын тауып жа­тады. Жастар саясаты осындай функция атқа­рып келді. Ал жастар мәселесін олар қалай шеше ала­ды? Бұл екі әлем, себебі жастар дегеніміз – үл­кен әлеуметтік-демографиялық топ. Статистика бойын­ша, елімізде 4 миллионға жуық жас азамат бар. Олардың бәрін түгелдей қамтуға ешқандай ре­сурс жетпейтін тәрізді, – дейді әлеуметтанушы Серік Бейсенбаев. Дегенмен жастар мәселесіне қатысты серпін беру мұнымен тоқтап қалмайтынын аңғарып отыр­мыз. Жақында ғана Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «Жас­тар саясаты туралы» заңды қайта қарап, оның за­манға сай жетілдіруді тапсырғаны белгілі. Әлем­дік трендтерді және қазақ жастары­ның сұранысын ес­кере отырып, жастар саясаты саласындағы мін­дет­тер арта түспек. Енді жастар саясатының ұтым­ды тұстарына тоқталсақ. Кадрлық резерв нәтиже берді ме? 2019 жылы жас буынды саяси аренаға шы­ғарып, мемлекеттік жүйені жетілдіру мақсатында Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тап­сырмасымен Президенттік жастар кадр ре­зервін құру көзделген болатын. Оған білімді, жа­лынды және жан-жақты жастар іріктеліп алынды. Деген­мен таңдау қиынға соққаны анық. Еліміздің әр түкпірінен 13 мың үміткер осы таңдаулы резерв құрамына енуге талпынды. Ақыры соның ішінен үздік деп танылған 300 азамат шықты.  Қазір Пре­зиденттік жастар кадр резервіне іліккен 300 адам­ның 102-сі – жеке, 98-і – квазимемлекеттік сек­тор­­да қызмет атқарып жүрсе, қалғаны  мемле­кет­тік қызметші атанды. Олардың ішінде 10-ы – маңыз­ды саяси қызметке жүрсе, «А» корпусында екеуі бар. Кейбірі жергілікті билікте әкім орын­ба­сары, басқарма басшысы болып жұмыс істеуде. Әйт­се де, оларды кез келген уақытта лауазымды қыз­­­метке президенттің өзі тағайындауы мүмкін. Қа­ласа әкімдер мен министрлер де қол астына ша­қыра алады. Президент әкімшілігінің де ұсыныс біл­діруге хақы бар. Басты міндет – мемлекеттік бас­қаруды жаңарту. Сол арқылы жемқорлықтан ада, жаман қасиеттерді бойына сіңірмеген жас­тар­ды жұмысқа тарту. Президенттік жастар кадр ре­зервіне енгендердің орташа жасы – 31. Құра­мында түр­лі ұлт өкілдері бар. Әйткенмен Президенттік жас­тар кадр резерві тағы да толыға түсетіндей. Се­бебі биыл да бұл резервке іріктеу болмақ. Бірақ бір өзгешелігі – іріктеу мемлекеттік органдардың шы­найы қажеттілігіне байланысты өткізілмек. Бағдарлама бағдарды айқындайды Жастар саясатында елеулі болған мем­ле­кет­тік бағдарламаларға келсек, еске бір­не­шеуі түседі. Мәселен, ауылдағы маман тап­шы­лығын өтеу үшін «Дипломмен ауылға», жас буын­ды еңбекке ынталандыруға арналған «Жасыл ел», мемлекеттің беріктігі үшін маңызды саяси ас­тары бар «Серпін», «Жас кәсіпкер» тәрізділері бар. Әйтсе де, ең таңдаулысына тоқтала кеткенді жөн санадық. 2025 жылға дейінгі «Жастар Отанға» мем­лекеттік бағдарламасы көп саланы қамтыған, жан-жақты сараланған бағдарлама іспетті болып тұр. Оған сәйкес, бірнеше міндет пен мақсат ай­шық­талған. Соның бірқатарын тілге тиек етсек. Бағдарламаға сай, алғашқы кезекте жас­тарды саясатқа тарту жайы бар. Былтыр «Сайлау туралы» заңға сәйкес Парламент Мәжілісі мен өңірлердегі мәслихатта жастардың үлесі 20 пайыз­ға дейін өскенін білеміз. Жастарды саясатқа не үшін тарту қажет? Сарапшылар бұл көптеген қа­тердің алдын алады әрі жастарға қоғамдық-сая­си өмірде белсенді болуға жол ашады деген пікірде. Мә­селен, саясаттанушы Сайпулла Сапанов «Жас­тарды саясатқа тарту оларды радикалды идео­ло­гия­дан сақтайды» деген пікірін білдірген. Расында да, радикализм тек Қазақстан үшін ғана емес, да­мыған Еуропа елдері үшін аса өзекті мәселе. Бұл тұ­р­ғыдан терроризм тақырыбымен терең ай­на­лысып жүрген сарапшы Ерлан Қарин де «Кейбір жас азаматтардың түрмеге қылмыскер боп түсіп, ра­­­дикал боп шығатынын» мәлімдеген болатын. Не­ге кейбір жастар теріс ағымдарға кетеді? Себебі идеологиялық вакуумды біреу біліммен толтырса, біреу теріс бағыттағы идеялармен толтыруы кәміл. Алайда жастардың саясатқа қызығушылық таныта қоюы екіталай дүние болып келеді. Бұл да бір мә­селенің тиегі. Одан кейін білім сапасын нарық заңына сәй­­­кестендіру қажет. Бүгінде көптеген жо­ғары оқу орны еңбек нарығының сұранысына сәй­кес келмейтін, бірақ «қалтада дипломы бар» ма­мандарды даярлайды. ЮНЕСКО мәліметі бойын­ша, жыл өткен сайын Қазақстаннан шетелге бі­лім іздеп кететін жастар саны артып барады. Егер 2011 жылы 43 мың студент шетел асса, 2017 жы­лы бұл көрсеткіш 90 мыңға жеткен екен. Бү­гінде 85 мыңға таяу студент сыртта білім алып жа­тыр. Білім министрлігінің статистикасына кел­сек, жылына жүз мыңнан астам түлек мектеп ат­тес­татын қолға алса, оның 20 пайызы шетелдік оқу орындарының студенті атанып жатады. Бір алаң­дайтын жайт, шетел көрген азаматтар өзге елде қалып, бөтен мемлекеттің адами капиталын байы­туға ықпал етеді. Бұл тұрғыдан «Жас маман», «Еңбек» жобалары пайда болды. Қазіргі мақсат – ауыл мен қала білімінің арасындағы алшақтықты жойып, жастарды заманауи кәсіптерге баулу ар­қылы кадрлық дефицитті шешу. Отандық ЖОО-лар­дың нарыққа қажетсіз мамандарды даярлау жұ­мысын қайта саралап, болашаққа қажет ма­ман­дықтарды игеру өзекті күйде. Жастарды жұмыспен қамтып, кәсіпке баулу керек. Әлемдік статистика бойын­ша, жастар арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші 13 пайыздан аспайды. Ал Қазақстанда жастардың 40 пайызы жұмыссыздықпен бетпе-бет келгенін ашық айтқан. Бұл масылдық психология ма, әлде тәуе­келден қорқу ма, әйтеуір бір түйткілдің бары рас. Осы мәселелермен қатар жастарды тұрғын үй­мен қамту жайы бар. Бүгінде жастар «7-20-25» бағ­­дарламасы, «Нұрлы жер» және «Жас отбасы» бағ­­дарламалары арқылы баспаналы бола алады. Әлеу­меттік сауалнамаларға сенсек, жастардың 18 пайы­зы ғана баспанаға қол жеткізіпті. Жас ма­ман­дардың жалақысының аздығы мен бастапқы жар­на көлемінің көптігі үйлі болуға әлі де кедергі се­кілді. Қорыта айтқанда, тәуелсіздік жылдарынан бері жастар қай жағынан да елеусіз қал­ма­ды. Де­ген­мен шешілмей келе жатқан проблемалар бары жасырын емес. Бәрін қойып, берісін айт­қан­да, жас­тардың бос уақытын тиімді өткізуге баулу қа­жет-ақ. Кітапхана мен спорт алаңдарын көбей­тіп, соған сай саналы ұрпақ қалыптастыру­дың өзі өзек­­ті бола бермек.

Серіктес жаңалықтары