Әз Наурыз. Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 90 жыл

Әз Наурыз. Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 90 жыл

Әз Наурыз. Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 90 жыл
ашық дереккөзі

«Ұлттық мемлекетіміздің қайтадан қалпына келтірілуіне, тәуелсіз даму жолына түсуіне де Өзағаңның сіңірген еңбегі ерекше»

Ә.Кекілбаев

Бүгін Ұлыстың Ұлы күні – Әз Наурыз мерекесі елімізде тойланып жатыр. Дегенмен, коронавирус дертінің таралмауына және тосқауыл қою мақсатындағы енгізілген шектеулерге байланысты белгілеген талаптаға сай мереке атап өтілуде.

Айтпағымыз, кеңес үкіметі кезінде қазақ жұрты бастан өткерген небір тағдырлы нәубеттерде ұлтымыздың сал-дәстүрі мен ұстанымдарына, ғұрыптарына қатаң тиым салынған еді. Солардың бірі - Әз Наурыз мерекесін тойлауға тоқтам салды.

Атап айтсақ, 1926 жылы Қазақстанда Наурызмерекесіне ескі ғұрып, мұсылманның діни мейрамы ретінде тыйым салынды.

Алайда, 62 жылдан кейін ғана - 1988 жылы Наурыз мерекесі қайта тойлана бастады. Оның жаңғыруына көрнекті мемлекет қайраткері, этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібеков көп еңбек сіңірді.

Әлде де сөбесі сөгілмей тұрған кеңес дәуірінің кезінде-ақ 1988 жылдың 22 наурызынан бастап Наурыз мерекесі Өзбекәлі Жәнібековтің тікелей атсалысуымен Қазақстанда қайтадан ресми түрде атала бастады.

Биыл туғанына 90 жыл толып жатқан(28.08.1931, Түркістан облысы Отырар ауданы Сарықамыс ауылы - 22.02.1998, Алматы) — мемлекет қайраткері, этнограф, тарихғылымдарының кандидаты Өзбекәлі Жәнібектің мұнан өзге де ұлтымыз үшін сіңірген еңбектері өлшеусіз.

ХХ ғасырда қазақ халқының салт-дәстүрін, мәдениетін қайта түлетіп, елі үшін аянбай еңбек еткен тұлғалардың бірі — Өзбекәлі Жәнібеков. Кеңестік тоталитарлық қоғамның тар құрсауына қарамастан ол өзінің саналы ғұмырын қазақтың ұлттық мәдениетін жаңғырту, дамыту ісіне арнады.  

Қазақтың ұлттық мәдениетін жаңғыртуда аянбай тер төккен ол еліміздің әр өңірінде өлкетанулық музейлер ашып, көнеден келе жатқан мәдени жәдігерлерді, асыл жауһарларымызды, бай мұрамызды бір ортаға жиыстыра білді.

Айтыс өнерінің де рухани топырақта қайта көгеруінде Өзбекәлі Жәнібеков көп жұмыс атқарды.

Ұлттық рухтың ұраншысына айналған Өзбекәлі Жәнібеков қазақ халқы мәдениетiнiң, ана тiлiнiң, салт-дәстүрi мен әдеп-ғұрпының жаңарып, дамуына сүбелi үлес қосты. Сондай іргелі істерді тізбелей отырып, лайықты бағалай білу кейінгі толқын өкілдерінің  парызы. Айталық,  басқасын айтпағанда Шымкенттегi Шығыс жастарының көсемi Ғани Мұратбаев ескерткiшiнiң орнатылуына, Отырардағы Арыстанбаб, рухани астанамыз – Түркiстандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенелерiнiң қалпына келтiрiлуiне, Эрмитаждан Тайқазанды алдыруға, Бетпақдаланы игеруге, Шардара су қоймасын салуға, Арыс-Түркiстан каналын қазуға ұйтқы болуы соның айқын дәлелі емес пе?.

Оның ұлт алдындағы басты еңбегі сол, халқымыздың дарынды жастарына да қамқоршы бола бiлуi талай жастарға жөн сілтеп, қолдау көрсетті. Әсіресе, өнер адамдарына қол ұшын созып, демеу болды. Оның бастамасымен елiмiздiң көп жерiнде, Отырар, Әзiрет Сұлтан, Тараз, Үстiрт секiлдi елді мекендерде этнографиялық музейлер ашылып, «Адырна», «Алтынай», «Сазген», «Сырнай», «Шертер», басқа да фольклорлық өнер ансамбльдерi, Арқалық қазақ сазды драма театры дүниеге келген. Қазақстанның мәдени ескерткiштерiн сақтау мен қалпына келтiру мақсатын көздеген «Арқас» және шет елдерiнде тұратын отандастарымызбен мәдени байланыс жасайтын «Отан» («Қазақстан») қоғамдары құрылды. Наурыз мейрамының, қазақтың бес арысы – Жүсiпбек Аймауытов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Мiржақып Дулатов, Шәкәрiм Құдайбергенов есiмдерiнiң туған халқына қайта оралуына белсене ат салысқан тұлғаның еңбегі шындығында ұшан теңіз. Ана тiлiн дамыту бағдарламасының мемлекеттiк тұжырымдамасын жасауға қатысқан ол «Қазақ ұлттық қолөнерiнiң мәдениетi», «Эхо…», «Жаңғырық», «Уақыт керуенi», «Жолайрықта», «Қазақ киiмi», «Ежелгi Отырар», «Тағдыр тағылымы» атты еңбектерiн жарыққа шығарды.

Өзбекәлі Жәнібековтің «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық- музейінің құрылуына ұйытқы болып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесін мемлекет тарапынан қамқорлыққа алынылуына мұрындық болуы — ел болашағы үшін жасалған ұлы іс. Қорық-музей аумағының құжатталуына, шекараларының бекітілуіне, ондағы тарихи ескертіштердің қайта қалпына келтірілуінде басшылық етіп, киелі Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қалпына келтіруге қатысып, ішкі жұмыстарына тіпті өзі де қызу араласып кеткен кездеріне куә болған жандар аз емес. Сондай естіліктердің біріне сүйенсек: 1982 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші басшысы Дінмұхаммед Қонаевтың Түркістанға арнайы сапары алдында Қожа Ахмет Ясауи ғимаратындағы әлі жөндеуі бітпей жатқан Мешіт пен Қабырхана бөлмелерін қайта өңдеу жұмысына Өзбекәлі Жәнібековтің өзі белсене кірісіп кеткені, қолынан күрек, қайла түскен емес. «Балағын түріп, бет орамалының төрт бұрышын тас түйе басына киіп, зеңбілмен құм тасыған бейне бір аңыз секілді. Бұл орайда көз көргендердің айтуынша, бірде сырттан біреулер «бастықтарың кім?» деп сұраса керек. «Әне, анау адам» деп жұмысты беріле істеп жатқан ағаны көрсетсек, біздің бұл сөзімізге көбі сенбей, күмәндана қарайтын-дейді, естелік айтушы Қыдырбай Арыстанбеков. Ондайда Өзағаң балаша мәз болып күлетін. Ұжымда денсаулығы онша ауыр жұмысқа жарамайтын, бір науқас кісі бар еді. Үнемі костюм-шалбар киіп, галстук тағып жүретін. Аға әлгіндейлерді одан сайын састырып «бастық анау кісі» деп шырттай болып киінген сол кісіге қарай нұсқап жіберетін де, өзі ары қарай жұмысын жалғастырып,  зембілді көтеріп кете беретін. Бір жылға созылатын құрылысты біз солай екі айдың ішінде бітіріп тастадық»-дейді әріптес ағамыз.

Өзбекәлі Жәнібеков Түркістандағы «Түркістан тарихы» музейі ғимаратын қорық-музейдің өз меншігіне өткізуге де көп үлес қосты. Бұл ғимарат кезінде орыс әскерлерінің казармасы болған. ХІХ ғасыр ескерткіші ретінде мемлекет қамқорлығына алынғанмен Жеңіл өнеркәсіп министрлігіне қарап, онда трикотаж-тігін фабрикасы орналасқан болатын.  

Сонымен қатар, тарихымыздың басты қазынасы – Тайқазанды 1989 жылғы 18 қыркүйекте әйгілі Эрмитаждан алдырып, Түркістан топырағымен қауыштырған қажыр-қайраты өз алдына бір төбе шаруа еді.

Биыл мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 90 жыл толғалы отыр. Осы орайда, Түркістанда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі «Өзбекәлі Жәнібеков оқулары: Ұлт рухын ұлықтаған Өзбекәлі Жәнібеков» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы мен үстіміздегі жылдың 28 тамызында Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде «Ұлт руханиятының жаршысы» тақырыбында көрме ұйымдастырады. Сонымен бірге, Өзбекәлі Жәнібеков қызмет атқарған Арқалық өңірі де сәуір айында республикалық конференция өткізуді жоспарлап отырғандығы көпшілікті қуантады. Ал, еліміздің басқа өңірлерінде қандай дайындық жұмыстары жүріп жатыр екен?

Тельман БЕЙСЕНОВ,

тарих ғылымдарының магистрі,

БЕРІК БАЙБОЛОВ,

ҚР «Мәдениет саласының үздігі»,

Өзбекәлітанушы.