579
Кәсібімен нәсібін тапқан қандастар
Кәсібімен нәсібін тапқан қандастар
Шетелден келген қандастар арасында жеке шаруашылық жүргізуге бейім азаматтардың қарасы көп. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты Қайрат Бодауханның зерттеуіне сүйенсек, Қазақстанға көшіп келген қандастардың 62,7 пайызы еңбекке қабілетті жаста екен. Ал 30,7 пайызы жасөспірімдер мен балалар болса, 6,6 пайызы ғана зейнет жасындағы адамдар. Мұны сарапшылар мемлекет үшін экономикалық белсенді әлеуметтік топ деп бағалайды.
– Қандастардың Қазақстан экономикасына қосатын үлесін жалпы қосылған құн ретінде қарастырсақ, еңбекке қабілетті 100 мың қандас тек ауыл шаруашылығында ғана жұмыс істейді деп болжағанда, бес жыл ішінде 771 млрд теңге көлемінде табыс әкеледі. Осылайша, тек ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін бір қандас жыл сайын Қазақстан экономикасына 2,9 млн теңге табыс түсіреді, – дейді Қ.Бодаухан.
Осы есеппен алғанда экономиканың басқа да секторларында жұмыс істейтін қандастар орта есеппен жыл сайын Қазақстан экономикасына 4,8 млн теңге әкеледі екен. Бұдан бөлек, халықтың өсуіне байланысты тұтынушы нарығын кеңейтуге түрткі болмақ.
«Атамекен» қолдай ма?
Қазір шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан қолдау бар, бірақ оның жүзеге асу механизмі әлі де күрделі дейді кәсіпкерлер. Алайда жолы болып, кәсіптің көзін ашқан қандастар да баршылық. Бұл ретте, жаңадан көшіп келген қандастар үшін тиімді жобаның бірі – кәсіптік оқыту. Мәселен, осыдан төрт жыл бұрын Қытай елінен Қазақстанға қоныс аударған қандасымыз Биғұлсын Келіскен өткен жылы кәсіпкерлік негіздерін оқып, Алматы қаласы, Алатау ауданынан 80 орындық балабақша ашқан. – Мен Қазақстанға келмей тұрып 21 жыл бойы медбике болып жұмыс істедім. Ал жолдасым болса 23 жыл бойы қазақ және ұйғыр балаларына қытай тілінен сабақ берді. Осыдан бес жыл бұрын Қазақстанға көшіп келдік. Алғашында бұл жаққа келгенде істі неден бастарымызды білмедік. Содан өткен жылы «Атамекен» ҰКП-ның «Бастау» бизнес жобасына қатысып, 505 мың теңге көлемінде грантты жеңіп алдық. Сондай-ақ, бизнес-тренеріміздің кеңесімен 6 пайыз жеңілдікпен несиеге қол жеткіздік. Сөйтіп, мемлекеттік бағдарламаның арқасында өз балабақшамызды ашып отырмыз. Алғашында бұл үйді өзіміз тұрамыз деп салған едік, кейін грант алып, бизнес жоспарымызды әзірлегеннен соң осы жерден балабақша ашуды жөн көрдік, – дейді кәсіпкер Биғұлсын Келіскен. Алатау ауданының бизнес-тренері Ербол Сүйінбаевтың айтуынша, қандасымыз Биғұлсын кәсіпкерлікке ынталы екенін және өз жобасын өткен жылғы қарашада қорғап, мемлекеттік грант алғанын айтады. Бүгінде Қытай халқының басым көпшілігі жеке кәсіппен айналысып қана қоймай, тауарларын әлем елдеріне экспортқа шығарып отыр. Сол жақта оқып, тәжірибе жинаған қандастарымыздың көбі кәсібін атажұртта жалғастырғысы келеді. Өзбекстаннан келген қандастар болса дәнді-дақылдар, көкөніс өсіруге бейім. Олар да жер алып, жемісін елге бергісі келеді. Сонымен бірге Моңғолия қазақтары да ауылшаруашылығын табысты кәсіпке айналдырған. Мәселен, сүт және ет өнімдері қашанда сұранысқа ие екені белгілі. Олардың көбі өнеркәсіпті дамыту үшін мемлекет тарапынан қолдау яки жеңілдіктер болса дейді. Белгілі кәсіпкер Жеңіс Түркияның айтуынша, елімізде кәсіпкерлікті қолдайтын жобалар көп. Бірақ оны кәсіпкерлердің көбі жақсы біле бермейді. Ондай мүмкіндіктер жайлы бейхабар. Сонымен қатар кедергілер де жоқ емес дейді. Расында, кәсіпкердің сөзінің жаны бар. Бұрын «Отандастар қорының» қандас кәсіпкерлерді қолдау департаменті жеке кәсіппен айналысатын және енді кәсіп бастаған қандастар мен кәсіпкерлерді несиелендіретін мемлекеттік ұйымдармен бірлесе отырып, өзекті мәселелерді бірге қарастыратын еді. Қазір бұл департамент те жабылып қалды. Енді іскер қандастар қайда жүгінерін де білмейді. Осыған орай, қазір қандастар кәсіппен айналысу үшін не қажет, мемлекет тарапынан қандай қолдау бар? Басқа да қиындықтарды қалай еңсеруге болады деген сұрағымызды елімізге белгілі кәсіпкерлерге қойып көрдік. Толқын АҚАНҰЛЫ, дәрігер, жеке кәсіпкер:Адам өзі білетін кәсіпті бастауы керек
– Алғаш атажұртқа келгенде кәсіп бастау түгілі құжат алудың өзі біршама қиын. Бірақ оның бәрін атамекенге деген сағыныш ұмыттырып жібереді. 2007 жылы елге келген соң, құжат мәселесімен екі жылдай жүрдім. 2009 жылы өзімнің сүйікті кәсібім медицинаны қолға алдым. Менің кәсіби мамандығым – дәрігер. Сондықтан шетте оқыған, білген қабілетім мен тәжірибемді осында өзіміздің қаракөз қандастарымның денсаулығына арнауды көздедім. Бұл саланың басқа саладан өзгешелігі көп. Мәселен, білікті дәрігер бірінші келген науқасты жақсы емдеп, дертінен айықтырып жіберсе, ол ары қарай сіздің жарнамаңызды өзі жасайды. Кәсіпкерлікті бірінші өзім ғана бастадым, одан кейін әйелім қосылды. Сөйтіп, кәсібімізді кеңейте түстік. Қазір еліміз бойынша Шымкент, Түркістан, Атырау қалаларында бөлімдеріміз бар. Елорданың өзінде бірнеше бөлім аштық. Осылай үлкен емханаға айналдық. Ел азаматтарынан бөлек әлемнің 22 елінен емделуші келді. Сұраныстың жоғары болуына Шығыс медицинасы мен қазақы емдеуге деген адамдардың зәрулігі себеп болып отыр. Әйтпесе, көршілес Өзбекстан сияқты елдердің жалпы медицинасы біздікінен артық болмаса, кем емес. Ал Шығыс медицинасына көбіне-көп Еуропа елдері қызығушылық танытып отыр. Әрине, бұл кәсіптерімізге Елбасының бастамасымен жүзеге асып келе жатқан орта және шағын бизнесті қолдау саясатының тиімділігі және кеңдігі үлкен демеу болып отыр. Осы кәсібімді бұдан да ары қарай дамытып жетілдіре түсу үшін мемлекет тарапынан көмек алуға талпынып көрдік. Сонымен қатар кәсіппен қосамжар жүретін бір нәрсе бар. Бұл – қайырымдылық. Мәселен, медициналық сақтандыру қорына ақша салмаған, жұмыс істемейтін, тегін емделе алмайтын қарапайым адамдар бар. Сондай жандарды тегін емдейтін кездер болды. Өйткені расында жағдайы жоқ, науқасы жанына батып, емделе алмай сандалып келген адамды көзің көріп тұрып қалай жәрдем бермеске?! Біз басқа клиникаларға ұқсамайтын бір ұтымды әдіс қолданамыз. Ол – дәрігерлік мораль. Яғни, әр келген науқасқа жылы қарау. Науқас адам дәрігерден үміт іздеп, дертіне шипа сұрап келеді. Сондықтан оған медициналық көмектен бұрын жылы қарым-қатынас қажет. Менің дәрігерге қоятын талабым да осы. Екінші адамдарды ұзын-сонар кезекте күттірмейміз. Сосын «алдын ала жазылмасаң қабылдамаймыз» деген жоқ. Емделуге келген адамды дер кезінде қабылдай береміз. Сосын науқасы ауыр адамды кезексіз қарау біздің қағидамыз. Жоғарыда айттым ғой, бізде жалпы медицинамен қатар Шығыс медицинасы және қазақы емдеу басым болғандықтан шетелден келген дәрігерлер бар. Бірақ қызметке кімді алсақ та, жұмысқа деген ынта-жігеріне қарап аламыз. Жалпы осы айтып отырғанымыздың бәрі – капитализмнің, яғни әділ бәсекенің шарттары ғой. Алыс-жуықтан атажұртқа енді келіп жатқан ағайындар шаруа бастау үшін әуелі кішкентай кәсіптен бастаған жөн деп есептейтін. Кез келген істі бастап, оны дөңгелетіп алып кету үшін әуелі адам өзі білетін кәсіпті бастауы керек. Мұны, әрине өз басымнан өткен тәжірибемнен айтып отырмын. Тынай ӘБУҰЛЫ, кәсіпкер, Ledorda ЖШС-нің директоры:Мақсатым – өз қаржымызды елімізде алып қалу
– 2006 жылғы 26 қазанда Қазақстанға көшіп келдім. Екі жылға жуық жалшы болып істедім. Құрылыстан бастап қолым жеткен кез келген жұмыстан тартынғам жоқ. Қытайдың алтын кенінде екі жарым жылдай жұмыс істедім. Ол жерде 100-ден астам адамды басқаратын лауазымға жеттім. Бірақ өз жеке кәсібімді бастағым келді. Сөйтіп, кішкентай нәрселерден бастадым. 2013 жылы дүкен ашып, Қытайдан сыртқы жарнамаға қажетті заттар әкеліп сатуды қолға алдым. Бірақ осы жақтың заңын жақсы білмегендіктен басында біраз қиындық кездесті. Әсіресе, ЖШС ашу және салық төлеу жағынан. Ол кәсібімді 4 жыл жүргіздім де, туған ініме бердім. Дүкен әлі жұмыс істеп тұр. Қазіргі жарнамалық баннер т.б. безендіруге арналған заттардың барлығын өзіміз жасап шығарамыз. Аспаптарымыз да бар. Сонымен қатар скотч жасап, саттық. Ал жеке кәсіпкерлікпен айналысуға кедергі болатын мәселеге тоқталсақ, мәселен, 4 теңге үшін 10-15 күн есепшоттарымыз жабылып қалған кез болды. Бұл – бизнеске үлкен кедергі. Сондықтан Салық комитеті бұған жеңілдікпен қарауы керек деп ойлаймын. Мысалы, салған салық дер кезінде есептеліп, хабарлама арқылы жауап келсе немесе 100 теңгеден төмен жетпей қалса жеке шотыңнан өзі алатындай болса. Ал 5 000 мың теңгеден төмен болса «сізде осындай көлемде төленбеген салығыңыз бар» деп ескертсе. Міне, осы мәселе көп кәсіпкерді толғандырып отыр. Ал қазіргі айналысып жатқан кәсібім – сахналық әрлеу. Мұнда көптеген нәрселер бар. Тек концерттік сахна ғана емес. LED экрандар, жылжымалы шырақтар, дыбыстық аппараттар бар. Бұл кәсіптің артықшылығы – осыдан он жыл бұрын мұнымен көбінесе басқа ұлт өкілдері айналысатын еді. Яғни, мұндай 30 компания болса, оның 20-сы шетелдік компания болатын. Бір концертті LED экранмен жабдықтау өте қымбат. Ең арзан дегенде бір концертке 5 миллион теңге шығады. Бұрын осы сала бойынша ішкі нарықтағы ақшамыз шетелге кетіп қалатын. Менің мақсатым соны өзімізде алып қалу болды. Қазір диод технология әлемде қарқынды даму үстінде. Қазақстанға келіп осы салада жұмыс істеп жүргеніме мақтанамын. Сосын тағы бір мәселе бар. Бұл – көше шырақтары. Мәселен, осыдан біраз жыл бұрын көшедегі шырақтардың көбі тез қызатын лампа болған. Қазір біз сол шырақтарды түгелдей диод шыраққа ауыстыру туралы бастама көтеріп жүрміз. Өйткені қазіргі лампалар 500-600 ваттық. Ол күніне өте көп энергия қажет етеді. Оның орнына LED диодтарды қоятын болсақ, ол 80 пайыз энергия қуатын үнемдейді. Яғни, бұл мемлекеттің экономикалық шығындарын азайтатын еді. Пандемия кезінде еліміздегі кәсіпкерлік саланың көбі санитарлық талапқа сай өз жұмысын жүргізіп жатты. Ал біздің кәсібіміз тоқтап қалды. Бұл бізге өте қиын болды. Осындай кезде бірге жұмыс істейтін азаматтарды тастап кете алмадым. Сөйтіп оларға 6-7 ай жалақы төлеп отырдық. Ақыр соңында кәсіпорынды таратуға тура келді. Қызметкерлердің барлығы жұмыстан шықты. Құрал-жабдықтарды қоймаға жинап қойдық. Жұмыссыздықтан да өзге қиындық – біздегі LED экрандарды айына бір рет қосып тұру керек. Әйтпесе олар өзі-өзінен істен шығып қалады. Кәсібіміздің қайта жандануы немесе мүлде тоқырауы карантин талабына байланысты болып отыр. Мұның бәрі еңсемізді біршама түсірді. Сондықтан «кәсіппен айналыссам болды, шекем шылқып оңай олжаға кенелемін» деп ойлауға болмайды. Бұл саланың табысымен қатар машақаты да мол. Алтынгүл ҚАБДҰЛҚЫЗЫ, кәсіпкер:Кәсіпкерлік – тендермен пайда табу емес
– Біздегі бизнеспен айналысып жүргендердің негізгі қаржы көзі – тендер. Мен үшін бұл – қызық жағдай. Атажұртқа көшіп келгелі көптеген кәсіпкермен таныстым. Олардың басым көпшілігі «тендерге қатысыңыз» деп ақыл айтады немесе тым оңай жолмен ақша табуды көздейді. Меніңше бұл кәсіпкерліктің дамуына кері әсер етеді. Таза еңбегімен тапқан ақша ғана шынайы табысқа жеткізеді. Бұл ретте, қоғамдық сана өзгеруі қажет. Теріс жолмен ақша табу – бизнес емес. Мұндай ортада ешкім келіп инвестиция құйып, бірігіп жұмыс істегісі келмейді. Кәсіпкерліктің мәні – тұтынушылықтан өндірушілік түсінікке бет алу. Мысалы, жерігілікті әкімшіліктер бос орындарды жалға берсе, өте көп инвестиция келеді. Орын жалдаудан түскен қаржыға үлкен цехтар мен техникалық жабдықтар сатып алуға болады. Осылай бәсекелік орта қалыптасып, өндіріс дамиды және бюджетке де салық арқылы қаржы түсер еді. Қытайда кәсіпкерлердің кәсіп ашуына, инвестиция тартуға барлық жағдай жасалған. Инвесторлар соған қызығады. Кез келген адам, мейлі шетелдік болсын, кәсіп ашуға өтініш берсе болды, жетіп жатыр. Үкімет өсімсіз қаржымен, гранттармен және жұмысқа қажетті орынмен қамтиды. Жұмыс жүріп, белгілі деңгейге келгенде ғана салық төлеуге кеңес береді. Оның үстіне үкімет кәсіпкерлердің жұмысының жүруіне қажетті жағдай жасап, ортақ нарық қалыптастыруға ықпал етеді. Осылайша жергілікті жағдайға үйлесетін өндіріс ошағын ашады және сол үшін жұмыс түрлерін зерттеп, жаңа кәсіпке қолайлы жол қарастырылады. Біз ұрпақ үшін атажұртқа көшіп келдік. Сондықтан қиындықтардың бәріне төзуге әрі таза кәсіпкерлік орта құру үшін күресуіміз керек. Қағазбастылық, ысырапшылдық, бәрі мемлекеттің дамуына кедергі. Ол тек мемлекеттің айналысатын жұмысы емес, әр адам бірігіп күресуі тиіс.