277
Дулыға АҚМОЛДА, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жастар одағы сыйлығының иегері: Наурыз ресми мереке ретінде бекітілгенде халықтың өшкені жанғандай болды
Дулыға АҚМОЛДА, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жастар одағы сыйлығының иегері: Наурыз ресми мереке ретінде бекітілгенде халықтың өшкені жанғандай болды
– Наурыз – қазақ халқы үшін ғана емес, түбі түркі халықтары үшін ерек мейрам. Ел-жұрт қыстан аман шыққанына қуанатын, жердің бетіне көк шығып, табиғат жаңаратын шақ. Табиғат қана емес, оның бір бөлшегі – адамның да жаңару сәті.
Наурыз десе, ауылда апама ілесіп, үй-үйді аралап, наурыз көже ішіп жүретін бала күнім ойға оралады. Қариялардың жанында отырып, тағылымға толы әңгімелер тыңдаушы едік. Ширек ғасырдан астам бұл мейрамды тойлауға тыйым салынғанымен, ауылдағы ағайын қазақтың дәстүрін бұзбай, қадір-қасиетін төмендетпей бүгінгі күнге дейін жеткізді. Тоқсаныншы жылдардың басында Наурыз ресми мереке ретінде бекітіліп, жалпыұлттық деңгейде тойлана бастағанда халықтың өлгені тіріліп, өшкені жанғандай болды. Ауыл, аудан орталықтарында үлкен мерекелік концерттер өткізіліп, ұлттық ойындар ұйымдастырылатын. Орталық алаңдарда өтетін қазіргі мерекелік шаралардан айырмашылығы – ол уақытта халықтың жүзінен шын қуаныш менмұндалап тұратын. Қазіргідей жасандылық, әйтеуір есеп үшін өткізсек болды деген немқұрайлық болмайтын.
Бұл мейрам – отбасымыз үшін ең қадірлі, асыға күтетін мереке. Барлық ағайын-туысымызбен бір шаңырақ астында бас қосып, наурыз көше ішеміз. Ақ дастарқан басында бір-бірімізге жақсы тілектер айтып, келіп жеткен Жаңа жылымыз жайлы, табысты болса деп ниеттенеміз. Дос-жаран, көрші-қолаңның үйін аралап, мәре-сәре боламыз. Осы дәстүріміз үзілмесе екен.