Ұлыс күні қазан толса...

Ұлыс күні қазан толса...

Ұлыс күні қазан толса...
ашық дереккөзі
Ұлттық-рухани құндылықтар жүйесінде, қазақтың қария сөздерінің ішінде Наурыз күнінде теңіздей толқып-тебіреніп айтатын: Ұлыс күні қазан толса, Ол жылы ақ мол болар, – дейтін сәулелі келешектің кілтіндей, мол­шылық пен тоқшылыққа жөн сілтейтін бе­реке бастауындай, бақ жұлдызындай қа­сиет пен өсиетке бөленген құдіретті ізгі­лікті тілегі бар. Расында, қара қазан – ырыз­дық- несібенің, бірліктің, елдіктің сим­волы. «Қара қазанның тілеуі Ал­ла­ның тілеуімен бірдей», «Қара қазан – ыдыс­тың құдайы» деген халық нақылдары ға­сырлар сүзгісінен өткен тәжірибенің асыл түйіні. Ішінде тайдың еті жүзетін тайқазан – сақ-ғұн, үйсін (б.з.д. VII ғ. – б.з.IV ғ.) заманының көзі, сан замандар мен ғасырлар бойы халықтың қадірлі мүлкі. Бірде Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұрт тауына келген мезетте жердің бетін жайлаған топан суы кері шегінеді. Осы бір сәтте жер бетіне табаны тиген барлық тіршілік иелері көк аспаннан түскен қасиетті қазаннан дәм татыпты. Содан бері осы күнді Ұлыстың ұлы күні деп атапты. Бағзы заманда, ерте, ерте, ертеде өзі әділетті, өзі білгір, болмысы мей­лін­ше таза бір патша сақтардың са­­­нының қанша екенін тексермек бо­лып, «әрбір сақ бір-бір жебенің ұшын әкелсін» деп жарлық шашады. Пат­ша сақтар қоныстанған тер­ри­то­рияның шартарабынан жиналған өл­шеусіз мол жебелердің ұшындағы жез­ді балқытып, таудың шомбал шыңын­дай қара қазан құйып шы­ғарады. Бұл қазанды көрген гректің атақ­ты тарихшысы Геродот (б.з.д. 490-425 жылдар) бұған «алты жүз құм­ған су еркін сияды, ал шойын­ның қалыңдығы алты елі» деп си­пат­тапты. Б.з.д. V-ІІІ ғасырларда ұлы да­ла­ны мекендеген бабаларымыздың ға­жайып үздік шеберлікпен, көр­кем­дікпен өрнектелген мыс пен қо­ладан құйған қазандардың 20-дан астам нұсқасы бар. Безен­ді­рілуін­де көркемдік сұлулықтың үл­гілері жеткілікті. Мысалы, қазан қақпағының құрсауы текенің мүйі­зіне, әшекейлері қанатты тау те­ке­леріне, кей қазанның тағандары – ар­қарлар мен жылқылардың аяғын жұл­қылап тұрған басы – бүркіт, тұр­паты арыстан кейпіндегі құсқа ұқ­саған, оның «бұдырланған жалы мен үш жылдық сақиналы ұзын мүйі­зі толқындала айқындалған. Көз­дері ызалы, кішкентай құлағы жы­мырылған, тісі ақсиған, араны ашыл­ған жыртқыш жылқының сира­ғын шеңгелдеген. Құбыжықтың ау­з­ының айналасындағы қатпарлар мен қадалған көздері олжасын тап басқалы тұрғандай қалыпта көрсетілген», соншалықты тірі, жанды, әсерлі, я болмаса түйенің, текенің, қойдың аяғына ұқсатылған не­месе төменгі тұсы түйенің қақ жа­рылған тұяқты сирақтарын көр­сетеді. («Қазақстанның ежелгі көш­пе­лілер мәдениеті. Археологиялық кол­лекция». Алматы, 2009. 79-95 бе­т­тер). Ұлы бабаларымыздың қазанды қас­терлеуінде ғұрыптық құндылық, көркемдік көзқарас, ұрпаққа ің­кәрлік бар. Ұрпақ қамы – ел қамы. Ен­деше, «Аға, саңа очүк! Бөз чөк! Бу­кун ізре азық. Аға, саған (бұл) ошақ! Бөтен (жат ел адамы) тізеңді бүк! Халықта азық-түлік (мол бол­ғай)!» дейтін б.з.д. V-IV «Есік» қор­ға­ны­нан табылған күміс кеседегі көне түр­кі жазуы ұлы дала тұрғын­да­ры­ның асыл мұратын мәлімдейді. Бұл орай­да, «Қырық құлағы бар, ішіне қы­рық ту биенің еті сияды», «Қа­заның майлы болсын», «Қазаның от­тан түспесін», «Қазан-ошағыңнан айыр­ылма», «Асың толсын қазанға, ма­лың толсын Ғажамға» деген уыз ті­лек­тер ошақтың үш бұтындай қаз­ақ жұртының ұраны. Жарапазан жыр­ларында: Ақ үйің айға қарап орда болсын, Жиылып ұлы-қызың молда болсын. Дегенде жарапазан, жарапазан, Келеді таудан құлып жарық қазан! – дейтін шумақта сипатталатын «жа­рық қазан» жарқырап жалпақ жұрт­ты жарылқауға, жосылтып келе жат­қандай. Немесе мынадай көркем жұм­бақ­тарды атауға болады:
  1. Басына қара таудың бітер қорған,
Онда жоқ бекітерге айыл-тұрман. Қасына төрт нөкерін ертіп алып, Үстіне қайырлы бай мініп тұрған.  
  1. Мен көрдім бір дария дөп-дөңгелек,
Төрт бұрышы дарияның содан бөлек. Ішінде «Келсе» деген патшасы бар, Астында төрт тіреуі болса керек. «Қазанның құлағын ұстау», «Қа­зан­шының еркі бар, қайдан құ­лақ шығарса», «Бір қазаннан ас ішу» дей­тін де сөз тіркестері бар. Қазақтың ғұрыптық салт-дәс­тү­рінде «өкпесі қара қазандай» де­ген идиома бар. Мұның мәнісі – қа­зан­ды біреуге бергенде құлағына ақтық бай­лап, ішіне ет, бауырсақ салу жөн. Өйт­песе «қазан шамданады, өкпе­лей­ді». «Қазан-аяғы бір» деген сөз ру­лық-тайпалықты, татулықты, тон­ның ішкі бауындай жақындықты та­нытады. «Жарыс қазан» ұғы­мы­ның төркініне барлау жасасақ, мұ­ның да өзгеше бір беймәлім сыры бар. Егер келіншек босанар алдында үй ішінде едел-жедел қазан көтеріп: «Қара қазан бұрын қайнай ма, қара қа­тын бұрын туа ма» десе Жаратқан ие жеңілдік жасайды дейтін түсінік болған. (Қазақтың этнографиялық ка­тегориялар, ұғымдар мен атау­ла­рының дәстүрлі жүйесі. Энцикло­пе­дия. Т.3. Алматы, 2012. 360-363 бет­тер.) Түркістан Тайқазанын 1399 жы­лы тебриздік шебер Абд-ул-Әзиз ибн Шараф әд-Дин Қарнақта 7 ме­талл қоспасынан құйған. Салмағы 2 тон­на, 60 шелек су сияды. Суы өте қа­сиетті Қазан өсімдіктермен, араб жазу­ларымен өрнектелген. 1935 жы­лы 3-Халықаралық конгрестің ұйым­дастырылуына байланысты Санкт-Петербордағы Эрмитажға әке­лінген. Тегінде, жанды-жансыз дүниені, көр­кем жаратылысты  жоғарғы са­на билейді дейтін тұжырымға ден қой­сақ, Ұлыс күні айтылатын ғиб­рат­ты тілектер, халықтық көркем дәс­түрлер, көркем істер мемлекетті де көркейтеді. «Қазан қайнап тұрса, ақыл сайрап тұрады», тұрмыс, дас­тарқан, көңіл, рух жайнап тұрады.

Серік НЕГИМОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

филология ғылымдарының докторы,

профессор