Сотқа дейінгі тергеу: немересін соққыға алған қарияның ісіне қоғам наразы (видео)

Сотқа дейінгі тергеу: немересін соққыға алған қарияның ісіне қоғам наразы (видео)

Сотқа дейінгі тергеу: немересін соққыға алған қарияның ісіне қоғам наразы (видео)
ашық дереккөзі
Алматыда өз немересін аяусыз соққыға жыққан ер адамның видеосы әлеуметтік желіде тарап, қоғам наразылығын тудырды. Бейнекадрдан төсекте жатқан баланы аяусыз соққыға алған ер адамды көруге болады. Жанұшыра көмек сұраған балаға жаны ашыған желі қолданушылары қарияны қатаң жазалауды сұрап, пікір қалдырған. Алматы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 15 ақпанда болған. Алайда, баланың анасынан шағым Түрксіб аудандық полиция басқармасына 6 наурызда түскен. Әйелдің айтуынша, әкесі 10 жастағы немересін соққыға жыққан. «Оқиға болған мекенжайға аудандық учаске инспекторы және ювеналды полиция басқармасының отбасылық қорлық-зомбылықтан әйел құқығын қорғау бөлімшесінен құрылған тергеу-жедел тобы барды. Балаға қол көтерген ер адам қалалық наркологиялық диспансерде ырқынан тыс ем алып жүрген», – деді Алматы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек. Бұл дерек бойынша ер адамға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылықтар Кодексінің 73 бабының 1 бөлімі бойынша (соғу немесе өзге де күш көрсету әрекеттері, дене жарақатын салу, денсаулығына қатер төндірмеген) сотқа дейінгі тергеу ісі тіркелді. Баланың дене жарақаты деңгейін анықтау үшін сот медициналық сараптама тағайындалды. «Сараптама нәтижесі бойынша бала жеңіл жарақат алған. Қазіргі уақытта барлық материал Алматы ауданаралық әкімшілік сотының қарауында», – деді Салтанат Әзірбек. Некеден ажырасқан әйел кәмелетке толмаған үш баласымен бірге әке-шешесінің үйінде тұратыны белгілі болды. Ата-анасымен отбасында кикілжің пайда болған. Қазіргі таңда әйел балаларымен Алматы облысындағы туыстарына кеткен.