673
Өтеген Оралбайұлы: Қазақтың ең бақытты күні...
Өтеген Оралбайұлы: Қазақтың ең бақытты күні...
Белгілі ақын, мәдениет және қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Өтеген Оралбайұлы газетімізге берген сұхбатында келелі әңгіменің түйінін Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай ұлық мерекенің ұлағаттары хақында тұжырымдады.
– Қазақстанның тәуелсіз ел атанғанын ең алғаш естіген сәтті есіңізге түсіріп көріңізші. Халықтың сол кездегі көңіл күйі, өзіңіздің ішкі сезімдеріңіз ұмытыла қоймаған болар?
– Ол күнді ұмыту мүмкін емес. Өзім сол кездегі Жоғарғы Кеңестің тілшілер қосынында болатынмын. Тәуелсіздік туралы тарихи сөзді естігенде сол депутаттық корпус отырған залда, халық қалаулылары дүр етіп орындарынан көтеріліп, дүркіретіп қол соғып тұрғанда жанарым жасаурап, қуаныш пен бақыттан шалқып тұрдым. Халқымыз мұндайда «ақ түйенің қарны жарылған күн» деп жатады ғой, бұл оқиға одан да зор болатын. Өшкен жанып, өлген тірілген, ардақты ата-бабаларымыздың аруағы атойлаған күн болатын. Жұртымыз бұл оқиғаны жүректері лүпілдеп, төрт көзі түгел, тікесінен тұрып күткен-ді. Бір-бірімізді құшақтап, бірге туғандай, бір үйдің баласындай болып қуандық. Қазақтың ең бақытты күні қайсы десе, осы күн болар деймін.
Сол күні Жоғарғы Кеңестің сессия залында бірнеше күн бойы жан алып, жан беріскен пікірталаста аймаңдайы жарқырап, мінбеге сан рет шығып, сансыз да саңылаусыз сұрақтарға сындарлы жауап берген топтың алдында Алаш алыптарының соңғы тұяқтарының бірі, академик, заңғар заңгер Салық Зиманов пен көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ұлы қаламгер Әбіш Кекілбаев тұрды. Кемеңгер Кекілбаевтың сол кездегі тарихи сөзі тәуелсіздіктің тағдырын шешкен еді. Әбекең осы сөзін ерекше толқып, көзіне жас алып, әрі шамырқанып тұрып айтқанда, зал сілтідей тынып, әпербақандар абыржып қалғанда, сол сәтті қалт жібермей қағып түскен Нұрсұлтан Назарбаев дауысқа салып жібергенде, тәуелсіздіктің тұсауы кесіліп, қазақ даласын сүйінші шарлап кеткен болатын.
Сол күні Салық аға Зимановтың үйіне бірге барып, бір-бірімізді құшақтап, жанарларымыз боталап тұрып, құттықтап едік. Ертесіне сол кездегі «Дала дидары» газетінде менің Салық Зимановпен жүргізген «Ежелден еркін ел едік» деген көлемді сұхбатым жарияланды. Әр қазақтың үйінде осындай көңіл күй болған шығар деп ойлаймын. Осындай сәтке куә болғаным үшін тағдырыма ризамын. Кейін Парламент депутаты болғанымда осы сәтті Салық аға екеуміз жиі еске алып, қуана қол алысушы едік. Әбіш ағамен отбасылық жағдайда араласқан 30 жылдық кезеңде оның сол сөзін сан рет еске түсіріп, тебіренген кездеріміз енді өткен шақ екені өкінішті. Жеке адамның бақыты деген мұның қасында не тәйірі, елдің бақытынан артық ерекше күн бар ма!
– Егемендік алғалы елдің саяси өмірі, әлеуметтік-экономикалық жағдайы қалай өзгергені көз алдымызда. Ал әдебиетіміз қалай түрленді?
– Егемендік алған соң елдің еңсесі көтерілді, рухы оянды, өзіне деген сенімі күшейді. Сол кездегі ел өмірінде басталған жарқын жаңалықтар жақсы күндерге деген дерек пен дәйек еді. Тұншыққан намыс туын көтерді, жасыған жігер жалауын желбіретті. Нарық қыспағы мен әлеуметтік проблемалар дендеп тұрса да, елдің ертеңге деген сенімі мен үміті бәрін ретке келтіріп келе жатты.
Қазақ мұнайы қайрат көрсетті. Қатарға қайраткер азаматтар келді, солардың нәтижесінде ақшасы бар алпауыт компаниялар Қазақстанға ат басын бұрды. «Шеврон» бастаған АҚШ компаниялары қазақ мұнайының кепілдігі арқасында нарықтың қиын күрмеуін шешуге жол ашты. Экономика белін көтере бастады, бірақ алда әлі де күрделі кезең тұрған болатын.
Әдебиет әркезде өмірдің көшірмесі бола бермейді. Оған әуелі бап, сосын бақ керек. Отыра қалып өлең жазып, жылдамдатып мақала жазып тастауға болар, бірақ ол көркем сөздің көкжиегіне дендеп үлес қоса алмайды. Бұл бір күннің шаруасы емес, бір адамның тапсырмасы да емес, жан қалауымен, рухтың жаңғырумен болатын нәрсе.
Қазақ әдебиеті мен өнері осы жолда жаңа сүрлеуін бастай алды. Кезінде «әдебиетте жаңа заманның шығармалары неге тумай жатыр?» деген сыни сұрақ болды. Әдебиеттің керуенінде әлі де ұлтқа қажет емес қоржындар бар болатын, олардың теңін шешіп, тілін ашып, жұртқа көрсетудің кезеңі алғашқы бес жылдың шамасында жүзеге аса бастады. Әдебиетте, ең алдымен ақтаңдарды аршу үрдісі басталды, тарихи тақырыптар хандық дәуірден республикалық дәуірге аяқ артты. Бұған Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тарих толқынында» және «Ғасырлар тоғысында» деген тарихи-танымдық кітаптары негіз қалап, қаламгерлердің қай бағытқа қарау керегі сілтенді.
Жаңа тарих әуелі адамдардың жадында жаңғырады. Жаңа шығармалар сол кезде жазыла бастайды. Бұл тұрғыдан алғанда, қазақ әдебиетінде жаңа, сындарлы да серперлі романдар мен повестер, дастандар мен жырлар дүниеге келе бастады. Бір қызығы, алғашқы кезеңде атойлап алға шыққан жүйрік жанр – поэзиялық туындылар қазіргі кезеңде сыни, тұспал, тіпті өкпелі дауысқа ие болып келеді. Мұның себепті-себепсіз жағдайы бар. Тәуелсіздікті кісәпір кеңестік, компартиялық құрсаудағы санадан сұрап алсақ, оның ең басты ұлттық-мемлекеттік атрибуттары – тіл мен ділден, тарих пен тарихи санадан алатын ұпайымыз әзір толық түгенделген жоқ.
Қазақ тілі есіктен төрге озып келе жатқан жүрісін әлі жан-жақты жандандыра алмауда. Тіліміздің төрге шығуын енді кімнен сұраймыз? Мемлекеттік тіл осы 30 жылда бірталай дамыды, өсті, өрледі, бірақ қазақтың көңілі әлі де күпті. Біздің тіліміздің дендеп дамып кетуіне «көп ұлтты елміз» деген қасаң, қоршаулы қағида әлі де тұсау салуда. Біз көп этнос тұратын елміз, бірақ бір ұлтты мемлекетпіз. Тіпті, «елімізде 140 ұлт тұрады» деген деректің шындығын толық біле алмай жүрміз. Әдебиеттің дамуына бұл да көлеңкесін салып келеді. Қазақтілді әдебиеттің әлеуметтік-мәдени қамқорлығы әлі де кемшін. Даңғазалық-дақпырттық, даталық сүргін алдыңғы қатарда. Бұл әдебиеттің көркемдік деңгейінің өкпелік деңгейден аса алмай отырғанын көрсетеді.
Ал поэзияда тегеурінді топ қоғамдық сананың сеңін бұзудай-ақ бұзып келеді. Ақындар Нұрлан Оразалин, Темірхан Медетбек, Исраил Сапарбаев, Иранбек Оразбаев, Жәркен Бөдеш, Несіпбек Айт, Жүрсін Ерман, Абзал Бөкен, Серік Ақсұңқарұлы, Тыныштықбек Әбдікәкім, Ғалым Жайлыбай мен Светқали Нұржанның және олардан кейін ойнақтап келе жатқан 30-дан енді аса бастаған жас толқынның өлеңдерінде ақиқат атой салып, қоғамның назарын өзіне аударып-ақ келеді. Бірақ соны тыңдайтын құлақ, көретін көзге келгенде күмілжіп қаламыз.
Прозада Тынымбай Нұрмағамбет, Бексұлтан Нұржеке, Смағұл Елубай, Несіпбек Дәутаев, Тұрысбек Сәукетай, Жүсіпбек Қорғасбек, Нұрғали Ораз, Асқар Алтай, Думан Рамазан, Дәурен Қуат, тағы басқаларының шығармалары қоғамның тыныс-тіршілігін тамыршыдай тап басып, танытуда. Жалпы алғанда, бұлардың барша шығармашылық полотносын жинақтап, деректі декорация жасасақ, тәуелсіздік бейнесі әр қырынан көрінеді. Бұл үрдіс өнердің басқа салаларында да осындай деңгейде келе жатыр. Меніңше, мәдениет мәйегі әлі жалпы майдандық сипатқа толық ие болған жоқ.
– Егер өз шығармашылығыңызды тәуелсіздікке дейінгі және кейінгі кезеңге бөлсек, әр кезеңнің қандай сипатты белгілерін атар едіңіз?
– Менің қаламгерлік қолтаңбам кеңестік кезеңде қалам ұстаған өз қатарларымнан ерекше деп айта алмаймын. Бір сапта, бір қатарда жүрдік. Бір идеялардың қоршауында болдық. Біз де өз әлімізше Қадыр Мырза Әли айтқандай: «өтірік қостық азырақ, өткізу үшін шындықты». «Лениншіл жас» газетінде 12 жылдай қызмет атқардым, басылымның Мәдениет және ғылым, Әдебиет және өнер бөлімдерін басқардым. Сайыпқыран сардар Сейдахмет Бердіқұловтың сындарлы мектебінен өттім. Желтоқсан көтерілісінен кейін «Правда» газетінің меншікті тілшісі Төлеужан Есілбаевтың осында жарияланған «Паутина» деген мақаласында Әбділда Тәжібаевпен жүргізген сұхбатым тілге тиек етілді. Бірақ автордың аты-жөнін атамағандықтан, үндеместердің үйдей пәлесінен жеңілдеу құтылдым.
Ол сұхбатта қазақ мектептерінің тым азайып кеткені, қазақ тілінің жағдайы, қазақтілді балабақшалардың жоқтығы туралы ащылау айтылған жерлері бар еді. Аласапыран, алмағайып кез еді. Ондай кезде жолдас болып, құрдас болып жүрген жандар да кейде әлсіздік танытып қалады. Мұндай қилы кезеңді де көрдік, сужұқпас сөздің дертінен де, сертінен де қиналып барып құтылып шыққан сәт болды, кейін сол бір жандар белгілі қаламгер, тәуелсіздік келгенде «ту көтерген қайраткер» де болып кетті.
Мақтанды демеңіз, Кеңес кезінде жарыққа шыққан 5-6 жыр кітабымның ешқайсысында «Ленин, октябрь, партия» туралы бірде-бір өлеңім болған жоқ. Сондықтан болар кітаптарым кідіріп, қиналыспен шығып отырды.
Тәуелсіздік кезеңі – қолың, санаң босаған, жан сарайың жаңғырған кезең. Тәуелсіздік жылдарында мемлекеттік органда – Президент Әкімшілігінде ұзақ жыл қызмет атқардым. Қолымнан келгенше ұлт сөзіне, оның әдебиеті мен өнеріне адал қызмет істедім. Бір ғана мысал, Жұмекен Нәжімеденов пен Шәмші Қалдаяқовқа Мемлекеттік сыйлық алып беруге тікелей мұрындық болдым, барынша күрес жүргізіп, марқұмдардың аруағының алдында азаматтық борышымды өтедім. Бұл жөнінде баспасөзде «Мәңгілік елдің марапаты» деген көлемді мақалам жарияланған, ол көпшілік сайттарда да шықты. Өйткені Ереже бойынша қайтыс болған авторларға ондай сыйлық берілмейтін еді, сол ережені жүгіріп жүріп Елбасының Жарлығы бойынша 1 жылға өзгертіп, Әнұран авторларына осы сыйлықты алып беруге жан-тәнімді салдым. Ол мен үшін емес, еліміз үшін, ұлылардың әз есімдерін мәңгілік құрметке бөлеу үшін керек еді. Саяси шешім қабылданды. Қазір осының мәртебесі мен мерейін халқымыз көріп отыр, «көріп жүргендер» баршылық.
2018 жылы «Шуақты шақ» деген өлеңдер жинағыма Мемлекеттік сыйлық берілді. Бұл менің әдебиеттегі 50 жылдық өмірімнің тұжырымы сияқты болды. Бұл жыр жинағымда тәуелсіздік туралы талай өлеңдерім бар, соның ішінде 3 бөлімнен тұратын кітабымның бірінші бөлімі «Тәуелсіздікке тағзым» деген бір өлеңнен тұрады, түйіні мынау:
Кірдім талай теңдік үшін додаға,
Қалғаным жоқ жанға жайлы жағада.
Қалың елім, қара орманым,
Сертім сол:
Менің жаным сендер үшін садаға!
Егемендікке деген ерекше құрметім мен тағзымым осы болар деймін. Қазір зейнеткерлікке шыққанмен, тағдырым болған өлеңнен ажыраған емеспін, жазу үстіндемін. Ұлттық руханиятымыздың қайраткерлері туралы соңғы жылдары 40-тан астам мақала-эссе, публицистика жазыппын. Оларды да жинақтап, көлемді 1 томдық етіп шығару ниетіндемін.
– Қазақ әдебиетіне ғана емес, ұлт баспасөзіне де еңбегіңіз сіңді. Кеше осы саланың сайыпқыран сарбазы болсаңыз, бүгін құрметті ардагерісіз. Өкшеңізді басқан әріптестеріңіздің жазған-сызғанын бақылап отыратын боларсыз. 30 жылда журналистикамыз азат ойдың айнасына айнала алды ма?
– Журналист қай кезде де, қандай уақытта да қайраткер тұлға болуы керек. Оның тағдыры солай. Мәртебелі мамандық, майдангер мамандық. Дұрыс айтасыз, мен республикалық БАҚ-тарда 20 жылдан астам қызмет істедім. Үлкен мектептен өттім. Қандай жағдай болса да халық сөзін сөйлеуге тырыстым. Жоғарғы Кеңестің депутаттығына түсіп, Атырау облысын аралағанымда «Лениншіл жас», «Дала дидары», «Егемен Қазақстанда» жарияланған мақалаларым алдымнан шығып, үнемі сенімді өкілі ретінде көмектесіп отырды. 6 адаммен сайысқа түсіп, жеңіп шықсам, тілшілік тағдырымдағы жазғандарым бапкерім болды.
Азат ойдың айнасы болу да оңай емес. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңдеріндегі романтикалық-патетикалық ұшқын бірте-бірте прагматикалық-іскерлік деңгейге қарай ойысқанда, көптеген журналистердің аяқ алысы бәсеңдеп қалды. Саясат деген сұңғыла нәрсе ғой, оның толқын астындағы иірімдерін жастар кейде аңдамай қалып, асығыстық танытады, кейде санасы жетпей сансырап қалады. Сын айту қай кезде де оңай. Ал мәселенің мәніне үңіліп, оның себеп-салдарын тану көңіл көзін, таным-таразысын талап етеді. Бұл тұрғыдан келгенде, жастар алдында әлі талай асулар тұр дер едім.
Журналистика қазір оқыс оқиғаны теруге, ақпараттық ағысқа қатты икемделіп кетті. Жүйелі, сындарлы, парасатты, ойлы мақалалар аз. Көшірме көп. Көпірме де аз емес. Қазіргі жастар тілге немқұрайды қарайтын болды. Тұрақты сөз тіркестерін бұтарлап сындырып, мақал-мәтелдерді ревизиялап, тақырып қоюды немкетті немесе жөн-жосықсыз айқайлатып қоятын болды.
Тағы бір айтар нәрсе, журналистік әбжілдік пен жігерлілікті «бетбақтық» деңгейіне дейін жеткізу белең алды. Бұл – соңғы 20-30 жылда қалыптасып келе жатқан кесірлі үрдіс. Сұхбат алу барысында өзін кейіпкерінен жоғары қою секілді әдепсіздік те біршама жайылды. Тіл білмегендіктен, алған тақырыбын толық игермегендіктен, өзін көрсетуге бейімділіктен тілші сұхбаттасына сұрақты дәлдеп, нақтылап қоя алмай, ауа жайылып, сөйлеп кетеді. Бұл әлгі айтылған телеарналар мен радиода жиі байқалып жүр. Бұлар да азат ойдың журналистері бола алмайды. Тақырыпты кәсіби тұрғыдан игеру кемшін, мысалы белгілі журналистер Жарылқап Бейсенбаев ғылыми-сапарнамалық, Жанболат Аупбаев тарихи тұлғалар мен тарихи жер-су жағдайлары, Бауыржан Омар танымдық-эсселік, Қали Сәрсенбай мәдениет пен руханияттың көкейкесті мәселелері, Құдияр Біләл дінтану, теология мәселелері, Дархан Қыдырәлі түркі дүниесінің тарихи кезеңдері, Амангелді Кеңшілікұлы әдеби-мәдени өмір өзектері туралы сөз қозғап, осы тақырыптарды жекеменшікке ойдағыдай бекітіп алды. Оқырман олардан адаспайды. Бұлардың өзегінде азат ойдың алауы жатыр.
Сонымен қатар азат ойдың алауы лапылдау үшін биліктің де құлағы ашық, көзі көреген, көңілі береген болуы шарт. Сын айтылса сынып кететін, шын айтылса тұрып кететін билік өкілдері Үкіметте де, Парламентте де аз емес. Әсіресе, қазақтілді басылымдардың бұл тұрғыда «жолы жіңішке». Орыс тіліне басымдық беріліп отырған жағдайда азат ойдың алқауы да, арзуы да арзанқол көріне береді. «Тіл өнері дертпен тең» демеуші ме еді абыз Абай. Бұдан 150 жыл бұрын айтылған сөзді тағы да қайталап айтсақ, онымыз Абайдан көшірме болмас. «Тіл азат болмай, діл азат болмайды», «діл азат болмай, сана азат болмайды», жады жаңғырмай, тарихи сана руханияттың ескі арбасының соңынан ере береді. Сөзіміз де түзелер-ау, тыңдаушы түзелсін деңіз.
– Кез келген мемлекеттің кемел келешегінің кепілі – саналы жастар. Егемендікпен бірге буыны бекіген ұл-қыздың бойында ел күткен жігер мен жасампаздық бар ма?
– Өте күрделі сұрақ. «Мен жастарға сенемін» деген Мағжандық пайымды қайталап айтқан сайын, жан-жағымызға қуыстанып қарайтын секілдіміз. Бұл сөзді қазір айтушылар көп. Көбі тұспалдап, кейбірі мысқалдап, кейбірі құштарлап айтады. Өсіп келе жатқан жастар баршылық қой. Алдыңғы қатарлы 100 жаңа есімді тізімдеп тастадық. Бірақ солардың даңқы жер жарып, жұртын жалт қаратып жатыр ма? Мен күмілжимін. Мүмкін қателесермін, бірақ жастардың бойында әлеуметтік эгоизм мен мансапқорлық монолог көбірек секілді. Қай заманда да алдыңғы аға ұрпақ жастарға сын көзімен қараған ғой.
Көшеге шығып, жан-жағыңызға қараңызшы, тілін, дәстүрін, салтын, тарихын жетік білмейтін, ең өкініштісі білуге құмар емес жастар толып жүр. Бұған кім кінәлі? Ең алдымен, ата-анасы, мектебі, ортасы кінәлі, жастар саясатында жігерлі жұмыстар жүргізе алмай отырған қоғамдық-саяси орта, жауапты орындар кінәлі. Әлгі 100 жаңа есім қызметтік жағынан бәсекелестікті тудырған шығар, бірақ ұлттық ұлағат, руханият пен зиялылық тұрғысынан әлі толық бәсекелестік жасаған жоқ деп ойлаймын.
Шетелде көп болдым, талай жастарды көрдім, кездестім. Бәрі де елге өкпелі, теңдік, әділдік, адалдық жоқ деп айтады. Сыбайлас жемқорлық жайлап кетті деп өкпелейді. 100 жаңа есімді таптық, сонымен қатар 100 жаңа жемқор да табылып жатыр. Бұдан да көп болуы мүмкін, майданның ақпараты секілді күнде айтылып жатады. Осыдан кейін жастардың бойынан жасампаздық пен жігерді қалай талап етеміз? Тәуелсіздік жылдарында шетелдерде «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқыған, өзімізде білім алған талай жасты министр, әкім қойып, депутат етіп сайлады. Қазір ақша жеп шетелде қашып жүргендер көп, кейбірі түрмеде отыр, адалдық жолынан тайып, ағайынын жетелеген жершіл-рушыл топ тағы бар. Қызметін атқара алмай, төркінін танымай, менмендіктің буы бетті шарпығандар және бар. Рас қой, «рас сөз ешқашанда жалған болмас» (Абай). Өнерде жүрген өресіз әнші, жүгенсіз жүргізуші, сыпыра сылқым, қыдырма қыртың тағы бар. Мөңке бидің кейіпкерлері – осы.
Сұхбаттың негізгі өрімі тәуелсіздік болғасын, осынау ұлы тақырыпты дерек пен дәйек тұрғысында аздап тарата кетсем, артық болмас. Және орайы келген әңгіменің жастарға қатысы бар. 2007 жылы Елбасының атына Солтүстік Қазақстан облысынан келген бір топ ардагердің хатын Нұрсұлтан Әбішұлы Мемлекеттік хатшыға жолдап, оған: «Осы мәселені шешудің уақыты келген сияқты, қарап, ұсыныс енгізіңіз» деген пәрмен берген. Мемхатшы Қанат Саудабаев бұл хатты сол кездегі Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамбет Ертісбаев пен Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Серік Біләловке жолдап, Президенттің тапсырмасына орай нақты қарап, ұсыныс енгізуге тапсырма берді. Мемлекеттік хатшының кеңесшісі болғандықтан тапсырма құжаттарды қазақ тілінде мен дайындайтын едім.
Петропавл қаласының атауын тарихи дерекке сай Қызылжар деп атау жөніндегі хатта барлық дәлел жан-жақты келтірілген болатын. Сондай хат Павлодар облысының атауын да өзгерту жөнінде бұрын келгені бар-тын. Іздегенге сұраған, мен сілтеме хатты қуана дайындап, таяу күндерде болады деген жаңалықты сезінген көңіл күймен жүрдім. Құжаттың қаралу, жауап берілу уақыты қарар бойынша 15 күндік мерзім болатын. 15 күн шамасында Е.Ертісбаевтан да, С.Бі-ләловтен де жауап хат келді. Онда екеуі бір-бірімен келісіп алғандай: «қазіргі саяси-қоғамдық жағдайға байланысты, тұрақтылықты сақтау мақсатында бұл мәселені әзір қарауға болмайды, шу шығып кетуі мүмкін, облыс жұртшылығының пікірі де осындай» деген мазмұнда жауап берген еді. Жауап хаттарды оқыған Мемлекеттік хатшы түнеріп отырып қалды.
Ол жауаптар Мемлекет басшысына жолданып, мәселе жабулы қазан күйінде қалды. (Бұл құжаттар Елбасының архивінде сақталған болар). Алдыңғы толқын ары мен жанын салып жазған халықтық хатқа облыс жастары немқұрайдылық танытты, осыған орай жергілікті жерде кішігірім талқылау болып, жастар «саяси қырағылық» танытып, қала атауын қорғап қалды. Қала атауын ауыстырмау жөніндегі үгіт-насихатқа жастар азаматтықпен, алғырлықпен жауап бере алмады.
Министр де, әкім де орыс тілінде берген жауаптарында әсіресақтық танытқан еді. Әсіресақтық – қорқақтық екені белгілі. «Дүмше молда дін бұзар» деген сөз бар, осы орайда әсірежалтақ діл бұзар деп айтсақ болар. Кейін Мұхтар Құл-Мұхаммед Мемлекеттік хатшы болған кезеңде, белгілі ұйғыр жанжалы шыққанда да, Мемхатшының белсенді ұсынысына қарамастан, сол кездегі мемлекеттік саясатқа жауап беретін жігіттер тағы да әсіресақтық танытты. Осылайша, өзге ұлттың бойында империялық иммунитет қалыптасты. Зырян қаласында болған әпербақандық оқиға да сол иммундық жүйенің күшейген белгісі болатын. Өз үйімізде өзгенің айтқанына көніп, айдағанына жүре бастап, бізде де қорқақтық қағидасы (симптомы) қалыптасты. Осы жерде ақылға жүгініп, албырттық танытып, жігер мен саяси толғамды бірдей қамти алатын жастардың аздығы көрініп қалған еді.
Жастарды барынша тұқыртып тастайын деген ұстанымда отырған жоқпын. Ақиқатын айтқанда, қазіргі 55-85 жас арасындағы толқынның патриотизмі мен ұлтжанды қасиеті қазіргі жастар бойынан сирек көрінетін сияқты. Егер мен қателессем, қуанар едім. Қазіргі жастар дегеніміз кім? Жарайды, 18 бен 25 жас аралығын әлі балаңдыққа балайық, бірақ 30 бен 40 жас арасындағы жастардың бойынан осынау ұлы қасиеттер атойлап тұр ма? Қайдам... Тәуелсіздік тарихында талай жас шетелдерден оқып келгені көбірек, министр болды, әкім болды, тіпті депутат болды. Солардың 80 пайызы орыстілді, қазақ тілін меңгеру деңгейі өте төмен еді. Қазір 14 министрдің, 14 әкімнің де, ішінара болмаса, қазақ тілі қатып тұрған жоқ, мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі әліппенің ар жақ, бер жағы.
Халық алдында есеп бергенде, Парламентке келіп заңын қорғағанда қазақша қойылған сұрақты мүлде түсінбей, басқаша жауап беретін министрлер мен олардың орынбасарларын қалың қауым күнде көріп отыр. Жаттап алған мәтінін зорға дегенде оқып беріп, маңдай терін сүртіп, ентігіп тұрған оларды көргенде қазақ тіліне жылап көріскендейсің. Өзге ұлттың өкілдері қазақша сайрап қоя бергенде қуана тұрып, өкінесің. Жаңадан министр не әкім тағайындалғанда «бұл қазақ қазақша біледі екен» деп сүйінші сұрайтын болдық. Осылардың көбі 30 бен 40-тың ішіндегі жастар.
– Мемлекет басшысы Тәуелсіздіктің 30 жылдығын той-томалаққа емес, тағылымды істерге арнауды тапсырды. Ел өміріндегі кезекті мерейлі белестен абыроймен асу үшін нақты қандай игі шаралар ұйымдастырылуы керек деп ойлайсыз?
– 30 жылдық ерекше кезең болуы тиіс. Мұны ойдағыдай атап өту, өткізу жөніндегі Үкіметтің арнаулы қаулысы бар. Ол кезең-кезеңімен жүзеге асады. Тойды той деп емес, қорытынды жасар ой деп өткізу туралы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрмені бар. Ең басты айтар мәселе, бұл тек Үкіметтің, не болмаса Мемлекет басшысының ғана тірлігі емес, бұл жалпыұлттық жұмылыс, мемлекеттік майдан болмағы шарт. Әрбір қазақ баласы өз тойым деп атсалысуы керек. Әрбір депутат, әрбір министр, әрбір әкім бұған ортақ жұмыс деп қарап, жер-жерде жұмыла жұмыс жүргізу керек. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін бірлесіп, бірігіп келелі іс-шара атқарса, 30 жылдықты табысты тарихи белесіміз деп марқая қарсы аламыз. Ыбырай Жақаев атамыздың «малшы малын бақсын, диқан егінін жайласын» деген сөзі бәрімізге қатысты.
– Тәуелсіздіктің 30 жылдығынан бөлек, биыл ұлт ұстазы, қазақтың біртуар қаламгері Ыбырай Алтынсариннің – 180, дүлдүл ақын, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Жамбыл Жабаевтың – 175, ғұлама ғалым, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, «Алаш» қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейханның – 155, халқымыздың даңқты палуаны Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығын лайықты атап өту міндеті тұр. Еліміздегі ұлт мақтаныштарының мерейтойын тойлау дәстүрін ескі сүрлеуден арылтатын кез келген сияқты...
– Мұның бәрі Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында өтетін игі іс-шаралар. Қалыптасқан дәстүрге сай, экономикалық-әлеуметтік жағдайға байланысты өтетін мүшелтойлардың барлығын жаңаша жағдайға бейімдеп, мазмұнды-мақсатты етіп жүзеге асыру – осыған жауапты орындардың басты міндеті. Ақпарат үшін емес, ақиқат үшін ұйымдастырылған іс-шаралар елдің еңсесін көтеріп, тәуелсіздіктің тарихына жаңа беттер қосады. Жүйелі жоспар жасалып жатыр. Орындаушы кім? Бәрі соған байланысты.
Тойшыл халықпыз ғой, ойшыл халық болсақ деп армандайық. «Өзім дегенде, өгіз қара күшім бар» дегендей, өз тойымыз өзгеге үлгі-өнеге болсын. Халқымыз қыран болсын, Бірлігіміз ұран болсын! Ұлттық мерекенің ұлағаттары ұлтымыздың ары мен нәрі болғай!
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Анар ЛЕПЕСОВА