353
Сенімге селкеу түссе...
Сенімге селкеу түссе...
«Бейбіт күнде халқымыздың амандығын, береке-бірлігін сақтай алмасақ – мемлекеттігімізге сын. Полиция тәртіп сақшысы екенін сөз жүзінде емес, іс жүзінде дәлелдей білуі тиіс». Өткен жылдың соңында Ішкі істер министрлігінің алқа отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деген еді. Жуырда аталған ведомствоның басшысы Ерлан Тұрғымбаевты қабылдаған Президент бұл мәселеге қайта оралып, полицияға халық сенімін арттыруға мүмкіндік беретін сапалы реформа жүргізуді тапсырды. Өйткені елдің құқық қорғау органдарына деген сенімі жыл өткен сайын азайып барады. Ranking.kz жүргізген сауалнама нәтижелері Қазақстанда тәртіп сақшыларының қызметіне сенбейтіндердің қатары көбейгенін көрсетіп отыр.
Құқық қорғау органдарына сенім арту – ел тұрғындарының өз қауіпсіздігі мен құқығы қорғалатынына күмән келтірмеуін білдіреді. Соңғы уақытта ішкі істер органдарындағы реформалардың көпшілігі халық сенімін арттыруға, дұрысы ел сенімін «қайтарып алуға» бағытталуда. Өйткені соңғы жылдарда тәртіп сақшыларының қызметіне қатысты келеңсіз оқиғалардың, жағымсыз жағдайдың көбеюі құқық қорғау органдарының ел қауіпсіздігіне – қалқан, тұрғындардың құқығына қорған бола алатынына сенімнен гөрі күдікті арттырғаны жасырын емес. Ranking.kz интернет-ресурсы жүргізген зерттеудің нәтижесі сала қызметіне қатысты қоғам көзқарасын сандық көрсеткіштермен көрсетіп берді.
Сауалнамаға 2019 жылы –31 мың, ал былтыр 18 мың респондент (үй қожалығы) қатысқан. Өткен жылы өзін толық қауіпсіз сезінетіндердің үлесі 57,4 пайызды құрапты. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда (49,6 пайыз) көп. Ал өзін қауіпсіз сезінбейтіндер қатары азайған: 2019 жылы 5,4 пайыз болса, 2020 жылы – 2,9 пайыз.
Осы ретте өзін толықтай қауіпсіз сезінетіндер ерлер арасында 63,4 пайыз болса, әйелдер арасында 52 пайызды құраған. Ал өздерін қауіпсіз сезінбейтін әйелдердің үлесі – 3,5 пайыз, ерлер – 2,2 пайыз. Олардың көпшілігінде далада жүргенде біреу шабуыл жасауы мүмкін деген үрей бар, жалғыз жүрмеуге және жарығы жоқ жерлерге жоламауға тырысады. Бір қызығы, біреу шабуыл жасауы мүмкін деген қорқыныш әйелдерден (44,6 пайызы) гөрі ер адамдарда (47,4 пайыз) басым болып шықты.
Сауалнамаға қатысушылардың банктегі шотынан немесе карталарынан алаяқтар ақшамды алып кетуі мүмкін деген алаңдаушылығы бір жылда 31,8 пайыздан 41,8 пайызға дейін өскен. Респонденттердің мұндай қорқынышын мамандар соңғы кезде қаржы пирамидаларын құрушылар, банк картасындағы қаржыны түрлі әдіспен қолды қылатындар алаяқтарға қатысты жағымсыз оқиғалардың көбеюімен түсіндіреді.
Зерттеу қорытындысына сүйенсек, полицияға респонденттердің 37 пайызы толық сенеді. Ал прокуратураға – 35,9 пайызы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке – 24,5 пайызы, экономикалық тергеу қызметтеріне 20,5 пайызы шүбәсіз сенім артады.
Сондай-ақ сауалнама құқық қорғау органдарына мүлдем сенбейтіндердің саны да артқанын көрсетіп отыр. Полицияға мүлдем сенбейтіндер үлесі 2,7 пайызға жетсе, респонденттердің 1,8 пайызы жемқорлыққа қарсы қызметке, 1,6 пайызы прокуратураның қызметіне сенбейтін болып шықты.
Өткен жылы құқық қорғау органдарына хабарласқан респонденттердің 92,2 пайызының арызы қабылданған екен. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен шамалас (92,9 пайыз). Сәйкесінше, 2020 жылы – 7,8 пайыз, 2019 жылы 7,1 пайыз респонденттердің арызы қабылданбаған. Олардың 2,9 пайызының арызын ұсақ құқықбұзушылық (бұзақылық, ұялы телефон ұрлығы және тағы басқалары) деп қабылдамаған болса, 2,4 пайызына мәселесін ауызша шешуге уәде берілген, қалған 1,5 пайызына шағымда қылмыстық құрамның жоқтығы айтылған.
Полиция ел сенімінен неге айырылды?
Әлеуметтік желіде біз жүргізген сауалнама да халық арасында құқық қорғау органдарының беделі төмендегенін аңғартты. Ел тұрғындарының көбі пәтері тоналса – ұрының табылатынына, баласы қиянат көрсе – әлімжеттік жасаушының ұсталатынына, туысы өлтірілсе – қылмыскердің әділетті жазаланатынына, жері таласқа түссе – жеңіп шығатынына, ең аяғы арыз-шағымы дұрыс тіркеліп қабылданатына да сенбейтін болып шықты. Тіпті, полиция қызметкерлерін қылмыскерлермен сыбайлас санайтындардың қатары аз емес екен. Бұған ішкі істер органдарында қызметтік тәртіп мәселесінің ушығуы, елімізде полицейлер қолымен жасалатын қылмыстың көбеюі себеп болса керек.
Мәселен, жуырда ғана Атырау облысында екі полиция қызметкері есірткімен ұсталды. Облыстық Полиция департаменті өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері өз әріптестерін Атырау–Доссор автотрассасының бойында құрықтап, олардың қолынан тыйым салынған есірткі заттарын тәркіледі. Күдіктілердің үстінен Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігінде қарастырылған заңбұзушылық белгілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аталған баптың бөлігі «ірі мөлшердегі есірткі, психотроптық заттарға, сол тектестерге қатысты жасалған іс-әрекеттер» бойынша жазалауды қарастырады.
Полиция қызметкерлерінің қалтқысыз қызметіне сенімсіздікті арттырған тағы бір оқиға таяуда Ақтауда болды. Полиция майоры пандемияға байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде жезөкшелер борделіне «крыша» болғаны анықталды. Бұл қызметі үшін 15 мың теңге алып тұрған көрінеді. Тәртіп сақшыларының абыройына нұқсан келтірген полицей 4 жылға сотталып кете барды.
Құқық қорғау органдарының қызметкерлері арасында парамен ұсталатындар да аз емес. 2020 жылғы алғашқы екі айдың өзінде 16 тәртіп сақшысының жемқорлығы ашылған екен. Одан кейін де талай полицей пара алу үстінде ұсталды. Мәселен, былтыр шілдеде Қызылорда облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі облыстық Полиция департаментінің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасы бөлім басшысының жемқорлығын әшкереледі. Ол есірткі құралдарын өндірушілерге көрсеткен «қамқорлығы» үшін 500 мың теңге сомасында пара алған. Дәл осынша соманы қалтаға басқан БҚО Полиция департаментінің көші-қон басқармасы қызметкерінің атағы да жер жарған еді.
Тәртіп сақшылары жол-көлік оқиғаларына, тіпті кісі өліміне себепкер болатын жағдай да жиіледі. Мәселен, биылғы жылдың қаңтар айында Жамбыл облысының Шу қаласында полицей қызметтік көлікпен әйел адамды қағып кетті. Қатты соққыдан 48 жастағы әйел бірден жан тапсырды. Куәгерлер «жүргізуші мас болған, әрі өзінің полицияда істейтінін жасыру үшін қызметтік көлігінің мемлекеттік нөмірін шешіп әкетті» деп дабыл қаққан еді. Алайда Полиция департаменті бұл ақпаратты теріске шығарды. Ресми мәліметке сәйкес, қараңғы көшеде жолға атып шыққан жүргіншіні 25 жастағы аға лейтенант абайсызда қағып өткенін алға тартты. Десе де, полициядағылар өз әріптестері жазасыз қалмайтынына сендірді.
Осыған ұқсас тағы бір оқиға өткен жылдың күзінде Теміртауда болды. Lada Vesta қызметтік автокөлігін тізгіндеген жергілікті полицей 65 жастағы ер адамды қағып кетті. Жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен тұрғын ауруханада көз жұмды.
Тәртіп сақшыларына деген сенімді құлдыратқан тағы бір оқиға 2018 жылы шілдеде болды. Белгілі спортшымыз Денис Теннің өлімімен аяқталған оқиғадан кейін жұрт көшеде жүруге қорқып қалды. Алматының қақ ортасында ел мақтанышының, өрімдей жас жігіттің кісі қолынан көз жұмуы ішкі істер органдарының жұмыс сапасына қатысты қордаланған мәселелердің бәрін бір-ақ сәтте жайып салды. Полиция ел қауіпсіздігіне қорған бола алатынына сенбейтіндердің қатары күрт өсті.
Қазақ полицейі туралы фильм қашан түсіріледі?
Антына адалдықты ұмытып, қызметіне салғырт қарайтын тәртіп сақшыларының «ерліктері» полиция формасын кигендердің бәріне бірдей қара күйе жағып, ел құрметінің төмендеуіне әкеліп соққаны өкінішті. Әйтпесе, өз ісіне қалтқысыз берілген, халықтың бейбіт өміріне қалқан болуды абыройлы міндетім деп білетін полицейлердің қатары аз емес. Мәселен, ел ішінде бүлік шығарған лаңкестермен бетпе-бет келіп, көпті құтқару үшін өз жанын пида еткен жамбылдық полицей Ғазиз Байтасовтың көзсіз ерлігі әлі күнге дейін халықтың жадында. Кеудесін оққа тосқан батырын ел ешқашан ұмытпайды.
Сондай-ақ жуырда Қостанай облысында жолда қалып қойған көліктерге ақтүтек боранға қарамастан жаяу жүріп жол көрсеткен патрульдік полиция лейтенанты Амантай Байжановты бейбіт күннің батыры десті жұрт. Бұл өз қызметіне адал полицейдің алғаш рет батылдық танытуы емес. Өткен жылдың сәуір айында ол өз әріптесімен бірге жанып жатқан үйден 15 адамды құтқарып қалған еді.
Өзге өңірлерде де халықтың алғысын алып, ықыласына бөленіп жүрген полицейлер көп. Өкініштісі, елімізде олардың ерлігін арқау еткен фильм немесе қойылымдар жоқтың қасы. Батыс елдерінде тәртіп сақшыларының жағымды бейнесінің қалыптасуына киноиндустрияның ықпалы зор екені көпке мәлім. Мемлекеттік тапсырыспен боевик, триллер, сериалдар түсіру жолға қойылған. Әсіресе, АҚШ-та 2001 жылы қыркүйекте болған лаңкестік шабуыл жайлы түсірілген фильмдер америкалықтардың полицейлерге деген құрметін еселей түсті. Өйткені оқиға кезінде тұрғындарға алдымен қол ұшын созған тәртіп сақшылары еді. Полицейлердің қызметтік міндеті саналатын күнделікті істерінің өзін ерлікке пара-пар етіп көрсететін әсерлі туындылар арқылы олардың беделін арттыру түптеп келгенде қоғам тыныштығын, ел бүтіндігін сақтауға жол ашары сөзсіз.
Кеңес милициясының абыройы да ешкімнен кем емес еді. Қамқор да кішіпейіл, өзі тұлғалы милиционер ағай туралы мультфильмдер көріп, заңсыздықтың жолын кескен тәртіп сақшысы туралы кино көріп, кітап оқып жетілген талай ұрпақтың санасында Кеңес милициясының жарқын бейнесі қалды. Ресей телеарналарын қоссаңыз да полицейлер туралы сериалдар жыл он екі ай көрсетіліп жатады.
Ал қазақ полицейі туралы әсерлі фильм көріп пе едіңіз? Бізде тәртіп сақшыларының адал қызметі, батылдығы насихатталмайтынын мойындауымыз керек. Полиция қызметкерлері жайлы фильм түсірсек те оларды келемеждейтін комедиядан әрі аса алмаймыз. Бір ғана Батыс Қазақстан облысында егемендік алғалы 34 полицей қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тауыпты. Батырлығы мен жанкештілігі бір-бір детектив, триллерге сұранып тұрған ерлер жеткілікті. Мемлекеттік тапсырыспен осындай тақырыптағы туындылар түсірілсе, ел ішіндегі тұрақтылықтың, ішкі-сыртқы қауіпсіздіктің артуына ықпалы мол болары анық.
Айлығы шайлығына жете ме?
Еуропа елдерінде құқық қорғау органдарында жұмыс істеу беделді қызмет саналады. Францияда 50 орындық полиция комиссары мектебіне оқуға түсуге талпынатындар саны 3 мыңнан асса, Швецияда бір орынға 13 үміткер бәсекелес екен. Финляндияда одан да көп. Оларда біздегідей, аға-көкенің қолдауымен, я болмаса ата-ананың сүйреуімен емес, үміткерлер криминалдық полицияға (детектив, ФБР арнайы агенттері) болсын, патрульдік қызмет пен полиция басқару саласына болсын, ең бірінші заңдылықты қамтамасыз етіп, азаматтар құқығын қорғау ниетімен келеді. Оларды бұл саладағы айлық көлемі де, қызметкерге жасалатын әлеуметтік жеңілдіктер де ынталандыратыны анық.
Мәселен, Германияда полиция қызметкерлері 1 800-6 000 еуро көлемінде жалақы алса, АҚШ-та тәртіп сақшыларының жылдық табысы 11-15 млн теңге аралығында. Жұмыс істейтін штаты, лауазымы және жұмыс өтіліне байланысты олардың жалақысы ұлғая береді. Жапон жандармериясы жылына 70 мың доллар алса, БАӘ-нің полиция қызметкерлерінің ең төменгі жалақысы – 2 млн 200 мың теңге. Жоғары лауазымды полицейлер айына 7 млн теңге алады.
Ал бізде ше? Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жергілікті полиция қызметінің патрульдік полициясындағы аға сержант атағы бар қызметкерлер 125 339 теңге жалақы алса, капитан атағындағы патрульдік полиция инспекторының айлығы – 154 592 теңге. Ал аудандық аумақтық органдағы қызметкерлердің айлық табысы 120 мың теңгенің айналасында.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы халыққа Жолдауында да құқық қорғау саласына басымдық бергені белгілі. «Құқық қорғау жүйесін толық реформалау – аса маңызды міндеттің бірі. Полицияның мемлекеттік күштік құрылымындағы бейнесі бірте-бірте өзгеріп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін азаматтарға қызмет көрсететін органға айналуы тиіс», – деді Президент.Ішкі істер министрлігін реформалау үшін мемлекет бұл саланың үш жылдағы мақсат-міндеттерін орындауға 173 миллиард теңге бөлді. Бұл қаражат қызметкерлердің еңбекақысын көбейтуге, баспананы жалға алуға, халыққа қызмет көрсету қағидаты бойынша полицияның заманауи фронт-офистерін ашуға жұмсалады. Өткен жылдың соңында өткен Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісінде ведомство басшысы Ерлан Тұрғымбаевтың 2021 жылдан бастап полиция қызметкерлерінің жалақысы артатынына сендірген. «Келесі жылдан бастап жалақы көтеріледі. Сонымен қатар үйді жалға алу үшін өтемақы алушылардың саны өседі. Өйткені полиция қызметкерлері өз ісінде адал, тұрақты, қарапайым азаматтарға көмек беру үшін материалдық жағдайы дұрыс болуы тиіс. Сол кезде ғана олардан нақты жұмыс талап етіп, сервистік модельге көшу бойынша жоспарды жүзеге асыра аламыз. Әрбір қызметкер тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, оларға кез келген уақытта көмек беруге дайын болуы керек» деген еді министр. Жалақылары көбейіп, жағдайлары жасалса, ел полициясы қуатты қалқанымызға айналар деп сенеді жұрт. Айлығы шайлығына жетіп тұрса, полицейлер арасында жемқорлық жойылып, тәртіп сақшылары адалдықтың айнасына айналар деген үміт көлбеңдейді көкейде. Роза ЖАҢАБЕКОВА, кәсіпкер, Алматы облысы: Полицейлер қалтаңды қаққысы келіп тұрады
– Бірнеше жылдан бері базарда ет сатамыз. Базар болған соң ұрлық-қарлықтың көп болатыны белгілі. Телефонымыз, сатып тұрған етіміз ұшты-күйлі жоқ болып кететін жағдай жиі кездеседі. Бұрын полицияға шағым жазып, жоғалғанымызды іздеуге тырысатынбыз. Алайда нәтиже шыққан емес, ұры табылмайды. Осы күні бір затымыз ұрланса, «бар жамандық сонымен кетсін» деп ешкімге айтпай жылы жаба салатын болдық. Жол-көлік оқиғасына тап болсақ та, кінәлі немесе жәбірленуші тараппен өзара мәмілеге келіп, мәселені полицияның қатысуынсыз шешуді ойлап тұрамыз. Өйткені құқық қорғау органдарына жүгінсең, қаншама уақытыңнан, жүйкеңнен, қыруар ақшаңнан айырыласың. Полиция өкілдері кейде кінәлі болмасаң да кінәлі етіп шығарып, қалтаңды қаққысы келеді. Сондықтан тәртіп сақшыларымен мүмкіндігінше байланыспауға тырысамыз.Нұркен ӘБДІРОВ, доғарыстағы полиция майоры, Жамбыл облысы: Тәртіп сақшылары халықпен қарым-қатынас жасауға қорқады
– «Құқық қорғау қызметі туралы» ҚР заңында бір-біріне кереғар норма көп. Шыны керек, бұл заң сала қызметкерлерінің құқығына қорған бола алмайды. Полиция қызметіне қойылатын талаптың күшейтілуі, шектеудің көбеюі тәртіп сақшыларының халық алдындағы беделін төмендеткендей. Полицейлер осы күні қай жерде сүрініп кетер екенбіз деп аңдап басуға мәжбүр. Өйткені сәл бірдеңе болса, тұрғындар фото, видеоға түсіріп, желіге салып жіберуге құмар. Монтажбен дұрыс әрекетіңнің өзін бұрыс қылып көрсететін немесе әдейі арандатып, ашуға берілген сәтіңді таспалап алуға тырысатындар аз емес. Сондықтан полиция қызметкерлері халықпен қарым-қатынас жасауға қорқады. Заңымыз осал болғандықтан, бұл қызметте тұрақтай алмай, басын ала қашқандар көп. Өзім де зейнетке абыроймен шығуға асықтым. Полицейлердің жалақысын да жеткілікті дей алмаймыз. Мойынға артылған міндет пен жауапкершіліктің жүгі жеңіл емес екенін ескерсек, сала қызметкерлерінің айлығын көбейтпесе болмайды. Әлеуметтік мәселесі шешілген, санасын тұрмыс билемеген тәртіп сақшысы өз қызметін ынта-шынтасымен атқарары сөзсіз. Полиция қызметкерлерін жемқорлыққа итермелейтін – халықтың өзі. Жазадан, айыппұлдан жалтарғысы, істі оңай жаба салғысы келіп тұрады. Қолымен істегенін мойнымен көтеріп, заң бойынша әділ жаза алудан қашпайтындар ілуде біреу. Пара бердің бе – сен де заң бұзушысың. Соны ұмытпау керек.