Бүгін - Бекзат Саттархановтың туған күні

Бүгін - Бекзат Саттархановтың туған күні

Бүгін - Бекзат Саттархановтың туған күні
ашық дереккөзі
441

Бүгін – исі қазақтың мақтанышына айналған спорт шебері, 2000 жылы өткен Сидней Олимпиадасының чемпионы, І дәрежелі «Барыс» орденінің бірінші иегері Бекзат Саттархановтың туған күні. Егер арамызда болса, биыл даңқты ұл 35-інші көктемін қарсы алар еді.

Бекзат Сейілханұлы 1980 жылы 4 сәуірде қазақтың Меккесі – киелі Түркістан қаласында дүниеге келген. Сидней Олимпиадасында тәуелсіз еліміздің туын көкке көтеріп, әнұранын асқақтатқан спортшы 2000 жылдың 31 желтоқсаны күні, жаңа жылға санаулы минуттар қалғанда Шымкент қаласы жанындағы Темірлан бекеті маңында автокөлік апатынан қаза болды.

Ол отбасының кенжесі болатын. Саттархановтардың Бекзаттан өзге мектеп қабырғасындағы спорттық бәсекелерде оза шапқан үш ұлы бар. Бағдат, Болат, Мақсат есімді балалары да спортты серік еткенімен, қазақтың атын шығару Бекзаттың ғана маңдайына жазылыпты. Сәби күнінде өте нәзік, аурушаң, әлжуаз болған Бекзаттан әлем танитын  даңқты боксшы шығады деп ешкім ойламаған.

Өзін-өзі қорғап үйренсін деген оймен ата-анасы Бекзатты бастапқыда күрес үйірмесіне қатыстырады. Алайда күреске ынтасы болмай, екінші жағынан күреспен айналысу бойдың өсуін тежейтінін ұғып, бұл үйрмеден бас тартқан. Содан кейін боксқа бет бұрады. 1986-1996 жылдар аралығында Абай атындағы мектеп интернатта, кейін Жұмабек Еділбаев атындағы №18 орта мектепте оқиды. 1995 жылы алғаш рет бокс үйрімесіне жазылып, балалар бапкері Нұрлан Жұмабаевтан тәлім ала бастайды. Ата-анасы мен туыстары Бекзаттың боксқа деген ынтасын байқағанымен, мұны жай, өтпелі кезең деп ойлаған. Бірақ ол бокспен шұғылданғанына бір жыл толмастан республикалық сайыстың жеңімпазы атанып, былғары қолғапты бекер кимегенін дәлелдейді. Анасы Сырлыкүл Саттарханованың Серік Қонақбаев секілді Бекзат та чемпион болсын деген үлкен арманы болған. Бекзат ана арманын орындамай қоймады. Ол Сиднейдегі жеңісін Түркістан қаласының 1500 жылдығына тарту ететіндігін айтқан еді. Бұл жеңісі үшін Президент Нұрсұлтан Назарбаев Бекзат Саттархановқа І дәрежелі «Барыс» орденін табыс етті. Тарихта Бекзат «Барыс» орденінің тұңғыш иегері ретінде де қалды.

Ер есімін ел есінде қалдыру үшін Түркістан қаласында Бекзат Саттарханов атындағы ықшамаудан мен спорт кешені бой көтерді. Алматы қаласындағы көшелерді біріне  чемпионның аты берілді. 2002 жылдан бастап бокстан Бекзат Саттархановты еске алуға арналған дәстүрлі халықаралық турнир өткізіліп жүр.

Серіктес жаңалықтары