540
Депутаттарды қайта оқыту неге керек?
Депутаттарды қайта оқыту неге керек?
Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Мәжіліс отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аудандық, қалалық және ауылдық билік деңгейлерінің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын ұсынды. Мәслихат депутаттарының біліктілігін арттыру үшін бюджеттен 647 млн теңге қарастыратын заң жобасы қоғамда қызу талқыға түсті.
Жаңа заң жобасы жергілікті биліктің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейтуге арналған өзгерістерге сәйкес, «бюджет есебінен мәслихат депутаттарын даярлау, қайта даярлау және кәсіби біліктілігін арттыруды» қарастырады. Аталған заң жобасының бірінші оқылымында Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин «даярлау» мен «қайта даярлаудың» не үшін енгізілгенін сұраған болатын.
«Жарайды, «мәслихат депутаттарының кәсіби біліктілігін арттыру» деген түсінікті нәрсе. Ал «даярлау» мен «қайта даярлау» дегенді не үшін жаздыңыздар? Сіздер оларға жаңадан диплом берейін деп пе едіңіз? 647 миллион теңгені де береміз деп отырсыздар. Артынан диплом беріледі дейсіздер. Бұл жастардың жақсы көретін әдеті, бір жылда бес дипломды алып, жүре береді. Енді оны осы заң жобасына да жазып қойыпты. Жай көшіре салған ғой. Енді өздері де не істегенін түсінбей отыр», – деді Н.Нығматулин.
Депутат Айгүл Нұркина: «Енді мәслихат депутаттары тиісті бюджет қаржысы есебінен қайта даярлықтан өтуге және біліктілігін арттыруға құқылы болады. Өкілетті органның мәліметінше, бұл мақсаттарға 647 млн теңгеге тарта қаржы бөлінеді. Сонымен бірге заң жобасында аталған норманы қалай іске асыру тетігі ескерілмеген. Осы орайда бұл қадамдарды кімдер, қалай және қандай форматта жүзеге асырады?» – деп Ұлттық экономика министріне сауал қойды.Әсет Ерғалиевтің айтуынша, оқыту бес жылда бір рет, яғни алғашқы екі жылда жүргізіледі. Бұл тұрғыда біліктілікті арттыру мемлекеттік басқару академиясының филиалдарында өткізіледі және оқыту 40 академиялық сағатты құрайды. Жалпы, Ұлттық экономика министрі ұсынған заң жобасын Мәжіліс төрағасы түсініксіз деп бағалағанымен, Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда мақұлдады. Аталған заң жобасына қатысты Túrkistan халықаралық газеті Ұлттық экономика министрлігіне ресми хат жолдаған болатын. «Депутаттардың біліктілігін арттыруға қандай қажеттілік туындады?» деген сауалымызға министрлік: «Депутаттық өкілеттіліктер ең алдымен әртүрлі нормативтік құқықтық актілер, бюджеттер, кейбір төлемдер мен салықтардың мөлшерлемелерін бекіту бойынша шешімдер қабылдаумен, сондай-ақ мемлекеттік органдармен өзара байланыста болады. Осыған байланысты, қызметтерді тиімді жүзеге асыру мақсатында мемлекеттік жоспарлау, мемлекеттік басқару жүйесі, бюджет және салық заңнамасы салаларында белгілі бір білім қажет. Сондай-ақ экономиканың түрлі салаларымен, заңнамадағы өзгерістермен, толықтырулармен танысу қажет. Сондықтан мәслихат депутаттарына біліктілігін арттыру құқығы беріледі», – деп жауап берді. Министрліктің жауабынан түсінгеніміз, биыл сайланған мәслихат депутаттарының көпшілігі кәсіпкерлік субъектілерінің, шаруа қожалықтарының басшылары, қоғамдық бірлестіктер мен кәсіподақ өкілдері, яғни бұрын депутаттық қызметпен айналыспағандар. Осы орайда мәслихат депутаттарының біліктілігін арттыру туралы норманы енгізу қабылданатын шешімдердің сапасын жақсартуға әсер етеді. Шәріпбек ӘМІРБЕК, саясаттанушы: Депутаттар қайта оқытатындай студент емес
– Мәслихат депутаттарының біліктілігін бюджет қаражаты есебінен арттырудың қажеті жоқ. Себебі депутаттың заңдық, экономикалық сауаты, білімі болуы керек. Сосын жоғары білімі бойынша өз саласын жақсы білетін маман, екінші жағынан қоғамның өзекті мәселелерінен хабардар болуы қажет. Депутаттар қайта оқытатындай студент немесе енді жұмысын бастайын деп жатқан мемлекеттік қызметкер емес. Көп жағдайда басқару жүйесіндегі мемлекеттік қызметкерлердің білімін жетілдіріп жатады. Ал енді депутаттардың білімін жетілдіру дегенді бұрын-соңды кездестірмедім. Ұлттық экономика министрлігінің бір жоспарлағаны бар шығар. Бірақ қазіргідей пандемия жағдайында бюджет қаражаты есебінен мәслихат депутаттарын дайындықтан өткізу, қайта даярлау және біліктілігін арттыруға 647 миллион теңге бөлу – басы артық шығын. Қазірдің өзінде қаржы тапшылығын сезініп отырмыз. Халықтың қамын ойлайтын, қоғамның мәселесін шешетін адамды қайтадан оқытамыз деген ұсыныстары көңілге қонымсыз.Ілияс ИСАЕВ, экономика ғылымдарының кандидаты: Депутаттарды қайта оқытуға 647 миллион теңге аз
– Депутаттарды қайта оқытуға және біліктілігін арттыруға бөлінетін 647 миллион теңге аз. Егер депутаттардың экономиканың түрлі салалары, заңнамадағы өзгерістер мен толықтырулар, бюджет және салық заңнамасы туралы білімін арттыру қажет болса, аталған сома жеткіліксіз. Мүмкін бұл 647 миллион теңге бір ауданның немесе бір облыстың экономикалық саясатын меңгеруге жетер. Ал республиканың мәслихат депутаттарының барлығына жетпейді. Мәслихат депутаттарын қандай тақырыпта оқытады, мәселе осында болып тұр. Депутаттарды оқыту шығын емес, ғылым да, білім де, экономика да күн сайын өзгеріп жатыр. Кез келген мемлекеттің даму көрсеткіші – сол елдің ғылыми-техникалық прогресі. Ғылыми-техникалық прогресс мемлекеттің қорғаныс қабілетін, экономикасын күшейтеді, мемлекет азаматтарының өркениет деңгейін арттырады. Сондықтан мәслихат депутаттарының білімін көтеруге керек деген 647 миллион теңге мемлекеттің қабылдаған нақты бір бағдарламасын түсіндіруге ғана жетуі мүмкін.