370
Қазақ көші қолдаусыз болған емес
Қазақ көші қолдаусыз болған емес
Қазақ көші атажұртқа сап түзегелі қилы жағдайды бастан кешті. Әйткенмен қандастардың салқар көші байырқалаған жоқ, байсалды болды. Оған себеп дүниенің төрт бұрышынан ағылған көштің алдынан шығып, жез бұйдасын ұстаған атажұрттағы ағайынның «қандасым» деген ақжарма пейілі, алғаусыз мейірі болатын.
Қазір әлемде объективті көші-қон процесі жағдайында «диаспора», «шетелдегі отандастар», «ерікті қоныс аудару» сияқты ұғымдар бар. Әлемнің көптеген елі шетелдердегі этнобірегейлік қоғамдастықты қолдау саясатын дамыту арқылы ақпараттық және мәдени ықпал етудің кешенді құралы ретінде өз мүдделерін іске асыру барысында бар мүмкіндіктерін пайдалануда. Қазақстан шетелдегі отандастарды, этникалық қазақтарды жан-жақты қолдау қажет екенін жақсы біледі. Мұны шетелде тұратын қандастар да түсінеді. Германия, Израиль, Ресей сияқты Қазақстан да өз қандастарын тарихи Отанына шақырып отырған санаулы елдің бірі.
Тарихи шешімдер және заңдар
Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен қатар қандастардың атажұртқа көшіп келе бастағанына да 30 жыл толды. Қазақ көшін жүйелі жүргізуге бірқатар тарихи құжаттар мен оң шешімдердің ықпал еткені белгілі. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 1991 жылғы 18 қарашада «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ КСР-інде қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің №711 қаулысы қабылданды. Ал 1992 жылғы 28 қыркүйек пен 4 қазан аралығында дүниежүзі қазақтарының тұңғыш Құрылтайы өтіп, Құрылтай аясында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы құрылды. 1997 жылғы 13 желтоқсанда тұңғыш рет қазақ тілінде «Халықтың көшi-қоны туралы» заңы қабылданды. Сондай-ақ, 2020 жылғы 13 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойып, «Оралман» атауы «Қандас» деп өзгерту шешімі де қоғамның қолдауына ие болды.
Отанға оралған қандастардың бір реттік квота алуы
1993 жылы бірінші рет жылдық квота бекітілген болатын. Осыған сәйкес 10 000 (шамамен 40 000 адам) отбасының көшіп келуіне мүмкіндік туды. Квота көлемі 2005 жылы 15 000 отбасына дейін артты. Онсыз да атажұртын аңсап отырған алыстағы ағайынға квотаның берілуі көштің белсенділігін арттыра түсті. Тарихи Отанға оралу патриоттық сезім мен ұрпақ қамы үшін дегенімізбен, адам өмірінде материалдық құндылық өз қажеттілігін жойған емес. Квота шетелден көшіп келетін қандастар үшін ең басты стимул болды. Квота көлемін әр жыл сайын арттырып, шартарапқа шашыраған қазақты бір шаңыраққа ұйыстыру саясаты Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың стратегиялық маңызды жоспары болды.
Жан-жақты зерттеліп, әлемдегі репатриацияны ынталандырудың озық үлгілерінің негізінде бірегей жобалар іске асты. Оған куә әр жылдардағы Президент Жарлықтарын атап өтуге болады. Айталық, 2004 жылғы 27 желтоқсандағы «2005-2007 жылдарға арналған оралмандардың көші-қон квотасы» туралы, 2004 жылғы 31 қарашадағы «2004 жылдарға арналған оралмандардың көші-қон квотасы» туралы, 2003 жылғы 10 ақпандағы «2003 жылдарға арналған оралмандардың көші-қон квотасы» туралы қабылданған Жарлықтары көші-қон саясатына оң ықпалын тигізді. 1996 жылдан бастап, қандастар саны бекітілген квотадан асып түсті. Ал 2001 жылы тарихи Отанына қайтып келгендер саны бекітілген квотадан 15 есе көп болды. 2002 жылы квотаны 2 000 отбасына көбейтілгеніне қарамастан, көшіп келушілер саны 4 есе көбейді. 2004 жылы квота 10 000 отбасына көбейсе де, тарихи Отанына оралушылар саны квотадан 86 пайызға өсті.
Алғашқы жылдары Үкімет өңірлік квотаға 7 облысты белгіледі. Кейін қандастарды қабылдауға Ақмола, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары белгіленді.
Қандастардың білім алуы және жеңілдіктер мен мүмкіндіктер
1991 жылдан бері Қазақстанда жыл сайын жоғары оқу орындарына студент қабылдаған кезде шетелден келген ұлты қазақ жастарға да квота бөлініп келеді. Тіпті, тәуелсіздіктен де бұрын 70-80-жылдары шетел қазақтары Қазақстанда білім алуына мүмкіндік жасалды. Білім іздеген қазақ баласына қай кезде де қазақ топырағынан білім нәрін алуға жол ашылды.
Көшіп келген қандастарымыздың арасында жоғары білімді 53 843 адам, орта білімді 122 058 адам болса, олардың әрқайсысы шетелде жиған ілім-білімі мен тәжірибесін Қазақстанның өркендеу жолына арнады.
Тәуелсіздіктен бұрын білім шартымен келген этникалық қазақ жастары 1991 жылдан бастап ЖОО-ның қабылдау бөлімінде даярлық курсын оқи бастады. Жыл сайын қандастарға арнайы білім гранты үшін 2 пайыз квота бөлінді. Бұл квота 2011 жылдан бастап 4 пайызға артты. Көші-қон саясатындағы бұл ең тиімді стратегиялық жобаның бірі болды. Осынау игі бастама екі үлкен нәтиже берді. Ең бірінші, шетелде тұратын қазақтар тілін сақтап қалуы және жоғары білім алуы. Диплом алып, жұмыспен қамтылуы. Екінші пайдасы, шетелдегі қазақтарды елге тартуға ең тиімді жолдың бірі осы болды. Әуелі жастар келіп, диплом алып, жұмысқа тұрған соң, ата-анасын атажұртқа әкелгендер көп. Жастары осы жақтан оқып, тілін, менталитетін үйренген соң, өз үйлерін көшіріп әкелгенде, құжат алу кезінде кедергілерді оңай игерді.
Білім және ғылым министрлігінің 2011 жылы шығарған №554 бұйрығы 2014 жылдың қазан айында елімізде толық жүзеге асты. Еліміздің 20-дан астам жоғары оқу орындарында даярлық бөлімі ашылды. Бұл бөлімнің мақсаты – Қазақстандағы жоғары оқу орындарына түсетін талапкерлерді жалпы білім беруге дайындау және деңгейін арттыру. Сонымен қатар Қазақстанда өмір сүруге бейімдеу. Осы уақытқа дейін мемлекеттік грант негізінде Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей, Иран, Түркіменстан, Ауғанстан, Қырғыз Республикасы және Еуропаның біраз елдерінен қазақ жастары келіп, білім алды.
Қандастардың баспаналы болуы
Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен құрылған «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында көптеген өңірде арнайы ауылдар бой көтерді. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан облысында 700, Солтүстік Қазақстан облысында 400, Ақтөбе облысы Хромтау қаласында 230 отбасына арнап тұрғын үй салынса, Шымкент қаласы маңындағы «Асар» ауылында 27 мың қандасымыз тұрақтаған. Одан бөлек қандастарды қабылдауға арналған Үкімет белгілеген бес облысқа барып, квота немесе баспана алуға болады.
Қазақстан Тұрғын үй заңында Халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтарының жетіншісі «оралмандар» деп анық жазылған. Бұл заңды қандастарымыздың көбі түсінбейді. Себебі тұрғын үйге кезекке тұру үшін «оралман куәлігіңді» алып барса ғана қабылдайды деп түсінеміз көбіміз. «Оралман мәртебесімен» тұрғын үйге кезекке тұра алмайтын жағдай бар, себебі кезекке тұру үшін тұрақты тіркеу талап етіледі. Ал тұрақты тіркеуге тұрып, ықтиярхат яки азаматтық алған соң тұрғын үйге кезекке тұра алмай қалады. (Құжат қабылдайтындар да мұны ескермей жатады.) Азаматтық алғанға дейін мемлекеттен жер, үй, квота алмаған болса, азаматтық алғаннан кейін де қандастар тұрғын үйге құжат тапсыра алады. Себебі заң жүзінде қандастар азаматтық алғаннан кейін де репатриант ретінде есептеледі.
Қандастарды құжаттандыру жеңілдетілді
2019 жылы наурыз айында көптеген қандастардың «оралман куәлігінің» уақытын ұзарту туралы Тұңғыш Президент
Н.Назарбаевтың бір бастамасымен жылдық мораторий жарияланды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жариялаған мәліметі бойынша, акция шеңберінде елімізде 5 789 этникалық қазақ «оралман мәртебесі» куәлігінің мерзімі ұзартылып, 4 909-ы Қазақстан азаматтығын алған. Егер бұл акция жарияланбаса қаншама қандастардың азаматтық алу мәселесі және азаматтардың әлеуметтік жағдайы қиындай түсері сөзсіз еді.
Биыл Қазақстанның Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева елге оралған қандастарымызға құжат рәсімдеу анағұрлым жеңілдетіліп жатқанын мәлімдеді. Министрдің айтуынша, елге оралған қандастарымызға құжат рәсімдеу анағұрлым жеңілдеп, «бір терезе» қағидасы енгізіліп отыр. Осының нәтижесінде қазір қандастар 5-6 мемлекеттік мекемені аралап табан тоздырмай, барлық шаруасын бір жерден шешетін болады. Оларға қажетті құжаттардың саны да екі есеге ықшамдалып, рәсімдеу уақыты 6 айдан 3 айға қысқарған. Бұрын азаматтық алу үшін қандастардан талап етілетін құжаттар тізімі 46-дан 20-ға дейін қысқартылды.
Қандастарды қоғамдық ұйымдардың қолдауы
2019 жылғы 11 желтоқсанда «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті Нұртай Әбіқаев және Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков әлемдегі қазақтарды тарихи Отаны төңірегіне ұйыстыруға қолдау көрсету, атажұрттан тыс жерде, басқа елде туып-өсіп, елге оралған қандастарымызға көмек қолын созу мақсатында үшжақты меморандумға қол қойған болатын. «Nur Otan» партиясының Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Дүниежүзі қазақтарының кезекті құрылтайларының бірінде: «Шетелдегі қазақтардың елге жиі келіп, туған жерімен байланысын нығайтып отырғаны дұрыс. Қай елде тұрсаңыздар да, әрдайым Қазақстанды жүректеріңіздің төрінде ұстаңыздар. Қазақтың тарихи Отаны біреу-ақ. Ол – Қазақстан», – деген еді. Осы орайда, «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек шетелдердегі және Қазақстанға келген этникалық қазақтарды қолдауға бағытталған еліміздің стратегиялық жоспарларын жүзеге асыру жұмыстарына атсалысуға партияның әрқашан әзір екенін және еліміз тәуелсіздік алғалы бері тарихи Отанына бір миллионнан астам қазақ қайтып оралғанын, соның арқасында ұлтымыздың демографиялық жағдайы қандастарымыздың үлесі есебінен жақсарғаны туралы айтқан еді.
Қандастарға көрсетілетін қолдаудың сапасын арттыру мақсатында «Nur Otan» партиясы, «Отандастар қоры» және Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы арасында жасалған үшжақты ынтымақтастық туралы меморандум аясында ақпараттық жүйелерді, алгоритмдерді, бизнеспроцестерді интеграциялау, өтініштерді қарау және мониторингілеу, сонымен қатар партияның аймақтық филиалдарының базасында қоғамдық қабылдау бөлмелерінде қандастармен жұмыс істеу бойынша партияның қызметкерлерін оқыту семинарлары өткізілді. Соның негізінде партияның қоғамдық қабылдау бөлімдерінде қандастардың түйткілді мәселесін шешуге атсалысуды қолға алды.