51050
Қазақ спорты: отыз жылдың олжасы қандай?
Қазақ спорты: отыз жылдың олжасы қандай?
Мемлекеттік Ту тек екі жағдайда, Ел Президенті шетелге іссапармен барғанда және спортшылар әлемдік ареналарда жеңіс тұғырына шыққанда көтерілетіні белгілі жайт. Президенттен кейін осындай мәртебеге ие спортшылардың мемлекет үшін маңызын осыдан-ақ бағамдай беруге болады. Ел абыройын асырып, мерейін үстем етіп жүрген атлеттеріміздің еңбегі орасан. Ал спорт ұйымдарының басшылары сол сайыпқыран спортшыларға қаншалықты қолдау көрсетіп жүр? Тәуелсіздік алған отыз жыл ішінде қазақстандық спортшылардың қарымы қандай болды? Бұқаралық спорт үшін не істелінді? Кәсіби спорттың кемшін тұстары қандай? Осы сұрақтарға жауап алу және Қазақстан спортының өткені мен бүгінін саралап, келешегіне көз жүгірту мақсатында отандық спорттың басы-қасында жүрген мамандардың пікірін білген едік.
Хабибулла МОЛЛАҚАНАҒАТҰЛЫ,
Қазақстан Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Жиынтық-талдау басқармасының басшысы:
Спорт саласы отыз жыл бойы Отанға деген сүйіспеншілікті нығайтты
–Тәуелсіздік алған отыз жылда елімізде 25-тен астам ұлттық спорт түрі дамыды. Соның ішінде, қазақ күресі, саятшылық, асық ату және тоғызқұмалақ секілді ұлттық спорт түрлері ЮНЕСКО мәдени мұрасының тізіміне енгізілді. Бүгінде елімізде ұлттық спорт түрлерінен 8 мамандандырылған спорт клубы, 13 мамандандырылған спорт мектебі және 45 ипподром жұмыс істейді. «Қазақстан Барысы» республикалық турнирі де ұлттық спорттың брендіне айналды. Сондай-ақ, «Әлем барысы», «Жас барыс» сынды жарыстардың да мәртебесі артуда. Білім берудің барлық деңгейіндегі дене шынықтыру сабақтарына қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату ойындарын енгізу қолға алынып жатыр. Жалпы, дене шынықтыру саласында жүргізілген мемлекеттік саясат бұқаралық спорт пен кәсіби спортты қарқынды түрде дамытты. Ведомстволық статистикалық есепке сәйкес, 2020 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша республикада 41 352 спорт ғимараты (ауылдарда 23 693) жұмыс істеп тұр. Елімізде VII Қысқы Азия ойындары мен XXVIII Дүниежүзілік қысқы универсиада сияқты ірі спорттық жарыстардың өткізілуіне орай, ірі қалаларда әлемдік стандарттарға сәйкес келетін бірқатар ірі спорт ғимараттары («Сарыарқа» республикалық велотрегі, «Астана Арена», «Алатау» шаңғы және биатлон стадиондарының кешені, «Барыс Арена», «Алау», «Алматы Арена», «Халық Арена» мұз айдындары, «Сұңқар» шаңғы трамплиндерінің халықаралық кешені) және Олимпиада ауылдарына ұқсас атлетикалық қалашық салынды. Сонымен қатар, балалар мен жастарға спортпен белсенді түрде шұғылдануға жағдай жасалынды. Қазір Қазақстанда 2 миллионға жуық мектеп оқушысы спортпен шұғылданады. Сондай-ақ, ел аумағында 477 балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері, спортта дарынды балаларға арналған 17 мектеп-интернат жұмыс істейді. Жоғары оқу орындарында да спортқа баса көңіл бөлініп жатыр. Университеттер жанынан 113 спорт клубы мен 2 мыңға жуық спорт секциялары ашылды, онда 177 263 студент спортпен шұғылданады. Сондай-ақ, Ұлттық студенттер лигасы да тұрақты түрде өткізіліп келеді. Осы отыз жылдың ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдар да дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға көптеп жұмылдырылды. Қазір 34 114 мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған 13 спорт клубы және 3 мектеп жұмыс істейді. Жыл сайын олардың қатысуымен 40-тан астам халықаралық және республикалық чемпионат пен турнир өткізіледі. Елімізде спорт түрлерінен 101 республикалық федерация жұмыс істейді. Қазақстан алғаш рет тәуелсіз мемлекет ретінде 1994 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен XVII қысқы Олимпиада Ойындарына қатысты. Онда аты аңызға айналған жерлесіміз Владимир Смирнов тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет 1 алтын және 2 күміс медальге ие болды. Бұл жетістік арқылы Қазақстан құрамасы алғашқы олимпиадасында-ақ жалпыкомандалық есепте 12-орынға табан тіреді. Тәуелсіздік жылдарында ел намысын қорғаған қазақстандық спортшылардың жетістігі төмендегідей: – қысқы Олимпиада ойындарында (1994, 1998, 2002, 2006, 2010, 2014, 2018) 1 алтын, 3 күміс, 4 қола медаль; – жазғы Олимпиада ойындарында (1996, 2000, 2004, 2008, 2012, 2016) 15 алтын, 21 күміс, 28 қола медаль; – жазғы Жасөспірімдер Олимпиада ойындарында 10 алтын, 6 күміс, 9 қола медаль; – қысқы Жасөспірімдер Олимпиада ойындарында 1 күміс, 4 қола медаль; – жазғы Паралимпиада ойындарында 1 алтын, 1 күміс медаль; – қысқы Паралимпиада ойындарында 1 алтын, 1 күміс медаль; – паралимпиадалық спорт түрлерінен жазғы әлем чемпионатында 5 алтын, 6 күміс, 3 қола медаль; – паралимпиадалық жазғы Азия ойындарында 12 алтын, 21 күміс, 26 қола медаль. – жазғы Азия ойындарына 155 алтын, 158 күміс және 244 қола медаль; – қысқы Азия ойындарында 78 алтын, 62 күміс және 56 қола медаль. Қазақстанда 2011 жылғы VII қысқы Азия ойындарының өткізілуі жалпыұлттық спорттың мерейін асырды, онда ел құрамасы жеңіп алған медальдар бойынша рекорд орнатып, бірінші орынға ие болды. Сонымен қатар, ұлттық құрама спортшылары қысқы олимпиадалық спорт түрлерінен әлем чемпионаттарында 5 алтын, 6 күміс, 7 қола медаль жеңіп алды. Ал жазғы олимпиадалық спортпен айналысатын атлеттеріміз әлем чемпионаттарында спортшыларымыз 47 алтын, 52 күміс, 101 қола медаль иеленді. Сондай-ақ, осы жылдар ішінде бүкіләлемдік қысқы универсиадаларда ел абыройын асқақтатқан атлеттеріміз 29 алтын, 25 күміс және 33 қола медальды қоржынға салса, ал Бүкіләлемдік жазғы универсиадаларда бақ сынаған жастарымыз 22 алтын, 43 күміс және 38 қола медальды ұтып алды. Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет Алматы қаласы 2017 жылы XXVIII Дүниежүзілік қысқы универсиаданы қабылдады. Аталған универсиадада қазақстандық студенттер құрамасы 36 медаль ұтып, жалпыкомандалық есепте 2-орынға тұрақтады. Тәуелсіздік жылдарында елімізде кәсіпқой спорт та қарқынды түрде дамыды. Василий Жиров пен Геннадий Головкин бастаған кәсіпқой боксшыларымыз елдің атын күллі әлемге танытты. Кезінде әуесқой бокста атой салған Данияр Елеусінов те кәсіпқой бокста көк туымызды желбіретіп жүр. Биыл әлем бойынша ең беделді саналатын UFC лигасына тұңғыш рет үш қазақстандық спортшы қабылданды. Соның ішінде отандасымыз Шавкат Рахмоновтың бағы жанып, әлем чемпионы атанды. Тәуелсіз Қазақстан тарихында спортшыларымыз қол жеткізген жетістіктер мұнымен шектелмейді. Мен тек ең негізгі нәтижелерін атап өттім. Жалпы, отыз жыл бойы Отанға деген сүйіспеншілікті бекемдеп келген спорт саласы алдағы жылдары бұдан да жоғары қарқынмен дамиды деп сенеміз.Есей ЖЕҢІСҰЛЫ, спорт журналисі: Қазақстанда спорттың бұқаралық сипаты білінбейді
– Жалпы, көптеген мемлекеттегідей қазақ спортында да күрмеуі шешілмеген мәселелер өте көп. Бірақ жанкүйерлер бұл жайында көп біле бермейді. Ал біз шолушы және спорт журналисі ретінде еліміздегі спорт саласында инфрақұрылымның кешеуілдеп дамып жатқанын байқаймыз. Спорт түрлерін жекелей қарастыратын болсақ, Қазақстанда футбол ойынын өткізуге лайықты, әлемдік стандартқа сай жалғыз ғана «Астана Арена» стадионы бар. Алайда, бұл стадионның газоны қолдан жасалынған. Жылдың төрт мезгілінде доп тебуге жарамды болғанымен, ондағы көгал – кәсіпқой футболшы үшін өте ауыр төсеніш. Сондықтан табиғи алаңда доп теуіп жүрген басқа елдің құрама командалары немесе клуб ойыншылары бізге кездесу өткізуге келген кезде мұндай жасанды төсенішке «жатырқай» қарайды, біздікілер ұтқан жағдайда «Астана» өз алаңында ойнап, мұндай алаңға бой үйреткендіктен жеңді деп айтады. Жалпы, «Астана Аренаның» газоны әр үш жыл сайын ауыстырылып отыруы тиіс. Десек те, ауыстырылған сайын небір мәселелер туындайды. Мысалы, 2020 жылы ауыстырған кезде мұның соңы шуға ұласты. Біресе Италиядан шөп әкелінбей жатыр екен дегенді естісек, енді бірде Голландиядан маман келмей жатыр деген секілді сылтауларды естиміз. Ақырында төсеген төсеніштері дұрыс емес екен деген әңгіме тағы шықты. Осындайда бізде алаңды күтіп ұстайтын мамандардың жетіспейтіні байқалады. Бір қызығы, кәсіпқой футболға арналып салынған «Астана Аренада» әуесқой футбол ойындары да ұйымдастырылады. Бұл – дұрыс емес. Ал Алматыдағы Орталық стадион кезінде еліміздің даңқын көтерген алаң болғанымен, кеңестік кезеңнен қалған стадион екені белгілі. Аталған стадион барлық талапқа сай келе бермейді. Әрине, «Қайрат» клубы Алматы қаласының әкімшілігімен бірлесіп бұл стадионды өте жақсы деңгейде ұстап отыр. Бірақ трибуналары ойын алаңынан алыс орналастырылғандықтан, жанкүйерлер нағыз футбол ойынын көріп отырғандай сезіне алмайды. Алайда бұл орталық стадионды тек футболға арнап жасақтаса, онда біздің жеңіл атлеттер жаттығатын жер қалмай қалады. «Алматы Аренаның» жанынан жеңіл атлеттерге арналған стадион ашылды, бірақ аталған жаңа кешен үлкен жарыстар өткізуге жарамайды. Өткен жылы жазда қызылордалық «Қайсар» командасы Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда кипрлік АПОЭЛ командасын қабылдады. Сонда алаңның жаз мезгілі бітпей жатып, сап-сары түске боялғанын байқадық. Осындайды көргенде бізде агрономдар дұрыс жұмыс істей алмай ма деген ой туады. Аталған стадион – еліміздегі ең үлкен стадиондардың бірі, бірақ бұған күтім жасалынбайды. Кезінде шаһар басшысы болған Ғабидолла Әбдірахымовтың сол алаңды жаңартуға 40 миллион АҚШ долларын жұмсайды екен дегенді естігенмін. Бірақ жаңарған түгі жоқ, әлі күнге дейін ескі қалпында тұр. Талдықорғандағы «Жетісу», Қызылордадағы «Қайсар», Қарағандыдағы «Шахтер» командаларының стадиондары да әбден ескіріп қалған. Жөндеу жұмыстары жасалынады, бірақ 2-3 жылдан кейін қайта тозып кетеді. Қазір бас қалада жеңіл атлеттерге арналған кешен салынып жатыр, сол кешен іске қосылса тіпті жақсы болар еді. Өйткені қатарымызда спорт патшайымы саналатын жеңіл атлетикамен айналысатын атлеттер саны азайып барады. Өткен жылы Қазақстан чемпионатына кейбір бағдарлама бойынша екі-ақ спортшы қатысқан. Мәре сызығын бірінші болып кескені чемпион атанса, екінші болып келгені күміс жүлдені иеленді, ал қола жүлде ешкімге бұйырмады, себебі екеуінен басқа ешкім сайысқа түспеген. Қатысушылар санының аздығы дұрыс жолға қойылмаған инфрақұрылымның себебінен деп білемін. Жалпы, елде спортқа арналған ғимараттар көптеп салынып жатыр. Мысалы, жуырда Талдықорғанда әлемдік стандартқа сай жүзу кешені ашылмақ. Бұл – жақсы-ақ, бірақ мұның барлығы қолға кеш алынды. Бұл ғимараттар 2010 жылы салынып бітуі тиіс еді. Мысалы, жүзуден олимпиада чемпионы атанған Дмитрий Баландин жүзетін орын жоқ жерден «шығып» отыр. Олимпиада ойындарында жеңіл атлетикадан 48 медаль, жүзу спортынан 24 медаль таратылады, бір спортшының бір барғанда бірнеше медаль алуға мүмкіндігі бар. Ал біз ойнатылатын көп жүлденің ішінен тек біреуін жеңіп алғанымызға ризамыз. Екінші мәселе – легионерлерге көп сенім артуымыз. Бір жылға бөлінген жергілікті бюджеттің 65-70 пайызы легионерлерге жұмсалады. Тіпті, жетпей қалып, келесі жылдың бюджетінен алып жататын жағдайлар да кездеседі. Хоккей спортында, болсын-болмасын, легионерлерге сүйенетініміз белгілі. Тіпті ұлттық құрамаға Найджел Доус, Даррен Диц секілді канадалықтарды қабылдап алдық. Ауыр атлетикада да Олимпиада чемпионы атанып, айбынымызды асқақтатқан легионерлер бар. Бірақ, тек легионерлерге сеніп отыра бермей, өз арамыздан жарқ етіп шығатын жастарды даярлауға көңіл бөлген абзал. 2000 жылдары ұлттық құрамада күрес түрлерінен күш сынасып, жүлдеден жүлде қоймай, толағай табыстарға қол жеткізген легионерлер көп болды. Оларды көріп өскен біздің балуандар көптің ішінен оза шауып, біздегі күрес спортының бәсін биіктетті. Үшінші мәселе ретінде біздегі бапкерлер мектебінің әлсіреп жатқанын айтар едім. Бәлкім, елімізде жүзу спортының қыр-сырын білетін жақсы мамандар жүрген шығар, бірақ олар көзге түсе бермейді. Арамыздан гандболдан Лев Яниев, көгалдағы хоккейден Эдуард Айрих секілді әлемдік деңгейге танылған бапкерлер секілді мамандар шықса деген үміт бар. Шетелден бірді-екілі мамандар шақырылады, бірақ олар аз уақыт жұмыс істейді де, басқа мемлекетке кетіп қалады. Сондықтан өзіміздегі бапкерлік мектепті дамытпаса болмайды. Төртінші мәселе деп жергілікті бюджеттің көп бөлігінің кәсіпқой спортты қаржыландыруға жұмсалуын айтар едім. Біздегі әкімдер бюджеттің 60-70 пайызын футболға салады. Сосын олимпиада чемпионы шыққан өңірдің спортын дамытуға көптеп қаражат жұмсайды. Ал спортта өзін енді-енді танытып жүрген жастарға қанша ақша бөлінетінін білмейміз. Мысалы, Өскеменде шаңғы мектебі жақсы дамығанын білеміз. Ұлттық құрама да сол өңірдің спортшыларынан жасақталған. Бірақ бізде басқа өңірге қыс түспей ме? Басқа аймақтағы жастарымыз сол қысқы спорт түріне қызықпай ма? Сол себепті біз тек бір өңірдің спортшыларын қамтамасыз етпей, басқа аймақтардағы атлеттерге де өз мықтылығын көрсетуге мүмкіндік жасауымыз қажет. Тағы бір айта кетерлік жайт, көп аймақта спорт саласының басшысы ретінде шенеуніктер сайланады. Ал олардың спорттан хабары жоқ. Сонымен қатар, әкімдердің қай спорт түріне іші тартады, сол жақсы дамиды, ал әкім орнынан кеткеннен кейін әлгі спорт дамымай қалады. Жалпылама айтсам, біздің спорт әлі күнге дейін өз бетінше өмір сүріп кете алған жоқ. Әлі де мемлекеттің қолында, бірақ, мемлекеттің қарауында болса да, шашыраңқы қалыпта басқарылады. Спортшыларымыздың нәтижесі тек Олимпиада, әлем чемпионаттары мен Азия ойындарында білінеді. Ал жалпы спорттың бұқаралық сипаты білінбейді. Соңғы кездері Қазақстанда қысқы спорт түрлерін дамыту құлдырап кетті. «Барыс» клубы ұлттық бренд болған соң, оған қыруар қаражат бөлінеді. Оған ешкім қарсы емес деп ойлаймын. Десек те, хоккейден ұлттық чемпионаттың насихатталуы аз. Негізі, баскетбол мен хоккей бұқаралық спортты қарқынды дамытатын спорт түрлері ғой. Стадионға кіруге рұқсат сұрап керегі жоқ, көшеде де ойнай беруге болады. «Барыстан» өзге, «Алматы», «Сарыарқа» деген командалар бар екенін халық біледі, бірақ трансляция көрсетілмегендіктен, аталған командалардағы ойыншылардың не істеп, не қойып жүргендерінен бейхабар. Шаңғы спортында нөмірі бірінші атлет саналған Алексей Полторанин допингпен ұсталды, ел намысын талай мәрте абыроймен қорғаған Николай Чеботько қайтыс болды. Олардың ізін өкшелеп басып келе жатқан жастарға еңсе көтеру үшін уақыт керек. Биатлон спортынан Галина Вишневская деген атлетіміз анда-санда көзге түседі. Бірақ соңғы уақытта ол да керемет нәтиже көрсете алмай жүр, себебі жасы ұлғайып барады. Ал ұлттық командада оның орнын басатын әзірше ешкім жоқ. Бізде қысқы спортқа ақша көп бөлінеді. Спортшылар әлемдік жарыстарға да жиі барады, бірақ анау айтқандай нәтиже көрсетпейді. Сол себепті кезінде фаворит болған атлеттердің орнын басатын жастарды тәрбиелеп шығару керек. Осындай қадау-қадау мәселелер шешімін тапса, жағдайымыз жаман болмас еді. Жалпы, әлеммен салыстырғанда Қазақстан спортының жағдайы жаман емес. Себебі тәуелсіздік алған мемлекеттердің арасында олимпиаданың бірде-бір медалін ала алмай жүрген немесе осы отыз жыл ішінде небәрі 2-3 медаль ғана алған елдер жетерлік. Сондықтан әлемдік спортта табан тіреген орнымыз жақсы, бірақ мұнымен тоқмейілсуге болмайды. Өйткені біздің алдымызда спортты ұлттық брендке айналдырған, бізге олимпиада сайын үлгі көрсетіп жүрген Америка мен Ресей елдері тұр.Асхат САҒЫНАЕВ, спорт комментаторы: Қазақстан спортының болашағы жарқын
– Қазақстан спортының болашағы жарқын деп есептеймін. 90-жылдармен салыстырғанда, бүгіндері елімізде бұқараның спортпен айналысуына жақсы жағдай жасалған. Ірілі-ұсақты елді мекендерде спорт алаңдары, жаттығу залдары мен кешендер бар. Жаттығу залдарының да бос тұрғанын көрмейсің. Сондай-ақ, алдағы уақытта бұқаралық спортқа мемлекет тарапынан қолдау көп болатынын білеміз. Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында елдегі кәсіби спорт клубтарын мемлекет есебінен қаржыландырудың тиімсіз екенін атап өтіп, бұқаралық спорт пен балалар спортына баса көңіл бөлу қажет екенін қадап айтты. Мәдениет және спорт министрлігіндегі мамандар әзірлеп жатқан жаңа заң жобасы осы жылдың мамырында күшіне енеді деп күтілуде. Ең бастысы, балалар спорты мен бұқаралық спортқа бөлінген қаржы орнымен жұмсалса екен деймін. Отандық спортта баса көңіл аударатын екі басты мәселені атап өткім келеді. Оның бірі – Қазақстанда бапкерлерді даярлау жұмысының дұрыс жолға қойылмауы. Әсіресе, балаларды жаттықтыратын мамандарды даярлау ісі ақсап тұр. Біздегі көптеген талантты жастар бала кезінен дұрыс дайындалмауы себебінен спортты ерте тастап кетеді. Жас атлет сайыстарда жарақат алып қалған жағдайда немесе жеңілістен кейін көңілі соқпай тұрған кезде жаттықтырушының спортшы үшін тек бапкер емес, жақын дос, ақылшы аға бола білуі маңызды. Ал біздегі бапкерлік қызметті таңдаған азаматтардың басым көпшілігінің балаларды жаттықтыру ісіне үлкен командалардың тізгінін ұстар жолдағы уақытша кәсіп деп қарауы «әттеген-ай» дегізеді. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дегендей, дені сау, күш-қайраты бойына сыймай тұрған ұрпақ тәрбиелейміз десек, алдымен балаларды спортқа баулитын мықты бапкерлер мектебін қалыптастыруымыз керек. Екіншісі – спорттағы менеджменттің әлсіз жақтары. Көптеген спорт іс-шараның маңында ұйымдастыру жұмысынан хабары жоқ азаматтардың жүргенін көресің. Мұның себебі – еліміздегі спорт федерациялардың басым бөлігінің тізгіні кәсіпкерлер немесе әкімдердің қолында болуында. Кәсіпкерлер мен әкімдердің еліміздегі белгілі бір спорт түрін дамытуға аянбай күш салатынына күмән келтірмеймін. Бірақ негізгі жұмысынан қолы босамауы себебінен олар спорттық федерациялардың жұмысын өз көмекшілеріне сеніп тапсырады. Ал сол көмекшілердің спорттан қаншалықты хабары бар? Олар бапкерлер мен спортшылардың жұмысын қаншалықты жақсы біледі? Жарысты ұйымдастыру, бұқаралық ақпарат құралдарымен, жанкүйерлермен байланыс орнату ісін қаншалықты жетік меңгерген? Осы мәселеге баса көңіл бөлу қажет. Болашақта балаларды спортқа баулу қажет. Ауылдық жерлердегі спорттық мектептердің санын көбейтіп, колледждердегі спорттық үйірмелердің жұмысын жандандыру керек. Қанша жыл бойы Олимпиада ойындарында жалпыкомандалық есепте бірінші орынды бермей келе жатқан АҚШ немесе әр аулада бір спорт үйірмесін ашып қойған Қытай елдерінің Спорт министрліктері секілді жұмыс істеу керек демеймін, бірақ бізде бірінші нөмірлі спорт саналатын күрес, бокс секілді жекпе-жек түрлерінен спортшылар әзірлейтін мектептерді сақтап қалуымыз керек. Сонымен қатар отыз жыл ішінде атқарылған жұмыстардың нәтижесін ұтымды пайдалануға тиіспіз. Мысалы, «Астана» велокомандасының халықаралық аренадағы жетістіктері мыңдаған қазақстандықтың велосипедке мінуіне септігін тигізді. Алматылық «Қайрат» футбол клубының академиясы балаларды доп тебуге баулыса, елордалық «Барыс» командасы Қазақстанда хоккейдің жоғары деңгейде дамуына түрткі болды.