Парасатты толғамдар топтамасы

Парасатты толғамдар топтамасы

Парасатты толғамдар топтамасы
ашық дереккөзі
Тәуелсіздіктің айғағындай, ұлт мұратының айнасындай «Túrkistan газеті» жинағы – елшілдік, мемлекетшілдік, әлеуметтік-қоғамдық, мәдени-саяси мән-мағынасы айрықша ауқымды, заманауи, сан сипатты тақырыптарымен ерекшеленеді. Егер де географиялық кеңістігі қандай дегенде Түркістан яки Тұран елі «Батысында Орал өзені мен Каспий теңізі өңірінен, шығысында Алтай мен Қытай шекарасына дейін, оңтүстігінде Персия мен Ауғанстанның, солтүстігінде Тобыл губерниясы мен Том губерниясына дейінгі орасан зор аймақты алып жатыр» дейтін сипаттама (Ф.Брокгауз, И.Ефрен. Энциклопедиялық сөздік. т.ХХХІV. 1902) лайық.  width= Бірегей жинақта елтану, ха­лық­тану, алаштану, мәде­ниет­­­тану, тұлғатану, экология, ғы­лым, саясат мәселелерінің мәнісін кең толғап, кемелдікпен пайым­дай­тын, рухани жетілуге пайдалы, па­ра­сатты толғамдар аса мол. Жаңаша көзқарас, жаңаша пайымдау «Жібек елі – тұт елі» дейтін Әбілмәжін Жұмабайдың ма­териалында жарқын көрініс тап­қан. Себебі, тарихи әдебиеттерде Ұлы Жібек жолының тарихы Қытай елі­нен бастау алады делінсе, ал бұл ма­қалада автор 1982 жылы өзбек же­ріне сапарлағанда Жизақ жа­зығынан өтіп, тау ішіне енгенде Сан­зар өзенінің жағасындағы Қа­ң­лы қыстағында Тұтлы ата – Жібек ата әулиенің кесенесі бар екенін ес­тиді. Бұған қаңлының бедеу жас ке­ліншектері зиярат етіп, от жағып, оған жібекті күйдіріп, күлін бет-ау­зына тигізіп, Жаратқан иеге жал­ба­рынады екен. Иә, екі мың жыл бұ­рын Қытай елшісі Чжань Цянь көш­пелі қаңлылардың қуатты мем­лекеті болғанын ескерткен. Сонымен қатар академик В.Бар­тольд түріктерде «Жібек Елі», «Тұт тайпасы» бар екенін жазған. Жібек құр­ты тұт ағашының жапырағымен қоректенеді. Жібектің отаны – Қытай деп те, Шығыс Түркістан мен Орта Азия деп те, кей ретте Рим империясы деп те айтылады. Жі­бек саудасы ұлы керуен жо­лының бағыт-бағдары да толық та, анық та емес, дәйектелмеген. Осы орайда Ташкент Өнертану институ­ты­ның аға ғылыми қызметкері Сайра Мансұрқызы Махкамова бы­лайша түсіндірген: біріншісі – Шы­ғыс Түркістандағы Мың будда­ның үңгірінде, екіншісі – Бельгия­ның Юн шаһарындағы әулиенің қа­бірінен табылған. Тағы да венгр шығыс­тану­шы­сы Аурелий Стейн Дуньхуан қа­ласының қасындағы үңгір-мо­настыр қуысынан «өрнекті жі­бек­терге жазылған байырғы орама қол­жазбалар» шығады. Бұл жәдігер Орта Азияда тоқылғаны анықтала­ды. Иә, матаның өрнек-кестесін қы­тайлық, ирандық, ортаазиялық, визан­тия­лық шеберлердің үлгі­лерімен са­лыстырғанда өзгешелігі бар. Тағы да осы бір осындай ол­жаның Юн қаласындағы шір­кеуден «бір жапырақ әсем өр­нек­ті алтын түстес қызғылт жібек мата» табылған. Антика заманында жасалған ма­талардың майталман маманы оқы­мысты-тарихшы Д.Шеперд жаңағы матаның астарынан «қара сия­мен жазылған сырлы сөзді және өр­нектелген суреттен символи­ка­лық мәні бар ғұмыр-ағаш түбінде тұр­ған егіз маралды» көреді де, Шы­ғыста жасалғанын күмәнсіз мойын­дайды. Жазу соғды тіліндегі саудалық таңба есебіндегі «Зан­дана» дейтін сөз екен. Бұл – Бұқар қаласы маңындағы қыстақ­тың атауы. Мұнда ежелгі дәуірде жібек тоқылғаны жөніндегі мәлімет «Занданеші» дейтін көне кітапта айтылған. Түркі қағанаты дәуірінде Азия жібегі Италия, Ватикан, Фран­ция, Германия, Голландия, Швеция тәрізді мемлекеттердің шіркеу­лерін­де қасиетті әулиелердің киімі ре­тінде кеңінен қолданылған. Занданеш жібегінің жүзге жуық үлгісі болған. Мұнда аң-құстар бейнелері салынған. Та­рих­шы Наршаһи «еуропа билеу­шілерінің сарайларында зан­да­неші қам­қамен бірдей ақы төле­не­тін және бұлар Сирия, Египет, Рим қалаларына дейін жеткізілетін» деп жазған-ды. Сонда занданеш жі­бегі­нің жолы Самарқанд – Бұқардан Арал теңізіне, одан Еділ-Жайық, Қап тауы мен Қара теңіз жаға­лауы­на, одан әрі Еуропаға дейін со­зыл­ған. Батыс – Түркі қағанатының астанасында 630 жылы бол­ған Қытай саяхатшысы Сюань Цзань Сарай маңының 200-дей бек­зат оғыландары жарқ-жұрқ ет­кен зерлі жібек киімдер киіпті... Қа­ғанның өзі іші жағалай гүл-ше­шек­ті суреттермен өрнектеліп, қам­­қа матасымен көмкерілген үл­кен киіз үйде тұрады екен деген-ді. Осы бір жарияланымдағы та­­­­рихи ойлар, мәдени ай­ғақ­­тар Ұлы Жібек жолының тари­хын толықтыруға себепкер де дә­не­кер. Түркі тілдес халықтардың фольк­лоры мен мәдение­тінің білгірі академик Рахманқұл Бердібайдың «Саха деген халық бар», «Қарақалпақ халқын таны­ғыңыз келсе» дейтін мақалалары оқыр­манның тарихи зердесін, дү­ниетанымын, көзқарасын байы­та­ды. Негізінде, түркі тектес ха­лық­тардың тілі этнодемографиялық тұр­ғыдан бес топқа (қарлұқ, оғыз, қып­шақ, шағатай және салжұқ) жік­­те­летінін нақты көрсетіп, Азия құры­лы­ғының солтүстік-шығыс өлкесін мекендеген Саха халқының тарихы мен тағдырын әңгімелейді. Әсіресе, этникалық тек-төркіні мен тіліне ой көзімен үңіледі. Саха жұртының лек­сикалық қорындағы кейбір ұғым-түсініктер (қымыз, құлын, бие, қазы, қарта, шолпан, жүрек), музыкалық-саздық аспаптар (дабыл мен шыңдауылдың дүңгір аталуы не­месе қобызға ұқсас «қырымпа» ас­пабы), ұлттық дәстүрлер (бие бай­лап, қымыз әзір­леп жасайтын қы­мызмұрындық ысаах), тойбастар (тойук), жаңылтпаш, тақпақ, алғыс айту, би би­леу (аспаптың сүйемел­деуі­мен) турасында түйінді пікірлер өрбітеді. Саха тілінің фонетикалық, лек­си­калық ерекшеліктері мен қазақ ті­лінің қисындарын салыс­тыра зер­делесе, түркі және монғол тіл­де­рі­нің өзара байланысы кең кө­рініс та­батынына тарихи-мәдени дерек­тер жеткілікті екендігіне анық кә­міл сенім білдіреді. Сондай-ақ ол тұтастай бір ха­лықтың тарихи шежіресі, көр­кем куәлігі іспетті жиырма том­дық «Қарақалпақ фольклорына» жә­не оғыз халықтарына ортақ са­рын­дарына, жоғары поэзиялық мә­дениетіне, тарихи-әдеби қарым-қа­тынастарына да ой сәулесін тү­сіреді. Иә, түркі халықтардың ру­хани кеңістігіндегі түбірлес көр­кем­дік құбылыстарды бажайлайды. Рухани жаңарудың шынайы бас­тамасы осы деп ұнасымды. Ұлттық тарихымызды терең тануға, тарихи санамызды ояту­ға, империялық жымысқылық, зы­мияндық әрекеттерді саралап, айқын түсінуге, ұлт трагедиясын барынша парасаттап таразылауға мол мүмкіндік тудыратын бағалы де­­ректерге, мәліметтерге бай байып­­­ты мақалалар «Túrkіstan га­зе­ті» жинағында жеткілікті. Мәселен, Құдыс Бижановтың «Казактар Қа­зақстанға қалай келді?» дейтін мақалада орыс-казак әскерлерінің қазақтың ауылдарының тоз-тозын шығарып, тулақтай сілкіп, малын айдап, барымталап, адамын байлап, жайратып, жайылымдары мен ша­бындықтарынан айырып, бассыз­дық жасағандары дәйекті әңгіме­ленеді. Бұл хақында 1861 жылдың өзінде-ақ орыс зиялысы А.И.Герцен «Колокол» журналында қазақ хал­қы­ның көрген қасірет-тақсыретін, жауыз­дық қылықтарын толық баян­дағанын келтірген. Сондай-ақ Ақас Тәжуітовтің «Им­­перия құрбандығында» қазақ­тың ХІХ ғасырдағы демографиясы, 1887-1927 жылдар ішіндегі түбе­гейлі жойқын өзгерістер (ұлттың ті­ліне, дәстүріне, жеріне қирата соқ­­қы беру, жаппай ашаршылық, қа­­сақана қырып-жою) жайы сөз бо­­лады. «Милли Түркістан» әдеби-көр­кем журналы мен «Түрік білгірі» га­­зетінің редакторы, 1944 жылы Ве­нада «Тіл бірлігі – ұлт бірлігі» дей­тін тақырыпта қазақ тілінің тағ­­дыры мен мәртебесін қорғап сөй­­леген, мұраттастарымен бірігіп «Шы­ғыс – Түркі мемлекетін» құру­ды ойластырған хакім Тыныбеков тұлғасы мен болмысы қандай де­сеңіз­ші! Бұл жөнінде Түркістан ле­гионының білгірі Амантай Кәкен жазған. Жинақта жетелі оқыр­ман­ның ой-танымын, білім деңгейін, қабылдау қабілетін ұстар­тып жетілдіретін дүниелерді атасақ, өл­кенің мәдениетін, тарихи ес­керт­кіштерін, кесене-мазарларын, тілін, ді­нін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін, ұлттық киім-кешектерін, шаруа-кә­сіп түрлерін, құрал-саймандарын, қо­­лөнер бұйымдарын, егін суару тәсілдерін, мешіттердің, медресе­лер­дің, кешендердің архитектура сызбаларын толық жинақтаған генерал-губернатор К.Кауфманның «Түркістан альбомы»,  поляк саяхат­шысы А.Янушкевич күнделіктерін­дегі ақын қыз Жазық (1826-1863) жайлы дерегі, ХІХ ғасыр ішінде иен далада жолбарыспен жекпе-жек айқасып-шайқасқан айбатты ерлер Түркістан ұлттық комитетінің сая­си-психологиялық ахуалы, Еділ бойындағы қан төккен қазақтар мен қаһарман қыздар өмірі, қазақ жеріне сталиндік құзғын саясаттың шылауымен күштеп қоныстан­дырған корейлер, немістер, қара­шай­лар, чешендер, ингуштар, бал­қарлар, Қырым татарлары, Ақыс­қа түріктері, курдтар (саны, ұлт­тық си­паты) тағдыры нақты ста­­тисти­ка­лық мәліметтер негізін­де көрсе­тілген. Сондай-ақ қазақ халқының мыңжылдық тәжірибесін, дәстүрлерін, даналығын болмысына сіңірген, Жағда Бабалықұлының ұлт тілі, халықтың емшілік (дәрілік өсімдіктерді пайдалану мен сынық­шылық өнерді дамыту) қамшыгер­лік өнері, ет пен сүттен жасалатын тағамдар (мың жарымдай) жайын­дағы ой-тұжырымдары осы бір жи­нақтың танымдық, тағылымдық бай қырларын танытады. «Túrkіstan газеті» жинағында Ұлы даланың ұлы тұлғалары Қор­қыт ата, Қасым хан, Әлихан, Бөкей­хан, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатұлы, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Сібір ханы Көшімнің жары, ержүрек Сүзге ханым, со­нымен бірге «Уран рудасының гидро-термальдық үдерістермен жаралғаны және платформалық шөгінділердегі гидрогенді кен орындарының жаралу механизмі» жөнінде әлемдік ғылым тарихында тұңғыш тұжырымдама жасаған және «Геологиялық жаңа концеп­цияны» әзірлегені үшін құпия түрде Лениндік сыйлықтың лауреаты атанған Халел Батталұлы Әубәкіров және басқа ғұлама-білімпаздары тәуелсіздік идеясын, ұлт мұратын, қаһар­мандық еңбегінің темірқа­зығы еткен халық қызметкер­лері­нің өмірі мен өнегесін сипаттаған осындай сарабдалдықпен жазылған дүниелер оқырман қауымды қы­зық­тырары сөзсіз. Еңбекшіл ерен ер­лердің тағдыры – ел тағдыры, Мәң­гілік елдің маңдайындағы бақ жұл­дызы. Тарих, заман тұңғиығынан, Тәуелсіздік тарихынан, Алаш қайраткерлерінің даңқты өмі­рінен сыр шертіп, ой сабақтаған «Túrkіstan газеті» басылымының мәртебесі мен дәрежесі жоғары. Ен­деше, Тәуелсіздік рухы мен елдің жы­р­ын төге бергей!

Серік НЕГИМОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор