50734
Елмұрат ТАСМҰРАТОВ: Қазақстан балуандарына қарсы күрескім келмейді
Елмұрат ТАСМҰРАТОВ: Қазақстан балуандарына қарсы күрескім келмейді
Елмұрат Тасмұратов дегенде өзімізде елеусіз қалып, өзге елде бағы жанған балуанымыз есімізге оралады. Өзбекстанда туған, тарихи Отаны – Қазақстанның намысын қорғасын деп, атажұртқа арнайы жіберген әкесінің сенімін ақтап, ел ішіндегі сайыстарда ешкімге дес бермей жүрген Елмұратты ұлттық құрама бапкерлері мықтылар қатарына қосқысы келмеді. Сөйтіп, Қазақстанда қолдау таппаған ол Өзбекстан құрамасына ауысып, онда грек-рим күресінен Азияның бес дүркін чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Сондай-ақ әлем біріншілігінде екі мәрте қола жүлдені олжалап, 2016 жылғы Рио-де-Жанейро олимпиадасының қола жүлдесін қанжығасына байлады. 16-21 ақпан аралығында Алматыда күрес түрлерінен өтетін Азия чемпионатында алтыншы мәрте чемпиондық атағын қорғау үшін Хорватияда жаттығу жиынын өткізіп, дайындалып жүрген Елмұратқа хабарласып, әңгімеге тартқан едік.
– Елмұрат, көпшілік сізді Рио-де-Жанейро олимпиадасынан кейін «Өзбекстанға жүлде әперген қазақ балуаны» деп енді таныса, ал күрестегі әр қадамыңызды бақылап жүрген спортсүйер қауым Өзбекстан құрамасына не себеппен ауысқаныңызды жақсы біледі. Десек те, осыдан бірнеше жыл бұрын Шымкенттің атынан жарысқа қатысып жүрген сізді сол өлкенің тумасы екен деп жүрсем, Өзбекстанда дүниеге келген екенсіз. Сонда Өзбекстаннан Қазақстанға келіп, сосын Ташкентке қайта бардыңыз ба?
– Иә. Мен 1991 жылы Өзбекстанның Бостандық деген ауданына қарасты Қызылту ауылында дүниеге келдім. Аудан халқының түгелі дерлік қазақтар. Күреске икемімді байқаған ата-анам тарихи Отаным – Қазақстан, соның ішінде Шымкентке оқуға жіберді. Сөйтіп, 8-сыныптан бастап Шымкенттегі Бекзат Саттарханов атындағы дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернатта оқыдым. Ауылда жүргенде жаттығу залына бару үшін аялдамаға дейін 5 шақырым жаяу жүріп, одан ары автобуспен ұзақ жол жүріп баратынмын. Үйдің алдынан да автобус жүреді, бірақ оған жолақы төлеуің керек. Ал бізде күн сайын жолға төлейтіндей ақша болмады. Осылайша, аялдамаға дейін бәленбай шақырым жүріп, екі жылдай солай қатынадым. Ал жаттығу залына бармай қалсам, әкемнен таяқ жеймін. Өйткені ол кісі менің спортшы болуымды қалады. Әкем көп жыл бойы қарапайым жүргізуші болып жұмыс істеді. Кейде ұзақ уақыт жаяу жүріп барғанға қиналатынымды көріп «Қазір қиналасың, бірақ қара да тұр, ертең жемісін көресің. Есесіне, мен құсап қолың май-май болып жүрмейсің. Шыда!» деп дем беретін. Қанша шыда десе де, ойын баласымыз ғой, сыртта балалармен бірге ойнағың келеді. Таң атқаннан кеш батқанша құм үстінде жүріп, асыр салғың келеді. Алайда, әкемнен қорқып, күн сайын жаттығу залына баратынмын. Сөйтіп жүріп спорт десе ішкен асымды жерге қоятын деңгейге жеттім. Сол уақытта Шымкенттегі спорт-интернатқа оқуға түсу үшін 300 АҚШ долларын сұраған, болашағымды Қазақстанмен байланыстыруды құптаған әкем бұған келісіп, менің сонда барып оқуымды қалады. Алайда оқуға дайындалып жүргенімде үйіміз өртеніп кетті. Түгі қалмады. Сол кезде әкем «Жағдайды көріп тұрсың, балам. Енді оқуға өз күшіңмен түспесең, басқа амалымыз жоқ. Не болса да, пешенеңе жазылғанын көрерсің. Бар да, тапсырып көр» деді. Сол уақытта жатсам да, тұрсам да спортты ойлап жүрген мен әлгі интернатқа қатты түскім келді. Сөйтіп, Шымкентке келіп, қажетті емтихандарды тапсырдым. Емтихан нәтижесін жариялайтын күні оқуға тапсырғандардың арасынан бес баланы бір қадам алға шығуын сұрады. Ішінде мен де бармын. Аты-жөнімді бірінші атағанға «Қап, оқуға түспей қалдым ба?» деп қапаланып тұрғанымда емтихан комиссиясының мүшесі «Құттықтаймын, сендер оқуға түстіңдер!» демесі бар ма?! Осылайша, бағым жанып, талай мықтыны баптап шығарған интернатқа оқуға түсіп кеттім. Негізі, онда көп нәрсені үйрендім. Бұған дейін күрестің ережелерін жөнді білмейтінмін. Не керек, интернатта жағдай жақсы болды. Ең бастысы – жаттығу үшін Өзбекстандағыдай бес шақырым ары, бес шақырым бері жаяу жүріп, қиналмайтын болдым. Жаттығуға қажеттінің барлығы бар, тамағым тоқ, көйлегім көк болды. Өмірімде қарақұмық секілді дақылдарды жеп көрмеген мен мұндай өнімнің бар екенін сол жерде білдім. Ауылда ондай нәрсе жоқ қой (күліп). Сөйтіп, осындай жақсы ортаға келіп түскен соң, менен талап етілетіні тек өз-өзімді көрсету керек екенін жақсы түсініп, жаттығу жұмыстарына баса көңіл бөлдім. Күреске ден қойғаным соншалық, тіпті демалыс күндері де өз бетіммен шынығып жүретінмін. Интернатта күн сайын таңғы сағат 7-де жаттығу жасауға сыртқа шығатынбыз, ал мен балаларға білдіртпей, олардан бір сағат бұрын стадионға барып, өз бетімше жаттығатынмын. Сөйтіп, балалар келгенше он айналым жүгіремін, сосын олармен бірге жеті айналым тағы жүгіріп өтемін. Жаттығу залына да ең бірінші барып алып, ең соңы болып қайтатынмын. Сөйтіп, интернатта оқып жүргенде қатты еңбектендім. Оның үстіне, әкемнің оқуға түсер алдында айтқан сөзі санамда жаңғырып тұратын.
– Қазақстаннан кетіп, өзге елдің байрағын көтеріп жүрген балуандар жетерлік. Ербол Қалабаев Беларусь құрамасына қабылданса, Марат Гарипов Бразилияның атынан сынға түсіп жүр. Бірі Қазақстан құрамасында бәсекелестік жоғары десе, енді бірі мықты екеніңді көрсетіп, ұлттық команданың «есігін» қанша қақсаң да, бапкерлер құрамаға үміткер ретінде қарастырмайтынын алға тартады. Ал сіздің жағдайыңызда бәсекелестікке төтеп беру емес, бапкерлердің көзіне түсу қиынға соққан деседі. Солай ма?
– Дәл солай. Қазақстан чемпионаттарында бірнеше рет жүлдегер атандым. Кадеттер арасында да жақсы күресіп жүрдім. Қазақстан спартакиадасын жеңіп алдым. Алайда, оқу-жаттығу жиындарына шақырылмадым. Жанымда жаттығып жүрген достарымды шақыратын, ал мені жолатпай қойды. Тіпті, ұлттық құрамадағы бірінші және екінші нөмірлі балуандарды жеңіп жүрсем де, ұлттық командаға алмай қойды. Азия чемпионатына іріктеу ретінде өткізілген Дәулет Тұрлыханов атындағы турнирде қарсыласымның жауырынын жерге тигізсем де, төрешілер ұпай бермей, бұрмалап жіберді. Сол уақытта ел намысын қорғаймын ғой деп Қазақстан азаматтығын алуға өтініш беріп, Өзбекстандағы тұрғылықты жерден тіркеуден шығып кеткен болатынмын. Төлқұжат деген құнды қағаздың бірден беріле салмайтыны белгілі. Ақырында сол төлқұжатты ала алмай кеттім. Интернатта Александр Колесников деген мықты бапкердің қоластында жаттықтым. Ата-анам Өзбекстанда ауылда тұратындықтан, бапкерім мені асырап алмақшы болды. Ол кісі менің Азия чемпионы болғанымды қалады. Әр бапкер өзі жаттықтырған шәкіртінің олимпиада ойындарында алтын жүлдені еншілеуін армандайды ғой. Оның үстіне, ол талай мықтыны жеңіп жүргенімді көріп-біліп жүрген соң, тасада қалып қалмасын деп, араға түсіп, Өзбекстанның бас бапкерлерімен сөйлесіп, Ташкентке келуіме септігін тигізді. Ташкентке келгенде олардың бірінші және екінші нөмірлі балуандарын жеңдім, сосын Азия чемпионатына іріктеу турнирінде бірінші орынды иелендім. Сөйтіп, Өзбекстан атынан Азия біріншілігіне қатыстым. Қызық болғанда, бірінші айналымда қазақстандық балуанмен күресіп, оны жеңдім. Келесі айналымдарда да жеңіске жетіп, нәтижесінде Азия чемпионы атандым. Содан кейін Өзбекстан құрамасында қалып қойдым.
– Сіздіңше, қазақстандық бапкерлердің сізді құрамаға жолатпай қоюына не себеп болуы мүмкін?
– Бет-әлпетім жақпай қалған болар, бәлкім (күліп)?! Әлі есімде, қазақстандық бапкерлер Карелин атындағы турнирге елу бала апарды. Түсініп тұрғаныңыздай, аталған сайысқа мені тағы апармай қойды. Сол 50-дің 49-ы аталған жарыста жеңіліп, құр қол қайтты. Ал менің қарсыласым болып жүрген балуан бірінші орын алып, оны Азия чемпионатына даярлай бастайды. Бірақ одан кейін ол балуанды үнемі жеңіп жүрдім. Тек сол әлгінде мен айтқан Дәулет Тұрлыханов атындағы жарыста мені «қысып» тастады. Бізде барлық жерде тамыр-таныс, біреудің ағасы, біреудің көкесі шешуші рөл ойнайды ғой. Бұл – Қазақстанда және спортта ғана емес, әлем бойынша әртүрлі салада бар айла-тәсіл. Сол себепті біз секілді қарапайым отбасынан шыққан спортшыларға мұндай ортада топ жарып шығу қиынның қиыны.
– Ішкі біріншіліктерде қарсылас шақ келтірмей, жеңіс тұғырынан талай рет көрінген сізді біздің бапкерлер халықаралық жарыстарға қатыстырмай қойған кезде спортты тастап кету туралы ойлар мазалаған болар?
– Жоқ. Мұндай кезде, бүк түсіп жатып қалмай, күнделікті тынбай еңбектену қажет. Сосын айналаң «ала-құла» болса да, өз ниетің таза болуы керек. «Аққа Құдай жақ» деп бекер айтпайды. Жалпы, мен алдыма бір мақсат қойсам, соған жету жолын табанды түрде іздеймін, орта жолдан қайтып кетпеймін. Әлі есімде, 2007 жылғы желтоқсан айында Шымкентте спорт-интернаттың жатақханасында жатқанмын. Ұйықтап кетіппін. Түсімде грек-рим күресінен Азия чемпионы атаныппын, бірақ сол құрлықтық сайысқа Өзбекстанның атынан шығыппын. Ұйқыдан тұрған соң, қасымдағы балаларға айтсам, олар аң-таң. Қазақстанның атынан күресуді мақсат тұтып, Өзбекстаннан арнайы келген менің өзім бұл түсімді ойлап, таңғалып жүрдім. Қазақстанда қатысқан соңғы жарысым спартакиада болды. Мұнда бірінші орынды иеленіп, бірнеше күннен кейін Өзбекстанға қайта оралдым. Өз басым Өзбекстан құрамасына қосылғаныма өкінбеймін. Қазақстанда қалып қойғанымда, қазіргідей нәтиже көрсетпес пе едім, кім біліпті?! Бүгіндері сол спорт мектебінде оқыған сыныптастарымнан тек Асхат Жаңбыров ұлттық құрама сапында жүр. Қалғаны спортты тастап кетті, басым көпшілігі мүлдем кереғар тірлікпен айналысып жүр. Бәлкім, мен де солай жүрер ме едім?.. Дейтұрғанмен, қазір Өзбекстан құрамасында жаттығып жүргеніме шүкір деймін.
– Шетелдік комментаторлар сіздің күресу стиліңізді мақтап жатады...
– Жоғарыда айтып өткен Шымкенттегі бапкерім Александр Колесников кезінде мықты балуан болған. Бірақ қарсыластарына онымен күресу ыңғайсыздық тудырады, ал ол үнемі жарақат алып қала береді екен. Сөйтіп, ол өз тәжірибесіне сүйене отырып, маған күресудің қатаң әдіс-тәсілдерін үйретті. Жасөспірімдер құрамасынан жастар командасына өтіп, Азия чемпионы, әлем чемпионатының жүлдегері атанып жүрген кезімде, сенесіз бе, маған қарсы күрескен он балуанды жарақаттап алыппын. Әлбетте, әдейі істемеймін, бірақ Колесников үйреткендей, қарсыласым жарақат алып қалатындай күресу стилін меңгеріп алдым.
– Екі бірдей олимпиадаға қатысқан спортшылардың үшінші олимпиадада бақ сынау үшін мотивацияны қайдан алатыны, қалайша жігерленетіні қызықтырады. 2012 жылғы олимпиадада 16-орынға табан тіреп, 2016 жылғы Рио-де-Жанейро олимпиадасында қола жүлдені қанжығаға байлаған сіздің Токиода өтетін төртжылдықтың басты додасында алтын медаль алуға талпынатыныңыз түсінікті жайт. Десек те, үш бірдей олимпиадалық цикл бойы дене қалыбын сақтап, осыншама жыл бойы өзіңізді құрамада жүруге лайықты балуан екеніңізді дәлелдеу қиын емес пе?
– Әрине, оңай емес. Жас ұлғайған сайын, тіпті қиындай береді, бірақ өзіңнің мықты екеніңді дәлелдеуге барынша тырысасың. Қазір қай жарысқа барсам да, сол жарысты қайтсем де жеңуім керек деген ой тұрады. Дегенмен, мен жарыс туралы көп ойланбаймын, тек дене қалыбымды ұстап тұруға бас қатырамын. Бірақ карантин кезінде бұған айтарлықтай көңіл бөле алмадым. Токио Олимиадасының өту-өтпеуі белгісіз болды, оның үстіне бір өзің жаттыққан түк нәтиже бермейді екен. Залдар жабық болды, ал біздің ауданда менімен бірге жаттығып, күресетіндей балуан жоқ, тек жүгірумен айналыстым. Бірақ мұның өзі біз үшін аздық етеді. Олимпиада демекші, Рио-де-Жанейро олимпиадасында қола жүлдені ала алмаймын деп ойлағанмын. Өйткені, Ресей, Польша, Германия елдеріндегі оқу-жаттығу жиыны ойдағыдай өтпей, дайындық жұмыстары дұрыс жүргізілмеді. Сосын Бразилияға олимпиада басталардан екі апта бұрын барғанда бозкілемді «сезе» алмадым. Бірақ, Құдай күш-қуат беріп, сол елде олимпиаданың қола жүлдегері атандым. Негізі, мен сол олимпиадаға бір жыл қалғанда спортпен қоштаспақшы болғанмын. 2015 жылы Лас-Вегаста (АҚШ) өткен әлем чемпионатында жеңіліп қалдым. Сосын өз-өзіме «Егер әлем чемпионатында медаль ала алмай жатсам, олимпиадада күресіп не теңім?» деп, күресті тастауға бел буып, телефондарымды өшіріп, ауылға кетіп қалғанмын. Алғашқы үш күн бойы ызаға булығып, мүлде ұйықтай алмадым. Ешкіммен сөйлеспей қойдым. Бір апта бойы хабарласқан бапкерлеріме де жауап бермедім. Оңашада неше түрлі ойға батып, есімнен адаса жаздадым. Қырсыққаным соншалық, туған қарындасымның тойына да бармай қойдым. Сөйтіп, Нұр-Сұлтанда тұратын туыс ағаларым кәсіпкерлікпен айналысады, сол кісілердің қасына барып, жұмыс істеймін деп шештім. Бір күні үйде ұйықтап жатсам, түсімде олимпиадада байрақ көтеріп жүгіріп жүргенімді көрдім. Мұның бекер емес екенін түсініп, киімдерімді жинастырып, базаға қайтып оралып, бапкерлерімді бір қуантқан жайым бар (күліп).
– Өзбекстан ұлттық командасында да бәсекелестіктің бәсі қызып тұрғаны белгілі. Байқауымша, бозкілемге алып шығып жүрген бапкерлер сізге қатты сенім артатын секілді...
– Иә, бізде де құрамаға қабылдану үшін бәсекелестік деңгейі жоғары. Десек те, менің салмақ дәрежемде маған қарсылас болатындай ешкім болмады. Жаттығу жиындарында да ешкімге мүмкіндік бермеймін. Құдайға шүкір, жарыстардан жүлдесіз қайтпаймын. Бас бапкерлер сенімді ақтағаным үшін мені құрамада нөмірі бірінші балуан етіп сайлайды. Токио Олимпиадасының жол-
дамасын ұтып алғанмын, онда 60 келі салмақ дәрежесінде күреспекшімін. Алайда бір ай бұрын жаттығу барысында тіземді жарақаттап алып, қазір бұрынғы қалыбыма қайтып келу үшін тынбай жаттығып жүрмін. Қазіргі мақсат – Алматыда өтетін Азия чемпионатында кезекті рет топ жару. Ал бапкерлерімді сұрасаңыз, мен олармен ортақ тілде сөйлесемін. Ара-тұра қалжыңдасамын. Бас бапкерді туған ағамдай көремін. Екеуіміз бір-бірімізден ақыл-кеңес сұрап тұрамыз. Жалпы, Өзбекстанда қолдаудан кенде емеспін. Олимпиадада қола жүлдені олжалағанда, Өзбекстан үкіметі көлік сыйлады, қаржылай қолдау көрсетті. Ата-анама Өзбекстанның Швейцариясы саналатын мен туған ауданнан коттедж үй берді. Мұнымен қоса, Ташкенттен пәтер сатып алдым. Сосын былтыр Токио Олимпиадасына жолдама алғаным үшін жергілікті биліктегілер бір бөлмелі пәтер сыйлады.
– Әртүрлі жарыстарда бозкілемде қазақ балуандарына қарсы күрескеніңізді көрдік. 2014 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен Азия чемпионатында Бағлан Жақаншамен күш сынасқанда көрерменнің кімге жанкүйер боларын білмей, дал болғаны көпшіліктің есінде. Мұндай сәттерде қандай күй кешесіз?
– Бозкілемге шыққан соң, кімді болса да жеңуге тырысасың ғой. Алайда Қазақстанның балуандарына қарсы күрескім келмейді. Олар балуаннан бұрын бауыр болғаны үшін, қанымыз қазақ болғаны үшін күш сынасқым келмейтіні рас. Жалпы, Қазақстанның намысын қорғап жүрген балуандардың бірнешеуімен ғана күрестім. Алмат Кебіспаевтан екі рет ұтылып, бір рет жеңгенім бар. Одан бөлек, Мейрамбек Айнақұловты, Ернар Фидахметовті, сіз айтып отырған Бағлан Жақаншаны жеңгенмін. Десек те, бозкілемде олармен белдесу оңай емес. Сондай-ақ, Өзбекстанда туып, осы елдің атынан сынға түсіп жүрсем де, Қазақстанмен байланыстының барлығын ұмытпаймын. Оның үстіне, онда тұратын туған-туыстарым жетерлік. Жалпы, біз отбасыда алты перзентпіз. Ең үлкен әпкем Алматыда тұрады. Менен кейін туған қарындасым Шымкентке тұрмысқа шықты. Одан кейін дүниеге келген қарындасым да тұрмыста, қазір ауылда тұрады. Кіші қарындасым мен інім де ауылда.
Әңгімелескен
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ