517
Жалғызбасты аналарға жәрдемақы тағайындала ма?
Жалғызбасты аналарға жәрдемақы тағайындала ма?
Жуырда жалғызбасты аналарға жәрдемақы тағайындалды деген ақпарат тарады. Бұл ақпаратты таратушылар Халыққа қызмет көрсету орталықтарында құжат қабылдап жатыр деп те жазды. Көп ұзамай «Үкімет – азаматтар үшін» мемлекеттік корпорациясы бұл мәліметті жоққа шығарды. Себебі бұл шындыққа жанаспайды. Десек те, шетелдік ақпарат агенттіктерінің мәліметіне сүйенсек, мұндай жәрдемақы бірқатар батыс мемлекеттерінде төленеді.
ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқығын қорғау комитетінің мәліметінше, 2015 жылы елімізде 400 мыңнан астам ана мен 60 мыңға жуық әке балаларын жалғыз тәрбиелеген. Сондай-ақ, комитеттің статистикасы бойынша, 700 мың бала анасымен тұрса, 300 мыңға жуық бала әкесімен ғана тұрады. Бұл еліміздегі толық емес отбасылардың көрсеткіші. Олай болса осы топқа жәрдемақы беру мәселесі қаншалықты қолға алынған?
Қазақстанда әлеуметтік топтардың категориясына қарай жәрдемақы қарастырылған. Дамыған мемлекеттер тәжірибесімен салыстырып көрсек, мемлекет тарапынан төленетін жәрдемақының құны мардымсыз, әрине. Әдетте, уайым-қайғысыз өмірдің үлгісін Еуропа елдерінен іздейтініміз бар. Мысалы, батыс елдерінде жәрдемақы айлық табысқа қарайлас. АҚШ-та жалғызбасты аналарға төленетін жәрдемақының көлемі айлық табыспен парапар, оларға барлық жеңілдіктер қарастырылып, азық-түлік, тұрмыстық тауарлар, баспана мен жұмысқа орналастыру мәселесі де реттелген. Сарапшылардың пікірінше, мұндай жәрдемақыға бірнеше жыл жұмыс істемей, шалқып өмір сүруге болады екен. Бірақ статистика жалғызбасты аналарға жасалған жеңілдіктер ажырасу санын көбейтіп, отбасының бұзылуына түрткі болғанын дәлелдейді. Нәтижесінде, АҚШ-та жәрдемақының бұл түрінің көлемі қысқартылды. Ал Германияда жалғызбасты немесе толық отбасыға төленетін жәрдемақы деген атымен жоқ. Бала ата-анасының қолында тұрса да, толық емес отбасында өссе де мемлекет тарапынан берілетін міндетті жәрдемақыны 18 жасқа дейін алып отырады. Бұл «балалар ақшасы» деп аталады.
Қазақстанда да толық емес отбасыға бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Мемлекеттік бағдарлама бойынша берілетін пәтер алу кезегінде толық емес отбасы мен толық отбасының құқықтары бірдей, толық емес отбасының төлем қабілеті жеткілікті болса болғаны. «Жас отбасы - 2020» бағдарламасы бойынша арыз берушінің табысы отбасының барлық мүшелеріне тең бөлінеді, яғни бір адамға – 30 мың теңгеден. Осылайша отағасының айлығы екі баласы мен әйеліне және өзіне бөлінеді. Ал толық емес отбасында осы 30 мың теңге балалар мен анасына немесе әкесіне ғана есептеледі. Сөйтіп жалғызбасты аналар кезектің алдына шыға алады. Сондай-ақ, бағдарлама қабылданған алғашқы жылдары ерлі-зайыптылардың некеде тұрған жылдарына сәйкес балл берілетін, яғни 1 жыл – 5 балл. Осылайша некеде ұзақ тұрған отбасылардың балы жоғары, үй алу мүмкіндігі де жоғары болады. Бірақ бұл бағдарламаға толық емес отбасыларды қосқандықтан, некеде тұрған жылдар есептелмейтін болды. Сонымен қатар, жалғызбасты аналардың балабақшаға кезекке қоюда, ЖОО-да оқу ақысын төлеуде жеңілдіктері бар.
Қазақстанның қазіргі заңнамаларына сәйкес, балаларын жалғыз тәрбиелеп отырғандарға арнайы жәрдемақы жоқ. Толық емес отбасыға жәрдемақы мен басқа да төлемдер барлығымен бірдей беріледі. Барлық аналар сияқты жалғызбасты ана да бала тууына байланысты тағайындалатын бiржолғы мемлекеттік жәрдемақы, бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты төленетiн ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы, он сегіз жасқа дейiнгі балаларға тағайындалатын ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы, мүгедек баланы (мүгедек балаларды) тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қамқоршыға төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақыны алуға құқылы.
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің мәліметінше, Қазақстан халқы 2030 жылға қарай 3 миллион адамға артады. Бұл Елбасы жолдауында көрсетілген меже. Бұл межеге жету үшін әлеуметтік мәселелерге жіті көңіл бөлініп, ана мен баланы қорғауда бірқатар ауқымды істер атқарылуы тиіс. Ең өкініштісі, елімізде әлеуметтік топтарға тағайындалатын жәрдемақының көлемі мардымсыз. Мысалы, көпбалалы аналарға төленетін жәрдемақы – 8 300 теңге шамасында. Ал Қазақстандағы ең төменгі өмір сүру көрсеткіші – 23 мың теңге. Енді осы жәрдемақыны алу үшін көптеген құжат жинап, көшірмесін дайындап және комиссиялық төлемді төлеу қажет. Осынау мардымсыз ақшаға балаға тамақ аласыз ба, әлде оқу құралдарын аласыз ба? «Былай тартсаң өгіз өледі, былай тартсаң арба сынадының» кері. Көпбалалы аналар жұмыс істей алмайды, үй шаруасы мен көп баланың сабағы мен тамағы жұмысқа шығуға мүмкіндік бермейді. Сондықтан көп балалы аналарға беретін жәрдемақыны көбейткен абзал. Жәрдемақылар мынадай мөлшерде белгіленеді: бала туғанда берілетін жәрдемақы: бірінші балаға 5,76 (12217 теңге) айлық есептік көрсеткіш; екінші балаға 6,81 (14445) айлық есептік көрсеткіш. Үшінші балаға 7,85 (16650) айлық есептік көрсеткіш, төртінші және одан кейінгі балаларға 8,90 (18877) айлық есептік көрсеткіш. Балаларға арналған жәрдемақы әрбір балаға 1,05 айлық есептік көрсеткіш, ал мүгедек баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы жалақының 1,05 ең төмен мөлшері.
Гаухар Алтынбековна, заңгер:
– Жалғызбасты аналарға арнайы жәрдемақы жоқ. Бірақ балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 28 маусымдағы N 63 Заңының 4-бабына сәйкес жәрдемақылар алу құқығы отбасының орта есеппен жан басына шаққандағы табысы, азық-түлік себетінің құнынан төмен болған жағдайда, балаларға арналған жәрдемақы тағайындалады. Ең төмен тұтыну себеті адамның өмір сүру жағдайын қамтамасыз ету үшін қажетті тамақ өнімдерінің, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің заттай және құн түріндегі ең төмен жиынтығы болып табылады. Азық-түлiк себетiн мемлекеттік статистика саласындағы уәкiлеттi орган денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган бекітетін тамақ өнiмдерiн тұтынудың ғылыми негiзделген физиологиялық нормалары бойынша есептеп шығарады. Ол ең төмен күнкөріс деңгейіне тең, яғни бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс. Қазақстанда 2016 жылы 23 389 теңге болып белгіленді. Қысқасы, сіздің табысыңыз осы сомадан төмен болса ала аласыз. Балаларға арналған жәрдемақы алу құқығы тоқсан сайын табысы туралы анықтаманы ұсыну арқылы расталып отырады. 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап 1 АЕК мөлшері 1 852 теңгені құрайды.
Ақниет ОСПАНБАЙ