Ұлттың санын көбейту– асқақ арман

Ұлттың санын көбейту– асқақ арман

Ұлттың санын көбейту–  асқақ арман
ашық дереккөзі
543
 

Деміккен демографияны қалай  сауықтыруға болады?

Биыл – Тәуелсiздiк таңының атқанына 25 жыл! Кез келген ұлт үшiн ең қымбаттысы да, ең баға жетпес байлығы да – азаттық туының көкте желбiреуi! Бұл күндi тарих бетiнде алтын әрiппен қалдыру мақсатында ауқымды шараларды бастап кеткенiмiз белгiлi. Алайда бағымызға бiткен тәуелсiздiктi бағалай бiлудi әрбiр азаматтың жүрегiне нақты iстер арқылы сiңiре берсек, нағыз отаншыл рухтың бастамасы емес пе?! Осыдан біраз жыл бұрын қашан да ұлттық мәселеге келгенде үнсiз қалмайтын қоғам қайраткері Жарасбай Сүлейменов депутаттық сауал жолдап, ел Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығында дүние есiгiн ашқан сәбилерге ерекше сый жасалса деген бастама көтерген еді. «Елбасымыз Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев: «Тәуелсiздiк – бұл бiздiң ең басты құндылығымыз... сондықтан да оны атап өтудi жоғары дәрежеде ұйымдастыруымыз қажет», – деген сөздердi қадап-қадап айтқан болатын. Биылғы жыл – Қазақ елi үшiн ерекше жыл! Бұл – қатардағы көп мерекенiң бiрi емес, бiрегейi! Мемлекет тарихындағы осындай бiрегей белес елдiктiң, егемендiктiң, кемелдену мен келешекке құлаш сермеудiң тамаша кезеңiне айналуы тиiс. Демек ұлтты ұйытатын әрi жастарға ой салып, отансүйгiштiк сезiмiн көтеретiн iс-шаралар ұлық мерекенiң ажарына айналуға тиiс» деген пікірі әлі күнге санамызда сайрап тұр. Мәселен, ол «20 жылдық қарсаңында дүниеге келген сәбилерге қазiргi куәлiктерден өзгеше жасалған, мерекелiк нақышталған туу туралы куәлiктер, ескерткiш белгiлер тапсырылып, әр сәбиге берiлетiн бiр реттiк мемлекеттiк жәрдемақыға қосымша арнайы 50 мың теңге сыйақы тағайындалса, елiмiздiң болашағы саналатын жастардың, бүкiл Алаш баласының ертеңгi күнге деген сенiмдерiн, елiмiзге деген құрметi мен сүйiспеншiлiгiн арттыра түсер едiк» деген орынды ой тастаған болатын. Құлаққа кіретін ұсыныс! Бұл еліміздің деміккен демографиясын сауықтырудың бір ғана амалы. Ал шын мәнінде 20-25 миллионды мұрат еткен мемлекет кешенді шаралар қабылдауы тиіс. Халық санын көбейту мәселесін айтудай-ақ айтып келеміз. Бірақ нақты қандай қадамдарға бардық? Бала санын көбейткен аналарға берілетін жәрдемақы мардымды ма? Осы секілді сауалдарды ортаға салсақ, жауабы бәсең шығады. Себебі кейбір мемлекеттермен салыстырғанда, бұл жағынан артта қалғанымызды жасыра алмаймыз. Мәселен, жақында ғана сыр бөліскен көпбалалы ананың әңгімесі соның дәлелі. Өмірге бес перзент әкелген ананың сөзіне қарағанда, бізде бала санына қатысты берілетін жәрдемақы тым аз. «Сенсеңіз, бұған дейін төрт балаға ай сайын 7 мың 800 теңге алып келдім. Бесінші балам дүниеге келген соң, 1 жасқа дейін 18 мың 887 теңге төленді. Ал жұмыссыз ана ретінде қазір 5 балаға 9 мың теңгенің көлемінде жәрдемақы аламын. Тіпті, бұл ақша баланың бір айлық памперсіне де жетпейді. Әрине, адам баланы өзі үшін туады. Алайда әрбір адам – мемлекеттің байлығы емес пе?! Әншейінде «Қазақтың санын көбейтіңдер!» деген ұранды сөзді айтуға келгенде алдыға жан салмаймыз, ал сол ана мен балаға берілетін жәрдемақыны көбейту мәселесіне немкетті қарайтынымыз қалай?! Білесіз бе, осы мардымсыз жәрдемақыны ала алмай жүргендер де қаншама. Оған қол жеткізу үшін сансыз анықтама қағаздарын сұрағанымен қоймай, отбасын асыраушының жалақысын жан басына шағады. Егер асырауға жетеді десе, төленбейді де. Біз бес баламен екі бөлмелі үйде тұрамыз. Оған да тәубе. Қаншама көпбалалы отбасы бала-шағасымен пәтер жалдап жүр. Ал соншамасы баспананың зарынан бала сүю бақытын тежеп келеді», – дейді көпбалалы ана. Осындайда газетімізге сұхбат берген белгілі публицист Нұртөре Жүсіптің пікірі еріксіз еске түседі екен. Ол: «Қазақстан сияқты аса қуатты, аса бай елге баспана мәселесін шешу соншалықты қиын да емес. Қазір ел-жұрт қалаға ағылды. Бұрын қазақтың өсімін ауыл қамтамасыз ететін. Ауыл бұл функциядан айрылып қалды. Бәріміз он шақты баласы бар үйден шықтық. Қазір жеті бала тапқан анаға Алтын алқа беріп жатырмыз. Сол Алтын алқаның аты болмаса, заты бар ма? Көпбалалы анаға қандай нақты жағдай жасалып отыр? Ешқандай! Біз дүниежүзілік спорт жарыстарында бір адамның тұмсығын бұзып келген спортшыға қандай құрмет көрсетеміз: 250 мың доллар сыйақы бір беріледі; артынан облыстық және қалалық әкімдіктер жеңімпазға пәтер, қымбат көлік, ақшалай және басқалай бағалы сый-сияпат беріп, үйіп тастайды. Еліміздің көк байрағы көтерілгені жақсы, әрине. Алайда сонымен қатар көп балалы ананың шаңырағында көне тартқан көк көрпесі жаңарса айып па? Қазаққа құр алтын әкелгеннен, сол жылтыр металдан мың есе артық алтын ұрпақ әкелетін аналардың жайын кім ойлайды? Неге Алтын алқалы анаға әлеуметтік жеңілдіктер пакетін жасамасқа? Көп бала туғаны жазығы ма?..» деген көптің көкейіндегі ойды дөп басқан еді. Шынында да, бұл біздің мемлекеттің қолынан келетін шаруа ғой. Кеше ғана Рионың төріндегі байрақты бәсекеден жүлдемен оралған спортшыларымызға құрмет көрсетіліп жатқанда осы пікір санада тағы да жаңғырып тұрды. Осы жайтты қайта көтерген Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданының тұрғыны Нұрлан есімді азамат: «Қазақстан Олимпиада ойындарында алтын алған спортшыларға берілетін сыйақы көлемі жөнінен алғашқы төрттікті түйіндеп тұр. Қызғанбаймын, бірақ спортшы да, ауылдағы қойшы да немесе басқа саланың қызметкері де, біріншіден, өзі үшін еңбек етіп жүрген жандар. Төккен теріне, сұраныс пен қажеттілігіне байланысты еңбекақы алады. Яғни, дәрігерлер мен мұғалімдер секілді жұмысы және тұрақты жалақысы бар адамдар. Спортшыларға одан бөлек те жағдайлар жасалады. Жаттықтырады, емдейді, демалдырады әйтеуір кей жұмысшыларға қарағанда жағдайы әлдеқайда жақсы. Елдің атын шығарып, әлемге танытып жатыр дейтін боларсыз. Жағдайы жасалса, елімізді, мысалы қауын-қарбыз егіп жүрген диқан да әлемге танымал ете алады», – деген ол спортшыларға берген қыруар ақшаны көпбалалы аналарға да ұсыну керек деген пікірін жеткізді. «Спортшыны да, қойшыны да, ел басқарып жүргендерді де өмірге әкелген аналарымыздың еңбегі неге тиісті деңгейде бағаланбайды?! Көпбалалы аналарды алқа тағып алдап қоямыз, ал олардың көбісін күнкөрістің қамы қажытып жүргенін ескере бермейміз. 250 мың АҚШ долларын неге сол көпбалалы аналарға бермеске? Мемлекет егіз тапқандарды елемейді, үшем тапқандар жалынғандай болып жүріп, кейбірі әрең үй алады. Ал, әлгі жеңімпаз спортшыға қомақты сыйақыдан бөлек, жергілікті әкімдер үй беріп, төбесіне көтеріп жатады. Айналайындар-ау, ол баспананы өз күшімен, еңбегімен алатындай денсаулығы мықты, жұмысы бар азамат қой. Соншама алақанға салып өбектей беру де масылдыққа әкелмей ме?! Ауылдарда тұрмысы төмен отбасылар қаншама, қаржысының жоқтығынан дертінен айыға алмай жүргендердің де қарасы көп. Олардың бәріне енді спортшы бол дей алмаспыз. Әлгі қаржыны неге әлеуметтік мақсатқа жұмсамасқа? Қысқасы, бұл мәселеде Ұлыбританиядан үлгі алуымыз керек сияқты. Әйтпесе, ол елдің жағдайы бізге қарағанда көш ілгері», – дейді тұрғын. Демек, демография – кез келген мемлекеттiң іргетасы, болашағы, тiрегi. Қайсыбiр мемлекет болсын, өз ұлтымен ғана толыққанды мемлекет. Шыны керек, демографиялық серпiлiстi бiздiң ел күткелi қашан?! Сонау ашаршылық пен репрессияға толы зұлмат жылдардан берi қазақтың қарасын көбейту зор арманға ұласты. Әйтеуiр, осы тақырып аясында басқосулар мен пiкiралмасу өрби қалса, тас лақтырсақ жетпейтiн 20-25 миллионды тiлге тиек етемiз. Сөз бен iстiң алшақтығы жер мен көктей. Тiптi, ұлан байтақ мекенiмiзде қоныс тепкен жұрттың, оның iшiнде қазақтың қарасының көбеймей отырғандығы жанкүйер қазақ тұрмақ, бөгде елдiң қаймана саясаттанушы-сарапшыларының да тақырыбына тамызық болып жатқан сияқты. Оның денi қазiргi таңда ана мен бала өлiмiнiң азаймай отырғандығын тiлге тиек етсе, ендiгi бiрi – 20-25 миллионға жетудi мұрат тұтқан қазақ елiнiң әлеуметтiк-демографиялық жағдайына терең талдау жасап, бұл межеге жетудiң алғышарттарын ұсынып жатады. Марқұм Мақаш Тәтімов сияқты қазақ демографтарының “көк көрпенi бүлкiлдетуден” артық тұщымды пiкiр, ұтымды ұсыныс айта алмай кеткенін жасырып қайтеміз?   «Ана капиталы» бізге де керек   Сонымен, дүйiм қазақ армандаған 20-25 миллионға қашан жетемiз? Қазақтың ендiгi арманы – халық санының көбеюi. Әрине, қараға батқан ханға да батпай қоймайтыны сияқты, Елбасы жыл сайынғы жолдауының бiр тармағын демографиялық ахуалға арнайды. Оның iшiнде ана мен балаға арналған атаулы көмек, жәрдемақы, көшi-қон: оралмандар мен атамекенiне бiржола келетiн қандастарға көмек қолын созу сынды аса маңызды мәселелер сөз болады. Бiрақ та осы мiндеттi тiкелей мойнына жүктеп алып, оның орындалуын қадағалайтын құзырлы мекемелер “2015 жылы республика халқының саны 20 миллионға жетедi” деп есеп бергенде, “қандай негiзге сүйендi екен?” деп аң-таң қалып едік. “Жақсы сөз – жарым ырыс” екенi рас. Дегенмен жағдай тап мынандай болып тұрғанда, 5-6 жылдың төңiрегiнде 20 миллионға жете қоюымыз екiталай. Егер сөзден iске көшiп, “қара қазан, сары бала қамы үшiн” деп ана мен баланың жағдайын жасап, атаулы көмектiң мөлшерiн өсiрiп, бала тууға қабiлеттi аналарды тегiн дәрi-дәрмекпен толыққанды қамтамасыз етсек, ең негiзгiсi – бала туғанда берiлетiн жәрдемақыны көбейтсек, бұл межеге де жететiн күннiң ауылы алыс емес. Құдайға шүкiр, қазiргi кезде мемлекет тарапынан жасалынып жатқан осы көмектiң өзiн қанағат етiп, өмiрге ұрпақ әкелiп, қазақтың санын көбейтуге атсалысып жатқан қазақ әйелдерi аз емес, баршылық. Әу бастағы психологиялық дәстүрге байланысты батыр аналарымыздың барлығы дерлiгi алтын бесiк – ауылдың әйелдерi екенiн айта кеткен жөн. Өзбекстанның жан саны халықаралық ұйымдардың болжамынша, 2025 жылы 34,1 миллион, ал 2050 жылы 40,4 миллионға жетпек. Ал Ресейде «Ана капиталы» атты жаңа заң дүниеге келгелi, перзентханаларға ағылған аналарда есеп жоқ сияқты. Ең бастысы, бұл заң өмiрге келгенiне көп уақыт бола қоймаса да, табиғи өсiм анағұрлым көбейген. Осы заң бойынша, Ресейде әрбiр отбасында өмiрге келген екiншi немесе үшiншi (одан да көп) баланың қоржынына 250 мың рубль салынады. Әрине, бұл қаржыны баланың ата-анасы тек үш жылдан кейiн ғана пайдалана алады. Оған дейiн аталған сома ата-ананың арнайы есепшотында болмақ. Бала дүниеге келгеннен кейiн үш жылдан соң оның отбасында аман-есен тәрбиеленiп жатқанына көзiн жеткiзген Федералдық үкiмет өмiрге келген баланың ата-анасына еш ойланбастан ақшасын санап, қолына ұстатады. Сөйтiп, Ресей ананы қолдау жағынан әлемде көшбасшы бес елдiң бiрiне, анығын айтқанда екiншiсiне айналып отыр. Мұндай елдердiң көшiн Италия бастап тұр. Италия әрбiр өмiрге келген баланың есеп-шотына 10 мың доллар салатын көрiнедi. Исландияның өзi бала қоржынын 2,5 мың АҚШ долларымен толықтырады. Ал, Ресейдiң тағайындап отырған капиталының деңгейi 10 мың АҚШ долларына жетiп жығылады. Ресей Премьер-министрі В.Путин: «Біз демографиялық бағдарламаларды жүзеге асыруды тоқтатпаймыз. «Ана капиталын»  да жылдан-жылға өсіреміз. Осы мақсатта ана капиталына алдағы үш жылға бюджеттен қосымша қаржы бөлу туралы шешім қабылдадық. Сондай-ақ бала туу кезінде берілетін жәрдемақы да жыл сайын көбейеді», – деп алып держава халқын бір серпілтіп тастады. Ал шын мәнінде «Ана капиталы» жобасы қазақтың тақиясына да тар келмес еді. Әрине, Қазақстанды Ресеймен салыстыру орынсыз. Ресейде өсімнен гөрі өлім көрсеткіші басым. Әр секунд сайын жер бетiнде үш нәресте дүние есiгiн ашады. Жыл сайын адамзат саны 80 миллионға артып келедi. Осы қарқынмен өсу жалғаса берсе, 2060 жылдарға қарай жер бетiнде 9 миллиардтан астам адам өмiр сүрмек. Ал бұл тұрғыда қазақтың үлесі қаншалықты? Қазақтың саны қайтсе көбейеді? Біз бұл асыл мұратқа қашан жетеміз? Мұны іске жедел асыру тетігі қалай? Басы ашық сауал көп. Ұлтты өсіретін де, өшіретін де – әйел. Сондықтан ең алдымен жағдайды халық санының артуына үлес қосып жатқан аналарға, тағы да аналарға жасайық!  

Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары