51020
Еуропада жүрсем де, Сарыжалымды сағынамын
Еуропада жүрсем де, Сарыжалымды сағынамын
Жуырда әлеуметтік желіде өзін Шығыс Қазақстан облысына қарасты Абай ауданындағы Сарыжал ауылының тумасымын деп таныстырған неміс азаматы Райнгольд Бауэрдің қазақ тілінде еркін сөйлегені көпшіліктің назарын аудартқаны рас. Қазақстанға деген сағынышын жеткізген Райнгольд осыдан жиырма алты жыл бұрын Сарыжалдан Германияға көшкен екен. Қазіргі таңда Штутгарт маңындағы ауылда тұрып жатқан бұрынғы жерлесімізге хабарласып, әңгімеге тартқан едік.
https://www.youtube.com/watch?v=FxzWnklfdIw&feature=youtu.be
– Алдымен ата-анаңыздың Қазақстанға қоныстану тарихын сөз ете отырсақ. Олар Сарыжалға қалай келген?
– Мен 1966 жылы Сарыжалда дүниеге келдім. Отбасында жеті ағайындымыз: 2 ұл, 5 қыз. Мен – үйдің кенжесімін. Сарыжалдағы орта мектепті бітірген соң отбасымызбен Семейге көштік. Осындағы теміржол училищесіне оқуға түстім. 1985 жылы әскерге кеттім. Әскерден оралған соң, теміржолда жұмыс істедім. Сосын Семейде отбасылы болдым. Бір ұл, бір қызым бар. Қазір Штутгарт қаласының маңайындағы ауылда тұрып жатырмын. Аталарымның көшу тарихын сұрасаңыз, Германияны жұт жайлаған уақытта немістер жан-жаққа кете бастаған. Сол кезде патшалық құрған Екатерина ІІ «Кімде-кім Ресейге келіп, орыстарды егін егуге, ауылшаруашылық жұмыстарын жүргізуге және мәдениетке үйретсе, үй-жай беремін» деп үндеу тастаған. Содан немістердің жартысы Украинаға көшсе, келесі жартысы Ресейге қоныстанған. Ата-бабаларым Кавказға келіп тұрақтаған. Әкем де, шешем де сол жерде туған. Апамның айтуынша, онда олардың жағдайлары жақсы болған. 1941 жылы соғыс басталғанда Сталин жергілікті немістерден қауіптеніп, оларды 24 сағаттың ішінде елден шығару туралы бұйрық берген. Сол уақытта немістердің көпшілігін Қазақстанға көшіріп әкелген. Апам екі баласымен бірге Семей жақтағы Бесағаш деген станцияға жеткізілген. Әр ауылдан ат арбамен келген қазақтар немістерді тиеп алып, ауыл-ауылға, үй-үйге бөліп, орналастырған. Апам бастапқыда станциядан түсуге қорыққанын айтады. Бірақ терезеден олардың құр қол келмей, қаймақ, сүт, май ала келгенін көріп, қорқынышы сейілген. Апамдарды күтіп алуға келгендердің әкелері, бауырлары ана жақта немістерге қарсы соғысып жатса, ал мына жақта қазақтар жолда жүріп, қарны ашып қалған болар деп немістерге тамақ тасып жүр. Сосын олар апамды балаларымен Сарыжалға алып келген. Ауыл тұрғындары оларды тамақтандырып, киім-кешек, үй-жай тауып берген. Апама сауыншы ретінде жұмысқа тұруға көмектескен. Кейіннен әкем Семейде жүргенде анаммен танысқан. Негізі, анамның да ата-анасы Кавказда туған немістер, бірақ ол жақта бір-бірін танымаған. Әкем өрт сөндіру қызметінде көлік жүргізуші болып жұмыс істеген. Семей маңында жол апатына ұшырап, қаза тапты. Ол кезде мен тоғыз айлық шақалақпын. Әкем есімде жоқ. Сөйтіп, анам жетеуімізді асырап-бағу үшін ауыр жұмыс істеп, таңнан кешке дейін далада жүрді. Ал біздің тәрбиемізді, сабағымызды апам, яғни әкемнің анасы қадағалады. Бүгінде екеуі де қасымызда жоқ болса да, олардың бізді адам қылу үшін істеген еңбегін еш ұмытпаймыз.
– Кеңес Одағы ыдыраған соң, Қазақстандағы этникалық немістердің басым көпшілігінің атақонысына көшкені белгілі. Сіз де аға-әпкелеріңізбен бірге көштіңіз бе?
– Алдымен Германияға 1993 жылы үлкен апайым көшті. Сосын ол бізді шақырып, осында көшіп келуімізге үгіттеді. Ақырында екі жылдан кейін ағам, анам үшеуіміз көшіп келдік. Негізі, шынымды айтайын, Қазақстаннан кеткім келген жоқ.
– Онда неге кеттіңіз?
– Үйдің кенжесі болған соң, үлкендердің айтқанын екі етпей орындауың керек. Десек те, маған Германияға көшу оңайға соқпады. Біріншіден, туған жерім – Сарыжалды қиып тастап кеткім келмеді. Екіншіден, Германия – бөтен жер. Мұнда келген соң, барлығын басынан бастауың қажет. Сені ешкім құшақ жая қарсы алмайтыны белгілі. Ал менің жора-жолдастарым, жақын достарымның барлығы Семей мен Сарыжалда тұрады. Бастапқыда өзіңе үйреншікті ортаңды іздеп, сағынасың. Бірақ, амалың жоқ, бұған да үйренесің.
– Ал Германияға келген соң, өміріңіз қалай өрбіді?
– Біз секілді шеттен келген немістерді Германиядағы ауылдық кеңес өкілдері арнайы жатақханаға орналастырады. Сосын тілдік курсты оқуды ұсынады. Сөйтіп, жаңа ортаға бой үйретіп, орнығып алғанша жарты жыл бойы курс оқыдым. Сосын жұмыс биржасының өкілдері электршінің оқуын оқып алуым туралы ұсыныс айтты. Оқуды бітірген соң, бірнеше жыл осы салада жұмыс істедім. Кейіннен 1996 жылдың аяғында матрац әзірлейтін фирма басшысы Паулмен таныстым, оның атқарып жүрген жұмысына қызығушылығым артып, ақырында оның қасына жұмысқа тұрдым. Қазір сол компанияда сату жөніндегі агент болып жұмыс істеймін. Айтпақшы, Паул – Алматы маңындағы Маловодное ауылының тумасы. Орыс мектебінде оқыған, қазақша аз-маз біледі. Басшым болса да, екеуіміз жақын дос ретінде араласамыз.
– Аталған фирмада 24 жыл бойы жұмыс істеуіңізге екеуіңіздің араларыңыздағы достық қарым-қатынастың тұрақтылығы ықпалын тигізген болар?
– Ол рас. Екеуіміз жақсы тіл табысамыз. Оның үстіне, жасайтын өніміміз де қызық. Біз әзірлейтін медициналық матрац дүкендерде сатылымға қойылмайды, тек дәріханаларда сатылады. Бірақ олар алыпсатардың тәсілімен қымбатқа сатады. Ал бұл матрац адамның денсаулығы үшін өте пайдалы. Жалпы, адам баласының табиғаты қызық қой. Саулығын күтуді ауыра бастаған кезде ғана ойлайды, ал жас кезінде «денім сау, маған ештеңе алаңдатпайды» деп жүре береді.
– Ал Германияда қымызды кім дайындайды?
– Осында Ханс есімді жергілікті неміс төрт жүзге жуық жылқы бағады. Оның жылқы өсіруді қолға алуының өзіндік тарихы бар. Оның әкесі екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тұтқынға түсіп қалып, Қазақстандағы тұтқындарға арналған лагерьге жөнелтілген. Сосын ол лагерьде қатты ауырып қалған соң ондағылар «мынау адам болмайды» деп, оны босатып жіберген. Ал сол сырқаттанып қалған немістің солдатын қазақтар үйлеріне кіргізіп, қымызбен емдеп, аяғынан тік тұрғызған. Соғыс аяқталған соң Германияға оралған ол бала-шағасына қымыздың емдік қасиеті бірқатар ауруға шипа екенін айтып, жылқы ұстап, қымыз әзірлеумен айналысу қажет екенін айтқан. Сөйтіп, Ханс бала кезінен жылқы бағу, қымыз әзірлеуді әкесінен үйренген. Адамдар қымыз сатып алу үшін оның жылқы фермасына арнайы барады. Бірақ, жоғарыда айтып өткенімдей, олар дайындайтын қымыздың сапасын сарыжалдікімен салыстыруға келмейді.
– Қазақша мүдірмей сөйлегеніңізге қарасам, ана жақта құдды бір немістердің емес, қазақтардың ортасында тұрып жатқан секілдісіз.
– Мен саған мынаны айтайын. Қазақ тілі – менің туған тілім. Туған тіліңді қалай ұмытасың?! Мен көзімді ашқалы бері қазақтардың ортасында өстім. Оқудың барлығы қазақша болды. Біле білсеңіз, Сарыжалда тұратындардың жартысы – немістер, жартысы – қазақтар. Қазақтар немісше, ал біз қазақша сөйлесіп жүре беретінбіз. Мен тіпті орыс тілі пәнін беске оқысам да, орысша сөйлей алмайтынмын. Семейге оқуға түскен соң ғана орысша үйрене бастадым. Көзім көк, шашым сары түсті, орысқа ұқсайтын болғандықтан, мұғалімдер үнемі орысша сұрақ қоятын. Орыс тобындағы студенттермен әңгімелесейін десем, олардың айтқандарын ұқпаймын, кейін белгілі болғандай олар балағат сөздер айтады екен. Ал бізде Сарыжалда ешкім былапыт сөз айтпайтын. Сабақтан келе сала, асық ойнап, ләңгі теуіп, асыр салатынбыз. Әлі есімде, қойдың сүйегіне бола төбелесе жаздап, «Әй, мынау менің асығым» деп сүйекке таласатынбыз (күліп). Есіме алсам, бір күліп аламын. Негізі, қазақтар мені бөле-жармайтын. Өзім де момын жігіт болдым. Ешкіммен сөзге келіп қалмауға тырысатынмын. Кейде «фашист» деген сөзді естіп қаласың. Сондай кезде жағадан алып, байланысып қаласың. Бірақ олай айтқандардың өздері әлі бала, байыбына барып түсінбейтін. Жалпы, ауылдан жырақ кетсем де, аға-апайларыммен қазақша сөйлесемін. Тіпті кейде өз-өзіммен қазақша күбірлеп отырамын (күліп). Таңданатын түгі жоқ, себебі қазақ тілі – ана тілім ғой. Жастайымнан қазақтың тілін, дәстүрін жақсы біліп өстім. Олар киген шапанды мен де кидім, олар тартқан домбыраны мен де шерттім. Бірақ кезінде домбыраның құлағында ойнаған мен қазір бұл аспапта ойнауды ұмытыңқырап қалыппын. Бірақ аспапта ойнамасам да, есіме түскен қазақ әндерін ыңылдап айтып жүремін. Мысалы, Досмұқасан тобының «Таңертеңнен бір сұлу қыз суға келеді... Суға келеді» деген әнін үнемі айтып жүремін. Тағы бір айта кетерлік жайт, қазақша еркін сөйлей алмайтын кейбір қазақтар менің сөйлегенімді естіген кезде менен кешірім сұрайды. Орысша сөйлейтін қазақтардың кінәлауға болмайды. Олар да жақсы кісілер, олар да өз халқын өзінше жақсы көреді. Бірақ олар өсіп-өнген жерде қазақ мектебі болмаған соң, амал нешік? Электрші болып жұмыс істеп жүрген кезде көшеде қазақ жігіттің әйелімен кетіп бара жатқанын байқап қалдым. Қасына барып амандассам, Павлодардың қазағы екен. Мен оған қазақша сұрақ қойсам, ол маған орысша жауап береді. Сосын ол «Сіз секілді бұлай сөйлей алмаймын. Ұялып тұрмын» дейді. Мен «Жігітім, ұялма! Сенің кінәң жоқ. Әлі де үйренерсің!» деп арқасынан қақтым. Осында тіс емханасы бар Әлібек Хасенов деген қарағандылық жігіт тұрады. Кеңсесіне барған сайын, ол «Сіз келсеңіз, қазақша сөйлесіп, жақсы болып қаламын» деп қуанады.
– Жаңа әпкеңіздің соңынан ағаңызбен көшкеніңізді айттыңыз. Ал қалған әпкелеріңіз Қазақстанда қалды ма, әлде олар да кейіннен қастарыңызға келді ме?
– Екі үлкен апайым Семейде тұрады. Бір жиенім Нұр-Сұлтанда, ал қалғаны Семей жақта тұрады. Үш жездем қазақ болатын, өкінішке қарай, үшеуі де дүние салды. Пандемияға дейін Қазақстанға жиі барып тұратынмын. Қазір әлемде болып жатқан жағдай уақытша дүрбелең деп ойлаймын. Жағдай тұрақталса, бірден Қазақстанға тартып отырамын. Мені ол жақта күтіп жүргендер жетерлік. Достарым WhatsApp-тағы топта «Қашан келесің? Сағынып қалдық қой» деп жиі жазады. Қазақстанға барған сайын, ешқайда соқпай, бірден Сарыжалға барамын. Бірінші әкемнің зиратына барып, гүл қоямын. Сосын жора-жолдастарым кезек-кезек үйіне шақырып, бірнеше күн «тойлатып» жүремін. Олар мені Германияға жібергілері келмейді. «Арамызда жалғыз неміс болып жүре берші» дейді. Оларға қаным неміс болғанмен жүрегім қазақ деп айтамын.
– Суреттеріңізге қарасам, шетелдегі қазақтар ұйымдастыратын іс-шараларға да барып тұрады екенсіз. Штутгартқа тұрақтаған қазақтардың түгелі сізді жақсы танып алған болар?
– Иә, осында тұратын қазақтармен жиі кездесіп тұрамын. Көшеде қазақ көріп қалсам, жанынан елемей өтіп кетпеймін. Амандасып, телефон нөмірін алып, мүмкіндігінше байланыс орнатуға тырысамын. Қонаққа шақырамын, кейде олар ет асып, мені үйлеріне шақырады. Кей кездері таңды таңға ұрып, әңгімелесіп, үйлеріне қонып шығамын. Сіз байқағандай, қазақтар бас қосатын іс-шараларға да жиі барып тұрамын. Биыл пандемияға байланысты көп жиын ұйымдастырылмай қалды. Бізде жыл сайын Наурызды мерекелеуден бөлек, қымыз тойы өтетін. Ұйымдастырушылар алдын ала хабарландыру жібереді. Қымыз ішіп, кәуап пісіріп, әндетіп, би билеп, бір марқайып қаламыз. Негізі, бұл тойға көпшілігі қымыз сатып алу үшін келеді. Бірақ, осында әзірленетін қымызды Сарыжалдың қымызымен салыстыруға келмейді. Әлемде Сарыжалдың қымызына жететін қымыз жоқ. Тіпті, бірде Германияда теледидардан ғалымдардың Сарыжалдың қымызын пайдалы деп айтқанын естігенмін. Сол себепті, басқа өңірде қымыз дайындайтын мамандар ренжімесін, бірақ ең таза, ең жақсы қымызды тек сарыжалдықтар әзірлейді.
– Германияға көшіп кеткеніңізге жиырма алты жыл болса да, сөзіңізден Қазақстанға деген қимастық сезім мен ыстық сағынышты байқадым...
– Әлия-ау...Қалайша сағынбаймын?! Ең бірінші қазақтардың өзін сағындым. Сосын ауылымды сағындым. Онда тұрып жатқан сыныптастарды, жора-жолдастарды сағындым. Сосын ауылдағы кісілердің әзірлейтін етін, бауырсағын сағындым. Жалпылама айтсам, қазақтарды қатты сағындым! Өзің де байқап отыр екенсің. Расымен сол ортаны сағынып жүрмін! Шетте жүрсек те, Қазақстанмен байланысты естеліктерді еске алып, бір күліп аламыз. Өткенде отбасымызбен жиналғанда ауылдағы қызықтарды еске алдық. Бізде Сарыжалда есікті құлыптау деген болмайтын. Жерден бір шыбық тауып алып, сонымен бекітіп кететінбіз. Біреудің үй жағына барып, есіктің шыбықпен бекітілгенін көрсек, үйде ешкім жоқ екенін білеміз. Ешкім баса-көктеп кірмейді. Ешкім ештеңе ұрламайды. 7-сынып оқып жүргенімде облыстық көлемде Абай тойын тойлап, ат жарыс ұйымдастырылды. Сол кезде Абай ауданына қарасты совхоздар киіз үй тігіп, әр ауыл тұрғындары өз шеберлігін көрсетті. Баламын ғой, тығылыспақ ойнап жүріп, кештің қалай батып кеткенін білмей қалдым. Сөйтіп, Сарыжалдың киіз үйін тауып алып, ұйықтап жатқан кісілердің қасына жата салғанмын. Сол түнде үлкендердің біреуі мені танып, маңдайымнан сүйіп, көрпемен қымтағаны әлі есімнен кетпейді. Сол ыстық ықыласты сағынып жүргенім айтып отырған әңгімемнен-ақ белгілі шығар. Абайдың «Әсемпаз болма әрнеге, Өнерпаз болсаң, арқалан. Сен де бір кірпіш, дүниеге Кетігін тап та, бар қалан!» деген өлеңіндегідей, тарихи Отаным Германияда өз орнымды тапсам да, туған жерім Қазақстанды сағынамын!
Әңгімелескен
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ