«Бізге сауда кедергілерін тудырып отырған елден ПТР тестілерін сұрап алдық» – Ақылбек Күрішбаев

Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев Палатаның жалпы отырысында өсімдіктер карантині бойынша отандық зертханалардың жұмысы сын көтермейтінін айтты. Ол өз сөзінде жақында қауіпті вирус табылды деген себеппен қазақстандық томат пен бұрыш өнімдерін Ресейге кіргізуге тыйым салынғанына назар аударып, бұған зертханалардың аталған бағыттағы мардымсыз жұмысы да себеп болғанын жеткізді, деп хабарлайды ҚР Парламенті Сенатының Баспасөз қызметі.

«Мұндай сауда соғысында тауардың сапасын ғылыми тұрғыдан растау басты дәлел болып саналады. Ал біздің зертханалық базамыздың жағдайы ешқандай сын көтермейді. Он жыл бойы біз өсімдіктер карантині бойынша зертхананы жөнді ұйымдастыра алмай келеміз. Не заманауи база, не зерттеудің қазіргі әдістерін меңгерген кәсіби мамандар жоқ. Тіпті, сол вирусты талдау үшін ПТР тестілерін Ресейден, яғни, бізге сауда кедергілерін тудырып отырған елден сұрап алдық. Егер өз бизнесімізді қорғағымыз және Одақтың толыққанды мүшесі болғымыз келсе, осылардың барлығы өзімізде болуы керек. Осы ретте мен бұл жұмысқа жауапты лауазымды тұлғаларға кеңес бергім келеді. Мәскеуге барып, Бүкілресейлік өсімдіктер карантині ғылыми-зерттеу институтының қалай жұмыс істейтінін көрсеңіздер, біздің қаншалықты артта қалғанымызды түсінер едіңіздер», – деді Ақылбек Күрішбаев.

Депутаттың айтуынша, елімізде ГМО өнімдерін зерттеу жүйесіндегі жағдай да осындай. Сондықтан Қазақстанға гендік модификацияланған тамақ өнімдерінің және тұқымдық материалының кіру қаупі өте жоғары.

«Бұл мәселелердің экономикамыз және азаматтарымыздың денсаулығы үшін аса маңызды екенін ескеріп, сараптамалық қызмет көрсететін барлық зертханаларға ревизия жүргізген жөн деп есептеймін. Сондай-ақ, оларды заманауи деңгейде кадрлық, техникалық және әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз етіп, еліміздегі сараптама жүргізетін мекемелерді жаңғыртуға қатысты тиісті шаралар қабылдау қажет деп санаймын», – деді Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев.

Back to top button