Депутаттар қандастарға бөлінетін квотаны көбейтуді сұрады

Парламент Мәжілісіне Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутаттар қандастарға бөлінетін квотаның көлемін көбейтуді сұрады. Осы орайда Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолданды.

«Биыл, Тәуелсіздіктің 30 жылдығында Тәуелсіздіктің халқымызға берген басты игіліктерінің бірі – алыс және жақын шетелдерден қазақтардың Отанға оралуына жол ашылғанына да 30 жыл толмақшы. Еліміз өз еркіндігіне қол жеткізердің алдында, 1991 жылғы 18 қарашада Қазақ КСР Министрлер Кабинеті «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қоныстандырудың тәртібі мен шарттары туралы» арнайы қаулы қабылдаған болатын.

Миграциялық саясаттың 2017-2021 жылдарға арналған тұжырымдамасында «1991 жылдан бері елге келген этникалық репатрианттардың саны 1 миллион адамнан асты» деп көрсетілген. Алайда, кейінгі жылдарда, нақты айтқанда 2012 жылдан бастап елден тұрғындардың көшіп кетуі күшеюінің жағымсыз үрдісі басталды, ол үрдіс қазір күшейе түсуде», – деді С. Абдрахманов Мәжілістің жалпы отырысында. Депутат қазіргі таңда Үкімет қаулысына сәйкес қандастарымыз орналастырылатын өңірлер ретінде Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары бекітілгенін еске салды. Осы жеті облысқа этникалық қазақтардың көшіп келуіне бөлінген квота 2020 жылы 1378 адам болды. 2021 жылға бөлінген квота саны 1426. Өсім жоққа жуық. Экономикалық ахуал анағұрлым күрделі болған кездің өзінде бұл квота жылына 10 мың мен 20 мыңның арасында еді, соның арқасында жылына мемлекеттің көмегімен 40 мыңнан 80 мыңға дейін адам шетелдерден көшіп келетін.

«Жұмыс күші артық өңірлерден адамдарды жұмыс күшін қатты қажетсініп тұрған өңірлерге қоныстандыру жұмысы да жөнді жүрмей жатыр. Тұрғын үй бөлу, жеңілдетілген кредиттер беру, жайылымға, егіндікке жер учаскелерін тарату, көшерақы қаражатын қарастыру тиісінше ойластырылмаған. Жаңа өңірге көшіп барудың оңды тәжірибесі дұрыс насихатталмайды. Мұндай үлкен істе болмай қоймайтын кемшіліктерді алаулатып-жалаулатып көрсету, сөйтіп қайта көшіп кетуге бейім көңіл-күйді күшейту, басқа жерге барып, бағын сынаушылардың сағын салған беттен сындыру басым. Туған жер ұғымының кеңдігін, «туған жер» мен «Отан» ұғымдары ортақ екендігін жүректерге жеткізу жағы кемшін», – деді С. Абдрахманов.

Осы орайда депутаттық сауалға байланысты Үкіметтің елдегі миграциялық және демографиялық процестерді тұрақтандыру мақсатымен қандастарға бөлінетін квотаның көлемін көбейту, бейімдеу мен кіріктіру орталықтарын құру, репатрианттарға мемлекеттік қызметті қазақ тілінде көрсету, жұмыс күші артық өңірлерден адамдарды солтүстіктегі өңірлерге қоныстандыру сияқты мәселелердің шешілу жолдарын қарастыруды сұрады.

Back to top button